Туынды сөз бар жерде оның жасалуына негіз болған екінші сөз болады. Туынды сөз негізгі сөзден кейін жасалғандықтан, оның құрамы екі морфемалы болуы міндетті. Бұл заңдылыққа тек лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөздер ғана қайшы келеді.
Туынды сөздер әр кезеңде жасалып, сөздік қорға еніп отырған дайын лексикалық единицалар.
Негізгі түбір сөздер қалай сөйлемге дайын түрінде кірсе, туынды сөздер де сондай дайын қалпында кіреді. Бұның себебі сөйлемге дайын тұрған қалпында кіру жалпы лексикалық нұсқаларға тән ерекшелік, сондықтан туынды сөз болсын, негізгі сөз болсын сөз атаулының бәрі тілдегі дайын тілдік нұсқаларға жатады да, сөйлемде сол дайын қалпында қолданылады. Туынды сөз – сөйлем құрылысына тәуелсіз, қандай сөйлемге де дайын қалпында алынатын лексикалық нұсқа.