Информатиканы оқыту әдістемесінің кейбір ерекшеліктері.
Ғылым мен техниканың дамуына байланысты информатика пәнінің мазмұны үнемі өзгеріп, жаңарып отырады. Осы ерекшелігіне байланысты пән мұғалімі компьютердің түрі мен программалық жабдықталуын ескере отырып оқушыларға уақыт талабына сай білім беруі қажет.
Информатиканы оқыту әдістемесінің тағы бір ерекшелігі – оның алгоритмді «таза» күйінде үйретуді мақсат етуінде. Мұнда есептерді шешуде алгоритмдік құрылымдарды қосымша құрал ретінде қолдану, есептің қойылымына сәйкес материалдық модель құру, алгоритм жазу, нәтижені талдау кезеңдерін қамтитын іс-әрекеттер информатика пәнінде жаңаша сипат алады. Мысалы, математикадағы шамалар ұғымы информатикада сандық, литерлік, графиктік түрде беріледі, ал айнымалы шамалардың сандық мәнге ие болатыны оқушылардың білімін тереңдетеді.
Дәріс №3
Мектепте информатиканы оқыту мақсаты мен міндеті.
Мектепте информатиканың педегогикалық (жалпы білім беретін) қызметі.
Информатика пәні ақпараттық қоғамға сай маман даярлау болғандықтан ИОӘ де мектептің пәндері секілді оқушыларға білім берудің, дамытудың және тәрбиелеудің бірлігін қамтамасыз етеді.
1. Білім берудің мақсаты – оқушыларға кез келген пән бойынша уақыт талабына сай білім беру, алған білімін қоғам игілігіне жұмсай алатындай құзіреттілік қалыптастыру және оны дамыту.
Білім беру мақсаты жалпы білім беру және қолданбалы білім беру болып екіге бөлінеді.
Жалпы білім беру оқушы санасында әлемнің ғылыми келбетін қалыптастырады. Информатика пәнінде жалпы білім берудің мақсаты – оқушылардың ғылыми дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыру бағы-тына сәйкес компьютердің мүмкіндіктері мен қолданыстарын жүйелі түрде оқытуды көздейді. Оның критерийлері ретінде:
компьютердің жұмыс принципін, алгоритм ұғымын түсіндіруді;
ақпараттың түрлері мен оларды өңдеу тәсілдерін үйретуді;
программалаушы қызметінің мәнін ұғындыруды;
адамның ойлауын автоматтандыруды, т.б. атап өтуге болады.
Компьютердің жұмыс принципі табиғаттағы алгоритмдік құрылымға тығыз байланысты. Себебі, атомның кішкене бөлігінен бастап, ғалам кеңістігіне дейінгі тіршілік алгоритмге негізделген. Алгоритм ұғымын түсініп, оны құрудың технологиясын меңгеру оқушының компьютерде жұмыс істеу мүмкіндігін жетілдіреді.
Ақпараттың түрлері мен оларды өңдеу тәсілдерін білу оқушының ойлау қабілетінің жаңа қырларын ашуға мүмкіндік береді.
Программалаушы қызметінің мәнін ұғыну оқушылардың «жаңа» нәрсені жасауға деген ынтасын арттырады.
Адамның ойлауын автоматтандыру информатика ғылымының бүгінгі қол жеткен нәтижелерімен шектелмей, оның тоқтаусыз дамитынын дәлелдейді. Бұл кезде ақпараттың үздіксіз жаңарып отыратыны секілді, өңдеу тәсілдері де өзгеріп отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |