ХХ ғасыр ақындарының арасынан жарқ етіп жалын шашып, өршіл рухтың өр жырын тудырған тұлға – Махамбет Өтемісұлы.
Махамбет өлеңдерін жинау, жариялау, зерттеу ісінде белгілі ғалым Қажым Жұмалиев елеулі еңбек етті. Ол Махамбет өлеңдерінің 1939, 1948, 1958, 1962 жылдардағы басылымдарын жариялады. Ақын мұрасы хақында мерзімді баспасөз беттеріне, оқулықтар мен әдебиет тарихына зерттеу мақалалар жазды. Махамбеттің шығармашылығын, ақындығы мен күрескерлік тұлғасын зерттеу жөнінен Е. Ысмайылов, Х. Сүйіншәлиев, М. Мағауин, С. Зиманов, т.б. ғалымдар, әдебиет зерттеушілері толымды тұжырымдар жасады.
Әсіресе, мұнда академик С. Зимановтың еңбегін ерекше атаған жөн. Махамбет шығармашылығын және Исатай-Махамбет көтерілісін жан-жақты зерттей бастаған Халел Досмұхамедұлының еңбектері ол репрессияға ұшыраған соң тарихымыз бен әдебиетіміздің ақтаңдағына айналып, жабылып қалды. Кеңестік өкіметтің алғашқы жылдарындағы зерттеулерден тәркіленбеген жалғыз А.Ф. Рязановтың ғана еңбектері болды. Олар 1926 жылдан бастап жарық көре бастады. Сондай-ақ В.Ф. Шахматов, т.б. еңбектері жарық көрді. Қалай болғанда да Исатай-Махамбет көтерілісі туралы көп жазылып жатса да, Бөкей ордасы туралы зерттеулер тоқырап қалған еді. Міне, осы ақтаңдақтың орнын толтыруға үлкен еңбек сіңірген академик
С. Зиманов болды.
С. Зиманов Исатай-Махамбет көтерілісінің және оның болған жері Бөкей ордасын түбегейлі және жан-жақты зерттеп, 1979 жылы жарық көрген Қазақ СССР тарихының үшінші томында жариялады. Ол кейін жеке кітап болып шықты. Бұл ізденістерге біздің зерттеуімізге арқау болып отырған Берқайыр Аманшинде үлкен үлес қосты.
Академик Зейнолла Қабдолов: «Махамбет! Бұл есім – өмірдегі қасіреттің синониміне, өнердегі қасиеттің символына айналған аса аяулы әрі аруақты ат. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың бір де бірі бұл есімге бейтарап қарай алмайды» [39, 126 б.], – десе, жалпы Махамбет атты әлемнің бар болмысын танып айтқандық деп бағалауымыз керек.
Алғашқы махамбеттанушы Халел Досмұхамедұлы Махамбет заманының жалпы сипаты туралы: «Он сегізінші һәм он тоғызыншы ғасырдағы патша үкіметінің саясаты қазақты әбден көндіріп алу болды, қазақтың еткен амалы орыстан құтылу болды. Өткен жүз жарым жылдардағы Кіші жүздің тарихы қанмен жазылғандай деп айтса болады» [36, 29 б.], – депті. Дәл берілген анықтама.
Б. Аманшин өзінің санаулы ғұмырын махамбеттануға арнады десек те болады. Б. Аманшиннің табанды ізденістері мен зерттеулері 1836-1838 жылдары Исатай-Махамбет бастаған көтеріліс оқиғаларының хронологиялық-тарихи тізбегін түзуге жол ашты.
Осы орайда Берқайыр Аманшиннің Халелдей (Халел Досмұхамедов) арыс бастаған, Қажымдай (Жұмалиев) ғалым жалғастырған іргелі ізденіс арнасы – махамбеттану ісіне қосқан үлесі аса зор екенін айтқан жөн. Оның Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығын білуге, зерттеуге ынтасы бала кезінде, мектеп қабырғасында жүргенде оянған. «Махамбеттің бабалары мен ұрпақтары» атты еңбегінде: «Бала қиялында олар маған «табаны тасқа тимеген» тұлпар мінген, шапса қылыш, атса оқ өтпейтін Қобыланды, Ер Тарғын сияқты елестейтін. Бірде менімен бірге оқитын Рахметов Халықберген деген бала былай дегені: «Исатай мен Махамбеттің руы – Беріш, мен де Берішпін. Екеуі Жәңгір ханмен соғыста жеңіліп, бергі бетке өткенде Жайықтың тас кешу деген жерінен өтіпті». Халықбергеннің мына сөзі мені қайран қалдырды. Қалай сонда? Өзімше қиял жетпес бір ғаламат, алып батырлар санап жүрген Исатай мен Махамбет кенет келеді де... Жайықтың мұзының үстімен бергі бетке өтеді. Кәдімгі өзім жазда шомылып, қыста мұзында коньки тебетін Жайығым. Сонда Исатай мен Махамбет қиссалардағыдай құс қанатты тұлпар мініп, айдаһарлармен айқасатын, мыстан кемпірлермен арбасатын дәупірімдер емес, кәдімгідей адам – кәдімгі мына мен секілді, Халықберген секілді екі аяқты пенде болғаны да. Исатай мен Махамбетке алғаш ден қойып, олар туралы көбірек білсем екен деуімнің басы осы ғой деймін, бірақ ол кезде мен бұл құмартуымның не үшін керегін, неге ұласарын сезген жоқпын-ды» [37, 258 б.], – дейді.
Өз ізденісін сол жылдардан бастаған ол М. Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығын және халыққа ділгір құнды деректердің небір жіктеріне жіті көзін салып, жеріне жеткізе зерттейді. Әуелі сонау–сонау жастық шағынан жаттап өскен Махамбет өлеңдерінің әрқайсысының айтылған, шығарылған мерзімі мен мекенін анықтаудан бастады. Ол туралы бір сала мақалалар циклін жариялады. Одан сол өлеңдерді түсіндіру, анықтау, дәлелдеуге көшті. Көптеген талдаулық, пікірталастық мақалалар жазды. Одан өлеңдердегі тарихи адам есімдері, көтерілісшілердің өмірбаяны, сандаған ру, тайпа аттары, олардың жайлау, қыстаулары, үрім-бұтақтары деген секілді географиялық, этникалық, тарихтық мағлұматтармен айналысып, олардың картотекасын жасады. Сол кез, сол өлке, сол көтеріліс туралы сол замандағы орыс, шетел ғалымдарының жазған еңбектерін жинады, олардың кейбіреулерін тапқан тапқанынша аударып бастырды.
Б. Аманшин Махамбет жайлы алғашқы зерттеу ретінде 1940 жылы Мақат мұнай кәсіпшілігінің мектеп кітапханасындағы профессор Қажым Жұмалиев редакциясымен шыққан Махамбет өлеңдерінің толық жинағын еске алады. Кітаптың алғы сөзіндегі Махамбет шығармашылығы мен өмірбаяндық деректері арқылы 1936-1938 жылдарда Батыс Қазақстан өңірін жаппай шарпыған ұлт-азаттық көтерілістің жай-жапсарынан хабардар болады. Бірақ жастайынан әлем және орыс әдебиетіндегі тарихи тұлғалардың шығармашылық, қоғамдық қызметін, азаматтық саяси ұстанымдарын, дүниетанымдық тұғырнамасын, т.б. толыққанды бейнелейтін шығармаларды көп оқыған Берқайыр Аманшин аталған кітаптың тақырыптық-мазмұндық қамту тәсілін қанағат тұтпай: «1939 жылғы кітапта Махамбеттің өмірбаяны маған жалаң, тым асығыс жазылғандай көрінді, өйткені мұнда Астровтың Пушкин жайындағы кітабындағыдай нақты деректер мол-мол келтірілмейді, оқиғаларға, соларға байланысты шығармалар жоққа тән. Өмірбаянда, әрине, көтеріліс оқиғалары тексеріледі, қалай басталып, қалай аяқталғаны баяндалады. Бірақ бұл оқиғалардағы Махамбеттің белсенді рөліне автор жеке тоқталмайды, оның қолбасшылық, ұйымдастырғыштық, үгітшілдік қызметінің нақты фактілерін келтірмейді» [37, 261 б.], – деген қорытынды жасайды.
«Текстологиялық зерттеу, іздеу, дәлелдеу жұмыстары жүргізіле беру керек. Мұндай аса қажетті жұмысты Махамбетті редакциялау деп түсінбеу керек. Ешкім де Махамбет үшін, я Абай үшін өлең жазбайды (ол қолынан келмейді де!). Ал бірақ қай ақын-жазушының да, тіпті классиктердің де шығармаларында қате оқылып жүрген сөздерді түзету қашан да қажет. Әдебиеттану ғылымы дамыған елдерде бұл ежелден бар, бізде кенже қалып келе жатса, оған кінәлі тағы да сол әдебиетші ғалымдардың өздері, Махамбет өлеңдерін жинау, зерттеу жұмыстары мұқият жүргізіле беруі тиіс» [37, 267 б.] – деген байламға тоқтайды.
Зерттеушінің нағыз мінезі осы зерттеу ісінде, махамбеттануда көрінеді. Өйткені ғалым тың шешімдерін батыл айта біледі. Қаламгердің Махамбет туралы зерттеулері, ең алдымен, баспасөзде жарық көрген. «Қазақ әдебиетінде» (1955 ж., 20 май, № 20) жариялаған «Махамбеттің ұрпақтары» атты алғашқы мақаласында-ақ көп жайлардан хабардар етеді. Содан бастап Б. Аманшин өзіне дейінгі махамбеттану саласында Махамбет өмірі жөнінде үстірт баяндалып келген құпия сырлардың көмбесін аша бастайды. Махамбеттің әкесі Өтеміс туралы, оның хан билігін жақтаушы Исатаймен дүрдараздығы, соған қарамастан, Өтемістің баласы Махамбеттің жанқияр досы болғандығын алғаш болып айтқан да Б. Аманшин еді. Бұл ғалымның зертханасының тарихи фактілерге бай екендігін танытса керек.
«1837-1838 жылдары Ішкі Ордада (қазіргі Батыс Қазақстан облысында) болған шаруалар көтерілісі көсемдерінің бірі, жауынгер ақын Махамбет Өтемісовтің өмірі мен творчествасы әлі күнге дейін жете зерттелген жоқ. Махамбет шығармаларының 1939, 1948, 1951 жылғы баспаларындағы алғы сөздер негізінен ақынның өлеңдерін талдауға ғана арналған. Ақын өмірінің кейбір кезеңдері үстірт баяндалып келді. Сондықтан да ғылыми өмірбаяны жазылмаған жағдайда, ақынның өмірі мен творчествасына қатысы бар әрбір мәлімет оқушылар жұртшылығының назарын аударады.
Соңғы уақытқа дейін Махамбеттің әкесі Өтеміс туралы ешқандай мәлімет болған жоқ. Ол тұрсын, Өтемістің әкесі Шыбынтай деп теріс көрсетілді. Шынында бұлай емес, Өтемістің әкесі Құлманияз (Күлмәлі). Шыбынтай – Өтемістің бірге туған ағасы. Бұдан А.Ф. Рязановтың кітабында айтылатын Өтеміс Құлманиязовтің кім екені анықтала түседі. Яғни, 1817 жылы Исатай Таймановтың шапқан ауылы Махамбеттің әкесі Өтемістің ауылы болып шығады. Біз бұдан ілкі дәуірде ханды жақтаушы белді старшиналардың бірі болған Исатай Тайманов пен Өтемістің арасында мықты келіспестік болғанын көреміз. Бірақ, осыған қарамастан, Өтемістің баласы Махамбет көтеріліс қарсаңында да, көтеріліс кезінде де Исатаймен жанқияр дос болып, оның бұхара үшін жүргізген күресін қарумен де, қаһармандық жырымен де толық жақтаған».
Осы газеттің 1956 жылғы №34 санында жарық көрген Б. Аманшиннің «Махамбет қашан қаза тапты?» деген мақаласында Махамбеттің қаза болуына байланысты бұрын белгісіз жайттардың беті ашылады.
«Үстіміздегі жылы Махамбет Өтемісовтің қаза тапқанына 110 жыл толады.
Әдетте халыққа еңбегі сіңген қайраткерлердің өміріне байланысты мұндай даталар мәдениетті елдің қай-қайсысында да елеусіз қалмайды. Бұл үшін, әрине, ең алдымен ақынның қашан қаза тапқанын анықтап алған жөн» [38], – дей келе, одан ары былай нақтылайды: «1846 жылдың октябрінде Баймағамбет Махамбетті ұстап әкел деп өзінің 20 жендетін жібереді. Олар ақынның үйіне алдап еніп, жанжал шығарып, оны сол өз үйінде қылышпен шауып өлтіреді.
Сонымен Махамбет 1846 жылдың октябрінде қаза тапты дейік. Сонда қай күні?
Бұл оқиға жөнінде жоғарыда аталған архивте сақтаулы істен біз Орынбор Шекара комиссиясының 1846 жылғы 15 ноябрьдегі отырысының протоколын таптық. Бұл протоколда Махамбеттің өлімі жөнінде Баймағамбеттің сол жылы 5 ноябрьде Шекара комиссиясына жазған мәлімдемесінің мазмұны келтірілген. Сонымен бірге бұл оқиға жөнінде Махамбеттің інісі Хасеннің 4 ноябрь күні Баймағамбетке берген жауабының мазмұны тіркелген. Бізге қажет мәлімет осы Хасеннің жауабынан табылды. Сонымен Хасен өзінің 1846 жылы ноябрьде берген жауабында Махамбет содан 20 күндей бұрын өлді деген. Егер анық 20 күн болса, бұл 16 октябрьге дәл келеді. Тап басып айтылмағаны өкінішті. Алайда, намаз оқитын, демек күннің жұмасын білетін адам болғандықтан есебінен аса алшақтап кетпесе керек. Сонда бір күнді әрі бір күнді алғанның өзінде Махамбет 1846 жылдың 15-16-17 октябріндегі күннің бірінде қаза тапты деп тұжырымдауға болады».
Негізінде тарихи факті нағыз шындығы ашылмайынша басынан дауы арылмайтыны жасырын емес. Б. Аманшиннің Махамбет қазасына байланысты мұрағат мұраларын пайдалана отырып айтқан болжамдарына ешқандай қарсы мақала кездестіре алмадық.
Зерттеуші Махамбеттің өмір деректерін ғана толықтырып қоймай, оның ақындық, жыраулық дарыны жайлы да салиқалы пікір, көшелі ойлар айта алды. Оған нақты дәлел төмендегі жолдар деп білеміз: «Махамбет Өтемісовтің творчествасы XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиетінен ерекше орын алады. 1836-1837 жылдары Ішкі Орда ханының тағын шайқалтқан шаруалар көтерілісі көсемдерінің бірі болған ол өзінің жорық күндері шығарған жалынды өлеңдерінде халықтың ыза-кегін жырлады, күреске үндеді.
Қазақтың жазба әдебиеті тумаған дәуірде Махамбет жырлары елдің сөз өнерін дамыта түскен ерекше құбылыс болды. Оның жырлары қазіргі жазба әдебиет өкілдерінің белгілі заңдылықтағы шығармаларынан қаншама алыс болса, сол кездегі (тіпті одан кейінгі де!) ауыз әдебиеті дәстүрінен де соншалық озық жатыр. Бұл ретте оның өлеңдерінің биік идеялылығын айтсақ та жеткілікті. Бұл идеясын халыққа жеткізу үшін оған халық әдебиетінің бұған дейінгі дәстүрлі әдістері, образ шеңбері тар көрінді. Сондықтан ол өзіне дейінгінің бар уыттысын пайдалана отырып, қазақ өлеңін мазмұн, түр жағынан мықтап байытты. Көңілдегісін дәл бере алатын отты, жігерлі жаңа оралымдар, тың тіркестер тапты».
«Әдебиет және искусство» (1956, №8) журналында Махамбеттің өлең өлкесінде қол жеткізген табыстарына мән бере отырып, «Бұрын-соңды хан атаулыға әркім-ақ наразылық білдірген. Бірақ олардың ешқайсысы:
Әй тақсыр-ау, әй, тақсыр!
Бойың жетпес биікпін,
Бұлтқа жетпей, шарт сынбан.
Айта келген сөзім бар,
Неғылсаңда жасырман.
Шамдансам шығар асаумын,
Шамырқансам сынар болатпын,
Кәр қылад деп, тақсыр-ау,
Аяғыңа бас ұрман.
Байеке сұлтан ақсүйек,
Қыларың болса қылып қал,-
Күндердің күні болғанда
Бас кесермін-жасырман, –
дей алған жоқ. Мұны тек Махамбет айтты. Және ол мұны көп тараған жырлардың қаһармандарындай қанатты тұлпары, қырып сал семсері болғандықтан айтқан жоқ еді. Жоғарыда айтылғандай Махамбеттің өзіне дейінгілерден көш бойы озғандығының бір белгісі осы болса керек», – деген пікірге тоқтайды.
Қазақтың өлең өнерінің сырын аша түсу үшін әдебиет зерттеушілері Махамбет жырларынан бай материал табады. Әрине, бұл зерттеулер табысты болуы үшін ұлы ақынның шығармалары мейлінше толық жиналса нұр үстіне нұр. Сондықтан Махамбет творчествосына тікелей не жанама қатынасы бар мәліметтердің бәрі зерттелуі тиіс. Бұл туралы Б. Аманшин былай дейді:
«Жуырда қазақтың А.С. Пушкин атындағы мемлекеттік көпшілік кітапханасында қазақ тіліндегі ескі кітаптарды қарастыра отырып, бір қызық материал таптық.
Бұған дейін мектеп оқулықтарында Махамбет өлеңдерінің 1939, 1948 жж. баспаларына берілген алғы сөздерде ақынның өлеңдері тұңғыш рет 1923 жылы Ташкентте басылды делініп келді. Қазір Махамбеттің бір өлеңі одан көп жыл бұрын басылғандығы анықталып отыр. Бұл оның атақты «Ереулі атқа ер салмай» деген өлеңі. Бұл өлең октябрь революциясынан бұрын Орынбор қаласында басылып шыққан «Шайыр» деген кітаптың ішінен табылды. Ескі араб (қадим) әрпімен бұл кітаптың титулындағы толық аты: Шайыр яки қазақ ақындарының басты жырлары. Жиюшысы Ғабдолла Мұштақ (Бөкейлік). Орынбор. Харимов-Хұсайнов компаниясының паровой типографиясы». Кітаптың қай жылы шыққаны көрсетілмеген. Бірақ ішіндегі бір дерекке қарағанда 1909 жылдан кейін, 1912-1913 жылдар шамасында шыққан сияқты. Осы кітаптың 35-бетінде «Исатайдың інісі Махамбет жыраудың сөзі» деген атпен «Ереулі атқа ер салмай» өлеңі басылған.
...Сөйтіп, Махамбеттің бұл өлеңінің жаңа нұсқасы табылып отыр. Мазмұн логикасы, көркемдігі жағынан, негізінен алғанда, соңғысы бұрынғы басылып жүргендегісінен күшті емес. Алайда, мұнда да әсерлі, тың жолдар (әсіресе 10-13-ші) бар. Мағынасы ұқсас мұндай жолдардың Махамбеттің төл сөзі ретінде қайсысын алу керек екені, әрине, үңіле зерттеуді, ойланып-толғануды қажет етеді» [41, 50 б.], – деп, Махамбет өлеңдерінің жариялану тарихнамасына да тың деректер бере алды. Махамбет шығармашылығын зерттеуші О. Тұржан «Муза мен мұң» (Махамбет поэзиясы туралы толғаныс) атты еңбегінде ондағы «жырау» ұғымына назар аударып: «Кезінде Берқайыр Аманшин «Көне кітаптардың бірінде ақын ылғи да «Махамбет жырау» деген атпен аталады. Қазақтың халық поэзиясының дәстүрінде өз жанынан сөз (өлең) шығарушы адам сол өңірдің өзінен бұрынғы өткен айтқыштарының өлеңдерін жатқа білмейінше ақындығын таныта алмағандығы белгілі. Махамбетте бастапқы да өзінен бұрынғы ақындардың жырларын толғайтын жырау ретінде көзге түссе керек» («Жыр-семсер» 9-бет) деп жазған еді» [42, 51 б.], – деп, зерттеуші пікіріне құптай ден қояды.
Зерттеуші Махамбет өлеңдерінің тілі мен текстологиясына да мейлінше қатты назар аударған: «Махамбет өлеңдерінің тілі бай. Нағыз халықтық, бейнелі, әсерлі сөздер онда топ-тобымен кездеседі. Ертеректегі қазақ ауылы салтына, ескі қару-жарақ атауларына, жер аттарына байланысты кейбір сөздерді қазіргі оқушылар, әсіресе жастар түсінбеуі мүмкін. Сондықтан ақын өлеңдеріндегі ондай сөздерге түсінік беру қажет-ақ. Бірақ Махамбет өлеңдерінің 1939, 1948 жылғы басылуларына берілген түсініктер оқушы жұртшылықты қанағаттандырмайды. Мұнда кейбір жер-су (Сағыз, Дендер, т.б.) аттарына ешқандай түсінік берілмеген. Кейбір сөздер жаңсақ ұғындырылған. Мысалы: Махамбет Жәңгір ханға айтқан бір өлеңінде: «Хан емессің – ылаңсың» деген. Осындағы «ылаң» деген cөзі: «лан» деген сөзден шыққан. Лан – еліктің бір түрі» деп түсіндірілген. Орысша «лань» – бұғының бір түрі. Махамбет Жәңгір ханды бұғы сияқты асыл аңға теңей қоймаған шығар. Мұндағы «ылаңсың» – кәдімгі ылаңшыл, бүлікшіл деген мағынада болса керек. Енді бір өлеңдегі «Алғай» деген сөз «Таловка ауданындағы кішілеу бір поселкенің аты» деп түсіндірілген. Дұрысында Алғайдың бұл өлеңге еш қатысы жоқ. Бұл – қате жазылған «алаға» деген сөз (міне алмаған алаға, шыға алмаған далаға).
Ақын шығармаларының идеялық-көркемдік қасиетін төл қалпында сақтау үшін мұндай жаңсақ түсініктерді түзеткен жөн» [45].
«Қазақ әдебиетінде» жарияланған бұл мақаласында Махамбет шығармаларының тіліне тоқталғанда, ондағы кейбір мағынасы күңгірт сөздерге өз болжамын айтқанын көріп отырмыз. Дәл және орынды. Әсіресе бұған дейін ашылмаған «Махамбеттің Жәңгірге айтқандағы» «ылаңсың» сөзін түсіндіруі ойға қонымды-ақ. Өлеңдердің тарихи шындығына байланысты орын-орнына қою керектігін кесіп айтқаны – шындық іздегені. Яғни, осыған дейін бұрмаланып, не қате көрсетіліп келген мәліметтерге наразылығы жай наразылық емес, ғылыми дәлелдемесі берік салыстырулар нәтижесі.
Қазақ көркем өнері мен әдебиетінің 1958 жылы Москвада өткен он күндігіне арналып, Махамбет өлеңдерінің орыс тілінде басылып шығуы қалың жұртшылықтың, соның ішінде орыс оқушыларының ұлы ақынға деген ықыласының, сүйіспеншілігінің айғағындай болғаны шындық.
Бұл Махамбет өлеңдерінің орыс тілінде үшінші рет басылуы еді.
А. Никольскаяның аударуында ақынның 28 өлеңі тұңғыш рет орыс тілінде «Повстанческие песни казаков XIX века» деген жинақта (1936 жылы, Алматы) жарияланған болатын. Екінші рет 1948 жылы басылып шықты. Ол жолы бұрынғының үстіне 32 өлең ( оның ішінде 13-і жаңадан табылған) қосылған.
Осы үшінші басылымда да жаңадан тағы да екі өлең енгізілген. Оның біреуі М. Тілеужанов жариялаған («Қазақ әдебиеті», 1 июнь, 1955, № 26) «Елмен қоштасу». Б. Аманшин екіншісінің ( орысша «Острым мечом я был» деп аталған) Махамбеттің қай өлеңі екенін анықтай алмаған. Бұл екеуін де орысшаға ақын В. Антонов аударғанына сенімді. Ал енді осы соңғы басылымға Махамбет өлеңдерінің сол уақытқа дейінгі мәлімдерінің барлығы түгел енгізілген.
Махамбет өлеңдерінің, міне, осы, 1958 жылғы басылымдағы орыс тіліне аударылуын құптай отыра, зерттеуші олардың көптеген қателігін табады. Қорытындысында: «Махамбет өлеңдерінің орыс тілінде басылып шығуы – біздің мәдени өміріміздегі елеулі оқиға. Патша отаршылдығына, халықты қорлаған, қанын сүліктей сорған хан-сұлтандарға қарсы көтерілісті басқарған жаужүрек батыр, майталман ақынның мұрасымен енді орыс оқушылары, осы арқылы бүкіл одақ жұршылығы бұрынғыдан да кең әрі жақын таныса алды. Сонымен бірге, Махамбет өлеңдерінің орыс тіліндегі аудармасын жетілдіре беру ісі де күн тәртібіне түсуі тиіс», – деп тұжырымдайды.
Б. Аманшин Махамбеттің ата-бабасын, одан тараған ұрпақтарды анықтауға, жеке басына қатысты деректерді нақтылауға көп еңбек сіңірді. Мәселен, мына деректер осының дәлелі:
«Әзірге белгілі деректерде Өтемістің аты тұңғыш рет 1804 жылғы бір қағазда кездеседі. Сол жылы жазғытұрым Бөкей ханнан қысым көрген бір топ ауылды бастап, старшина Өтеміс пен Жүніс батыр Ішкі Ордадан Жайықтың бергі бетіне өтпек болады. Нарын құмындағы Шанасалған деген жерді қыстаған беріш, шеркеш ауылдары дүр көтеріледі. Жайық бойындағы Топайлы мен Зеленов қорғандарындағы патша гарнизондарының оқ жаудырғанына қарамастан, ақыры сол ауылдар бергі бетке өтеді. Осы жөнінде Орынбордың генерал-губернаторы Г.С. Волконский, Сыртқы істер министрінің орынбасары А.А. Чарторижский 1804 жылғы 12 апрельде мәлімдеме хат жазады («Материалы по истории Казахской ССР. Том IV. Ленинград, 1940»).
Жәңгір ханға бағыштаған бір өлеңінде Махамбеттің:
Атасы өткен Айшуақ,
Соның көзі көрді ғой –
Менің атым Өтеміс
Елдің қамын жеді ғой, –
деуі де Өтемістің заманында көш бастаған, ел басқарған адам болғанын дәлелдей түседі. ...Махамбеттің өз басы дәулетті адам болғанға ұқсайды.
Көтеріліс өршіген, егес қызған кезде, 1836 жылғы 13 декабрьде Айбас ауылының 70-80 жігіті Махамбеттің ауылына шабады. Бастап келуші Төлеген Тыныштықов деген старшина. Махамбеттің өзі ол күні ауылында жоқ екен. Кейін осы оқиға жөнінде Орал атты – казак әскерінің наказной атаманы Покотиловке шағым берген Махамбет шапқыншылардың талап алып кеткен мал-мүлкін тізеді. Осы тізімде аталған нәрселер: екі түлкі ішік, үш қызыл тон, алты жібек шапан (екеуі патсайы), екі жібек көйлек, екі сандық, 27 француз полуимпериялы (567 сом ақша), бір шетпер астық, үш түйе, бір жылқы (Қаз. ССР Орталық тарихи архиві. 4-қор, 1965-іс, 225-226-бб.)» [46, 62-63 бб.].
Берқайыр Аманшин сонау 1955 жылдан бастап дүниеден өткенге дейінгі өзінің саналы ғұмырын махамбеттануға арнады. Өзі пір тұтқан ақынның шығармашылығы мен өмірбаянына қатысты қажетті құжаттармен дәлелденген тың деректер тауып, оны махамбеттану ілімін байытуға еш іркілместен қосып отырған. Ол Махамбет өлеңдерінің жинағын шығаруға да өзіндік үлес қосты. Атап айтқанда, 1974 ж. «Ереулі атқа ер салмай» жинағын шығарса, 1979 ж. «Жыр семсер» жинағы жарық көрді. Мұндағы Махамбет өлеңдерінің текстологиясына өзіндік өзгертулер енгізіп, оларды ғылыми байыптаулар арқылы нақтылай алды.
Зерттеушінің көңіл бөлер бір қасиеті – ол ел арасында жиі болып, Махамбет өскен, оған қатысты оқиғалар өрбіген өңірдің көнекөздерінен Исатай-Махамбет туралы, көтеріліс тарихы, көтерілісшілер тағдыры, Махамбеттің шығармашылық болмысы, т.б. жалпы махамбеттануға керекті пікір мәліметтерді молынан жинауы. Оларды сол табылған сәтінде, дер кезінде республикалық басылымдарда жариялап, жұртшылық пен ізденуші ғалымдар назарына ұсынып отырды. Бұл материалдар махамбеттанушыларға көп себебін тигізіп, сенімді дерек көзі ретінде пайдаланылды. Осы арқылы ол өзінің махамбеттанудағы орнын айқындады десек болады.
Ізденімпаз зерттеушінің Махамбет туралы тапқан деректері, жазған-сызғандары мен артында қалған Махамбетке қатысты мұрасының аса молдығына бүгінде көзіміз жетіп отыр. 2004 жылы «Арыс» баспасы шығарған
Б. Аманшиннің «Жыр-семсер» атты Махамбетке арналған мақалаларынан құрастырылған жинағы 276 беттен тұратындығы бұған нақты дәлел болса керек.