ІІ ТАРАУ. ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОЙ–ПІКІРЛЕРДІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА Ғ.МҮСІРЕПОВТІҢ ҚОСҚАН ҮЛЕСТЕРІ
ІІ.1. Жазушы шығармашылығының мектепте оқытылуы және тәлім–тәрбиелік мәні
Өткен ғасырдың басында қазақ жерінде аумалы-төкпелі кезеңдер орын алғаны мәлім. Дәлірек айтқанда, бұл тұста Қазақстанның барлық аумағы Ресей империясының ішкі отарына айналып, өзінің саяси-экономикалық дербестігінен айырылған өлке ретінде орыс мемлекетінің құрамдас бөлігі болып есептелді.
Орыс және шетел капиталдарының енуі мен өндіріс-өнеркәсіп ошақтарының пайда болуы, жұмысшы табының қалыптаса бастауы, жаңа қалалар мен қала типті мекендердің көбеюі секілді, т.б. оқиғалар қазақ даласына буржуазиялық қатынастардың алғашқы белгілерін әкелгені белгілі.
Бұл жылдары жаңадан ашылып жатқан қазақ мектептері үшін Семей, Торғай, Ырғыз, Орал, т.б. қалаларда төрт айлық қысқа мерзімді мұғалімдер даярлайтын курстар ұйымдастырылып, оларда мыңнан астам ұстаздар әзірленді. 1920-1921 оқу жылында елімізде 4824 мұғалім еңбек етті. Бұл көрсеткіш 1914 жылмен салыстырғанда, отыз бес есе артық болатын. Ұстаздар қауымы күндіз балаларға білім берсе, кешке қарай ересектерді оқытып, сауатсыздықты жою ісіне белсене араласты.
Осы орайда аталған қысқа мерзімдік мұғалімдік курстар үшін психологиядан, педагогикадан және сауатсыздар үшін сауаттандыру курстарына арналған қазақ тілінде оқулықтар, оқу құралдарын жазуда А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабайұлы, М.Әуезұлы, С.Мұқанұлы, Ғ.Мүсірепұлы сынды зиялылардың еңбектерін ерекше атап өткен жөн.
Ана тілі мен туған әдебиеттің сыр–сипатын жете біліп, өзіндік ерекшеліктері туралы арнайы оқулықтар, зерттеулер жазған А.Байтұрсынұлы бастаған кеңес дәуірі кезеңінде жалғасы түсті. Білікті маман, ғалым–педагог кадрлардың жетпеуі салдарынан көрнекті қаламгерлеріміз оқулық жазу ісіне тартылды. Міне, осындай күрделі жаңғыруларға толы болған өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңы мен отызыншы жылдарының басындағы кезеңде өзінің тәлім-тәрбиелік ой-пікірімен, ұлағатты істерімен ерекше көзге түскен ұлт зиялыларының бірі – Ғабит Мүсірепов. Ол - өзінің жеке шығармашылық жұмысымен қатар, үлкен ұйымдастырушылық, қоғамдық-саяси, ұстаздық қызметімен де мәдени-рухани өмірде із қалдырған қайраткер-қаламгер. Ғабит Мүсірепов бірқатар жауапты қызметтерді атқара жүріп, ұлттық тәлім-тәрбиелік көзқарасты қалыптастыруға, жалпы білім беретін орта мектеп жүйесін дамытуға, олар үшін төл оқулықтар кешенін даярлауда. Сол арқылы ұлттық саналық-ғылыми термионологиямызды жасау, қазақ әдебиетін үлкен кәсіби биікке, жоғары деңгейге көтеру ісіне белсене қатысты. Жазушының ана тілінде сан алуан оқулықтар, оқу құралдарын шығаруы, оған қоса көркем әдебиеттің әр түрлі жанрларының дамуына белсене үлес қосуы, сөйтіп, жалпы жұртшылықтың, әсіресе, жас ұрпақтың ой-санасын, рухани мәдениетін тәрбиелеуге атсалысуы - өзінің қатар өскен пікірлес аға достары, халқымыздың аса көрнекті зиялылары Ә.Байділдин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұханов т.б бірлесе оқу кітаптарын әдеби шығармаларын жазуы – сол кезеңдегі дәуірдің қажеттілігінен туған еді.
Кез келген көркем туынды белгілі бір тәлім-тәрбиелік жүкті көтеріп тұратыны белгілі. Ал қаламгер сол өзі көздеген идеялық-педагогикалық мақсатты жүзеге асыруға әрекет етеді. Ондай нысаналы ойды ойластырмаған, идеялық мән-мазмұнды бойына дарытпаған шығарма көркем туынды болып жарытпайды. Ал, Ғабит Мүсіреповтің шығармашылық жолы мен оның педагогикалық көзқарастарының тәрбиелік мәні туралы сөз еткенде, ондағы қамтылған тәлімдік ойлар жөнінде молынан айтуға болады. Міне, сондықтан да жазушы шығармашылығы жалпы орта білім беру жүйесінің барлық буындарында – бастауыш сыныптардан бастап, сынып дәрежесі жоғарылаған сайын күрделене, толықтырыла оқытылады.
Айталық, 5 –сыныпта қаламгердің «Жаңа достар» («Қазақ солдаты» романынан үзінді) әңгімесі өтіледі. Бұл үзіндіні оқып үйренуге орта мектептің әдебиет пәніне арналған оқу бағдарламасы бойынша 2 сағат бөлінген.
Мұнда бағдарлама талабына сәйкес оқу іздеп, ауылдан қалаға келген бала Қайроштың басынан кешкендері, жаңа достары Бораш пен Шеген жайы, әңгімедегі абзал аналар бейнесі, табиғат суреттері, олардың кейіпкер мінезін ашудағы рөлі, әңгіменің баяндалу түрі, тіл көркемдігі, мақал–мәтелдердің қолданылуы секілді танымдық–тәрбиелік мәселелерге мән беру мақсат етіледі. Әдебиет теориясынан кейіпкер мінездемесіне көңіл аударылады.
6–сыныпта «Автобиографиялық әңгіме» (3 сағат) белгіленген. Шығармада жазушы өмірінің шежіресінен, ауыл мұғалімі болған Бекет Өтетілеуовтің ұстаздық тағылымы, жас кезінде алған білім мен өнегенің өмірлік маңызы жайында сыр шертіледі.
7–сыныпта «Ананың анасы», «Боранды түнде» әңгімелерін оқытуға 3 сағат мөлшерінде орын берілген.
Өткен заман аңызына құрылған «Ананың анасы» атты әңгімеде қазақ халқының өмір тарихындағы ерлік шежіресінің бір оқиғасымен байланысты ана махаббаты, оның құдіретті қуаты суреттелетіндігі талдау–талқылауға өзек болады. Ана образының типтік мәні ашылады. Жазушы шығармашылығындағы ана тақырыбына сипаттама жасалады.
IX сыныпта «Ұлпан» романын оқып–үйрену (3 сағат) ұсынылған. Мұнда сөз зергерінің шығармаларында ананы дәріптеу идеясының тағы да дәлелденіп отырғаны көрсетіледі.
Ал XI сыныпта «Қазақ солдаты» романын монографиялы түрде оқып–үйрену ұсынылады.
Қарастырылып отырған тақырыптың – Ғабит Мүсіреповтің педагогикалық ой–пікірлерінің арнайы зерттеліп отырғанын ескерсек, уақыт өткен сайын күн тәртібіне қарай алға қойылатын жаңа талаптарға сәйкес бұл бағыттағы ізденістер әрі қарай ұласатынын сөзсіз. Біздің міндетіміз – Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығына тәлімдік–тәрбиелік тұрғыда талдау жасай отырып, оның қазақ педагогикасы мен ұлттық психология ғылымынан алатын орнын анықтау, педагогикалық ой–пікірлерін саралап баға беру.
Достарыңызбен бөлісу: |