Дамытушылық.Оқушының ойын, есте сақтау қабілеттері мен сөздік қорын молайту, тез шешім қабылдап, өз оын қорыта алуға баулу.
Тәрбиелік. Сезім мүшелерінің гигиенасы мен таныстыра отыра, оларды күте білуге, кейбір қауіпсіздік ережелерін сақтай алуға, өз денсаулығына деген дұрыс қарым- қатынасқа баулу.
Сабақтың түрі: дәстүрлі
Сабақ типі: жаңа білім, дағды, іскерлік қалыптастыру сабағы
Сабақтың әдіс- тәсілдері: сөздік, көрнекілік, ойын
Керекті құрал-жабдықтар: көз байлауға арналған таза орамал, алма, шай қасық, қант, сезім мүшелерінің суреттері салынған тірек сызбасын құруға арналған карточкалар, адамның шартты белгісі, домбыра, пластмасса кубик
Сабақ жоспары: Ұйымдастыру ( 1-2 минут)
а) тірек сызбаларымен жұмыс
ә) оқулықпен жұмыс
б) дәптермен жұмыс
ІУ. Айналадағы дүниені бақылау дәптерімен жұмыс 10 мин.
У.Сабақты қорытындылау, бағалау, 5 минут
УІ. Үйге тапсырма беру, 2 минут
УІІ. Оқушылар білімін бағалау, 1 минут
Сабақ барысы. Ұйымдастыру. Оқушыларды сабаққа бағыттап алу. Бүгінгі сабақта істелетін жұмыстармен таныстыру.
Жаңа БДІ қалыптастыру. Балалар, бүгін сабақта ''Адамның сезім мүшелерімен'' танысасыңдар. ''Сезім мүшелері деген не?''- деген сұраққа жауапты бүгін сабаққа жақсы қатысып отырсаңдар біле аласыңдар. Шартты белгілермен танысып жүрміз, соның бірі –адамның шартты белгісі, ол- ( шартты белгіні тақтаның ортасына орналастыру). Адам қоршаған ортаны не арқылы сезінеді, сезінуге адамға не көмектеседі, оны қазір ойын арқылы анықтайық. Ойынға қатысатын оқушыны класс бөлмесінің есігінен шығарып, көзін таза орамалмен байлап, класқа егніземіз. Оқушы ештеңе көріп тұрған жоқтығын хабарлайды. Осы оқушыға кесілген алманы иіскетіп, не сезгені сұралады. Оқушы өзіне таныс ''алманың'' иісі екендігін айтады. ''Алманың түсі қандай?'' деген сұраққа жауап бере алмайды, өйткені көріп тұрған жоқ. ''Алма екенін қалай біліп қойды?''- деп сұрағанда, оқушылар: ''мұрны арқылы'', ''иіскеп білді'' т.б. жауаптар айтады. Оқушылардан таратылып берілген сезім мүшелерінің ішінен алма иісін білуге көмектескен сезім мүшесінің суретін көрсету сұралады. Олар мұрын суретін көрсетеді. Тақтада тірек сызбасы ''мұрын'' суретімен толықтырылып, иісті сезуге көмектесетін сезім мүшесі ''иіс сезу мүшесі'' деп аталатындығы айтылып, оқушыларға жаңа сөз үйретіледі. ''Мұрын- иіс сезу мүшесі'' деген сөзді хормен қайталалатуға болады.
Келесі оқушыны да класс бөлмесінен шығарып, көзін байлап класс бөлмесіне енгізеді. Оның қолына кез- келген затты ұстатып (қасық), не сезгені сұралады. Оқушы қасық екенін, оның ауыр-жеңілдігін, жылы- суықтығын айтады. Түсінің қандай екендігін айта алмайды. ''Қасық екендігін қалай біліп қойды?'' –деген сұраққа кластағы оқушылар ''қолы арқылы'', ''бармақтары арқылы'', ''сипап білді'', ''ұстап білді'' т. б. жауаптар айтады. Оқушылардан таратылып берілген суреттердің ішінен оған көмектескен сезім мүшесінің суретін көрсету сұралады. Олар қолдың суретін көтереді. Тақтадағы тірек сызбасын толықтыра отырып, оқушыларға ''тері- сипап сезу сезім мүшесі'' деген сөз хормен қайталатылады.
Келесі оқушыны да класс бөлмесінен шығарып, көзін байлап, бөлмеге енгізеді. Домбыра шегі тартылады (немесе екі ыдысты бір-біріне соғуға болады т. б.) ,оқушыдан не сезгені сұралады. Оқушы естіген дыбысты айтады. Басқа оқушылардан ''қалай біліп қойды?'' деген сұраққа жауап алғанда, олар ''құлағымен'', ''естіп қойды'' деген жауаптарды айтып, немесе суреттердің ішінен құлақтың суретін көрсетеді. Дыбысты естуге көмектескен сезім мүшесін ''есту мүшесі '', мүшені- құлақ дейді. Тақтадағы сызбаны құлақ суретімен толықтырып, хормен жаңа ұғым қайталатылады.
Келесі оқушыны класс бөлмесінен шығарып, көзін байлап, бөлмеге енгізіп, аузына қасықпен қант ұнтағын салып, не сезгені сұралады. Оқушы қант дәмін сезгендігін хабарлайды. Түсін сұрағанда айта алмайды, себебі көріп тұрған жоқ. Оқушылардан ''қалай біліп қойды?'' деп сұрағанда, ''тілімен'', ''дәмі арқылы'', ''аузымен'' деген сияқты жауаптарды айтып, алдыдағы суреттер ішінен ''тіл'' суретін көрсетеді. ''Дәм сезу мүшесі'' деген сөзбен таныстырып, тақтадағы тірек сызбасы толықтырылады.
Ойынға қатыспаған оқушылар ойынның әр кезеңінде не сезіп отырғаны сұралады.
-Алманы қалай сезіп қойдыңдар?
-Қасықты, домбыраны, қантты қалай білдіңдер?
Оқушылар аталған заттардың түсін, пішінін көріп, дыбысын естіп білгендерін хабарлайды.
Осыларды білуге сендерге не көмектесті?
Оқушылар алдыдағы белгілердің ішінен көздің суретін көрсетіп, ол мүшенің көз екендігін хабарлайды. Олай болса аталған сезім мүшесі ''көру'' мүшесі деп аталатындығы хабарланады, тақтадағы тірек сызбасы көздің суретімен толықтырылады.
Ойынның келесі бөлімінде '' Адамға барлығынан да қай сезім мүшесі қажеттірек?'' деген сұраққа оқушылар жауабы тыңдалады. Мұғалім барлық сезім мүшелерінің адамға қажеттігін айтады да олардың біреуінің болмауы қоршаған ортаны танып білуді қиындататыны, дұрыс сезіне алмауына әкелетіндігін түсіндіреді. Әр сезім мүшесінің адамға қандай қажеттігі бар екендігі толықтырылады.