Жанат Ахмади Әдебиет – жан нұРЫ



Pdf көрінісі
бет20/20
Дата21.01.2017
өлшемі0,96 Mb.
#2333
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20

          («Менің 
табиғатым», 
16-б.) 
Автордың: 
Бір құрбанмен мәңгі өмір алар болса адамзат, 
Менің атым жазылсын бар ескерткіш тақтаға, – 
деп отырғаны, соған, сол құрбандыққа жарап жатсам, «ес-
керткіш тақта» атаулының барлығына лайық емеспін бе, деп 
азаматтық орынды уәж айтып тұрғаны. Ал соңғы шумақта 
«Аяулысына» деген ынтызар сезімнен туған «ессіз күннің» 
белгісі барын айтып «қос ғашықтың», яғни екеуінің «дем 
лебі» естілуін армандайды. 
Бірақ «ақылды адам есінен тана ғашық болса да, ақы-
мақтарша ғашық болмайды» деп Ф. Ларошпуко айтқандай, 
ақын оқырман алдында ұтылып тұрған жоқ. Қайта: 
Боз бала шақ сезімнің қайыңдарын түптеген 
Бір түкпірі жанымның – махаббаттың орманы, – 
деген тапқырлығын екшеп аша түскен. «Ғашықтық – ақыл-
дың аяғына түскен тұсау» деген Сараий. 
Кітаптың басындағы қысқаша таныстырмасында ақын-
ның бұл тұңғыш жинағына ілгерідегі өлеңдері топтас ты-
рылғаны айтылған. Сол үшін жинақта махаббат тақырыбы 
белең алып тұрғанына авторды ешкім кінәлап айыптамай-
ды. Тіпті сақа ақындарымыз да өмірдегі мәңгілік тақырып 
ғашықтық десе, зар илеп жөнеледі, олары ерсі де емес. 

302
Жанат Ахмади
Ақ айдын көңіл айналып қайғы-зынданға 
Тұтқыны болған жалғыз мен. 
Аяқ аттасам бас салған байғыз – мұңдарға 
Үмітім менің алғыз дем. 
Қайталап оқуды қажет етеді, үйірімі терең әрі қызық. 
Аяқ аттатпайтын мұңына «үмітін» жұмсапты. Сүреңсіз 
«байғыз мұңдарымды дем алдыр» дейді. Тегі Жарастың 
шытырман ойға құрылған кірпияз, күрделі өлеңдерін кім-
көрінген бірден түсіне бермеуі мүмкін. Автор жадағай жа-
зуды ұнатпайды. 
Поэзияға жеңіл қарайтындардың Жарасты желе-жорта 
оқып, түсінбеуі заңды да, өйткені маңызына барып, шөгіп 
оқуға олардың не шама,, төзімі жетпейді, не «уақыты» 
жетпейді. Абай не деп еді? – «Қазаққа сөз айтсаң ақырына 
дейін дәт етіп тыңдай алмайды, тыңдай қалса не көзі алаң-
дап отырып, не көңілі алаңдап отырып тыңдайды!» деген, 
қайран Абай! 
Жаңағы өлеңнің аяғы: 
Басымнан бағым тайғандай өлім елестеп, 
Өкси береді қу көңіл. 
Қос романның мазмұндас бөлімі емес пе ек, 
Бөлшектер ме екен улы өмір. 
Жел сынды көкем – жеткізбей мақсатты күнге, 
Жырақтап жүрсің неге сен? 
Ақ көйлек киген арманды ақсаттың мүлде, 
Адам едім ғой елесең. 
Мен сөніп қалдым, өліп ем өзіме налып, 
Таңым жоқ енді атар дер. 
Көркіңді сенің қос үңгір көзіме малып, 
Көрімде қайтіп жатам мен. 
Көрдегі көзі үңірейген бас елестейді. 

303
 Әдебиет – жан нұры 
Мен өлген жанмын, бұл жақта бұла таң қайғы
Жарықсыз қазір мекенім. 
Қап-қара қабір ешкімді жұбата алмайды, 
Қара жер – қапас, не етемін?! 
Екі дүниенің арасын жалғап тұратын, 
Сезімім ғана мәңгілік. 
Әттең-ай, Қорқыт-қобыздай сарнап тұратын, 
Жадыңда қалсам жаңғырып!!! 
Жүрегім – оттан, 
Жігерім – көне шетеннен. 
Көрмесем сені өлмес ем. 
Ақ кебінге орап тәнімді саған жетем мен, 
Тіріліп қайта кел десең... 
             («Ғашықтық ғазалы», 21-б.) 
Ғажап емес пе! Ой орамынан туған, сөз орамы тартып 
тұрады, қызық келеді. Жалаң ойлыларға жалынан сый-
патпайтын діл үйірімі әсерлі. 
Өткен заманның ұлы ойшылдары «ғашықтық ар-
найы зерттеуді қажет ететін бір ғылымға жатады» деген. 
Ал Баласағұн «саған біреу ғашық болса, махаббат құді-
реттілігінен түсіңде де белгі беруі мүмкін» дейді. Босқа 
айтылып тұрған жоқ. Әлдебір жайттан қатты запы шегіп, 
шексіз қиналсаң, сен үшін ет бауыры езіле алатын ең жа-
қын адамыңның түсіне кіретінің тегін емес. Махаббат 
сүйіспеншілігі де (оның азабы мен тозағы) оңай шаруа 
емес. О. Бальзак «дос іздемес адам сүйе де білмейтін адам. 
Сүю адамның барлық жақсы сипатын өз құшағына алады» 
десе, ақындар дос іздемейді деп кім айта алады. (Өле жатқан  
ақын-жазушы атаулы дос іздейді-ау... Бірақ олардың бар-
лығының әйелін өзімен бірдей «дос іздегіш» етіп алу еш-
кімнің қолынан келмейді.)  

304
Жанат Ахмади
Ал, лап етіп жанып, жалп етіп өшу, сөну әр кімнің-ақ 
еншісіне жазылған. Өйткені, сүю, махаббат дүниесі тіпті 
қасиетсіз жаралған адамды да уақытынша «қасиетті» етеді. 
(Өлшеулі, тапшы оты таусылғанша.) 
Жалпы Жарас ініміз «жүрек іштен жыласа, ақыл іштен 
жұбатады» демекші, көбіне ақындарға шиеленген шырмауы 
көп ой азабын бір кісідей тартқан. Түбі көрінбес, жылым 
қара судай, бұлқынбай, жұлқынбай, жұрттан басқаша бір 
ақын болып қалыптасқанына көз жеткізесіз. Оның күн-
делік өмірдегі сыртқы болмысы қандай сырбаз болса, ішкі 
дүниесінен жаратылған шешуі терең өлең-жырлары да 
сондай жұмбақ сырлы, кәделі. 

305
 Әдебиет – жан нұры 
ТАУҒА ҚАРАП, ҰЛЫП ТУҒАН БӨРI ЖЫР
(яғни ата-бабасы тауда өскен ақынның  
Сырда туған жырлары)
Мұхамеджан Нұрханов бұрынғы жылдары шет ауыл-
да тұрған ақын. 1972 жылы менi Талдықорған КГБ-сi «По-
граничный зона» деп аталатын шекаралық өңiр: Тал 
ды-
қорған, Алматыдан кемiнде мың шақырым аулақ жү руiмдi 
ұйғарып, Жаңақорған ауданының (Қызылорда) «Ке лiнтөбе» 
кеңшарына 15 жылға жер аударған болатын. Өзімді тұт-
қындап, ең алғашқы шығармам «Зар-Зарауха» аталатын 
повесімді тәркілеп алып қалған. Тек арада 29 жыл уақыт 
өткенде «Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына» орай Иманғали 
Тасмағамбетовтің қолдауымен «Зар-Зарауха» жеке кітап 
болып жарық көрді. М. Нұрханов ол кезде осы Келiнтөбедегi 
10 жылдық мектепте әдебиет сабағын беретiн мұғалiм едi.
(Бүгiнгi үлкен ақын Есенғали Раушанов сол мектепте 
Мұхамеджаннан дәрiс алатын 7–8-шi кластағы оқушысы 
болған.)
Мұхамеджанның «Тораңғылдың көз жасы» аталған жыр 
жинағындағы осы тақырыппен берiлген поэмасына тоқталу 
үшiн аталмыш шығармасына өзек болған – автордың шығу 
тегiне бiраз тоқталып өтуге тура келедi. 
Мұхамеджан Нұрханов ата-баба қонысы ежелде Қа-
ратаудың терiскей бетiн жайлаған Жиенбет-Айбике (Қо-
ңырат iшiнде) руынан шыққан iргелi байдың тұқымы. 
Кеңес өкi 
метiнiң ылаңынан жерден жер ауа, ақыры осы 
Келiнтөбеге күл төккен екен. Келiнтөбеде «Айбике ауылы» 
деп аталатын жеке ауыл бар еді. Сол ауылдың ауыл ағасы 
Шәрiпбек ақсақал бастаған үлкендерi мен Мұхамеджан-
ның о жақ, бұ жағындағы туыстары Нұрханов Махмұтәлi, 
Нұрханов Бегәлi, Нұрханов Сұлтан тәрiздi бiрнеше аға-
йынды азаматтар өз елдерiне жер ауып келген менi де 
«Қытайға кеткен байдың тұқымы екен, шетте жүрген жiгiт 

306
Жанат Ахмади
қой» деп iш тартып, қолдарынан келген жақсылықтарын 
аямай жүрдi. Шәрiпбек көкемiз бiрер рет топты жерлерде 
«мына бiр жалқы жiгiттi құрметтей жүрiңдер» дегенi бар. 
Өзгелер «Қытайдың шпионы екен, КГБ жер аударыпты» 
деп менi қолымен емес, аяқтарымен көрсетiп жүрген кезде 
өз ауылдары жер аударылып көрген Нұрхановтар әулетi 
жұрттың өсегiне қарамай, басымды бағалаған едi. Әсiресе 
ақын Мұхамеджанның үйiнде Есенғали Раушанов үшеуміз 
көп бас қосатынбыз.
... Бiр қызығы – Сәбет өкiметi тұсында өздерiн қай-
қайдағы құл-құтанның, жарлы-жақыбай кедейдiң ұрпа-
ғымыз деп неғұрлым жалаңаяқ жалшы тұқымы ретінде 
көрiнуге тырысып келген бiраз пақырларымыз, ендi бүгiн 
«менiң ата-тегiм ондай болған, мұндай болған, ор-қаракөктің 
әулетiмiз» дейтiн болды!.. Мейлi ғой, оған қызғаныш жоқ, 
бiрақ қай заман келсе, сол заманның итi боп үретiн, кiмнiң 
тарысы пiссе, соның тауығы боп дән теретiн бишаралық 
күлкi шақырады. 
Мұхамеджанның әкесiнiң әкесі яғни атасы Ахмет өз 
бейнетiмен шаруа өсiрген бай болғандықтан қазақ елiнiң 
басқа да байлары қатарында Кеңес өкiметiнiң кәмпескесiне 
ұшырайды. Ауыл басшысын мал-мүлкiнен жұрдай ғып та-
қыр тулаққа отырғызған соң, өзiн жер аудармақ едi. Сөйтiп 
бастарына қауiп төнген ауыл шыбын жандарын сауғалап 
ауылбасы, әрi ел ағасы Ахмет ақсақал айнала-аумағымен 
тұтас сыпырыла, ауа көшiп Өзбекстан, Тәжiкстанға дейiн 
үдере босып кетедi.
М. Нұрханов «Жер ауу» дастанында: 
Айырып туған жерден малдыларды,
Белсендi ашкөзденiп салды лаңды. 
Әулетi Ахметтiң ауа көшiп, 
Бетке алды Самархан мен Марғұланды – 
дейдi. Мұхамеджан оқытушы болып жүрген кезiнде бұр-
қыратып өлең жазып аудандық, облыстық газеттердiң бе-

307
 Әдебиет – жан нұры 
тiн бермей жүретiн. Кейiн келе Сырдария аудандық және 
Қызылорда облыстық газетінің әдеби қызметкерi, одан 
 
кейiн күнi бүгiн Қызылорда облыстық «Сыр мектебi» га-
зетiнде жұмыс атқарып келеді. 
Алматыдан алыс жүрген ақындардың жайы мәлiм. 
Олар үшiн дер кезiнде кiтап шығара қою Сәбет өкiметi 
кезiнде де оңай бола қоймаған. Солай болса да М.Нұрханов 
«Жалын» баспасынан шыққан «Бастау», «Аңсар» топтама 
жинақтарына енген болса және осы баспадан жарық көрген 
«Көкемарал» мен Қызылордадан басылған «Бөрiнiң жүрегi» 
атты жыр кiтаптарының авторы. Ал бұл жолғы «Тораңғыл-
дың көз жасы» кiтабына ақынның соңғы жылдары дүниеге 
келген өлеңдерi енгiзiлген. Мақаламыз «Тораңғылдың 
көз жасы» дастанындағы «Жер ауудан» басталғандықтан, 
алдымен осы соқталы шығарманың былайғы тақырыптарын 
бiр қарап өтер болсақ «Тiзгiн тартар» (пролог), «Жер ауу», 
«Кеш», «Түйекештер», «Керуенбасы», «Сарықамыста», «Қа-
уышу», «Мақтааралда», «Орынбасар көшесiнде», «Төраға», 
«Қал ған сырда», «Үзiк мұң», «Келiнтөбе» (Эпилог) болып 
аяқтайды.
Дастанды оқып шыққан кiсi Жиенбет – Айбике елiнiң 
көрген зобалаңын ғана емес, сол арқылы ата қазақ ту 
тiккен қарт Қаратауды жайлаған Қоңырат ұлысының ұзақ 
жылдар бойындағы босқын көшi айқындала түскен. Автор 
кәмпеске тауқыметiнен кіндік кесіп, кір жуған туған жерiн 
тастап ауған осы руларды айту арқылы жержүзiне тарыдай 
шашылған қазақ елiнiң жапаға толы тағдырын ашқан. 
Арғы жағы Өзбек, Тәжiк, Ауған, Иран жерiне, ал мына 
шетi Қытайға қарай шiлдей тозып, бытырап кеткен қайран 
қазақ елi жайлы ойландырады. Қарғыс, налаңды кiмге 
арнарыңды бiлмей, қаның қозып, ар-намыстан толғанасың. 
Ұлтымыздың сол босқын болған бөлшектерi күнi бүгiн алтын 
тұғыр атамекенi – Қазақстанға жете алмауда! Еңбектеп болса 
да, жеткiсi барлар жоқ емес. Осы тұста басын аша кетерлiк 
нәрсе «Тораңғылдың көз жасы» поэмасы тек көтерiп отырған 

308
Жанат Ахмади
проблемалық ұлттық рухани жүгiмен ғана емес, әдемi үн, 
көркемдiк деңгейiмен де айтуға тұрарлық көркем де, табиғи 
еңбек жемiсi дей аламыз. Бұл дастан кiмнiң де болса сын 
сүзгiсiнен сүрiнбей өтедi. Ұзақ шығармадан мысал келтiрiп 
жату орайсыз. Себебi, тұтасып тұрған бiр бүтiн мүкәмал 
жиһаздың әр жерiнен шумақтар алсаң, оқырман «е, iрiктеп, 
таңдап келтiрiп отыр ғой» дейтiнi мәлiм. Көлемдi поэманың 
бастан-аяқ тұтас желiсi қалай өрiлгенiн оқыған кiсi бiле 
жатады. Тек қана оқиға өзегiнен азырақ сыр аңдатар болсақ, 
жанбағыс орайына қарай көшпендi ауылдың қайда барғанын 
бiлесiз. 
Бiр жағы Қанибадом, Бұхар ары, 
Бiр тұсы Ходженткент деп аталады. 
Осында әрiлi-берiлi кiре тартып, 
Түйекеш қалай тыныш жата алады?
* * * 
Шәрiпбек көкем едi керуенбасы,
Қырықтар шамасында, онда жасы. 
Ел бастап, райыспен тең сөйлестi, 
Айтайын әңгiменiң ол да расы.
* * * 
Оқыдық «Кәләм–Шәриб» – аятыңды, 
Иман, ар «Мұхтасармен» оятылды. 
Бiр үйдi алаламай, ақы алмай, 
Бар малды Нұрхан атам жаятын-ды.
Ес бiле Ана тiлге жарығанбыз, 
Жiгердi ұлт рухына жанығанбыз.
Бұл елдiң өз мектебi қайдан болсын, 
Өзбекше әлiппенi танығанбыз.
Барғанбыз мектебiне тәжiктiң де, 
Сабылдық көңiл жүдеп, жазық кiмде?

309
 Әдебиет – жан нұры 
Жол етiп өзбек, тәжiк екi ортаны, 
Шақ едi жүрген бiздер қажып мүлде. 
Ел қамын жедi Шәкең өбектедi, 
Ауыл ек ауа көшкен түбектегi.
– Шұбар тiл болып кетер ұрпағымыз,
Қазақша мектеп ашу керек, – дедi.
* * *
Ходженттен Шәкең келдi күлiм-күлiм, 
Нұрланып кеткендей ме күнiм бүгiн.
– Балалар оқиды ендi өз тiлiнде,
Болады жолы жарық бiлiмдiнiң, – 
Деп Шәкең мектеп жайын баяндады, 
Байқалды елде ойдың оянғаны. 
Ұзамай балшық тамнан мектеп салдық, 
Бұл iстен үлкен-кiшi аянбады.
Өздерiңiз аңғарып отырғандай, керуенбасы Шәріпбек 
бастаған барлық түйекештер керуенi соғысқа керектi азық-
түлiк астықтарды жерден-жерге тынбай тасумен болған. 
Сөйте жүрiп, ұлт намысын да ұмытпай барған жерлерiнде 
бастауыш болса да, қазақ мектебiн аштырып, Шәрiпбектей 
білгір азаматтың жат жерде күресе бiлуi шығарма арқауын 
биiктете түсуге шуағын түсiрген. Бұл шығарма желісіндегі 
көп бөлшектердiң бiр парасы.
Көштi ауыл балшық тамға жер кепеден
Хан сарай секiлдендi ол бiр кенен. 
Еңсемiз сәл де болса көтерiлiп,
Желпiнiп көкке өрледi көңiл дөнен.
Әлқисса, сәл-сәл кейiн шегiнелiк, 
Тек сақтап тәжiгiңе телiнбелiк.

310
Жанат Ахмади
Сақтадық тiлiмiздi, дiнiмiздi,
Терiскей елiненбiз, тегiн бе едiк.
Мiне, осы тұста әркiмнiң өз туған жер құдiретi және 
шыққан ұясының киелiлiгi жан дүниеңде жарқырап тұра 
қалады. Кiндiк қаның тамған топырағыңды ойлап күрсiнесiң. 
Күнделiктi күйкi тiрлiктiң тозаңына бой алдырған көңiлiңдi 
бiр серпiлдiрiп тастаған ақынға iлтипат сезiмiң оянады.
Байлық жақсы ма? – жоқ... Түнде ұрыдан, күндiз өрттен 
қорқып; көше алмастай баюдан өзгенi көздемей етегi – елпi, 
жеңi – желпi болған адамнан қайырым шықпайды. «Бай 
бауырмал болмайды, бауырмал адам бай болмайды» деген 
бар... 
Үлкен қызмет жақсы ма? – жоқ... Өзiнiң үлкен бастық 
екенi ойында тұрған және сол қызметiн онан ары үлкейтуден 
өзгені көздемейтін шенеунiктен жақсылық шықпайды. 
Ол топырағы сусығыш, екiжүздi болмаса өсе алмайды. 
Сондықтан қазақ «бектiктен түскеннiң тәубесi қабыл» деген. 
«Ақылды тақта отырған патшадан сұрама, тағынан түскен 
патшадан сұра» дегеннiң өзi де, бiраз жайды аңғартса керек. 
Ақындық пен жазушылықтың құдыретi мiне осында десек, 
М. Нұрханов тәрiздi бала жасынан өзбек, тәжiктiң мектебiн 
көрген, сонымен тiл ашқан, әрi көп жылдар әр ұлтқа кiрме 
болған ауылдың баласынан ақын шығуының өзi тiлге тиек 
боларлық әңгiме.
М. Нұрханов ежелде таулық болғанымен қазақ жерiне 
қай та оралып, ес жиып, етек жапқалы Сырдарияның батыс 
бетiндегi құмды, шөлейт даланың өзге өңiрдегi қазақтар 
бiле бермейтiн табиғатын жақсы бiлiп, етене кiрiккенiн 
аңғаруға болады. Жай адамның назарына iлiне бермейтiн 
қазақ жерiнiң аса бай өсiмдiк аттары жаратылыспен етене 
жақын ақынның қатар тұрған екi өлеңiнен-ақ көрініс береді. 
Ақынның «Құмда» атты өлеңiне назар аударсақ: 
Сүт тамып жөргемшөптiң собығынан, 
Қағады құланшайыр тобығыңнан.

311
 Әдебиет – жан нұры 
Барады Иiркөлдi бетке алып, 
Құралай төмен түскен қобы құмнан. 
Жөргемшөп, құланшайыр өсiмдiк аттары болғанда «со-
бығы» аталып отырғаны әлгі аталмыш өсiмдiктiң діңі, яғни 
жүгерiнiң мәдек-собығы тәрiздi iшкi өзегi. Мұнан былайғы 
аталмалар да сондай жергiлiктi диалектика екенiн ұғына 
отыруымыз қажет. 
Күйдiрiп күн, шекесiн жаз аптабы,
Қайтесiң, қалың шықты қазоттағы.
Шаруа кең жайлауға жете алмай,
Бұлқынар бөденедей тұзақтағы.
Шашады қызыл сәуле дүзген түзге,
Қашады әппақ қоян бүрлен күзде,
Етегiн Қызылқұмның жайлау еткен.
Ауылы Қарғабайдың iргемiзде.
Амал жоқ бауыр басып құмға мына,
Малшыңыз ойға-қырға зыр қағуда.
Отар жоқ Сарысуда баяғыдай,
Сары өзен толқын өрмей мұңдануда.
Жете алмай ынтық болдық Сарықұмға,
Жас күнiн қайран жүрек сағынуда.
Қыздары өнерлi екен Қарғабайдың,
Қобызының елiтесiң сарынына.
Жетедi қобыз үнi талып қана.
Жұлдыздар тамғалы тұр жанып дана,
– Құдаша күй тартуға шебер, – дейдi,
Қызылдан келген мұртты арық бала. 
Жас жiгiт сезiмiн де жасырмайды,
Аз емес махаббат дерт, ғасыр-қайғы.

312
Жанат Ахмади
Құм түнi бiрте-бiрте салқындайды, 
Жүректе – от қызуы басылмайды. (16 б.) 
Осымен үндес келетiн «Түн» өлеңiн оқысаңыз, М. Нұр-
хановтың табиғатты қалай жырлайтынын танисыз. 
Құм түнi.
Байғыз жылап, түлкi үредi,
Көк бөрi көк сай түсiп бүлкiлдедi.
Қолатта құдаша аулы қол созымда,
Жүрегi жас жiгiттiң лүпiлдедi.
Жанай өт, гүл тобылғы қозғалады, 
Бұта осы гүл төкпеген жаздағы әлi. 
Қалқаның аулын еске алмайды да? 
Ботаның майдақоңыр боздағаны.
Аппақ қу аппақ төстей керiледi, 
Қорғалап ай сәулесi төгiледi. 
Ақ селеу құм жотасын тырналайды, 
Құрқашаш бұрым болып өрiледi.
Мына түн, о не деген керiм едi
Қыздай боп қоянсүйек көрiнедi.
Шәйiдей аяқ бассаң, сусып құмы.
Қызылқұм келiншектей керiледi.
Құралай құм қойнында ерте жусап,
Қызылдың ұлымайды бөрiлерi. (17 б.)
Байқап отырғаныңыздай, Мұхамеджан Нұрханов Алма-
тыдағы әдебиетшi қауым ақын-жазушыларға кеңiнен таны-
лып үлгермегенiмен, автор әлдеқашан төселген, кәнiгi 
ақын дарымыздың бiрi екенiн аңдау қиын емес. Ел iшiнде 
Ал матыдағы көптен аты мәлiм ақындардан кем соқпайтын 
талай ақындар барын жұрт бiледi.

313
 Әдебиет – жан нұры 
Мақала көлемiне орай ойымызды осымен доғарар болсақ, 
көлемi 10 баспа табақтан тұратын «Тораңғылдың көз жасы», 
«Ауыл жүрегi», «Мәдияр», «Жер жүрегiнiң жылуы», «Нұх 
пайғамбардың кептерi» аталатын әрбiр еңбегi мен өлең 
бөлiмдерi «Қараймын қайран ауыл қабағыңа», «Келiнтөбе 
жырлары», «Мадақ жырлары», «Элегиялар» делiнген 
шоғырлы тақырыптар аясында нелер айтылмаған дейсiз. 
Әр тақырыптың қойны-қонышын қорғалап жатқан ой 
толқындары оқырман сезімін серпілтіп отырады. 
Көрнектi кiтап мұқабасының соңғы сыртқы бетiнде 
«Ақын Мұхамеджан Нұрханов 1947 жылы Ходжент қаласы 
маңындағы Қанибадом деген жерде (Тәжiкстан) туған.
1970 жылы Н.Б. Гоголь атындағы Қызылорда педаго-
гикалық институтын бiтiрген. Республикалық «Жалын» 
бас пасынан «Бастау», «Аңсар», «Көкемарал», Оңтүстiк Қа-
зақстан баспасынан «Бөрiнiң жүрегi» атты жыр жинақтары 
жарық көрген. Қазiр мiне «Тораңғылдың көз жасы» атты 
көлемдi кiтабы шығып отырған ақын бүгiнде Қызылорда 
облыстық «Сыр мектебi» газетiнде қызмет iстейдi» делiнген.
...Бiрақ осы уақытқа шейiн Қазақстан Жазушылар 
одағының құрметтi мүшелiгiне арыз бермей жүрген, өзiнiң 
iшкi дүниесiн ғана құдiрет санайтын М. Нұрхановқа не айтар 
едiңiз?!

314
Жанат Ахмади
КӨШПЕНДіДЕН ЖЕТКЕН  
КӨЗ – ТАЯҚ ЕДі
Күні кеше ғана арамыздан өте шыққан белгілі ақын 
Нүкеш Бәдіғүлов жайлы ойлай қалсаңыз, байырғы көшпенді 
қазақтың қылаусыз, адал бейнесі елестейді... 
Нүкеш – Нұркелді Бәдіғұловты «Көшпендіден жеткен 
көз – таяқ» деп отырғанымыздың өзі ақынның жаралыс 
болмысына, әрі күні кеше ғана көшпенді ел болған туған 
жеріне орай айтылмақ. Атамыз қазақ марқұм Нүркеш аға-
мыз сияқты үлкен-кішіге бірдей ағынан жарылып, ақта-
рылып тұратын азаматты «бір кесім арам еті жоқ еді» деп 
мүлт жібермей дәріптей білген.
«Жүректің сырын көздің нұры паш етеді» деген бар. 
Өзінің әріптестерін – ақын-жазушыларды ішкі сырымен 
ардақтап, көз нұрымен құрметтей білетін, қолынан кел-
се әр кімді-ақ жарылқағысы келіп тұратын наркөңіл 
Нүкеш Бәдіғұлов еді. Ешқашан пайым-парасаттан айнып-
аумайтын, жан баласын бөлмей тең қарап өткен ақынды 
бүгін ортамызда көзі жоқ кезде құдайшылықпен ауызға алу 
ешкімнің күншілдігін тудыра қоймас.
Бір ғажабы, Н. Бәдіғұлов 60 жасқа толғанында қалып-
тасқан дәстүрімізге айналған мерейтой құрметі бойынша 
газет-журнал бетінде бірде-бір қалам иесінің төбе көрсетпеуі 
өкінішті бола тұра, екінші жағынан той иесінің өзін бас-
қалардай тықпалап дәріптеуге жоқ адам екендігінің дәлелі 
болған. (Мерейтойлары өтерде өзіне таныс-біліс іздеп, кім 
қалай дүрлігетіні әркімнің өз ішінде қалсын). Дегенмен 
де, Жазушылар Одағының өзінде қызмет атқарып отырып, 
өзі жайлы ешкімге мақала жаздырып, ешкімге бір ауыз 
айтпағандығы білінген. Жалғыз осы әрекетінің өзі ғана 
«жұрттың бәрін киіндіретін иненің өзі иіні жалаңаш» 
демекші, сұғынғыштықты өмірінде кәсіп етпеген Нүкеңе 
сол мерейтойында өзге ел қатарлы ешқайсымыз ілтипат 
байқа 
та алмағанбыз. Н. 
Бәдіғұловтың орнында жұртты 

315
 Әдебиет – жан нұры 
иықпен ығыс 
тыра жүретін азулылау біреу болса, бетке 
 
ұстар газет-журналдарымыз бәсекеге түсе шулайтыны бе-
сенеден белгілі. Иә, өмірдің өзі осындай алалығымен, ша-
лалығымен «құнды». «Жыламаған балаға емшек жоқ». 
«Бектің ісі тынады, бейбақ төзе тұрады», деген бар... 
Ақын «Арық торы» – деген өлеңінде:
 
Аққаптал, мінсіз өткен арық торы,
Жүрдектік көңіл жықпас анық соры.
Ер батып, айыл қиып, бунап бауырын
Арса-арса сүйек қалып арып болды, – десе, немесе: 
Ер салған торы сынды маған-дағы,
Желөкпе тағдырыма бағам кәні?
Тәркі өмір тұшындырмай барады өтіп,
Торыға ұрпақ кінә тағар ма әлі,
Жауыры жазылмаған замандағы?! – деп налыса, бұл 
тек адамгершіліктің ғана қамытын мойнына киген барынша 
көнпіс, тілалшақ, тесік өкпе, піскенбас жанның айна-қатесіз 
өз болмысы. 
Данышпан қазақ «ойлының алдында көкірек керме, 
қайғылының алдында қарқылдап күлме» деген болса, 
сырттай қарағанда арқа-жарға, ақеділ қалпымен өмірден 
өткенімен ойлылық та, қайғылылық та туған ана, туған аға-
бауырынан тірі айырылған Нүкеш Бәдіғұловтың бір басынан 
ізделсе болғандай еді. 
Сөзіміздің дәлелі болуы үшін ақынның «Кәде» атты 
өлеңін толық алып қарайық:
 
«Артта қалды, артта қалды ата-ана, 
Артта қалды бауыр!.. 
Жанға батады ә?! 
Артта қалды сыйласы мен қимасы. 
Әумин деп қолын жаяр батаға.

316
Жанат Ахмади
Артта қалды тиген жері арқасы, 
Сүйікті еді сұлық тұрған жартасы.
Жастық сырын жасыратын сырт көзден, 
Қорымал еді, қорған еді Қалқасы. 
Артта қалды атқарар ел тілегін, 
Мейірімге кіл бөлейтін жүрегін. 
Арқасынан қағып ылғи дем беріп, 
Қияндарға ұшыратын түлегін. 
Артта қалды нағыз досы – тірегі, 
Наз үнінен дір етер жан – жүрегі. 
Артта қалды сақтандырып, састырып, 
Қағытары, қаржасары, күлері.
Артта қалды ойға батқан Орқашар, 
Ұзап кеткен ұландарын ол тосар. 
Майлы-Жайыр, маңғаз, Барлық қош деп тұр, 
Бұған жігіт үзілмей ме қолқасы ал?!
Бәрін, бәрін, бәрін артта қалдырып, 
Жан өзегін от-күйікке жандырып,
Атажұртты, баба рухын ән қылып,
Боздап жылап,
Бойын түзеп сан күліп,
Боздақ жігіт келе жатыр сән құрып.
Байлығым дер еркіндігін ең ұлы,
Өр талаппен зор үміті серігі. 
Атажұртқа жарар ма екен кәдеге 
Әкелгені – сағынышы, сенімі? 
Міне «тозақты көрмеген – жұмаққа мұрнын шүйіреді» 
демекші, «Байлығым дер еркіндігін ең ұлы» деп Нүкеш 
Бәдіғұлов айтса, оған нанбауыңа, иланып тұшынбауыңа жол 
жоқ. 

317
 Әдебиет – жан нұры 
Дәл осы орайда айта қалар жері, өзі сонша мейірімді,  
қан ша қайырымды жаралса да, жеке тағдыры ол үшін ең 
ет бауыры қан болып езілердей жақындарынан яғни туған 
анасынан, жатырлас бауырларынан тірі айырылып өгей, 
жетімдік өмір сүрген. Өмірдегі бар болмыс ақын болып 
жаралған ерекше пенделердің жүрек сүзгісінен өтеді. Ұлы-
лар «ақын боп жаралғандар әрі бақытты, әрі бақытсыз» 
дей тіні әлгі киелі жүрек тауқыметінен. Н. Бәдіғұлов ұзақ 
сарылып, сарғайған сағыныш дертінен және айналасында-
ғы әлдебіреулердің қи тұрқылығынан, яғни өзі өмір сүрген 
қоғамнан көңілі қалған дықтан жүрек талмасы дертіне ұшы-
раған. Қатты қуануға да, ренжуге де болмайтын диагноз 
(анамінез) алған! 
Сол үшін ғана емес, өзінің пәк, таза жаралысымен 
кіммен сөйлессе де жарқырап отырушы еді. Азар дұшпаны 
болсаң да, қас-қабағына, кіршіксіз ақ пейіліне риза болып 
отырар едіңіз. Мен өз басым бұл жағынан Нүкештей жаны 
жаз, көңілі жайлау, ақпейіл адамды ұшыратпағанмын десем 
де болады. Кездескен жерде оның алдынан дертің тараған-
дай болып ажырар едің. Қысқасы Нүкеш Бәдіғұловтың 
бір жолғы ұшырасуына зар болып отырасың. Адалдығы, 
аңқылдақтығы сондай еді. Қимастарыңнан айырылып жүріп 
сен де өтесің. Жұбаныш сол ғана.

318
Жанат Ахмади
МАЗМҰНЫ
і бөлім 
ТіЛ – ДіЛДіҢ АТҚОСШЫСЫ
Бала жүректi, баба тiлектi тектiмiз............................     3 
Iстiң жүйесiн бiлген, түйiннiң шиесiн шешедi ..........     9
Терең өзен бұлқынбай ағады .....................................   19
Піл көтермегенді – тіл көтереді .................................   30
Ереуiлге толы Алтай ..............................................   41
Көкей сандығы таза жан ........................................   49
Асқақ ұшып, абайлап түсер қыран бар ...................   61
Тіл әміршісі – ой болар .........................................   70
«Ұлы көш» – ұлы мұрат, қилы тағдыр ...................   76
Жүректің сызын жылытқан ...................................   90
Болмыс .................................................................. 103
Әр заманда бiр сұрқылтай ...................................... 108
Шығарма кiлтi – шындықта ................................... 115
«Бейiмбеттi атқан кiм?» ......................................... 123
Тілек кілті – жүректе ............................................ 129
Тұлғалы ер еді ....................................................... 135
Бағбанның маңдай тері – жемісін  
жегенге қарыз ....................................................... 141
Елге тұтқа боларлық көсем еді ............................... 152
Ақыл – тілдің құлпысы ......................................... 155
Кітаби тағлым ........................................................ 158
Зерделі де зергер жазушы ...................................... 166
Жарқ етiп сөнген жалалы ғұмыр ............................... 169
Біләл Сүлеев кiм? ................................................... 169
Барыс тон киген, барыс жүрек – Қалибек Хакiм .... 179
Әкiмдiктен әдiлдiк артық ....................................... 189
Әрі ақын, әрі жазушы еді ......................................... 194
Этнограф ғалым – Жағда Бабалықұлы  90 жаста ...... 201

319
 Әдебиет – жан нұры 
іі бөлім
ПОЭЗИЯ – ДіЛ НӘРі
Абыз ойлы, аламан ақын ....................................... 209
Қауызы қалың дән солмас...................................... 211
«Табиғат – менің ұлы анам,  
көгердім бірге бозардым» ....................................... 219
Темiрше Сарыбаев .................................................. 230
Мұнар, мұнар, мұнарым... ...................................... 234
Үш ақын – үш ағын .............................................. 240
Нәзiктiк пен жазықтық ........................................... 250
«Өлең жазбай қоям ба, баспайды деп» ........................ 262
Дария буланбай, далаға шық түспейді .................... 268
«Сезiмнiң гүлi», Қайрат Әлiмбеков ............................ 273
Қызыл тiл – жанның қуаты ................................... 282
Ой қамбасы ........................................................... 288
Шуақ пейіл – ақын іні .......................................... 292
Жан тынысы – зар шыны ...................................... 300
Тауға қарап, ұлып туған бөрi жыр ......................... 305
Көшпендіден жеткен көз – таяқ еді ........................ 314

Жанат Ахмади
ӘДЕБИЕТ – ЖАН НҰРЫ
(Рецензия, әдеби сын мақалалар, эсселер)
Редакторы Байғұл Б.
Техникалық редакторы Тлеукеева А.
Компьютерде беттеген Әшірбек А.
Теруге 07.04.12 жiберiлдi. Басуға 22.07.14 қол қойылды.  
Қалыбы 60х90 1/16. Қарiп түрi «DS Baltica».  
Офсеттiк басылыс. Шартты баспа табағы 20. 
Таралымы 2000 дана. Тапсырыс №
«Сөздік-Словарь» ЖШС, Қазақстан Республикасы
Алматы қ-сы, Жандосов көшесі, 7-11.
Тел.: +7 (727) 274 59 23
Тапсырыс берушінің файлдарынан Қазақстан Республикасы
“Полиграфкомбинат” ЖШС-нде басылды.
050002, Алматы қаласы, М. Мақатаев көшесі, 41.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет