ҒЫЛЫМДА АМЕРИКА АШАТЫНДАР АЗ
– Қасым Аманжоловтың сізге арналған «Көп туса қазақ дəл
сіздей қызды» деген өлеңі бар. Осы өлеңнің тарихы туралы қысқаша
айтып берсеңіз...
– Бұл өзі – сегіз-ақ жолдық шағын өлең. Болар ем күнде бір жа-
сағандай Көп туса қазақ дəл сіздей қызды... деген жолдары бар.
Бұл өлеңнің қай жерде, қашан жазылғанын білмеймін. Тіпті Қасым
Аманжоловтың өзі көзі тірісінде: «Осындай өлеңім бар, саған арнап
жазған едім», – деп те айтқан емес. Ол кезде жарияланған да жоқ.
Кейінірек Қасымның 2 томдық өлеңдер жинағына шығарған кезде,
бір жиында Тəкен Əлімқұлов: «Қасымның өлең жазып жүрген дəп-
терінде сізге арнаған өлеңі бар екен. Соны жинаққа енгізіп жатыр -
мыз», – деді. Мен таңғалдым да қойдым. Ондай өлеңнің барын да біл-
меймін. «Маған өлең арнайды-ау!» деп те ойлаған емеспін. 1945 жылы
Абайдың 100 жылдық тойына майдан даласынан Қасым да келген
екен. Сол жиынға мен Ақтөбеден келдім. Сонда танысқан болатын -
мын. Сол жылдың күзінде Алматыға оқуға келдім. Қуандық Шаң-
ғытбаев, Тахауи Ахтанов – бəріміз жерлеспіз. Сол кездері жиылып,
Қасым ағаның үйіне барып тұратынбыз. «Төкен» дейтін ғажап мі -
незді əйелі болды. Барып, əңгіме-дүкен құратынбыз. Қасекең өзінің
өлеңдерін оқитын. Оның сырға толы сұлу сезімді өлеңдері керемет
63
Тіл-ғұмыр
əсер етуші еді. Соғыс басталғанда 16 жаста едім. Қағазбасты жұмыс
болғаннан кейін бе, оның үстіне өзімнің көркем əдебиетке деген
ықыласым ерекше еді. Көп ізденіп, көп оқитынмын. Жастық шығар,
көп оқығаныңды білдіргің келеді. Өзімнің пікірлерімді тайсалмай ай-
татынмын. Əйтпесе менің ақындар түгілі, қарапайым жұрт тамсана-
тындай көркім де, қылығым да жоқ болатын. Қатардағы қарапайым
қазақтың қызымын. Дегенмен талғамға талас жоқ, əркімнің талғамы
əртүрлі болады ғой. Сол кездегі қазақ қыздарының арасында жасы
жиырмадан жаңа асқан мен еркіндеу сөйлеп, көркем əдебиет тура-
лы ойларымды ашық айтып, сол жағынан ғана көзге түскен болуым
керек. Соғыс енді бітіп, есімізді жинап жатқан кез еді. Қыз болып
қымсынуды да білмеппіз. Өмір бізді ерте есейтті. Еркелесем де, «жі-
гіт» деп емес, «арқасүйер аға» деп қалқан тұтып, еркелеген болуым
керек. Ол кісіні үміткер етіп, көңіл бөлгеніне жауап беріп дегендей,
ондай ештеңе болған жоқ. Ол кісі де, кім білсін, жігіт қой, кім болса
да, жас қызға «қандай екен?» деп қарайды ғой. Сөйтіп қараса, қараған
шығар. Бірақ «өлдім, талдым, сүйдім, күйдім» деген сөздерді айтқан
емес. Мен де «айтса екен!» дегендей қылық білдірген емеспін. Өйт -
кені басқа да жігіттер болатын. Ол кезде майданнан қайтқан жігіттер-
дің бейбіт өмірге деген сүйсінісі, құлшынысы керемет еді. Сондай бір
өмірге деген құштарлықтан, ауылды аңсап келгенде «соңымыздан
ерген осындай жалынды, жігерлі жастар бар екен-ау» деген ерекше
құрметпен жазған болуы керек. «Тіліңіз тəтті, тойыңыз жақын» де-
ген сөздері бар. «Менің тұрмысқа шығайын деп жүргенімді Қасекеңе
Қуандық ақын айтқан-ау» деп шамалаймын. Осындай сөз болған бо-
луы керек. Əйтпесе: «Мен тұрмыс құрамын», – деп айтқан емеспін...
Нақты кейіпкер ретінде айтқаннан гөрі осы үлгіні қалаған болуы
керек. Ол өлең Қасым ағаның алғашқы екі томдығына шықты. Бірақ
кейінгі 3 томдыққа енбеді. Неге екенін білмеймін. Сол бірінші жинақ-
тың екінші томдығында «Р-ға» деп жасырып жатпай-ақ, «Рəбиғаға...»
деп арнап жазған.
– Ол кітапта «Рабиға Құтқожинаға» деп жазылған емес пе?
– Ия, Құтқожина – менің қыз күнімдегі фамилиям. Ал Сыздықова –
бірінші күйеуімнің фамилиясы.
– Сіз Ясауи хикметтерінің көркемдік тілдік ерекшеліктері ту -
ралы алғаш рет тілдік талдау жасап отырсыз. Бұл сізге ауыр соқ-
пады ма? Бұл мəселені қай кезден бастап зерттеп жүрсіз?
– «Ясауи «Хикметтерінің» тілі» деген кітабым шықты. «Хик-
мет» деген – өсиет өлеңдер ғой. Сол өлеңдердің тілін зерттеуді мен
ерте бастадым. Сонау 60-жылдардың ішінде осы Ясауи хикметтерін
зерттеуді 3 жылға жоспарлаған екен. Соны зерттеп жатқан орындау-
64
Рəбиға Сыздық
шылар үлгере алмады да: «Сен кіріссең қайтеді?» – деп, бір жарым
жылы қалғанда маған тапсырды. Ол кезде мен тіпті арабша əріптерді
де танымайтынмын. «Орта ғасырлардағы түркі əдеби тілі» дегеннен
де хабарым жоқ. Содан кірісіп кеттім. Əуелі алфавитті үйрендім.
Бүкіл дүниежүзі бойынша Ясауи туралы кемінде 300-ден аса зерттеу
еңбегі жазылған екен. Ал оның көркемдік тілі туралы зерттеулер өте
аз болатын. Орыс ғалымдары, түркітанушылар оның тіліне де назар
аударған. Соның ішінде А.Боровков деген ғалым 1948 жылы үлкен
мақала жазған. Сол еңбектермен таныстым. «Ясауи хикметтері» деп
жүрген дүниенің бəрі де оның өзінің қаламынан шықпаған. «Хикмет-
тер» деген – өз алдына əдеби поэзияның бір үлкен жанры болса, соны
жазудың үлкен бір мектебі болған. «Тақырыбы қандай болуы керек,
қандай өлшемде жазу керек, кімдер жазады» деген сияқты. 800 жыл
бойы өмір сүріп келген мектеп қой. Ясауи дүниеден өткеннен кейін
де көп адам жазған сонікі сияқты етіп. Олардікі де қосылып кеткен.
Ол кезде кітап шығару дəстүрі болған жоқ қой. Қолжазба күйінде
тараған. Соның кесірінен басқалардың да туындылары қосылып кет-
кен. Міне, бізге бұл туындылардың барлығын емес, ең алдымен,
ертеректен келе жатқан қолжазбаларды зерттеп алу керек болды.
Кітаптарды емес. Ясауидің кітаптары негізінен XIX ғасырдың орта
шенінен бастап, XX ғасырдың басында ғана шыға бастаған. Ал оған
дейін қолжазбалар ғана тараған. Сол түпнұсқадан бастап зерттеу ке-
рек болды. Түпнұсқада да араласып кеткендері бар. XVIII ғасырда
Самарқан қаласынан табылған қолжазбасы болған. Оны Залеман
деген орыс ғалымы XIX ғасырдың аяғында Петербургке алып кеткен.
Кеңес Одағы кезіндегі сақталған ең көне қолжазба – осы болатын.
Ленинградтан осы қолжазбаның фотокөшірмесін алдырдық. Сол бо-
йынша оқып, оны зерттеу үшін қазіргі жазу транскрипциясына кө -
шіріп жаздық. Ол кезде дүниежүзі ғалымдары зерттейтін тақырып-
тарды орыс тілінде жазу керек болатын. Материал жинап, енді жаза
бастағанда үш жылдық уақыты бітіп қалды. Орындаушылардың бірі
қайтыс болып кетті, енді бірі аяқтай алмайтын болды. Сонымен, бұл
тақырып қалып қойды. Қайтадан жоспарға кірген жоқ. Кейінірек,
тəуелсіздік алғаннан кейін мəдени-əдеби мұраға байланысты баста-
малар көтерілген соң «қазақ ұлтына аса қажет дүние ғой» деп соңғы
7-8 жылдың ішінде ешкімнің тапсырмасынсыз өз бетімше зерттеп,
жаза бастадым. Алғашында өте ауыр болды. Жалақы алып отырған
жоспарлы жұмысым бар, басқа да қызықтыратын тақырыптарға кітап
жазып жаттым. Оларды да бітіруім қажет. Мына тақырыпты да жа-
зуым керек болды. Үйімде, жұмысымда бір бөлмедегі үш столға
үш тақырыпты жайып тастап жазған кездерім болды. Сөйтіп жүріп,
65
Тіл-ғұмыр
4-жыл дегенде 80 жылдығыма қарай Үкіметтің тапсырысына кір -
гізіп, «үлкен жаңа еңбек болсыншы!» – деп бітірдім. Қазір кітап
шығару деген мұң болып қалды ғой. Пəленбай теңге төлеу керек.
Қазір сатпаймын, гүл сатпаймын. Артық ақшам жоқ. Жалақыға
қарап отырған жайымыз бар. Бəрі өте қажет кітап болғандықтан,
Үкіметтік жинаққа енді. Кітапты жалғыз көркемдік жағынан емес,
лексика-грамматикалық түр-тұрпаты жағынан да зерттеп жаздым.
Бұл еңбек қазақ тілінде ғана емес, бірақ қазаққа қатысы бар. Олай
деп айтуыма себеп: Кеңес Одағы түркі халықтарының ескерткіштерін
иемдену басталды. «Өзбектікі», «татардікі», «түркімендікі» деген
сияқты бөліп-бөліп ала бастады. Шындыққа келер болсақ, бұл –
ХII ғасырда жазылған ескерткіш болатын. Ол кезде туыс халықтар -
дың өздері де жоқ, «Пəлен халықтікі», – деуге болмайды. Түркі тіл -
дердің өзі қыпшақ, қарлұқ, оғыз деп, үш топқа бөлінеді. Соның
ішінде қазақ тілі қыпшақ тобына жатады. «Осы қыпшақтық элемент-
тері қандай? Көлемі, басымдылығы қандай?» дегенді зерттеп барып,
жақындықты айту керек. Міне, осы тұрғыдан да мен қазақ тіліне
қатысты барып қыпшақтың, оғыздың кезінде жазылған шығарма
екенін дəлелдеуге тырыстым. Өзімнің осы жылдағы еңбегіме разы бо-
латын тұсым болса, осы кітап дер едім. «Мəдени мұрамыздың, тілдік
ескерткіштеріміздің бірі», – деп осы Ясауи мұрасын айтуға болды.
Достарыңызбен бөлісу: |