Өтті ғұмыр, шариғатқа жете алмадым, Шариғатсыз тарихатқа өте алмадым. Ақиқатсыз мағрифатқа бет алмадым, Жолдан қалай пірсіз жан өтер, достар.
Құл Қожа Ахмет, бұл жолға салды нәпсім, Қаштым, достар, сол үшін бәңгі боп шын. Алланы айтпай, қайда енді қаңғымақсың?! – Алла деген шауық шарап ішер, достар.
Ақырзаман шайқылары сыртын түзер, Жолды бұзып, іш тазартпай, мұртын күзер. Надандығын – керемет деп, үмітіңді үзер, Рия қылып халыққа өзін сатар, достар.
Ей, ғафыл жан, ғұмырың сенің барады өтіп, Жасыңды ағыз, мінді жаннан харап етіп. Иең сені тастаған жоқ талақ етіп, Қожа сүйсе, құлын азат етер, достар.