256
Рəбиға Сыздық
əдеби тілінің теориясы төңірегіндегі өз ойларын, пікір-тұжырым -
дарын ортаға тартып отырған. Ал Рəбиға Ғалиқызы қазақ əдеби
тіліне қатысты қандай байламдар жасады, өзгелерден ерек қалай
тұлғаланады? Бірден басын ашып айтар болсақ, ол қазақ əдеби тілі
тарихының көкжиегін сан ғасырға кеңіткен, тарих төріне сүйреген
ғалым. Асан қайғы бас болып, соңы Махамбеттермен аяқталатын
бес ғасыр өкілдерінің шығармашылығы əдеби мұра мəртебесін ием -
денді, шығармаларының тілі əдеби тілдің зерттеу нысанына ілікті.
Сөйтіп, Р.Сыздық
ауызша əдеби тіл ұғымы мен ауызша əдеби тіл
терминін ғылыми ортаға енгізгеннен бастап, бұл ұғым əдеби тілдің
белгілі постулатына айналды, əдеби тіл туралы ойлар кең арнала-
нып, қазақ əдеби тілі біртұтас филологиялық проблематика дең-
гейіне көтеріліп, іргелі ғылым саласы болып қалыптасты десек,
көптің көкейіндегісін тап бастық деп ойлаймыз. Өйткені, өзі айтып
жүргендей, көп уақытқа дейін қазақ тіл білімінде «əдеби тіл» деген
ұғымға тиянақты бір анықтама берілмей келді. «Жалпы күні бүгінге
дейін «қазақ əдеби тілі», «қазақ жазба əдеби тілі», «қазақ ауыз əде -
биеті тілі», «қазақтың жалпыхалықтық тілі» деген категориялар
бір-бірінен ажыратылып, əрқайсысы нақты анықтамаға ие болған
жоқ» [2, 6].
Сонымен бірге бүгінгі күннің талап-мүддесінен шығатындай
əдеби тіл қазақ топырағында барлық дəуірлерде болды ма, əдеби
тілге қойылатын талаптарға үнемі жауап бере алды ма деген сауалға
əдеби тілдің тарихи, бірақ құбылмалы түсінік екенін, əдеби тілдің
барлық белгілерінің түгел болуы барлық дəуірлер үшін міндетті
еместігін айтып, біраз даулы мəселелердің басын ашып, батыл қа-
дам жасаған. Сөйте отырып, əдебиетшілердің XIX ғасырдың II жар-
тысына дейін өмір сүрген ақын-жыраулардың көлемді, көркем шы-
ғармашылығын əдебиет санатына қоспай келгендіктеріне наразылық
білдіреді. Бұл дəуір мұраларының фольклордан айрықшаланатынын,
əдебиеттік шығармалар екенін дəлелдейтіндей бірнеше пункттен
тұратын кесімдерін келтіреді. Сонымен бірге, олардың ұқсастықта -
рын көрсетуден де қашқақтамайды, бірақ неге ұқсас, себебі бар ма
дегенде, бəрінің де себептерін ашып көрсетеді. Сөйтіп барып, «Қыс-
қасы, қазақта халық əдебиетінен өзге, бірақ оған едəуір ұқсас келетін
профессионал əдебиет өмір сүріп келді, оның тілі əдеби тіл санаты-
на кіреді деп табу керектігін» [2, 14] баса айтып, оның тілін
ауызша
Достарыңызбен бөлісу: