Саясиидеология деп адамдардың үлкен әлеуметтік топтардың іс-әрекетіне бағдар беріп, олардың мақсат-мүдделерін білдіретін және қорғайтын идеялар мен көзқарастар жүйесін айтады. Саясаттың қандай субъектісіне болсын идеология қажет. Ол – адамдарды рухани біріктіріп, топтастырудың және басшылықтың құралы. Саяси қатынастар саласында олардың іс-әрекеттеріне бағдар береді, еркін қалыптастырады, саяси қызметке ұмтылдырады, белсенділігін арттырады.
Қоғам өмірінде идеология маңызды рөлді атқарады. Ол ең алдымен ол мынадай қызметтер атқарады:
Идеологияның танымдық рөлі.Ол саяси жүйені,саяси өмірді суреттеп, түсіндіреді.
Бағдарламалық қызметі. Ол қоғам, әлеуметтік прогресс, тұлға және билік және т.с.с. негізгі түсініктер туралы мағлұматтар беріп, адамның іс-әрекетіне бағыт-бағдар көрсетеді.
Жұмылдыру, іске тарту. Қоғамның жоғары, құнды идеяларын алға тартып, мақсат-мүдделерді айқындап, саяси идеология саяси іс-әрекетке тікелей түрткі болып, қоғамды, әлеуметтік топтарды оларды іске асыруға жұмылдырады, рухтандырады, шабыттандырады.
Амортизациялық қызметі. Саяси іс-әрекетті түсіндіру тәсілі болып, идеология әлеуметтік шиеленістерді бәсеңдетеді. Ұсынылған мұраттар сәтсіздіктен кейін күш жинап қайта серпілуге шақырады.
Бағалау қызметі. Идеология халық санасына қоғамның қазіргі және болашақтағы дамуына өлшемдік баға берерлік жағдай жасайды, үстемдік етіп отырған қоғамдық тәртіпке белгілі бір көзқарас тудырады.
Саяси идеологиялар мазмұны, мақсаты жағынан прогрестік, либералдық, революциялық, консервативтік радикалдық, реакциялық, шовинистік, ұлтшылдық және т.с.с. болып бөлінеді.
Қазіргі заманда саяси идеологияның көптеген түрлері бар. Олардың негізгілеріне либералдық, консервативтік, коммунистік, социал-демократиялық және фашистік идеологиялар жатады.
2.Саяси идеологияның тұңғыш түрлерінің біріне либерализм (латынның либералис – еркін деген сөзінен) жатады. Оның негізін салушылар: Дж.Локк (1632-1704), Ш.Л.Монтескье (1689-1755), А.Смит (1723-1790), И.Кант (1724-1804), Т.Джефферсон (1743-1826), А.Токвиль (1805-1859), Дж.Милль (1806-1873). Ол феодалдық қоғам ыдырап, буржуазиялық қоғамдық қатынастар қалыптаса бастаған дәуірде пайда болады. Буржуазия ол кезде экономикалық жағынан белсенділік, іскерлік білдірді, бірақ саяси жағынан еріксіз еді. Сондықтан өзінің саяси билікке деген талабын либералдық саяси доктрина арқылы білдірді.
ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы (1929-1933) терең дағдарыс либерализмнің әлеуметтік теңсіздіктің өсуін тоқтатуға мүмкіндігі аз екендігіне көз жеткізді. Шексіз бәсекелестік пен нарық адамдар арасындағы үйлесімділікке, экономиканың гүлденуіне әкелмеді. Сондықтан либерлизм өз идеяларын қайта қарауға тура келді және ол жаңарған либерализм (неолиберализм) деген ат алды. Онда еркін нарықтық тетіктерді қалпына келтіру үшін мемлекет белгілі мөлшерде экономикалық және әлеуметтік салаға (салық, бюджет, жоспарлау арқылы) араласу керектігі негізделді.
Жаңарған либерлизмнің негізгі өкілдеріне Ф.Фон Хайек, Дж.Кейнс, Дж.Гэлбрейт және т.б. жатады. Оның идеологиясына көптеген партиялар сүйенеді. Мысалы, Жапонияда 1955 жылдан бері билік басында сол елдің үлкен партиясы – либералдық-демократтар партиясы отыр. Либералдар Англияның, Австрияның, Канаданың және т.б. елднрдің саяси өмірінде өздерінің лайықты орындарын алуда. Мұның бәрі жаңарған либерализм идеологиясы әлемдік халықтардың саяси өмірінде елеулі рөл атқарып отырғанын байқатады.