«Жалпыұлттық құндылықтар негізінде білім беру және тәрбиелеу»



Pdf көрінісі
бет116/188
Дата25.11.2023
өлшемі6,46 Mb.
#127328
1   ...   112   113   114   115   116   117   118   119   ...   188
Байланысты:
материал пед

 «БАЛАПАНЫМ КӨЗҚУАНЫШЫМ» 
 
С.С. Мейрамова 
 
Шахтинск қ. «Гүлдер» бөбекжайы» КМҚК 
 
Аннотация: 
Мақалада 
автор 
бала 
тәрбиесіндегі 
ата-аналардың 
психологиялық ахуалы туралы өзекті мәселені көтеріп отыр. Өйткені, көп 
жағдайда ерлі-зайыптылар бала тәрбиесіне дайын болмай шығады. Сондықтан 
да саналы ұрпақ тәрбиелеу мәселесінде олардың ата-анасымен де тығыз қарым-
қатынаста жұмыс істелуі керек. 
В статье автор поднимает актуальный вопрос о психологическом климате 
родителей в воспитании детей. Ведь в большинстве случаев супруги 
оказываются не готовы к воспитанию детей. Поэтому в вопросе воспитания 


275 
сознательного поколения необходимо работать в тесном взаимодействии и с их 
родителями. 
Әсілінде, қазақ халқы дала психологиясын терең меңгерген, кез келген 
жағдайды бір ауыз сөзбен түйіндеп, пайымдап отырған ел ғой. Оның ішінде 
бала тәрбиесіне қатысты айтылған ойлардың да көпшілігі күні бүгінге дейін 
өзектілігін жойған емес. Жоймайды да. Себебі, дала даналығы – халықтың 
ғасырлар бойы көргені, түйгені мен жиғаны. Бабаларымыз баласына көз 
қуанышым деп қараған. Әйтсе де, еркелігін шектен асырмай, уақытылы тежеп, 
ұл мен қыздың ортасында сыйлы, қоғамда ойып орын алар тұлға болып 
қалыптасуына да тиісті деңгейде назар салып келгенін аңғарамыз. Соның бір 
мысалы «Балаң жақсы болса, Жердің үсті жақсы. Балаң жаман болса, Жердің 
асты жақсы...» деген тәмсіл. 
Расымен де, баланың өмірге келуі адам үшін үлкен қуаныш. Ол ұрпақтар 
сабақтастығын жалғастырып, әулеттің өсіп-өнуін көрсетеді. Әр отбасы өзінше 
бір бөлек әлем, шағын мемлекет деп қарастырсақ, өмірге нәрестенің келуі сол 
мемлекеттің әрі қарай қанат жайып кеңеюін, ерлі-зайыптылар арасындағы 
жақындықты қалыптастырып, татулықты нығайта түсері анық. Ал, сол бала әрі 
қарай балабақшада, мектепте мақтаулы шәкірт атанып, үлкен өмірде биік 
жетістіктерге жетіп жатса, бұл ата-ана үшін ерекше шаттық әрі қуаныш сыйлар 
оқиға. Иә, айтуға оңай әрине. Әйтсе де, қоғам бір текті емес қой. Баланың 
саналы азамат болып қалыптасуы бірнеше күрделі кезеңдерден өтеді. Оған 
отбасында, балабақша мен мектепте тиісті деңгейде тәлім-тәрбие берілуі тиіс. 
Білім беру жүйесі тәрбиемен терең ұштасқан жағдайда ғана біз түпкі мақсатқа, 
болмысы бөлек тұлғаны қалыптастыруға ықпал ете аламыз.[1] 
Бұл ретте заманауи білім беру жүйесімен қатар, әр ұлттың өз 
менталитетіне сай дәстүрлі тәрбие жүйесін де қатаң назарда ұстаған жөн. 
Өйткені, айналасын енді тани бастаған сәби үшін өмір шындығы ауадай қажет 
ұғым. Сондықтан да, оны тәрбиелеп, қоғамға бейімдей бастаған шақта ең 
алдымен туған ұлтының ғасырлар бойғы дәстүрін, құндылықтарын, тарихы мен 
өнерін бойына сіңдіріп, рухани мұрасын үйрету қажет-ақ. Ал, ұлттық дәстүрді 
бәрінен бұрын оның отбасы үйретеді. Егер баланың жанұясында дәстүрлі «Ата 
мен әже» институты сақталған болса, бұл белгілі бір деңгейде оң әсерін 
тигізеді. Яғни, сәбиге ерте бастан-ақ үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізеттілік 
таныту ұғымдары таныстырылады. Әрі ата-әже арқылы оған түрлі ертегілер 
айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келген халқымыздың асыл қасиеттері – 
ізгілік, адамгершілік, ұяңдық пен пәктік сипаттары беріледі. Сондай-ақ, 
баланың мінезі де отбасы, ошақ қасында қалыптасатынын естен шығармаған 
жөн.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Халыққа қызмет көрсету білімнен емес, 
мінезден» деп бекер айтқан жоқ қой. Мінезді адам өзінің тұлғалық болмысын 
айшықтап, анық көрсете алады. Әрі қоғамдағы әділетсіздіктерге қарсы тұрып, 
күштімен текетіресіп, әлсізге қамқор бола біледі. Мұндай қасиет бойына 
дарыған баланың ортада беделі, көп алдында сыйлы болары тағы бар. Оның 
үстіне, мінезді бала қай уақытта да өзіне керегін дөп танып, дұрыс бағдар жасай 


276 
алады. Егер бала мінезі үш жасқа толғанда қалыптаса бастайтынын ескерсек, 
оның әрі қарайға тәрбиесі отбасынан бөлек, балабақша тәрбиешілерінің 
мойынына жүктелетінін де назарда ұстаған абзал болар еді. Өйткені, тәрбиеші – 
баланың анасынан кейінгі сенім артып, үлгі тұтар тұлғасы. Ол өмірге келген 
сәтте алдымен ананың ыстық алақанын, иісін сезініп, қамқорлығын көреді. 
Кейін отбасындағы өзге мүшелермен танысып, солардың саясында жетіледі. 
Және бір сәтте жат орта – балабақшаға тап болып, өзіне қамқорлық көрсетер 
жан ретінде тәрбиешісін қабылдайды. Соның айтқанын орындап, еліктейтін 
тұлға ретінде қарастыра бастайды.[2] 
Көрнекті педагог ғалым В.А.Сухомлинский «Балаларға үлкен адамдық 
бақытты, тек, ата-анамен күш біріктірудің арқасында ғана беруге болады» деген 
екен. Расымен де, балабақша немесе мектепте берілген тәлім-тәрбие мен білім 
үйде бекітіліп, ата-ана тарапынан қайталанып отырылуы тиіс. Сол тәрізді, үйде 
берілген білімнің өзегі балабақшадағы білімнің өзегіне айналғаны дұрыс. Қос 
тарап – отбасы мен балабақша өзара ынтымақтастық орнатып, ортақ мүдде – 
бала тәрбиесі жолында бірлесе жұмыс істей бастаған кезде ғана күтілген 
нәтижеге қолжеткіземіз. [3] 
Әрине, бұл ретте тағы да негізгі күш тәрбиегіше жүктеледі. Себебі «Қарға 
баласып әппағым деп сүйеді» демекші, қай ата-ана болмасын, өз баласын 
өзгеден ерекше көреді. Көзімнің қарашығы, жанымның саясы деп қабылдайды. 
Сондықтан да білім беру ісіндегі кейбір ерекшеліктерге наразылық танытуы 
мүмкін. Әсіресе жас аналар тарапынан осындай қарсылықтар болып жатуы 
заңдылық. Себебі ана инстинкті баланы қорғауға бағытталған және көп 
жағдайда бұл шектен тым шығып кетіп жатады. Ал, тәрбиешінің міндеті осы 
бір кикілжіңді реттеп, тіл табыса білу және басты назарды бала тәрбиесіне 
бағыттауға күшсалуы тиіс. 
Баланы жақсы қасиеттерге тәрбиелеу үшін не істеу керек? Әлгінде атап 
өткеніміздей, дәстүрлі тәрбие мен заманауи ғылыми тұжырымдамаларды 
ұштастыра білсек, күтілетін нәтижеге оңай жетер едік. Яғни, балаға шектен тыс 
қамқорлық көрсетуден немесе негізсіз қатаңдықтың алдын алып, ортаны ұстай 
білу.
«Бала – бауыр етің» дейміз. Рас. Отбасы қуанышының себепшісі болған 
сәбиін бәрінен артық көретін, оған аспандағы айды әперуге ұмтылатын ата-
аналар көп. Мұндай шектен шығып кеткен қамқорлықтың соңы бала 
психологиясының бұзылуына, оның тәрбиесінің кері кетуіне әкеп соқтыруы 
мүмкін. Әсіресе, қалауына қолжеткізіп, шамасы келісін-келмесін қымбат киім, 
бағалы ойыншық алып өскен бала талап еткен дүнием сол сәтте алдымда 
болады деген ой қалыптастырады. Үйде мүлдем шектеу көрмей, өз дегенін 
істетіп өскен баланың кейін қоғамға бейімделе кетуі қиын. Әрі мұндай 
балалардың бойынан айналасындағыларға дөрекі мінез танытып, қиқарлық 
көрсету жағдайлары да жиі қайталанып тұрады. Сондықтан да, оның әр іс-
әрекетіне, мінезіне асқан қырағылықпен қарап, дер кезінде қорытынды шығара 
білген жөн. Бұл жерде мұндай қырағылық бірінші кезекте тәрбиешіден талап 
етіледі. Өйткені, ата-ана баланың теріс мінезін еркелікке балап, уақыт өткізіп 


277 
алуы мүмкін. Ал, адам мінезі жасы ұлғайған сайын бекіп, өмірлік 
ұстанымдарына айнала беретінін ескерсек, уақыт өтіп кеткен соң сәби кезде 
жіберілген қателіктерді түзеу қиындай бермек. 
Ал, енді кейбір ата-аналар «Балаға барынша қатаң қарап, шектеу керек» 
деген ұғымды жөн санайды. Осылайша, баласы тәртіп бұзса жазалап, ойнап 
жүріп киімін бүлдірсе, я болмаса құлап қалмаса немесе қатарластарымен 
жанжалдасып қалса оны түрлі деңгейде жазалауы, «өзің кінәлісің» деп 
айыптауы мүмкін. Бұл да бала психологиясына кері әсерін тигізетін 
әрекеттердің бірі саналады. Жақындары тарапынан үнемі осындай шектеулер 
көріп өскен баланың бойында жалтақтық пайда болады. Өсе келе ол өзінің 
пікірін айтуға именіп, көпшілікпен араласып кетуден тайсақтауы мүмкін. Бұл 
әрекеттер оның тұлғалық болмысына және білім алуына да айтарлықтай кесірін 
тигізеді.
Сондықтан да, бала тәрбиесінде алтын ортаны ұстай білген абзал. Иә, бала 
айыпты болса белгілі бір деңгейде жауапкершілік арқалауы тиіс. Алайда бұл 
баланы жазалау үшін емес, қайта оған істеген ісінің қателік болғанын түсіндіру 
және кез келген теріс әрекеттің зардабы боларын көрсетуі керек. Әйтпесе, үнемі 
жазаланып өскен баланың бойынан мейірім ұшқыны жойылып, тас бауыр 
болып кетуі де мүмкін.
Бала өзі істеген теріс әрекетке жауапкершілік алып, жақсы істері үшін 
мақтау ести білген кезде ғана дұрыс бой түзей алады. Сәби кезінен-ақ, оң мен 
солды ажырата білген баланың келешекте де өмірлік таңдаудан адаспай, таңдау 
жасай білуі қалыпты құбылысқа айналары сөзсіз.
Мақаламызды түйіндер тұста, мектеп жасына дейінгі баланың тәрбиесінде 
отбасы мен тәрбиешіге бірдей жауапкершілік жүктелетінін тағы бір мәрте атап 
өткенді жөн көрдік. Сондықтан да, баланың келешегі жарқын болуын ойлаған 
қос тарап, ортақ іске жұмыла күш салғандары жөн. Бала ата-ананың 
көзқуанышы, келешекте елдің тұтқасы болар азамат. Ендеше оның ертеңі 
жарқын болуы үшін бүгіннен қалмай қам қылып, тәрбиесі мен біліміне ерекше 
зейін аударылуы тиіс. Өнерлі де өрелі, ақыл-ойы толысқан, саналы ұрпақ өсіп 
шыққан жағдайда ғана ұлттың да болашағы айқын, бағдары анық болады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   112   113   114   115   116   117   118   119   ...   188




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет