Жаңартылған бағдарламаның мәні — баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқыту әдістерінің барлық аспектілері сындарлы оқыту теориясымен үйлеседі. Сындарлы оқыту тәсілдері білім берудің «дәстүрлі» әдістерімен салыстырғанда, оқыту кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді (Hattie, 2011). Сындарлы оқыту тәсілдері оқушылардың оқуды алдыңғы білімдерімен ұштастыра отырып, жаңа білім алуын көздейтін тұжырымдамаға негізделген. Бұл жерде ең маңыздысы: оқушылардың алдыңғы алған дағдылары жаңа дағдыларды меңгеруге үлкен ықпалын тигізеді, ал егер ол ескерілмесе, онда білім тереңге бармай, үстірт меңгерілген таяз білім болмақ. Яғни, оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек.Осы орайда бастауыш сыныптарда жаңартылған білім мазмұнымен бірге енгізілген жаратылыстану пәнінің алатын орны ерекше.
Жаңартылған мазмұндағы "Жаратылыстану"пәнін оқыту әдістемесі курсы болашақ мамандарға балаларды қоршаған ортамен таныстырудың теориялық және әдістемелік мәселелерінен білім беруге арналған. Бұл курсты меңгерген мамандар мектепке дейінгі балаларды қоршаған ортамен таныстырудың мазмұнын, көлемін, оны ұйымдастырудың формалары мен әдістерін, әртүрлі жастағы топ балаларымен жұмыс істеуді үйренеді. Оқыту мен тәрбиенің жаңа технологияларын меңгереді. Осы жастағы балаларға қоршаған ортадан беретін білім негізінде олардың ойлау қабілеттерін, байланыстырып сөйлеу шеберліктерін дамыта отырып, тіл дамыту, шығармашылыққа жетелеу талаптарын орындау да қамтамасыз етіледі.