Issn 1607-2782 Республикалық ғылыми-әдістемелік


ЕСТЕКБАЙҰЛЫ БҰҚАРБАЙ БАТЫР ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНЫ



Pdf көрінісі
бет2/15
Дата14.02.2017
өлшемі6,42 Mb.
#4107
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

ЕСТЕКБАЙҰЛЫ БҰҚАРБАЙ БАТЫР ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНЫ
М.Қ. ҚОЙГЕЛДИЕВ, 
тарих ғылымының докторы, профессор,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Бірін-бірі үздіксіз ауыстыра бастаған әскери қақтығыстар, түрлі саяси, экономикалық және рухани 
дағдарыстар, барған сайын құлаш жайып отырған жаһандану процесі – осының бәрі әлемдегі әрбір 
қоғам мен мемлекеттердің беріктігін сынға салуда. Енді ғана дербес мемлекеттік жолына түскен бізге 
де сынның жеңіл тимесі анық.
Міне,  осындай  жағдайда  еліміз  үшін  жас  ұрпақты  отаншыл  рухта  тәрбиелеудің  мәні  зор  бо-
лып отыр. Соңғы жиырма жылдан астам мезгілде елімізде патриоттық тәрбиеге аса ұтымды жағдай 
қалыптасқандығы хақ. Біз өз жерімізге, атамекенімізге ие болдық. Бойға қуат және сенім беретін бұдан 
үлкен  не  болуы  мүмкін?!  Дегенмен,  мектеп,  жалпы  білім  жүйесі  жас  ұрпақты  отаншылдық  рухта 
тәрбиелеу жұмысын мемлекеттік статусымызға лайық деңгейге көтеріп үлгерді деп айтуға әлі ерте.
Бізге  көрші  мемлекеттер  тәрбие  жұмысына  қатысты  бірнеше  бағдарламалар  қабылдап  үлгерді. 
Отаншылдық  патриоттық  тәрбиеге  аса  зор  мемлекеттік  мәні  бар  іс  ретінде  үлкен  көңіл  аударуда. 
Мәселен, Ресейде соңғы жылдары ғана патриоттық тәрбиеге байланысты төрт-бес бағдарлама қабыл-
дап, олар бойынша жұмыс істеп үлгерді. Бұл жағдай тәрбие ісінің білім саласында кең өріс алғандығын 
айғақтайды.
Сол сияқты біздің елімізде де тәрбие ісіне, отан тарихына, ұлттың озық салт-дәстүріне жете көңіл 
аудару бар. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді 
ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн.
Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр. Қазақ мақалында: «Жеті атасын білмейтін ер 
жетесіз» [1] деп көрсеткеніндей, қазіргі уақытта жас ұрпақты ана тілін, отанының тарихы мен салт-
дәстүрін сүюге баулу аса маңызды да жауапты іске айналуға тиіс.
Біздің жағдайымызда, әрине, экономикалық дамуға байланысты міндеттерге басымдылық берілгені 
жөн. Сонымен бірге жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу ісінде де кешеуілдеуге болмайды.
2012 жылы 27 қыркүйекте «Ұлт-азаттық қозғалыс және Бұқарбай батыр» атты конференция жұмысы-
на  қатынасуға  келген  ғалымдар  Жалағаш  ауданындағы  Бұқарбай  батыр  атындағы  ауылға,  сондай-ақ 
«Аққошқар» ауылының іргесіндегі атақты Нысанбай жырау жатқан ескі қорымға соғып, ұлы ақынның 
рухына арнап құран оқыды. Осы сапарда байқалған нәрсе: батырдың басына апаратын жарамды жолдың 
жоқ екендігі. Бұл – бір. Ал Нысанбай жырау жатқан қорымды іздеп жүріп әрең тапсақ та (Аққошқар 
ауылының тұрғындары 84-тегі Жылқайдар және 80-дегі Доларас қариялардың көрсетуімен, олар бол-
маса таба алмас та едік), Нысанбай жыраудың зиратын анықтау мүмкін болмады. Өкінішті-ақ! Кезінде 
шаруашылық қажеттілікке байланысты тегістеліп кеткен (Жылқайдар қария солай дейді).

ҚОҒАМДЫҚ ҒЫЛЫМДАР
15
Мен бұл жағдайға неге тоқталып тұрмын? Мәселе – мынада. Әрине, ғылыми конференция өткізіп, 
ұлы тарихи тұлғаларды еске алу, ат шаптырып, айтыс өткізіп, оған тамаша автокөлік тігу жақсы-ақ! 
Шіркін, сол қаржылардың бір бөлігі Бұқарбай батыр мен Нысанбай жыраудың басына белгі қоюға, 
сондай-ақ олар жатқан қорымға апаратын жарамды жол салуға, олар жөнінде шығармалар жазуға, спек-
такльдер даярлауға, олардың артында қалған мұраларын шығаруға жұмсалса – осының бәрі пайдалы, 
орнын тапқан іс болар еді.
Сонымен,  баяндамаға  оралып,  батырдың  өмір  жолы  мен  заманына  тоқталайын.  Бұқарбай  батыр 
өмір сүрген заман қазақ үшін жеңіл заман болған жоқ. Ең негізгісі – оның ел қатарлы мемлекеттігі 
болмады. Әлихан Бөкейхан айтқандай, мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық, көрінгеннің жетегінде 
кететін жетекшіл халық.  
ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында, сондай-ақ осы жүз жылдықтың орта тұсында қазақ елі ауыр 
тарихи  кезеңді  басынан  кешірді.  Қазақ  даласын  темір  құрсаудай  бекіністер  қоршауына  алған  Ресей 
мемлекеті ендігі уақытта белсенді әскери әрекетке көшіп, бұл өңірді толықтай өз билігіне қаратып, 
Ташкентте орнығуға бет алды.
Қазақ жерінің батыс және оңтүстік бөліктерін өздеріне қарату әрекетін Хиуа және Қоқан хандықтары 
да жүргізді. Мұхамед Рахим хан тұсында (1806-1825 жж.) Хиуа хандығы түрікмендер мен қазақтардың 
(Сырдың төменгі ағысы) бір бөлігін өзіне бағындырды.
Хиуа  хандығы  1812,  1815  және  1816  жылдары  жүргізген  басқыншылық  шараларынан  соң 
Сырдарияның төменгі ағысынан бірнеше бекіністер салды. Олардың ірісі – Жаңақала (кейінірек ол 
Қожанияз, сонан соң Райым аталды). Алайда Хиуа хандығы Қоқан хандығымен бәсекелесе алмады. 
Одан 3-3,5 есе аз еді.
ХІХ ғ. алғашқы жартысында оңтүстік қазақ жерінде билік құрған Қоқан хандығы 1813 ж. Сырдария-
ның оң және сол жағасында, Қуаңдария өзенінің бас жағына жақын Жанғы бекінісін салады, 1815 ж. 
ол  Сырдарияның  оң  жағына  көшіріліп,  Ақмешіт  атауын  алды.  1814  ж.  Шолаққорған,  1815-1820  жж.  
Сырдарияның оң жағалауында Күмісқорған, Жаңақорған, Жүлек, ал Сарысудың оңтүстік ағысында – 
Жаманқорған, 1821 ж. Әулиеата және басқа бекіністерін салды. Омар хан тұсында Қоқан билігі солтүстік-
батыста Сырдария, ал солтүстік-шығыста Іле өңірі аралығын қамтыды. Ал қазақ қауымдарының арасын-
да бірлік болмады, әрбір ірі ру тобының өз ханы болды және олар дербес саясат жүргізді.
Хиуа және Қоқан хандықтарының жаулап алу және билік жүргізу саясаты адам төзгісіз қаталдығымен 
ерекшеленді.  Олар  қазақ  ауылдарына  нөкерлерін  шығарып,  тонаушылықпен  айналысып,  жергілікті 
халықтың малдарын айдап кетіп отырды, қарсылық көрсеткендерді өлтіріп, үйлерін өртеп, әйелдері 
мен қыздарын зорлап, қорлады.  Мәселен, 1847 жылы 5-6 наурыз күндері Уайсния бектің 500 адамдық 
қолы Атанбаш, Ақирек, Қарабұғаз, Қамыстыбас атты мекендерге және Сырдың екі жағасына шығып, 
1400 қожалықты тонап, 400 адамды өлтіріп, көптеген қыздар мен әйел адамдарды тұтқынға алып кетті [2].
Басқаша айтқанда, қазақ жеріне салынған Хиуа және Қоқан бекіністері төңірегіндегі қазақ ауылдары 
үшін жақындап келген тажалмен тең еді.  Мәселен, Қуаңдариядағы Қожанияз бекінісінде (ұзындығы 
400 метр, ал көлденеңінен 200 метрден сәл ғана асатын, ішінде ескі 2 пушкасы, 25 мылтығы бар) 200 хиуа-
лық  нөкерлер  орналасты.  Бекініске  жақын  маңдағы  20-ға  жуық  «кедей  қазақ  ауылдары»  хиуалық 
нөкерлерді отын-сумен, пішенмен және басқа қажетті заттармен қамтамасыз етуге міндетті болды [3]. 
Осы  сияқты  бекіністерден  қазақ  ауылдарына  шағын  әскер  қолдары  шығып  зекет  және  басқа  салық 
түрлерін жинаумен айналысты. 
Хиуа  бектері  қазақ  билері  мен  батырларынан  ауылдарымен  Сырдарияның  сол  жақ  бетіне  өтіп, 
уақытында хан қазынасына зекет төлеп отыруды талап етті.
Ауылдары талауға түскен билер шекаралық орыс әкімшілігінің Сырдариядағы өкілі сұлтан Сюга-
линге жазған шағымында «Біздің өңірдегі қазақтарды тонаушылық жыл санап ұлғая түсуде, байғұстар 
қазірдің өзінде үш рет тоналды. Ал түйесі барлары сіздер жаққа (Орынбор жаққа) көшіп-қонуда, ал 
көліксіз кедей-кепшіктері қамыстан баспана салып, балықпен күнелтуде, егер де Сырдарияда балық 
болмағанда биылғы жылы олар түгелдей қырылып қалмақ еді» деп жазды [4].
Қоқан және Хиуа хандықтарының жергілікті халыққа жасаған бұл қиянаты оңтүстік және оңтүстік-
шығыс қазақ жерінде жателдік билікке қарсы азаттық қозғалыстың өріс алуына қозғау салды. Жетісу 

ҚМУ ХАБАРШЫСЫ 2 (34) 2012
16
өңірінде бұл қозғалысты Саурық және Сұраншы батырлар, Әулиеата өңірінде Байзақ датқа, ал Сыр 
бойында Жанқожа және Бұқарбай батырлар басқарды. 
Басқаша айтқанда, араға 50-60 жыл салып қазақ елінің өміріне жаңа жаугершілік заман келді. Бір 
орталыққа  бағынған  мемлекеттік  жүйенің  және  ел  болып  тәуелсіздікті  қорғауға  негіз  бола  аларлық 
экономикалық  құрылымның  жоқ  жағдайында  сырттан  төнген  қауіптен  тұтас  ұлт  болып  емес,  жеке 
аймақ, ру-тайпа болып қорғануға тура келді.
Баяндаманы  даярлау  барысында  бізге  бірсыпыра  әдебиетпен  танысуға  тура  келді.  Осы  ретте  ел 
арасындағы тарихи мәліметтерді жинап «Бұқарбай батыр» (1992) [5] атты кітап даярлаған Бердәулетұлы 
Камал  сияқты  зерттеушіге  ризашылық  білдіру  –  парыз.  Белгілі  журналист  Ахат  Жанаевтың 
құрастыруымен 2007 жылы «Бұқарбай батыр» [6] деп аталатын жинақ жарық көрді. 
Қазақ ру-тайпаларының тарихын бір жүйеге түсіру ісінде қайраткер азамат Хайролла Ғабжалелов 
құрған «Алаш» тарихи зерттеу орталығы 2006 жылы екі томнан тұратын «Табын» атты монографиялық 
зерттеуді өмірге әкелді [7]. Бұл орталықта жұмыс жасаған ғалымдардың тындырымды еңбектерінің 
бірі екендігі даусыз. 
Сондай-ақ Т. Дайрабай, Н. Мыңжасов, Р. Оразов сияқты зерттеуші ғалымдардың мұрағат қорларынан 
батырдың өмір жолы мен қызметіне қатысты біраз құжаттық материалдар жинап, айналымға тартқанын 
атап  айтқан  жөн  [8].  Аталған  және  басқа  жарық  көрген  еңбектер  Бұқарбай  батырдың  ғұмыры  мен 
қызметіне қатысты біршама ғылыми түсінік қалыптасқанын айғақтайды. 
Тарихи дерек көздері Естекбайұлы Бұқарбай батырдың қазақ елінің іргетасын қалаған тайпалардың 
бірі – Кіші жүздің Табын тайпасынан оның Теке, Атанша тармақтарына тән екендігін куәландырады. 
Атаншадан Құдайсүгір, одан Естекбай, Естекбайдан Бұқарбай батыр. Ел ішіндегі шежіре осылай дейді. 
Шежіре табынның бірлі-жарым бұтағының Ақтөбе облысының Ор, Жем бойынан Қызылорда облысы 
Жалағаш, Тереңөзекке қоныс аударғанын айтады. 
Кез-келген тарихи тұлғаның өскен ортасы және үлкен ұлы отаны бар. Бұқарбай батыр, міне, осы 
екеуінің де амандығы мен бүтіндігі үшін жан алып, жан беріскен тұлға.
Батырды өмірге әкелген орта жөнінде жоғарыда айтылғандай Бұқарбай Естекбайұлының елі – Та-
бын тайпасы. Ұлт тарихында Табын жұртында батырлық және билік сияқты қасиеттердің терең дәстүрі 
бар болғандығын айтқан жөн. 
Ұлт тарихының ең бір күрделі де ауыр кезеңі «Ақтабан шұбырынды» заманы болғаны баршаға аян. 
Осы кезеңдегі тарихи оқиғаларға байланысты  Жетіру Табынның батыры Бөкенбайдың есімі жиі ай-
тылады. 1710 жылы Жоңғар басқыншыларына жауап соққы беру мәселесін талқыға салған Қарақұм 
кеңесінде  табын  Бөкенбай  батырдың  жиналғандарға  күш-жігер  беріп  сөйлеген  сөзі  жазба  дерек 
көздерінде сақталған. Батыр: «Уа, ағайын! Шаңырағы ортамызға түскен үйлеріміз бен жау қолында 
кеткен жесір-жетімдеріміздің соңынан телмірген бишара күй кешпей, жаудан кек алуға аттанайық, ажа-
лымыз жетсе, соның қолынан өлім табармыз! Қыпшақ даласының ерлері қай заманда назары сынып, 
жер шұқыған еді?! Мына сақал-мұртты ақ баспай тұрғанда қолымды ата жауымның қанына бояуға 
әзірмін. Заты бөлек кәпірдің құтырған иттей талауына енді көнер жайым жоқ! Құдайға шүкір, мініске 
жарар жылқым бар, қорамсақ толы жебем бар!», – дейді [9].
Бөкенбай  батыр  Бұланты  түбіндегі  ұрыста  басшылық  жасағандар  қатарында  болды.  Міне,  осы 
батырлық дәстүрі табын Бөкенбай батырдың елінде үзілген емес. XVIII ғасырда оны Сәрке, Бәйтек ба-
тырлар, XIX ғасырда Байқадам, Аралбай, Қабан, Асау Барақ, Сейіл, Қайқы батырлар жалғастырды. Ал 
табын Жоламан Тіленшіұлы мен Бұқарбай Естекбайұлының батырлық жолдары ұлт тарихында алтын 
әріппен жазылуға лайық. Бұл аталған есімдер ел жадында тарихи әңгіме, аңыз, жыр түрінде жатталып 
қалды.
Тарихи  деректермен  таныса  отырып  Бұқарбай  батырдың  жүріп  өткен  өмір  жолынан  үш  кезеңді 
байқауға болады. Олар шамамен:
– туған жылынан (1812 ж. шартты түрде) бастап батыр ретінде танылған Күмісқорған шайқасына 
дейінгі аралық;
– Кенесары хан қозғалысына қосылған 1838 жылдан бастап, көтерілістің жеңіліске ұшыраған 1847 жыл-
ға дейінгі уақыт;
– еліне оралған 1847 жылдан өмірінің соңына дейінгі кезең (шамамен 1898 ж, 86 жас).
Батырдың өміріндегі алғашқы екі кезеңге байланысты жазба деректер өте тапшы да, оның есесіне 
осы мезгілге байланысты ел арасында сақталған түрлі фактілік материалдар мол екендігі байқалады. 

ҚОҒАМДЫҚ ҒЫЛЫМДАР
17
Ал оның елге оралып, ел ішіндегі түрлі істерге араласып, белсенділік танытқандығын куәландыратын 
құжаттық материалдар орыс әкімшілігіне тиесілі мұрағаттық құжаттар да баршылық [10].
Бұқарбай батырдың көзге түсіп, ел аузына іліне бастағаны ел ішінде сақталған дерек көзінде мына 
тұрғыдан баяндалады: қазіргі Тереңөзек (Сырдария) ауданының жеріндегі әйгілі Күмісқорған бекінісінің 
орны  әлі  күнге  сақталған.  Шыдамдары  таусылған  Байқадам,  Қабан,  Бұқарбай  батырларға  Мысық 
би  басшылық  жасап,  шамамен  1830  жылы  Күмісқорған  бекінісін  алуға  аттанады.  Бекіністің  түбінде 
Жұбанияз бекпен болған жекпе-жекте жас жігіт Бұқарбай қарсыласын найзамен шаншып опат қылады.
Қалай  болғанда  да  Бұқарбайдың  ел  арасында  батыр  ретінде  танылуы  оның  18-20  жасқа  келген 
шағында.  Батырды  дүйім  қазақ  жұртының  біліп,  атақ-даңқа  бөленуі,  әрине,  Кенесары  Қасымұлы 
бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа қатынасуына байланысты. Ел іші деректерінде «Бұқарбай батыр Ке-
несары қолына келіп қосылғанда 25 жастағы жігіт еді» дейді. Яғни ол Кене хан қолына қосылу ту-
ралы шешімді саналы түрде қабылдағаны байқалады. Олай болса, батырдың Кене хан қозғалысына 
қатынасуына түрткі болған жағдайлар туралы не айтуға болады?
Бұл арада бірден назар аударатын жағдай Бұқарбай батырдың қазақ жерін, оның ішінде атамекені 
Сыр  бойы  елін  Қоқан  және  Хиуа  хандықтарының  езгісінен  құтқару  туралы  мақсаты  –  Кенесары 
бастаған көтерілістің мақсат-мұратымен сәйкес келгендігі.
Ал  Кенесары  қолдарының  Ақмола,  Созақ,  Жүлек,  Жаңақорғандағы  және  басқа  жеңістері  ба-
тырдың көңілінде сенім отын жақты. Бұқарбай және басқа батырлар Кенесары бастаған қозғалысты 
жалпыұлттық идея ретінде қабылдағаны анық. 
Бұған  қосымша  Кенесары  хан  көтерілісін  белгілі  бір  кезеңде  ірі  саяси  тұлға  табын  Жоламан 
Тіленшіұлы да қолдады. Қоқан билігіне қарсы күресте Кенесары хан әскеріне Сыр бойынан Жанқожа 
Нұрмұхамедұлы  да  келіп  қосылды.  Бұл  оқиғалардың  отаншыл  ұстанымдағы  Бұқарбайға  зор  әсері 
болғандығын сенімді айтуға болады.
Е. Бекмаханов өзінің белгілі монографиялық зерттеуінде «Шөмекей және шөмішті, табындар Қоқан 
және Хиуаның ауыр езгісін басынан кешірді. Сондықтанда бұл рулар Кенесары қозғалысына қосылып, 
аталған  хандықтардың  қанауынан  құтылуды  ойлады»[11]  деп  көрсетеді.  Ал  Кенесарыны  қолдаған 
батырлардың әлеуметтік тегі жағынан ала-құла болғанын атап (мәселен, Бұқарбай жыраудың бұқара 
халықтан, ал Жоламан Тіленшіұлының ауқатты, тіпті бай отбасы екендігін) өтеді.
Бұқарбай батырдың Кенесары әскері құрамында көзге түсуі Ақмола бекінісі үшін болған шайқаста 
еді (ел ішіндегі ауызекі деректер солай дейді). Ол жөнінде «Кенесары – Саржан» тарихи жырынан:
Екі жүздей күренді
Жалғыз қырып Бұқарбай,
Қатарынан бір асқан.
Айнала шауып екі күн,
Ақмола үстін шаңдатты.
...Бастығы еді Карбышев,
Қорыққаннан бас иді... [12], – 
деген жолдарды оқимыз.
Кенесары қозғалысына байланысты Сыр бойындағы қазақ жұрты бір-ақ ұстанымда болды десек 
ақиқаттан алшақ кетпейміз бе деген сұрау туады.
Камал  Бердәулетов  кітабында  «Кенесары  қозғалысы  басталғанда  ол  Сыр  бойы  Табынындағы 
көрнекті  батыр  Сәркенің  немересі  Байқадам  батырды  да  «қарсылық  білдірді»  деп  жөнсіз  айыптап, 
тұтқында  ұстауының  өзі  бір  тайпа  елдің  одан  теріс  айналуына  әкеліп  соқтырғанын  көруге  болады»  
деп  көрсетіп,  Байқадамның  «Жалаңаш  төбесінің  маңындағы  қалың  Табындағы  ең  абыройлы»  адам 
екендігін айтады[13].
Жалпы Кенесары қозғалысына байланысты бейтарап ұстанымда болған Ағайдарұлы Байқадам би 
жалғыз емес. Көтеріліске байланысты тура осындай ұстанымды Орта жүзде Шеген би Мусин және ұлы 
жүзде Сары би де танытты. Олар Кенесары қозғалысының ішкі мазмұны мен мақсатын түсінгенімен, 
бірақ қозғалысқа ашық саяси қолдау жасамады. Неге?
Кене ханның Ресеймен айқасқа түскен уақыты бұл қайшылығы мол күрделі заман еді. Мәселе – мы-
нада. Егер біз бүкіл қазақ қоғамы қолына қару алып Ресей тарапынан төнген экспансиялық саясатқа 
қарсы шығуы қажет еді десек, онда мынадай бір қарапайым нәрсені ескере алмаған болып шығамыз. 

ҚМУ ХАБАРШЫСЫ 2 (34) 2012
18
Сол замандағы Ресеймен тең дәрежеде күреске шығып, жеңіп шығу үшін ең алдымен мұндай қарулы 
қарсылыққа сүйеніш, негіз боларлық экономика керек емес пе? Ал ондай экономика сол тарихи кезеңде 
бізде болған жоқ.
Сонымен бірге ел болып жігерсіздік танытып, күштінің алдына түсіп, айдауында кету де намысқа 
сын болар еді. К. Қасымұлының көтерілісі бұл ауыр халге душар болған елдің жігерін жанитын оқиға 
екендігі де анық. 
Осы ретте сондай-ақ М. Мағауин, Қ. Жұмаділов сияқты жазушы ағайындардың Сыпатай батыр мен 
Рүстем сұлтанға байланысты айтылған пікірлермен де («ауыр сәтте Кене ханды сатып кетті» сияқты) 
келісу  қиын.  Бұл  арада  Кене  ханның  қырғыз  қолдарымен  шешуші  шайқасы  алдында  қалыптасқан 
жағдайды білген артық емес.   
Кене хан кезінде табын Байқадам мен жаппас Жанғабыл батырларға көрсеткен тәкаппар басыну-
шылық мінезін Ұлы жүз ботбай Сыпатай батырға да көрсетеді. Ханның бұл мінезі ел жақсыларының 
намысына тиген. 
Бұған қосымша қырғызбен екеуара шайқас қарсаңында Сыпатай батыр ескі танысы қырғыз мана-
бы Жантайдан (құдалық қатынасы бар) хат алады. Онда Жантай «Әй, Сыпатай, саған не болған, біз 
құдалығымыз бар, тату көрші емес пе едік? Арқадан келген төрең бүгін соғысып, ертең еліне кетеді. 
Сен екеуміз сол көрші қалпымызда қаламыз, сонда қалай бет көріспекпіз?» деген назын жеткізеді. 
Тарихи  деректер  Бұқарбай  батырдың  Кенесары  қолы  құрамында  қоқандықтардың  Созақ,  Жа ңа-
қорған, Жүлек және Ақмешіт бекіністерін алуға қатысқанын айғақтайды. Бұл 1841 жылдың күзі бо-
латын. Әсіресе қанды шайқас Созақ бекінісі үшін жүрді. Куәгерлердің айтуына қарағанда Кенесары 
сарбаздары Созақты 18 күн қоршауға алып, алғаннан соң бекіністі талқандап, бұзған [14]. 
Қорыта айтқанда, Бұқарбай батыр Кене хан әскері құрамында 1847 жылғы қырғызбен арада болған 
қайғылы оқиғаларға дейінгі уақытта болғандығы байқалады.
Батыр Кене хан жорығынан соң Сырдағы еліне аман-есен оралып, бейбіт өмірге ден қоя бастайды. 
Бұл кезде батыр – өмір көрген, көп түйгені бар кемеңгер тұлға. Орыс әкімшілігімен дипломатиялық 
қатынасқа көшкен. Бұл кезеңде ол би ретінде танылды.  
Бұқарбай батыр жергілікті сұлтан Елекей Қасымовпен бірігіп, Сыр өңірін Қоқан билігінен тазартуды 
қарастырғанын дерек көздері растайды. Мәселен, Райым бекінісінің бастығы майор Энгман 1852 жыл-
дың  20  желтоқсанында  Орынбор  шекара  комиссиясының  төрағасы  жолдаған  рапортында  «Елекей 
Қасымовтың  өзіне  қараған  рулардың  әрбір  шаңырағынан  бір  адамнан  шайка  жинағанын  естідім... 
Оның Бұқарбай батырмен байланысы бар екеніне көзім толық жетті... Бұл екеуі қарулы шайка жинап 
Ақмешітті  қоқандықтардан  босатады  деп  ойластырған»  деп  көрсетіп,  «Қазір  Ақмешіт  бекінісінде 
шамамен 1230 адам бар. Мен Е. Қасымовтан бұл ұрысқа араласпауын сұрап, кейін қайтардым» дейді. 
Бұл кезде Бұқарбай жанында оның тілектес дос серігі Сейіл би де бар еді. Бұл сәтсіз аяқталған әрекеттің 
салдарынан  Сейіл  би  арқылы  тұқымдық  бидай  берілгені  жазылған.  Онда  Есауыл  Қармышевтың 
Бұқарбай батырға 4 қап ұн, 26 бұт бидайды бергені көрсетілген және оны алғандығы жөнінде Бұқарбай 
батыр растап, 1854 жылғы 16 ақпанда қол қойған. Батырдың 1854 жылдың көктемінде Бегікөлі маңынан 
жер алып, қарамағандығы елді егіншілікке бастағаны осы кезең болса керек. 
1862  жылдың  31  наурызында  Перовск  уезд  бастығының  Сырдария  желісі  басшысына  жазылған 
мәлімдемесінде уездегі түтінпұл жинаудың жайын баяндайды. Осында би Бұқарбай Естекбаевтың 
393 сом 50 тиын күміс ақшаны өзіне бағынатын ауылдардан жинағаны айтылады және 1853-54 жылдар-
дан кейінгі мұрағат құжаттарында «Би Бұқарбай Естекбайұлы» деп жазылған [15]. Соған қарағанда 
бабамыз аталған кезден бастап бірыңғай ел басқару ісіне араласқан деуге толық негіз бар. 
Дегенмен, белсенді саяси қызметке бой қисынып қалған тұлға тыныш отыра алмайды. Ресей әскері 
Ақмешітті 1853 жылы алды. Ал оны Қоқан билігінен қазаққа қайтару әрекетін Бұқарбай батыр Сейіл 
би мен Е. Қасымұлы сұлтанмен бірігіп 1852 жылы іске асырмақ болғандығы байқалды. 
Бұл айтылғандар ел үшін туған белсенді де жігерлі тұлғаның өмірінің екінші жартысында атқарған 
сан қырлы қызметінен алынған эпизодтар ғана. Ал батырдың елін отырықшы өмірге шақырып, тоған 
қаздырып, егін салуға бастаған қызметі – өз алдына бөлек әңгіме етуге лайық тақырып. 
Халық арасындағы деректерге қарағанда батыр 86 жыл өмір сүріп, қазіргі Жалағаш ауданына қарас-
ты Қараөзек бойындағы Серкеш деген жерде өмірден озған. Бұқарбай аталатын қорымда тыныштық 
тапты. 

ҚОҒАМДЫҚ ҒЫЛЫМДАР
19
Аллаға шүкір, батырдан тараған ұрпақ бүгінде біраз, Қызылорда облысының Жалағаш ауданында, 
Қызылорда  қаласында  тұрады,  өскен-өнген  әулет.  Жалағаштағы  бір  ауыл  Бұқарбай  батыр  есімінде. 
Жалағаш кентінің орталығында батырға арнап ескерткіш қойылған. 
Сонымен бірге, ел басшылары қатынасып отырған бүгінгі өтіп жатқан алқалы жиынды пайдаланып 
көпшіліктің көкейінде жүрген ұсыныстарды жинақтап айтып өту артық бола қоймас деп ойлаймын. 
1. Кейінгі ұрпақ жас буын өзі туып өскен жерінің күні кешегі атауларын, жер-су аттарын ұмытып 
барады. Бұл – біздің көз алдымызда болып жатқан жағдай. Осыған байланысты әрбір облыс, аймақтарда 
өлкетанушылық мазмұндағы жобалар даярланып, оларға кәсіпкерлер қаржылай демеушілік жасап, бұл 
жұмысты жергілікті ағарту саласының қызметкерлері, мұғалімдер жүргізсе пайдалы іс болар еді. 
2. «Ел іші – алтын кеніш» деген сөз рас. Көрсетулерге қарағанда, Сыр бойы халқының арасында 
бүгінгі күнге дейін XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген батырлардың сауыт-сайманы, қару-жарағы әлі 
де болса бар, аз да болса, сақталып келеді. Біздің қоғамда осы мазмұндағы құнды ескерткіш заттарға 
деген  салақтық  бар.  Сол  бұйымдарды  жинап  батыр-билерге  арналған  арнайы  мұражай  жасақтау  – 
сауапты іс. Осы жұмыс батырлар елі Сыр өңірінен басталса орынды-ақ болар еді. 
3. Біз көп жағдайда мектепте, жалпы білім жүйесінде, әр пәнді жергілікті материалдармен байланыста 
жүргізуді  ескере  бермейміз.  Бұл  мәселенің,  әсіресе,  тарих  пәніне  тікелей  қатынасы  бар.  Осы  ретте, 
мәселен, Бұқарбай батыр сияқты тарихи тұлғалардың өнегелі ісі мен тұлғалық қасиетін жас буын сана-
сына жеткізе білудің жағымды нәтиже берері сөзсіз. Осы мақсатта университет сияқты оқу орындарының 
білім жүйесіне арнап оқу құралдарын даярлау ісін тұрақты түрде жүргізіп отыруы тиімді болары анық.
Әдебиеттер:
1. Назарбаев Н. Ә. Тарих толқынында. – Алматы, 1999. – 273 б.
2. Шоинбаев Т.Ж. Восстание Сырдарьинских казахов. – Алматы, 1999. – 36-37 бб.
3. Сонда, 35 б.
4. Сонда, 37 б.
5. Бердәулетов К. Бұқарбай батыр. – Алматы, 1992. – 128 б.
6. Бұқарбай батыр. Деректі хикаяттар мен жыр-дастандар. – Қызылорда, 2007. – 304 б. 
7. Табын. 1, 2 кітаптар. – Алматы, 2006.
8. Бұқарбай батыр. Ғылыми-танымдық басылым. – Астана, 2012. – 384 б.
9. Қазақстан тарихы. Аса маңызды кезеңдегі мен ғылыми мәселелері. 11 сыныпқа арналған оқулық. – 
Алматы, 2007. – 13 б.
10. Дайрабай Т. Бұқарбай батыр туралы жазба деректер / Бұқарбай батыр. – Алматы. – 2012. – 72-
82 бб.
11. Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40 годы XIX века. – Алматы, 1992. – С. 254.
12. Бұқарбай батыр. – 28 б.
13. Сонда, 26 б.
14. Бекмаханов Е. Аталған еңбек, – 255 б.
15. Мыңжасов Н. Батырлар институтындағы Бұқарбай бейнесі // Бұқарбай батыр. Ғылыми-танымдық 
басылым. – Астана, 2012. – 125-167 бб.
Резюме
В статье подробно рассмотрены основные этапы жизни и деятельности Естекбайулы Бухарбай ба-
тыра и его время, которые совпали с временем захвата Присырдарьинских земель среднеазиатскими 
ханствами и Российской империей. Проведен глубокий анализ национально-освободительного движе-
ния  казахского  народа  против  захватчиков  во  главе  с  Кенесары  Касымовым  и  роли  в  нем  Бухарбая 
Естек байулы.
Даны  рекомендации  по  улучшению  работ  в  сфере  ономастики,  регионоведения,  по  организации 
специальных музеев для сохранения материального наследия знатных людей, по подготовке учебных 
пособий, посвященных ратным подвигам батыров, и их внедрению в учебный процесс общеобразова-
тельных школ.

ҚМУ ХАБАРШЫСЫ 2 (34) 2012
20
Summary
The article focuses on the main stages of life and working activities of Estekbayuly Bukharbay Batyr and 
his time. This period coincided with the time of occupation of Pre-Syrdarya land by the Central Asian khanates 
and the Russian Empire. The author provides with in-depth analysis of the national-liberation movement of 
the Kazakh people against the invaders, led by Kenesary Kasymov and the role of Bukharbay Estekbayuly in 
this movement.
There were given recommendations for improvement of the work in onomastics, regional studies, 
the organization of special museums to preserve the material heritage of the great nobles, the preparation of training 
manuals  dedicated  to  the  military  feats  of  brave  men,  and  their  introduction  into  the  teaching  process  in 
secondary schools.
ӘОЖ 314. 012:32 (574)  

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет