Дәріс №4
Мектеп информатика курсының мазмұны мен құрылымы.
Бастауыш орта білім беру деңгейі бойынша мектеп информатика курсының мазмұнын талдау.
Информатика пәні мектепте міндетті түрде оқытылатын пән ретінде оқу жүйесінің барлық басқыштарына енгізілумен бірге, жыл сайын сағат саны артып, пән мазмұны жаңа тақырыптармен толығуда. Оның себебін бүкіл әлемнің ақпаратқа деген көзқарасымен байланыстыруға болады. Қазіргі кезде жалпы білім беретін орта мектептің 1,3 сыныптарында «Цифрлық сауаттылық» пәні, 4-сыныпта «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні, 5-11 сыныптарда «Информатика» пәні оқытылады.
Пәннің мазмұны мен құрылымын бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру деңгейлері бойынша қарастырайық.
Бастауыш білім беру
Бастауыш білім берудің мақсаты:
1) білімді функционалды және шығармашылықпен қолдана білу;
2) сыни ойлау;
3) зерттеу жұмыстарын жүргізе білу;
4) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана білу;
5) коммуникацияның түрлі тәсілдерін, оның ішінде тілдік дағдыларды меңгеру;
6) топпен және жеке жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру секілді дағдыларды меңгерген білім алушы тұлғасын үйлесімді қалыптастыру мен дамыту.
Бастауыш сыныптардағы сабақ форматы балаларды оқыту үдерісіне белсенді қатыстыруды, олардың өткен материалды талқылауға, талдау мен қорытуға қатысуын, зерттеу жүргізуді, бағалауға пікірлерін айтуды, өзін-өзі бағалау мен өзара бағалауды және т.б. қарастырады.
Сабақтың міндетті элементі мұғалімнің оқушыны қолдауға бағытталған әрекеттерін түзетуге мүмкіндік беретін және білім беру үдерісін жетілдіруге мүмкіндік беретін кері байланыс болуы тиіс. Қалыптастырушы бағалау кезінде мұғалім білім алушылардың санын және кері байланысты ұсыну жиілігін дербес анықтайды.
2021-2022 оқу жылында 1-сынып оқушыларының оқу жетістіктері бағаланбайды, 2-4-сыныптарда білім алушылардың оқу жетістіктері 1-ден 10 балға дейін (қалыптастырушы бағалау) бағаланады. Білім алушыларды қалыптастырушы бағалау нәтижелері электрондық/қағаз журналға қойылады. Мұғалімге балаларды күн сайын бағалау қажет емес. Мұғалім кері байланыс беру жиілігін және қалыптастырушы бағалауды балмен қоюды өздігінен анықтайды.
Бастауыш білім беру деңгейінде сыныпты екі топқа бөлу қалалық жалпы білім беретін ұйымдарда сыныптарда білім алушылар саны 24 және одан артық, ауылдық жерлерде білім алушылар саны 20 және одан артық болғанда жүзеге асырылады.
Бастауышта «Математика және информатика» білім саласының мазмұны «Математика» және «Цифрлық сауаттылық» пәндері арқылы жүзеге асырылады.
«Цифрлық сауаттылық» оқу пәні «ҚР БҒМ 2018 жылғы 31 қазандағы №604 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 5 мамырдағы №182 бұйрығының 14-тармағында бастауыш сыныптағы «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнінің атауы «Цифрлық сауаттылық» болып өзгертілді. Пән мазмұны мен оқу жүктемесі өзгертілген жоқ.
«Цифрлық сауаттылық» пәнін оқыту 2020 жылғы 27 қарашада бекітілген № 496 «ҚР БҒМ кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрығына сәйкес жүргізілетін болады (2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығына, 2019 жылғы 26 шілдедегі №334 бұйрығына өзгерістер енгізілді).
Достарыңызбен бөлісу: |