9-10 дәріс: .Қазақ тілінің буын типологиясы
Сөз құрамындағы бір немесе бірнеше дыбыстар тобынан жасалған фонетикалық бөлшек буын деп аталады. Дауысты дыбыстар буын құрауға негіз болады. Дауыссыз дыбыстар буын құрай алмайды. Сөздің құрамында қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады. Мысалы, қарлығаштардың деген сөзде бес дауысты дыбыс бар, яғни сөз бес буыннан құралған. Қазақ тілінде буынның үш түрі бар: 1) ашық буын; 2) тұйық буын; 3) бітеу буын. Бір дауысты дыбыстан құралған және дауыссыз дыбыстан басталып, дауысты дыбысқа аяқталған буын ашық буын деп аталады. Мысалы, а-на, ба-ла, да-ла, бе-ре-ке, ә-ке, ша-ға-ла, же-ті, та-ға, т.б. Бір ғана дауысты дыбыстан құралған буын жалаң ашық буын деп аталады. Мысалы, ә-же, ұ-лы, ү-кі, а-та, т.б. Тұйық буын дауысты дыбыстан басталып, дауыссыз дыбысқа аяқталады. Мысалы, айт, өр, ант, ән, ұлт, аң, ұрт, үй, арс, ел, өрт, т.б. Дауыссыз дыбыстан басталып, дауыссыз дыбысқа аяқталған, яғни ортасы дауысты дыбыс екі шеті дауыссыз дыбыс болып келген буын бітеу буын деп аталады. Мысалы, бұлт, жер, қант, той, құрт, тау, жұрт, жез, төрт, дос, серт, гүл, мұрт, қол, бырт-бырт, сарт-сұрт, жарқ-жұрқ, сөз, көз, май, дөң, дүлдүл, мазмұн, жолдастық, т.б.
11-12 дәріс: Ассимиляция заңдары
Ассимиляция (лат. –ұқсау) - морфемалардың жігінде көрші келген дауыссыздардың бір-біріне акустикалық (ат-ты, қағаз-ға, қар-ға, қан-ды), артикуляциялық (жамбады, қаңға) жақтан бейімділігі.
Ассимиляция үш түрлі: 1. Прогрессивті ассимиляция
2. Регрессивті ассимиляция
3. Тоғыспалы ассимиляция
1. Прогрессивті ассимиляция – сөз морфемаларының арасында немесе бірнеше сөздердің арасында қатар келген дауыссыздардың алдыңғысының кейінгілерін өзіне ұқсатуы.
А)Үнді дауыссыздар сөзді аяқтап, өздерінен кейін үнді не ұяң дауыссыздардың болуын талап етеді: ой-мен, ой-лы, ар-лы т.б.Бұған с мен ш сияқты «ерме» фонемалар көнбейді: ой-сыз, ой-ша т.б.
Өзгелік етістің т жұрнағы л,н,р,й үнділерінен кейін жалғана береді: ойлан-т, ағар-т, сарғай-т т.б. Ал келесі сөз қ,к қатаңнан басталса үнділердің прогрессивті ықпалына ұшырайды: таңғалды, айғарады, Есенгелді т.б. Бұған қор, қой, кей,кер морфемалары көнбейді.
Ә) Сөз ұяң з мен н-ға бітсе, қосымша қатаңнан басталмайды, с мен ш-дан басталса с мен ш-ға алмасады: жаз-са, біз-сіз; қ,к қатаңдары ұяңданады: жазгелді, бізгелдік т.б.
Б) Қатаң дауыссыздарға біткен сөздерге қосымша тек қатаңнан жалғанады, тек бір жерде прогрессивті ықпал байқалады: қаш-са - қашша, шеш-се -шешше, ұш-са – ұшша т.б.
В) Бунақтағы сөздердің алдыңғысы қатаңдарға аяқталып келесі сөз ұяң б,ғ,г-ден басталса, айтуда б-п, г-к, ғ-қ болып қатаңдайды:кеш полды, көп күл, ұзаққұмыр т.б.
2. Регрессивті ассимиляция - морфемалар жігінде немесе сөздер аралығында кейінгі дауыссыздардың алдыңғы дауыссыздарды өзіне ұқсатып, өзгертуі.
Үнді дауыссыздар да басқа дауыссыздарға ықпал жасайды.
А ) Соңы н дыбысына біткен сөздерге г мен ғ дыбысынан басталатын қосымша жалғанса, н – ң дыбысына өзгереді: қаңға, түңгі т.б.
Ә) Ал қосымша б,м дыбысынан басталса н дыбысы м дыбысына айналады: қамбады, қам мен тер, омбес т.б.немесе кейінгі сөз п дыбысынан басталса, тіл алды н дыбысы қос ерін м дыбысына айналады: Жампейіс.
Ұяңдардың ықпалы.
А) Алдыңғы морфема з ұяңына бітіп, қосымша морфема қатаң с-дан басталса, з-қатаң с-ға алмасады: сөз-сіз, көз-сіз, жаз-са т.б.
Б) Кейінгі морфема ж дыбысынан басталса, алдыңғы морфеманың соңындағы з дыбысы ж дыбысына өзгереді: жүз жыл, боз жорға т.б.
В) Кейінгі морфеманың басындағы ш дыбысы алдыңғы морфеманың соңындағы з ұяңын ш дыбысымен алмастырады:сөз-шең, біз-ше, жүз шақты;
Қатаң дауыссыздардың ішінде регрессивті ассимиляция кезінде алмасатындар к,қ,п,с дыбыстары.
А) Кейінгі морфеманың басындағы с қатаңы алдыңғы морфеманың соңындағы ұяң н дыбысын қатаңдандырады: лаж-сыз, мұқтаж-сыз т.б.
Б) Алдыңғы морфема с дыбысына бітіп, кейінгі морфема ш дыбысынан басталса, с - ш-ға алмасады: басшы, бас шайқады т.б.
3. Тоғыспалы ассимиляция - морфемалар аралығында қатар келген дауыссыздардың алдыңғысының өзінен кейінгі дыбысқа акустикалық (дауыс) жақтан, ал кейінгі дыбыстың алдыңғы дыбысқа артикуляциялық жақтан ықпал етуінің нәтижесінде алмасуға ұшырауы. Яғни, тоғыспалы ассимиляция кезінде көрші тұрған дауыссыздар әрі прогрессивті, әрі регрессивті ассимиляцияға ұшырайды. Бұл сөз бен сөз аралығында кездеседі.
А) Үнділер
Алдыңғы сөз н дыбысына бітіп, кейінгі сөз қ,к қатаңдарынан болса, онда нқ, нк тіркесі ңғ, нг тіркесіне алмасады. Себебі, алдымен прогрессивті ассимиляция заңы бойынша үнді н дыбысы қатаң қ,к дыбыстарын ұяңға айналдырады. Сонан соң регрессивті ассимиляция әсерінен тіл ортасы және тіл арты ғ,г дыбыстары тіл алды н-ны ң-ға айналдырады: Жангелді, Жанғожа.
Б) Ұяңдар
Алдыңғы сөз с дыбысына бітіп, кейінгі сөз ж дыбысынан басталса, бұл екеуі де ш-ға айналады. Мысалы: тас жетім, қос жанар, қос жүрек т.б. Сонда алдымен с қатаңы ұяң ж-ны қатаң ш-ға айналдырады. Сонан соң ш дыбысы с дыбысын толық игеріп, ш-ға айналдырады.
Достарыңызбен бөлісу: |