Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық маңыздылығы:
«құқықтық сана», «құқықтық тәрбие» ұғымдарына берілген анықтамалар нақтыланды;
жеткіншектердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, құрылымдық-мазмұндық моделі жасалып, өлшемдері, көрсеткіштері мен деңгейлері анықталды;
5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие берудің педагогикалық шарттары айқындалды;
жалпы орта білім беретін мектептердегі 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие берудің тиімділігі эксперимент жүзінде тексеріліп, дәлелденді.
Қорғауға ұсынылады: - тұлғалық бағдар теориялары негізінде анықталған «құқықтық сана», «құқықтық тәрбие» және т.б. ұғымдардың анықтамалары оның мәнін ашып көрсетеді;
жеткіншектерге құқықтық тәрбие беру мәселесі ғылыми тұрғыдан негізделген құрылымдық-мазмұндық моделі, оның эмоционалдық-мотивациялық, мазмұндық-іс-әрекеттік компоненттердің бірлігі, өлшемдері, көрсеткіштері мен деңгейлері арқылы қарастырылады;
- 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие берудің педагогикалық шарттары сипатталады;
сынып және сыныптан тыс тәрбиелік іс-шаралар негізінде жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің тиімділігі эксперимент жүзінде дәлелденеді.
Зерттеу базасы: №3 жалпы орта білім беретін мектептерде жүзеге асырылды. Экспериментке 230 оқушы қатысты. Оның 22 оқушысы бақылау тобы, 38 эксперименттік топ.
1 Құқықтық тәрбие берудің теориялық негіздері
1.1 Психологиялық-педагогикалық еңбектердегі құқықтық тәрбие мәселелері Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке қол жеткізуі саяси-әлеуметтік үлкен өзгерістер әкелді. Еліміз Кеңестік саясат шырмауынан құтылып, жаңа саясатқа бет алып, азаматтық қоғам құру жолына түсті. Осындай өтпелі кезеңде көптеген мәселелер алға шықты. Соның ішіндегі өзекті мәселелердің бірі ретінде Қазақстандағы құқықтық жүйедегі өзгерістерді ерекше атауға болады. Себебі, талқыға түскен заңдар мен азаматтардың құқықтық қорғалуы және олардың саяси-құқықтық мәдениеті қоғамның үлкен мәселесіне айналып отыр.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мемлекеттік бастауларды нығайту құқықтық қоғам орнатумен бірге жүргізілуі тиіс. Бұл – жалпы ұлттық абзал міндет. Құқықтық мәдениет пен құқықтық реформасыз қоғам өрге баспайды, ал тәуелсіздік толыққанды болмайды. Өркениетті қоғамда құқықтық мәдениет әр адамның жалпы мәдениетінің қажетті бөлшегі, әрбір лауазымды адамға қойылар кәсіби талап болып табылады. Тиісті құқық тәртібін орнықтырмайынша біздің экономиканы реформалауымыз, қоғам өмірінде демократиялық қалыпты өлшемдерді бекітуіміз неғайбыл», - деген пікіріне сүйенсек, жеткіншектерге құқықтық тәрбие беру мәселесінің өзектілігі арта түседі [102].
Осыған орай бүгінде құқықтық тәрбиенің теориялық негіздерін қарастыру «құқықтық сана», «құқықтық тәрбие», «құқықтық жүйе»ұғымдарының ерекшелігімен айқындалады. Бұл ұғымдарға берілген анықтамаларды нақтылау мақсатында әр ғылым саласына, әдебиет көздеріне, педагог-ғалымдардың тәжірибелік-педагогикалық жұмыстарына назар аударылды. Кез келген құбылыстың мәнді-мазмұнды көрсеткішін айқындау үшін алдымен, құбылысты түсінуге және оның мазмұнын талдауға, ол ұғымның пайда болған уақыты мен дамуының негізгі кезеңдерін анықтауға ерекше назар аудару қажет.
Сондықтан жұмысымызда құқықтың мәнін ашатын ғылыми қорды жүйелеу, жинақталған тәжірибені талдап қорыту арқылы жалпы бiлiм беретін мектептегi жеткіншектердің құқықтық тәрбиесінің педагогикалық шарттарын теориялық тұрғыдан негіздеу және оны тәжірибеде қолданудың тиімді жолдарын белгілеу мақсат етілді.
Осы орайда құқықтық тәрбиемәселесін түсінуде, алдымен «құқық» терминіқарастырылды. «Құқық» терминінің көптеген мәні бар, ол заң ғылымында, күнделікті өмірде және басқа да салаларда қызмет бабында қолданылады.
«Қазақша-орысша түсіндірме сөздікте» құқық былай деп түсіндіріледі: бүкіл қоғам ауқымындағы қоғамдық қатынастардың заңи тәртіптемесін қамтамасыз ететін мемлекеттің күшімен қорғалатын жалпыға міндетті әлеуметтік нормалардың жүйесі. Құқықтық жүйе құқық салалары бойынша сараланған, олардың әрқайсысының ретттейтін өз тақырыбы бар және өзіндік белгілерге ие (Мысалы, Азаматтық құқық. Коституциялық құқық. Отбасы құқығы. Еңбек құқығы. Қылмыстық құқық) [103].
Демек құқық дегеніміз мемлекетте қолданылатын барлық құқықтық нормалардың: құқықтық ғұрыптардың, әділеттілік үлгілердің, мемлекеттің құқықтық ережелерінің жиынтығы болып табылады.
Зерттеу барысында «құқық» терминінің заң ғылымының өзінде бірнеше мағынада қолданылатындығы айқындалды: