Ізденіс бастаулары



бет11/12
Дата27.02.2023
өлшемі108,24 Kb.
#70191
түріПоэма
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Байланысты:
диплом Б.Аманшин

ҚОРЫТЫНДЫ


Берқайыр Аманшиннің шығармашылық ізденіс саласы сан алуан. Ол – әр жанрда, әр текте туындылар жазып, олардың өміршеңдігін дәлелдей алған қаламгер.


Б. Аманшин өзінің творчестволық жолын ақын ретінде бастады. Бірақ ескерер бір жайт, ол өмір бойы ақындыққа адал күйінде қалды. Өз өлеңдерінде Отанға, туған жерге, халқына деген сүйіспеншілігін білдірумен бірге оның өлеңдері нәзік сыршылдыққа, ізгілікті үндерге толы болып келді. Ол алғашқы өлеңдерінде тым қарабайыр ойлар айтқанымен, бірте-бірте олар ой мен сырдың тоғысып, әсем де әдемі жыр жолдарына айнала бастады.
Б. Аманшин – лирикалық жанрда да, эпикалық жанрда да біршама жетістіктерге жеткен ақын. Оның «Жүрегім далам», «Ой кету», «Кеше мен бүгін», «Бейуақта», «Ақын қолы», «Досыма хат», т.б. өлеңдері әсем лирика үлгілері болса, «Мүслима», «Даладағы дабыл», «Елші», т.б. поэма-дастандары – эпикалық жанрдағы жетістіктері деп бағалауға тұрарлық дүниелер.
Жалпы, қазақ поэзиясына, ең алдымен, өзіндік жолымен, өзіндік мәнерімен келген Б. Аманшин өр үнді отты жырларымен де, нәзік те шынайы лирикасымен де оқырманын еліктіре алған ақынның эпикалық шығармаларында да осы қасиетті құт тұтқан өзіне ғана тән ақындық қолтаңбасы аңғарылмай қалмады. Ақын поэмаларының ішкі тінінде лирикалық сыршылдықтың белгі беріп қалатыны да сондықтан болса керек.
Жұмыста, сонымен қатар Б. Аманшиннің проза жанрындағы ізденістері арнайы қарастырылды. Мұнда, ең алдымен, әңгіме-повестері, сонан соң күрделі жанрға да жеткен биігі – «Махамбеттің тағдыры» романы қарастырылды. Оның жанрлық табиғаты ашылып, тарихи шығарма ретіндегі құндылықтары сараланды.
Әдебиетте өзіндік суреттеу тәсілімен дараланған жазушы сөз өнерін соны ізденістермен, тың характерлермен байытты. Қаламгер өз шығармаларында сомдаған замандас кейіпкерлер – өмір шындығынан жаралған бейнелер.
Әдебиет атты киелі отаудың шаңырағына имене енген жазушы шынайылықтан танбай, адам жайлы, адамзат жайлы қалам тербеп, адамдық асыл мұраттарды, таза сезімді жырлап, ұлы сезімнің шынайылығын аялап, оның жан дүниесіндегі нәзік те тылсым сырларды шеберлікпен бейнелей алды.
Жазушы шығармаларының ұлттық сөз өнерінің дамуындағы орны айқын. Оның көркемдік ізденістері мол. Қаламгердің образ сомдау, кейіпкер жан дүниесін ашу, мінез-құлық психологиясына енудегі көркемдік құралдарды пайдалану тәсілінде өзіндік ерекшелігі жетерлік. Бұл, әсіресе «Жар мұңы» повесі мен «Махамбеттің тағдыры» романында анық байқалады. Осы тұрғыдан алғанда Б. Аманшиннің қазақ әдебиетінде алар орны, оны дамытуға сіңірген еңбегі орасан зор.
Б. Аманшин шығармашылығының үлкен бір саласы – әдеби сын мен зерттеу. Мұнда, әсіресе, алдымен айтарымыз оның әдеби ағымдағы өткір де, өтімді сын мақалалары. Ол өзінің алғашқы мақалаларында сонау Сәбит Мұқановтан бастап, бүгінгі Әбдіжәміл Нұрпейісовке дейінгі аралықта олардың әрбір шығармасын терең талдаудан өткізіп отырды. Кезінде олардан алғыс алып, реніш естісе де, өзінің көркем шығармаға деген адалдығын ғұмыр бойы сақтап қалды. Адалын айтты, өтірік көзге мақтамады, кемшілікті нақты көрсетті. Осы тұрғыда кейде туғанына да жақпаған күндері болды. Бірақ мойымады. Өмірден әдебиет атты қасиетті өнерге деген тазалығына кір шалдырмай өтті.
Б. Аманшиннің әдеби шығармашылықтағы ендігі бір арналы саласы – әдеби зерттеулері. Бұл салада да ол кәсіби зерттеушілерден бір мысқал кем түспеген күйі қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихындағы біраз тұлғаларды тірілтуге біршама еңбек сіңірді. Атап айтқанда, Шернияз Жарылғасұлы, Молданияз Бекімов, Мұхит Мералыұлы, Ығылман Шөреков сынды қазақ әдебиеті тарихының әр кезеңіндегі тұлғаларының өмір-ғұмыры, шығармашылық мұралары жайлы тың деректерді тауып, әдеби ғылыми айналымға қосқан еңбегін атап айтуға болады.
Әрине, Б. Аманшиннің Махамбет туралы зерттеулері өз алдына бір төбе. Зерттеуші ретінде ол махамбеттануға өлшеусіз үлес қосты десек, артық айтқандық емес. Шындығы солай. Жұмыста оның бұл еңбегі жан-жақты қаралды деп нық сеніммен айта аламыз.
Қорыта келгенде айтарымыз, жұмыста Б. Аманшиндей сан қырлы саңлақ шығармашылық тұлғаның барлық болмысы қамтылып көрсетілді. Атап айтқанда:
1. Қаламгердің шығармашылық ғұмырнамасы жүйеге түсіріліп, нақтыланды. Оның өмір жолы шығармашылығымен өзектес екендігі нақты ғылыми деректер негізінде дәлелденді. Б. Аманшиннің әр кезде атқарған қоғамдық-қайраткерлік қызметтерінің мәні мен маңызы көрсетіліп, олардың әдеби іске қатысы сарапталды.
2. Оның ақын ретіндегі шығармашылық ізденістері, лирик ретіндегі сыршылдығы «Бұтақтағы бұлбұлдар», «Жайық желі», «Маңғыстауым менің», «Құттыхана», т.б. жинақтарындағы өлеңдері арқылы сарапталып, көтерген тақырыптары сараланып, көркемдік ізденістегі жетістіктері терең талданып, ақын лирикасының қазақ поэзиясынан алар орны айқындалды.
3. Б. Аманшиннің эпик ақын екендігі «Мүслима», «Даладағы дауыл», «Елші» поэмаларын талдау негізінде, олардың тақырыптық ауқымын, эпикалық кеңдігін, образдық жүйесінің күрделілігін сараптау арқылы дәлелденді.
4. Қаламгердің жазушы ретіндегі көркем прозадағы тәжірибелері сарапталды. Әңгіме-повестеріндегі нәзік лиризм, «Махамбеттің тағдыры» романындағы терең қатпарлы тарихи таным терең талдаудан өтіп, шеберлік қырлары байыпталды. «Махамбеттің тағдырындағы» тарихи деректен авторлық қиялдың жарысуынан туған өмір шындығының көркемдік шындыққа айналу процесі кең талдаудан өтті.
5. Б. Аманшиннің әдеби-сыни еңбектері мен әдеби зерттеулері сарапталып, олардың қазақ әдебиеттануына қосқан үлесі ғылыми тұрғыдан нақтыланды.
6. Зерттеушінің махамбеттануға қосқан еңбегі алғаш рет кеңінен зерттеліп, махамбеттанудағы Б. Аманшиннің орны айқындалды.
Сонымен қатар қойылған мақсатқа сәйкес жұмыста келесі мәселелер шешімін тапты:
– Б. Аманшиннің әдеби мұрасын саралау, жүйелеу, сараптау барысында әр бағыттағы шығармашылық ізденістерінің және жалпы көркем шығармашылықтағы жетістіктерінің мәні ашылды.
– Б. Аманшин лирикасындағы кезең шындығының көркемдік көрінісін айқындаудың нәтижесінде азаматтық толғау өлеңдеріндегі философиялық түйін-тұжырымдарының мән-мағынасы ашылды.
– Б. Аманшин поэмаларының тарихи-танымдық, идеялық-эстетикалық құндылығы пайымдалып, олардың поэма жанрын дамытудағы орны айқындалды.
– Б. Аманшиннің әңгіме-хикаяттарындағы көркемдік ізденістер мен өмір шындығын бейнелеудегі өзіндік ерекшеліктері зерделенді.
– «Махамбеттің тағдыры» атты тарихи тақырыпқа жазылған романындағы тарихи дерекпен жазушы қиялы бірлігінен жаралған көркемдік шындықты тану арқылы тарихи тұлғаны әдеби кейіпкерге айналдырудағы жазушының басты көркемдік ұстанымдарын айқындау жүзеге асырылды.
– Б. Аманшин сыни еңбектерінің 50-80 жылдарына қосқан үлесі, кейбір жекелеген шығармашылық тұлғалардың қазақ әдебиетіндегі орнын айқындаудағы ізденістерінің мән-маңызы жан-жақты пайымдалды.
– Б. Аманшиннің Махамбет шығармашылығына қарым-қатынасы, көзқарастары айқындалып, махамбеттанудағы зерттеуші ізденістерінің басты бағыттары мен желілі арналары жүйеленді.
Зерттеу жұмысының нәтижелерін ХХ ғасыр әдебиетін зерттеген еңбектерде, жеке творчестволық тұлғаларға арналған зерттеулерді орта, жоғары мектептерге арналған оқулықтар, оқу құралдарын жазуға, сондай-ақ жоғары оқу орындарында қазақ әдебиетінің қазіргі кезеңдерін оқытуға, арнайы курстар мен семинарлар жүргізгенде пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысы Б. Аманшиннің түрлі саладағы еңбектерін, шығармашылық бағыттарын негізге ала отырып жазылды. Жұмыс барысында Т. Ахтанов, Ә. Нұрпейісов, Ж. Молдағалиев, т.б. ақын-жазушылар әдеби мұрасын зерттеуге арналған еңбектер, сонымен қатар З. Қабдолов, С. Қирабаев, Т. Кәкішев, т.б. әдебиетші ғалымдарға арналған зерттеулер басшылыққа алынып, олардағы озық үлгілі өрнектер тиісті дәрежеде пайдаланылып отырды. Соның нәтижесінде әдеби мұраны тану мен зерттеуде жаңашылдығы мол, толымды еңбек жазылды деген ойдамыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет