Үршықтай саны бұлтылдап,
Құйындай шаңы бұрқылдап,
Алмас қылыш белінде,
Қолында найза қылтылдап,
Төрт тұяқтан шыққан от
Шақпақ тастай жылтылдап,
Құлақ салсаң, дауысы
Тау суындай сыңқылдап,
Қолтығынан аққан тер
Төгіледі шылқылдап (Эпостан).
Бұл келтірген шумақ — сегіз компоненттен құралған бір ғана са-бақтас құрмалас сөйлем.
149
ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМНІҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ
Жай сөйлем құрамына енген сөздердің бір-бірімен грамматикалық тығыз байланыста тұратыны сияқты, құрмалас сөйлем құрамын-дағы жай сөйлемдер де өз ара байланысты болады. Тек сондай байланыстың арқасында ғана жай сөйлемдердің бастары бірігіп, күрделі ойды білдіретін бір бүтін болып тұрады. Жай сөйлемдер арасындағы байланыс та сөйлем мүшелері арасындағы байланыстар сияқты бірде теңдік қатынасқа негізделген салаласа байланыс болса, бірде біріне-бірі меңгерілу, бағыну негізіндегі сабақтаса байланыс болады. Жай сөйлемдер байланысының бұлай әр түрлі болуы — оларды байланыстырушы дәнекерлердің, амал-тәсілдердің әр алуандылығында.
Құрмалас сөйлем құрамына енетін компоненттерді бір-бірімен сабақтастыра байланыстыратын ең құнарлы жолдың бірі - компо-нент баяндауышының тиянақсыз формада айтылуы. Қазақ тілінде басқа кейбір тілдерде кездесетіндей екі жай сөйлемді бір-біріне сабақтастыра байланыстыратын бағындырушы жалғаулық жоқ. Сондықтан жай сөйлемдерді өз ара сабақтастыра байланыстыру функциясын түгелдей компонент баяндауышының формасы атқарады. Әрине, тиянақсыз формада айтылатын кез келген сөз, кез келген форма жай сөйлемдерді құрмаластыру қызметін атқара бермейді. Мұнда да қалыптасқан, көпшілікке танылған арнаулы формадағы сөздер ғана қолданылады. Ондай сөздер құрмалас құрамына енетін жай сөйлемнің баяндауышы қызметінде қолданылады да, ол сөйлемді өзінің тиянақсыз формасы арқылы екінші сөйлемге кейде тек формалық жағынан, кейде әрі формалық, әрі мағыналық жағынан бағындыра, соған тәуелді ете байланыс-тырады және сол арқылы құрмалас сөйлем жасайды. Ондай формадағы сөздер тобына мыналар жатады:
а) көсемше формалы етістіктер;
ә) есімше формалы етістіктер;
б) шартты рай формалы етістіктер;
в) етістіктің басқа да кейбір түрлері.
Құрмалас құрамына енетін жай сөйлемдерді бір-бірімен байла-ныстыру функциясында қолданылғанда бұл аталған етістік түрлеріі әр алуан формалық құбылыстарда айтылады да, сол құбылыстары арқылы компоненттердің мағыналық байланыстарына да белгілі әсерлерін тигізіп, оны түрлендіреді. Енді осыған келейік.
Жай сөйлемдердің көсемше арқылы құрмаласуы
Көсемше — етістіктің ең бір тиянақсыз категориясының бірі. Оның сөйлемдегі негізгі мағынасы мен функциясы басқа бір етістік арқылы берілген іс-әрекеттің қалай болған амал-тәсілін білдіру, яғни іс-әрекетті сындық, мезгілдік жағынан анықтау; оның болу, болмауының себеп-мақсаттарын білдіру. Көсемше етістіктердің тиянақсыз, басқа бір сөздерге сүйеншек болуының себебі де оның осы айтылған мағыналық ерекшелігіне байланысты.
Көсемше етістіктердің мағыналары мен функциялары барлық жағдайда біркелкі болып отырмайды: ол бір жағдайда екінші бір етістік арқылы білінетін іс-әрекет, қимыл-қозғалыстың қалай болға- нын сипаттап, үстеулік қызмет атқарып тұрса, екінші бір жағдайда әр түрлі көмекші сөздерге тіркесіп, іс-әрекетті білдіруші негізгі тұлға болып тұрады, ал кейде тіпті, бұлардың ешқайсысына ұқсамайтын мәнде қолданылатыны да болады.
Көсемшелердің мағыналары мен синтаксистік қызметтеріндегі бұл тәріздес құбылыстар олардың сөйлемдегі қолданылу орнына, кон-текске байланысты.
150
Қолданылу жағдайына, контекске қарай көсемше негізгі екі түрлі синтаксистік қызмет атқарады: оның бірі — пысықтауыштық қыз-мет те, екіншісі — баяндауыштық қызмет. Осылармен қатар көсемшенің күрделі сөздер (етістіктер) құрамында тұрып, соңғы көмекші сөздің тұлғалық құбылыстарына қарай соның әуеніне еріп, басқа да түрлі мүшелер құрасатыны болады. Бірақ мұндай жағдайда шешуші мән көсемшеде болмайды, ол тіркесіп тұрған сөзде болады.
Көсемшелер пысықтауыш мүше қызметінде қолданылғанда, кө-бінесе, екінші бір етістікке тіркесе айтылады да, сол етістіктің мағы-насы арқылы білінетін іс-әрекет, жай-күйдің, қимыл-қозғалыстың болу амалын, қашан болған мезгілін, немесе болу-болмау мақсат-се-бептерін білдіреді. Мұндай функцияда қолданылған көсемшеден кейін, егер ол бірыңғай болып келмесе, ешқандай кідіріс, интонациялық тоқталыс болмайды. Олар өздері пысықтайтын мүшемен бір ырғақта, кідіріссіз бір-ақ айтылып кетеді. Бұл жағдайлар пысықтауыш болып тұрған көсемшені баяндауыш функциясындағы көсемшеден бөліп тануға біраз септігін тигізеді. Мыс.:
Бәйбішенің қапысын т а б а а л м а й ыза болып отырған Жұманның құлағына қатар қонып жатқан қас ауылдың қатты күлкілері естілді. Игілік би ақынды ұзын арқан, кең тұсаумен өз маңайынан ұ з а т п а й өрелеп ұстайды (Мүсірепов). Жайлау түнінің жұлдызы жарық аспанына ш ы р қ а й шаншылып ән кетіп жатыр {Әуезов). Болыстары еліне әмірін қаттырақ жүргізіп, тізесін елге қаттырақ б а т ы ры п, көпшілікті өзіне қарсы қойып алған екен. Ауыл жігіттері сәлем б е р і п, алдынан ш ы ғ ы п, атын ұ с т а п, аттан түсіріп а л ы п, құрдай жорғалап, есік ашып енгізіп күтіп жатыр (Сейфуллин).
Мысалдағы сирек терілген көсемшелердің барлығы да пысықтау-ыш мүше болып тұр. Олардың ішінде соңғы екі сөйлемдегілер— санамалы бірыңғай пысықтауыштар.
Көсемшелердің екінші синтаксистік қызметі — баяндауыштық қызмет. Көсемшелердің құрмалас сөйлем жасаудағы ролі де олардың осы баяндауыштық қызметіне байланысты.
Бірақ баяндауыш қызметінде қолданылған көсемшелердің бар-лығы бірдей сабақтас құрмалас сөйлем жасай бермейді. Көсемшелердің кейде бір субъектінің әр түрлі әрекетін білдіріп, бірыңғай баяндауыштық функцияда қолданылатыны да болады. Ондай жағдайда олар бағыныңқы компоненттің баяндауышы болып есептелмейді. Мыс.:
Сонымен, егіннің түгел піскеніне шейін ашыққан үйлер а с ы ғ ы п, өзді-өз жерінен бастарды етектеп т е ріп, қолымен үгіп, аз-аздап бидай алып, соны құрдай қуырса да кемпір-шалына талқаи қып түйеді. Өзі бір бидайға қол с о з ы п, сындыра жаздап барып, Асанға қ а р а п, қолын қайта тартып алды (Әуезов).
Бұл мысалдағының екеуі де жай сөйлем. Ондағы сирек терілген көсемшелер — бір субъектінің (біріншіде — үйлер, екіншіде — өзі) әр түрлі әрекетін баяндап тұрған бірыңғай баяндауыштар. Дәл осы сияқты, Тағы да т а л а с ы п к е л і п, тағы да т ақ а с ы п к е- л і п жатқан екі бай ауыл ақ үйлерін әлі тіккен жоқ еді (Мүсірепов) деген мысал да құрылысы жағынан сабақтас құрмалас сөйлемге ұқсас. Бірақ бұл да жай сөйлем. Мұндағы таласып келіп, тақасып келіп дегендер бірыңғай пысықтауыштар.
Көсемше етістіктердің, әсіресе, -ып, -іп, -п жұрнақты көсемшенің бұл айтылған синтаксистік қызметі — өте көне заманнан бері қарай келе жатқаң қызмет. Көсемшенің бұл функциясын көне замандағы оның бірден бір функциясы деуге де болады.
151
Көне түркі тілдері жазу ескерткіштерінде -п формалы көсемше бір субъектінің әр түрлі әрекетін баяндап, жай сөйлемнің бірыңғай баяндауышы ғана болғаны болмаса, өзіндік дербес бастауышы бар жай сөйлемдерді құрмаластыру функциясында қолданылмаған.
Өткен шақтық көсемшенің бұл тәріздес синтаксистік қызметі фольклорлық шығармаларда да жиі ұшырайды. Бұл жағынан алған-да -ып, -іп, -п жүрнақты көсемшені бір субъектінің істеген іс-әрекет қимыл-қозғалыстарын бір-бірімен ұштастырып, іргелестіріп беруде ең икемді және өте ерте заманнан бері қарай келе жатқан ең көне категория деуге болады. Тіл фактілеріне қарағанда, көсемшенің бұл функциясының оның екі жай сөйлемдерді бір-бірінен сабақтастыра құрмаластыру функциясынан бұрын пайда болғандығы байқалады.
Қазақ халқының ауыз әдебиетіне жататын шығармалары кенже-леп жиналып, кеш басылды. Сондықтан бұл шығармалар тіліміздің көне замандағы грамматикалық құрылысын ашуға мардымды көме-гін тигізе алмайды. Олардың басым көпшілігі қазіргі тілімізге өте жақын, тіпті, айтарлықтай өзгешеліктері жоқ деуге болады. Дегенмен үңіле қараған адам олардан кейбір тілдік категориялардың басып өткен соқпағын байқағандай.
Біз сөз етіп отырған көсемше көне түркі жазуында өзіне тән дер-бес бастауышы бар бағыныңқы сөйлем баяндауышы қызметінде қолданылмаған болса, немесе ілуде біреу ғана кездессе, қазақтың ауыз әдебиетіне жататын шығармаларда ол жоғарыдағыдай бірыңғай баяндауыш қызметінде де, сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы компонентінің баяндауышы қызметінде де қолданылады. Бірақ бастапқы функцияда өте жиі, соңғы функцияда ете сирек кездеседі. Мыс.:
Кендебай сол арада үш-төрт күн т ы н ы ғ ы п, кемпірдің асыл қазынасын жинап а л ы п, Керқұла аттың алдына алтын науа- ны ө ң г е р і п, алтын құйрықты құлындарды е р т і п, аман-есені ханның үйіне келеді («Керқұла атты Кендебай»). Түлкекең секіріп ешкінің үстіне мініп, онан мүйізіне шы ғ ы п, мүйізінен секіріп қырға ш ы ғ ы п, жөніне кетті дейді («Түлкі мен ешкі»).
Бұлар тәріздес көсемше арқылы жасалатын жайылыңқы сөй- лемдер көне замандарға тән ертегі әңгімелерде өте жиі кездеседі. Тіпті, кейде көптеген сөйлемдердің, әсіресе, төл сөз бен автор сөзі аралас келетін сөйлеспелі сөйлемдердің көсемшеге аяқталатыны да жиі ұшырайды. Соған қарағанда -ып, -іп, -п жұрнақты көсемше көнерек заманда қазіргіден гөрі тиянақтырақ мәнде болмады ма екен деген ой туады. Қалай болған күнде көсемшенің бұл түрін жай сөйлемдерді бір бірімен сабақтастыра құрмаластыру үшін қолданылған ең көне категорияның бірі деуге болады.
Тіліміздің қазіргі даму сатысында көсемшелер етістіктің ең тиянақсыз түрі. Бұлар құрмалас сөйлемнің өздері баяндауыш болып келген бөлшегін оның екінші бөлшегіне бағындыра, соған тәуелді ете байланыстырады да, ол бөлшектердің бірлікте, тұтастықта болуын қамтамасыз етеді. Сондықтан белгілі бір компоненттің баяндауышы көсемшеден болған құрмалас сөйлемдерде жай сөйлемдерді бір-бірімен қарым-қатынасқа келтіретін қосымша тәсілдердің, формалардың керегі болмайды. Өйткені ондай функцияны жай сөйлем баяндауышы болып келген көсемше етістік формасының өзі-ақ атқарады. Сөйтіп, көсемшелер әрі баяндауыштық, әрі сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыратын дәнекерлік қызмет атқарады. Мұндай қызметте көсемшенің қай-қай түрі болса да қолданылады. Оны мына мысалдардан көруге болады:
Достарыңызбен бөлісу: |