1. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы және үкiмдердiң жиынтығы бойынша жазаларды iшiнара немесе толық қосу кезiнде:
1) бас бостандығынан айырудың бiр күнiне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты, қамаққа алудың бір тәулігі, бас бостандығын шектеудің бір күні сәйкес келеді;
2) бас бостандығын шектеудің бiр күнiне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты, қамаққа алудың бір тәулігі сәйкес келеді;
3) қамаққа алудың бір тәулігіне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты сәйкес келеді;
4) қоғамдық жұмыстардың бір сағатына айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының бір айлық есептік көрсеткіші сәйкес келеді;
5) түзеу жұмыстарының бір айлық есептік көрсеткішіне айыппұлдың бір айлық есептік көрсеткіші сәйкес келеді.
2. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу, мүлiктi тәркiлеу, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары оларды айыппұлмен, түзеу жұмыстарымен, қоғамдық жұмыстарға тартумен, бас бостандығын шектеумен, қамаққа алумен, бас бостандығынан айырумен қосқан кезде дербес орындалады.
Ескерту. 61-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
62-бап. Жаза мерзiмдерiн есептеу және жазаны есепке алу
1. Белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырудың, бас бостандығын шектеудiң, бас бостандығынан айырудың мерзiмдерi – айлармен және жылдармен, қамаққа алу мерзімдері – тәуліктермен, қоғамдық жұмыстарға тарту мерзімдері сағаттармен есептеледі.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген жазаны ауыстыру немесе жазаларды қосу, сондай-ақ жазаны есепке алу кезінде мерзімдер тәуліктермен есептелуі мүмкін.
3. Үкiм заңды күшiне енгенге дейiн күзетпен ұстау уақыты:
1) қауіпсіздігі барынша жоғары, төтенше және толық қауіпсіз мекемеде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің бір күні;
2) орташа қауіпсіз, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемеде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің бір жарым күні;
3) қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазаны өтеудің екі күні үшін бір күн есебімен жаза мерзіміне есепке жатқызылады.
3-1. Үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұстау уақыты:
1) қамаққа алу түріндегі жазаны өтеудің бір күні;
2) бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеудің екі күні;
3) қоғамдық жұмыстар түрінде жазаны өтеудің төрт сағаты;
4) тиісінше түзеу жұмыстары, айыппұл түрінде жазаны өтеудің төрт айлық есептік көрсеткіші үшін бір күн есебімен жаза мерзіміне есепке жатқызылады.
4. Үкiм заңды күшiне енгенге дейiн үйқамақта ұстау уақыты бас бостандығынан айыру, бас бостандығын шектеу, қамаққа алу түрiндегі жаза мерзіміне – бiр күнге екi күн есебімен, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, айыппұл түрiндегi жаза мерзiмiне тиісінше қоғамдық жұмыстардың екі сағаты немесе екі айлық есептік көрсеткіш үшін үйқамақта ұстаудың бiр күнi есебiмен есептеледі.
5. Сот үкiмi заңды күшiне енгенге дейiн адамды күзетпен ұстау уақыты мен Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерде жасалған қылмыс үшiн сот үкiмiмен тағайындалған бас бостандығынан айыруды өтеу уақыты, адам осы Кодекстiң 9-бабының негiзiнде ұстап берiлген жағдайда, бiр күнге бiр күн есебiмен есептеледi.
6. Адамға жазаның өзге түрін тағайындай отырып, үкімді қайта қарау кезінде жазаның өтелген мерзімі немесе орындалған мөлшері үкім қайта қаралғанға дейін жаңа жазаның мерзіміне немесе мөлшеріне есептеледі. Жазаның өтелген мерзімін немесе орындалған мөлшерін есепке алу кезінде:
1) бас бостандығынан айырудың бiр күнiне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты, қамаққа алудың бір тәулігі, бас бостандығын шектеудің бір күні сәйкес келеді;
2) бас бостандығын шектеудің бiр күнiне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты, қамаққа алудың бір тәулігі сәйкес келеді;
3) қамаққа алудың бір тәулігіне айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының төрт айлық есептік көрсеткіші, қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты сәйкес келеді;
4) қоғамдық жұмыстардың бір сағатына айыппұлдың немесе түзеу жұмыстарының бір айлық есептік көрсеткіші сәйкес келеді;
5) түзеу жұмыстарының бір айлық есептік көрсеткішіне айыппұлдың бір айлық есептік көрсеткіші сәйкес келеді.
7. Қылмыс жасалғаннан кейiн психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықпен (аурумен) науқастанған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған уақыт жаза мерзiмiне немесе мөлшеріне есептеледi.
Ескерту. 62-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.