Түймешетен – Пижма обыкновенная - Tanacetum Vulgare L. Сабағының биіктігі 1м - ге жететін күрделі жапырақты тұқымдас, алтын сарғыш түсті гүлі бар өсімдік. Өсімдіктің камфораның иісіне ұқсас иісі бар.
Құрамында ерекше зат - туйон бар эфир майы, камфора, борнеол, пинен, алкалоидтар мен органикалық қышқылдар бар. Өсімдіктің улылығы ондағы эфир майына байланысты. Ол жергілікті қатты тітіркендіреді, соның салдарынан малдың құсуы, ішінің өтуі байқалады. Эфир майы сіңгеннен кейін бүректер мен орталық жүйке жүйесіне ісер етеді: қоздырады, жиырылу процесін бұзады, дірідетіп – қалшылдатады. Буаз малдар іш тастайды. Сиырдың сүті ащы дәмді болады, иісі өзгереді. Сонымен қатар эфир майы тоғышар құрттарға қарсы күшті у. Сондықтан да малдәрігерлік тәжірибеде түймешетеннен ертеден тоғышарларға қарсы дәрілер дайындалып қолданылған.
6 – сурет. Түймешетен.
Түймешетенмен улану туралы деректер ертеден белгілі.
Клиникалық белгілері.Басында қатты қозып, кейіннен депрессия байқалады, көруі нашарлайды. Уланған мал басында мазасызданады, кенеттен жабырқайды. Көз қарашығы тарылып, көруі нашарлайды, іші өтеді, құсады. Эфир майы бүйрек және орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, уланған малда қозу пайда болып, қозғалысы бұзылып, тырысып – бүріседі. Улану іш тастауғада әкеліп соғады. Кілегейлі нәжіс бөледі. Бір тәуліктен кейін мал өледі.
Емі. Улы заттарды организмнен шығару үшін қолданылатын барлық әдістер пайдалы. Ішті айдағыш дәрілермен азық қалдығын шығарып тастап, содан кейін симтоматикалық ем жасайды. Одан кейін уланудың белгілеріне қарай ем жүргізіледі.
Алдын алу шаралары.Жол бойындағы өскен өсімдікті тұқым шашқанға дейін шауып тастау керек.
Сарғалдақтар – Лютики – Ranunculus L. Сары гүлді, терең тіліген, ұзын сапты ірі жапырағы бар көп жылдық өсімдік. Гүлі бестен топтастырылған. Сарғалдақтардың көбі улы болып келеді. Ул заты эфир майы протоанемонин. Әсіресе өсімдік гүлдеген кезде көп болады. Оның ерекше күйдіргіш әсері бар.
Өсімдіктерді кептіргенде эфир майы ұшып жойылады.
7 – сурет.Сарғалдақ.
Сондықтан да құрағақ шөптің қауіптілігі жоқ. Өсімдік ерте жазғытұрым өте қауыпті, ал кейіннен гүлдегеннен кейін мал оны жемейді. Уланудың малдардың арасында көп тіркелмеуі де сондықтан.