55.Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің ғылыми негіздері (басқа ғылымдармен байланысы, ұстанымдары) Әдебиетті оқыту әдістемесі - дербес ғылым.Кез келген ғылым саласы басқа ғылымдармен байланысты болғанымен өзінің негізгі табиғатын қарастыратын, зерттейтін, дамытатын өз нысанына қарай өзінің шекарасы, өз аймағы, зерттеу аясы болады. Оны мынадай шарттар белгілейді:
Өзі қарастырып, зерттейтін ғылым аясын бірде-бір басқа ғылым зерттей алмайды;
Сол ғылымның дамуына қоғамдық тұрғыдан қажеттіліктің болуы;
Ғылыми зерттеудің өзіне ғана тән әдіс-тәсілдер жүйесінің болуы.
Кез келген ғылыми пән ретінде әдебиетті оқыту әдістемесінің де өзінің зерттеу нысаны бар. Әдебиетті оқыту әдістемесі мен әдебиет пәнінің қарастыратын оқу материалы бір көркем шығарма болғандықтан, әдістеме ғылымын көпке дейін әдебиеттану ғылымдарына жақын деген түсінік қалыптасты. Алайда әдебиеттану ғылымы мен әдебиетті оқыту әдістемесі ғылымының зерттеу нысандары бір-бірінен өзгеше.
Әдебиеттану ғылымының зерттеу нысанына көркем әдебиет, әдебиет- тің қоғамдық мәні, әдебиеттің тарихы, теориясы, сыны, әдеби процесс жататын болса, әдебиетті оқыту әдістемесінің зерттеу нысанына оқу процесі, оқушы мен мұғалімнің тұтасқан оқу-танымдық әрекеті, көркем шығарманы оқыту барысындағы танымдық, тәрбиелік мән-мазмұнға қол жеткізетін іс- әрекеттер жүйесінің құрылымы қарастырылады.
Әдебиетті оқыту әдістемесі – күрделі ғылым. Оқыту заңдылықтарын қарастыратын дидактикамен, адам әрекетінің психикалық заңдылықтарын қарастыратын психологиямен, көркем әдебиеттің даму заңдылықтарын қарастыратын әдебиеттану ғылымымен әдебиетті оқыту әдістемесі тікелей қатысады, жетістіктеріне сүйенеді, алайда өзіндік міндеттерін көздейді. Әдебиетті оқыту әдістемесі ғылымының қиындығы барлық уақытта да болып келді. Оның себебі әдебиетті оқыту әдістемесі адамға қатысты, жеке тұлға қалыптастыруға қатысты ғылым екендігінде. Ал адамтану, адам қалыптас- тыру қоғамдағы ең маңызды да күрделі істердің бірі. Әдебиетті оқыту әдіс- темесінің әдіснамалық негіздеріне педагогика, әдебиеттану ғылымдарынан басқа әлеуметтану, қоғамтану ғылымдары да кіреді.
Әдебиетті оқыту әдістемесі мен әдебиеттану ғылымдары. Осыған дейін әдістемені жеке ғылым деп тануға деген көзқарас та жан-жақты болып келді. Әдістемені ғылым деп танудан көрі жеке дарын, өнер деп бағалаушы көзқарас үстемдік етіп келді. Әр пәнді оқытуда жоғары нәтижеге жету сол пәнді оқытушы мұғалімнің жеке дарынына, қабілетіне сол пәнді білу дәрежесі мен түсінуі, түйсінуі, жанымен сүюіне қатысты деп білді. Оқылатын білімнің өзін жете білмей тұрып, сол пәнді оқыту әдістемесімен бар істі тындыруға болмайды деп түсінді.
Әдебиетті оқыту әдістемесінің әлеуметтік мәні, әлеуметтану ғылымдарына қатысы. Жеке тұлғаны, болашақ қоғам адамын қалыптастыру жолында әдебиетті оқыту әдістемесі қоғамнан тыс әрекет жасай алмайды. Әдістеме ғылымы тікелей қоғам өмірі мен оның қажеттілігін, ортаның әлеуметтік мәселелерін қоса қамтиды. Себебі мұғалімдік кәсіп әлеуметтік мамандыққа жатады. Ең әуелі, әдебиетті оқыту әдістемесін ғылым ретінде қабылдай отырып, болашақ ұстаз қоғамға, әлеуметтік ортаға қызмет етеді. Белгілі бір орта мүддесін қарастырады, мүддеге сай әрекет етеді. Сол халықтың өз ұрпағын жаңа мазмұнда халықтың өзіне қайтарады. Ендеше, өскелең ұрпақ та, ұстаз да әлеуметтік топтың мүшесі; екіншіден, әдебиетті оқыту әдістемесі өзінің материалы – көркем шығарманы қарастыру бары- сында да қоғамның тынысын оқушыға жеткізуші. Әдебиет пәні мұғалімі көркем шығарма негізіне өрілген қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді таныта отырып, өмірдің өзін танытады, ортаны танытады. Қоғамның игілігіне әрекет етеді. Осы тұрғыдан келгенде әдебиетті оқыту әдістемесі әлеуметтік ғылым. Соңғы жылдардағы әдістемелік зерттеулердің әдіснамалық негізіне әлеу- меттік ғылымдар (социология) ғылымы тірек болуы осыдан. Әлеумет ұғымын –халық деген түсінікпен қабылдаймыз. Социология ғылымының негізінде де «социюм» - халық сөзінің мағынасы жатыр. Ал әдебиеттану ғылымы да, әдебиетті оқыту әдістемесі ғылымының өзі де халықтан тыс өмір сүре алмайды.
Психология ғылымына қатысы. Әдебиетті оқыту әдістемесінің әдіснамалық негізінде психология ғылымының рөлі үлкен. Әдістеменің психологиямен қатысы екі бағытта өрбиді. Біріншіден, бала жасы мен психологиясы ерекшелігіне қарай көркем туындыны қабыл- даудағы шығармашылық әрекеті мен шығармашылық қабілеті, көркем қабыл- дауына қатыстылығы қарастырылады; екіншіден, оқыту психологиясы тұр- ғысынан, баланың жасына қарай ақыл-ой дәрежесі, адамгершілік дамуы, тәрбиесі мен дағдысы тұрғысынан қарастырылады.
Әдебиетті оқыту әдістемесінің ғылым ретіндегі әдіснама-лық негіздері осы пәнді жоғары мектепте оқытудың басты талаптары мен мазмұнының, сондай-ақ мектепте оқылатын әдебиет пәнінің тиімділігі мен маңыздылығын артыру жолдарын, жеке тұлға қалыптастыру бағытындағы әдістер мен технологияларды тиімді пайдалану бағытын да айқындайды. Бүгінгі мектеп пен жоғары мектептер арасында тығыз байланыстың болуы бір жағынан алғанда мамандыққа бейімдеудің бір нышаны, мақсатты үдерісі болып танылса, екінші жағынан алғанда ғылымдардың шеңберлі даму бағы- ты мен қоғамдағы баланстылықты танытады.