Байланысты: СИЛАБУС Қаз қазақ тілі фон лексика жаңа (2)
19-20 дәріс: Сөздердің лексикалық мағынасы Зат, құбылыс, мезгіл, мекен, қимыл, сан, сын ұғым атаулары – сөз деп аталады.Сөз – басқа тілдік элементтердің ішіндегі ең бастысы, негізгісі басқа тілдік құралдар сөзді бөлшектеуден (морфемаларға жіктеуден) немесе сөзді тіркестіруден (сөздерді қырын келтіріп сөйлем, сөз тіркесін құраудан) тұратын сияқты көрінеді. Дәстүрлі лингвистиканың деңгейлерінің (фонетика, лексика, морфология, сөзжасам, синтаксис) қай қайсысының болмасын негізгі зерттеу нысаны осы сөз. Сөздің тұлғасы оның заттық жағы, сыртқы көрсетіліміне жатады. Тілді жүйе деп танитын болсақ, сол жүйе мағыналардың жүйесінен тұрады. Тұлға бар жерде оның ішкі мазмұны да болатындығы белгілі. Бұлар бір-бірімен өте тығыз байланысты.
Сөздің лексикалық мағынасы тіл жүйесіндегі барлық қатынастарды (парадигмалық, синтагмалық, деривациялық) қамтиды. Лексикалық мағынаға негіз болатын тек нақты заттар ғана емес, бұйымдар, хайуанаттар мен адамзат, сондай-ақ солардың қасиеттері де. Мұнымен қоса құбылыс, оқиға, әрекет және олардың түрлі сипаттары да лексикалық мағынаға негіз бола алады. Лексикалық мағынаны нақты және абстрактілі, жалпы және жеке (жалқы) деп жіктеуге болады. Ең алдымен сөз өзінің сыртқы тұлғасын сомдайтын дыбыстардың тіркесіміне тәуелді. Бұны сөз бен оны құрайтын дыбыстардың арасындағы қатынас деуге болады. Екінші, сөз бен заттың (ұғымның) арасындағы байланыс. Тілдегі сөздер ең алдымен заттардың атауын білдіреді. Яғни, лексикалық мағына дегеніміз заттың атын білдіруге негізделуімен сипатталады.
Лексикалық мағына әуелгі кезде лексикологияның қалыптасқан «семантика» құрамында зерттеле бастады. Кезінде орыс тіл біліміндегі дәстүрлі лексикологияда (В.В.Виноградов, т.б.) сөздің лексикалық мағынасы атауыш мағына, фразеологиялық байлаулы мағына, синтаксистік шартты мағына түрлеріне бөлініп, қарастырылып келгендігі белгілі.
Кез келген сөздің бәрі лексикологиялық зерттеудің объектісі бола бермейді. Тілдегі мағыналы бірлік ең алдымен жеке сөз ретінде белгілі болады.Сондықтан да болар лексикологияда сөз лексемамен тең және тең емес дәрежеде қарастырылады. Сөз көмекші сөз, сөзформа мағынасында да қолданылады, ал лексема тек лексикалық мағынасы бар сөздерді ғана қамтиды. Сөз мағыналарына қатысты арнайы еңбек жазған Б.Қалиев пен А.Жылқыбаева жалпылық және нақтылық мәселесін былай ажыратады: «... ұғым екеу: жалпы ұғым және жеке (нақты) ұғым. Бір сөзде осы екі ұғымның екеуі де болуы мүмкін. Мәселен, терек десек бірде дүние жүзіндегі терек атаулының бәрін ұғамыз (терек – ағаштың бір түрі), бірде өзіміз қасында тұрған, қолымызбен сипап немесе құшақтап тұрған теректі ғана ұғамыз (мына терек жуан екен). Алдыңғысы – жалпы ұғым, соңғысы – жеке, нақтылы ұғым. Өзен деген сөздің берер ұғымы да дәл осындай. Ол бірде – жалпы өзен атаулыны, бірде нақтылы бір өзенді (айталық, Іле өзенінің) өзін ғана білдіреді. Сөздердің бұл жалпылық және жекелік қасиеттері олардың ең басты қасиеттері болып табылады