5. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу: 1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу толық қысқартылғандығы туралы қаулының күшiне енуi бойынша;
2. Үкiмнiң немесе iс бойынша басқа да түпкiлiктi шешiмнiң күшiне енуi бойынша – егер ол оны атқару жөнiнде арнаулы шаралар қабылдауды қажет етпесе;
3. Үкiмнiң немесе iс бойынша басқа да түпкiлiктi шешiмнiң орындалғандығы туралы растау алынуы бойынша - егер ол оны атқару жөнiнде арнаулы шаралар қабылдауды қажет ететiн болса, аяқталады.
6. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында Қылмыстық іс жүргізу Кодексте және басқа да заңдарда көзделген мемлекеттiк құпияларды (мемлекеттiк, әскери және қызметтiк құпия, жедел-іздестіру қызметі, анықтау және алдын ала тергеу құпиясы) мен өзге де құпияларды (коммерциялық құпия, қызмет бабында пайдалануға арналған ақпарат, дәрiгерлiк, жеке құпия және құпияның кез келген басқа да түрлерi) құрайтын алынған мәлiметтердi қорғау жөнiндегi шаралар қолданылады.
Қылмыстық процестi жүргiзушi орган мемлекеттiк және өзге де құпияларды құрайтын мәлiметтi хабарлауды немесе берудi ұсынған тұлғалар тиiстi құжаттарды сақтаудың қажеттiгiне сiлтей отырып, көрсетiлген талапты орындаудан бас тарта алмайды, бiрақ одан қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу үшiн көрсетiлген мәлiметтердi алудың қажеттiгiн растайтын, тиiстi iс жүргiзу қызметiнiң хаттамасына енгiзуге жататын түсiндiрме алуға құқылы.
Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтi қамтитын дәлелдер соттың жабық отырысында қаралады.
Жеке өмiрге қол сұғылмаушылықты бұзудың, жеке немесе отбасылық құпияны жариялаудың нәтижесiнде адамға келтiрiлген зиян заңда көзделген тәртiппен өтелуге тиiс.
Дәріс 5. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысушылар Жоспар: 1. Қылмыстық процеске қатысушы мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар
2. Өз құқықтары мен мүдделерін қорғап процеске қатысушылар
3. Қылмыстық процеске қатысушы өзге де адамдар
4. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысудың мүмкіндігін жоққа шығаратын жағдай
1.Сот сот билiгi органы бола отырып, қылмыстық iстер бойынша әдiл сотты жүзеге асырады. Кез-келген қылмыстық iс соттың заңды, тәуелсiз, құзыреттi және бейтарап құрамымен ғана қаралады. Нақты iстердiң соттылығын анықтау, нақты қылмыстық iстердi қарау үшiн соттың құрамын жасақтау, судьяларды бөлу, iстi шешу функциясын айыптау және қорғау функциясынан бөлектеу ережелерiн сақтаумен қамтамасыз етiледi. Қазақстан Республикасында қылмыстық iстер бойынша әдiл сотты: Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, облыстық және оларға теңестiрiлген соттар, аудандық (қалалық) және оларға теңестiрiлген соттар, әскери соттар жүзеге асырады.
Бiрiншi сатыдағы соттарда қылмыстық iстердi қарауды судья жеке өзi немесе үш судьядан тұратын алқа жүзеге асырады. Әдiл сотты алқадан тұратын сот жүзеге асырған кезде олардың бiрi төрағалық етушi болып табылады. Жаза шарасы ретiнде өлiм жазасы қолданылуы мүмкiн болатын қылмыс жасаған адамдарды айыптау жөнiндегi қылмыстық iстi қарауды бiрiншi сатыдағы сот - үш судья құрамында, ал айыпталушының өтiніші болған кезде екi судья және тоғыз алқаби құрамында жүзеге асырады. Басқа iстердi бiрiншi сатыдағы соттың судьялары жеке-дара қарайды.
Қылмыстық iстердi аппеляциялық тәртiппен, қадағалау тәртiбiмен, жаңадан ашылған жағдайлар бойынша қарауды және сот шешiмдерiн қайта қарауды кемiнде үш судья құрамындағы сот жүзеге асырады