5. Адамның жеке басына тиіспеушілік 1. Қылмыстық іс жүргізу Кодексте белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша болмаса, ешкiмдi де қылмыс жасады деген сезiк бойынша ұстауға, қамауға алуға немесе өзгеше түрде бас бостандығынан айыруға болмайды.
2. Қылмыстық іс жүргізу Кодексте көзделген жағдайларда ғана және қамауға алынған адамға сотқа шағымдану құқығын бере отырып, тек соттың немесе прокурордың санкциясымен ғана қамауға алуға және күзетпен ұстауға жол берiледi. Адам прокурордың санкциясынсыз жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ғана ұсталуы мүмкiн. Күзетпен ұсталмаған адамды сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн медициналық мекемеге мүжбүрлеп орналастыруға соттың шешiмiмен ғана жол берiледi. Күзетпен ұсталмаған адамды сот-медициналық сараптама жүргiзу үшiн медициналық мекемеге мәжбүрлеп орналастыруға соттың шешiмi немесе прокурордың санкциясы бойынша жол берiледi.
3. Әрбiр ұсталған адамға ұстаудың негiзi, сондай-ақ ол жасады деп сезiк келтiрiлген немесе айыпталған қылмыстың заңдық сипаттамасы дереу хабарланады.
4. Қылмыстық процеске қатысушы адамдардың ешқайсысына күш қолдануға, қатал немесе адамның қадiр-қасиетiн түсiретiн әрекет жасауға болмайды.
5. Ешкiмдi де адамның өмiрiне немесе денсаулығына қауiп туғызатын iс жүргiзу әрекеттерiне қатысуға тартуға болмайды. Адамның жеке басына тиiспеушiлiктi бұзатын iс жүргiзу әрекеттерi адамның не оның заңды өкiлiнiң еркiне қарсы Қылмыстық іс жүргізу Кодексте тiкелей көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
6. Өзiне қатысты жолын кесу шарасы ретiнде қамауға алу таңдалған адамды, сондай-ақ қылмыс жасады деген сезiкпен ұсталған адамды қамауда ұстау оның өмiрi мен денсаулығына қауiп туғызбайтын жағдайларда жүзеге асырылуы тиiс.
7. Заңсыз бас бостандығынан айыру, өмiрi мен денсаулығына қауiптi жағдайда ұстау, оған қатал қарау салдарынан азаматқа келтiрiлген зиян Қылмыстық іс жүргізу Кодексте көзделген тәртiппен өтелуге тиiс.
6. Тұрғын үйге қол сұғылмаушылық Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Тұрғын үйге онда тұратын адамдардың еркiне қарсы кiруге, оны қарауға және тiнту жүргiзуге заңда белгiленген жағдайлар мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.