Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар: 1 Қазақ халық педагогикасының тарихи даму кезеңдерiне сипаттама беріңіз.
2 Сақтар мен ғұндар заманындағы тәрбиеге қатысты ой-пікірлерді талдаңыз.
3 Ұлы Түрік Қағанаты тұсындағы тәрбие мен Орта ғасыр ойшылдарының тәлiмгерлiк ой-пiкiрлерiне талдау жасаңыз.
4 Қазақ хандығы кезiндегi және Қазақстанның Ресейге қосылу кезiндегi халықтық тәрбие ерекшеліктерін сипаттаңыз.
5 Кеңестiк дәуiрдегi ғылыми педагогиканың қалыптасуы мен тәуелсiз Қазақстандағы ұлттық тәлiм-тәрбиенiң ерекшеліктерін көрсетіңіз.
Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері
2.1 Қазақ этнопедагогикасы ғылым ретінде
2.2 Қазақ этнопедагогикасының атқаратын қызметтері
2.3 Қазақ этнопедагогикасының негізгі қағидалары
2.4 Қазақ этнопедагогикасының заңдары мен заңдылықтары
Негізгі ұғымдар: қазақ этнопедагогикасы, қазақ этнопедагогикасының заңдылықтары, жеті ата, шежіре.
2.1 Қазақ этнопедагогикасы ғылым ретінде Жеке халықтың немесе ұлттың (этностың) этнопедагогикасын ғылым ретінде дәлелдеу үшін ең әуелі сол халықтың, негізгі ұлттық этностық болмысын, тілін, тәлім-тәрбиелік құралдарын жан-жақты зерттеп, құрылымын айқындап, содан кейін бұл этнопедагогика сол ұлттың өзіне тән ғылым екендігін дәлелдеп, ұлттың атымен атайды. Алдыңғы дәрістерде «этнос» гректің – etnos – тайпа, халық деген сөзінен шыққандығы айтылды. Бұл ұғымға көптеген ғалымдар тарапынан анықтамалар берілген. Солардың бірі жоғарыда көрсетілген Л.Н.Гумилевтің анықтамасы. Ғалым: «Этнос дегеніміз – жер бетіндегі белгілі бір тіршілік аймағы мен әлеуметтік ортаның бірлігінде жатқан салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылық кәсібі, мінез-құлқы, тілі мен мәдени мұрасы бар халықтар тобы», - деп атап көрсеткен. Жалпы, этнос туралы анықтамаларды жүйелейтін болсақ, этнос, ең алдымен, мәдени-тілдік қауымдастық. Этностың пайда болуында аумақ пен әлеуметтік қарым-қатынас тілінің ортақтығы шешуші фактор болып табылады. Саяси кеңістіктің ортақтығы мен мен халықтың әлеуметтік және шаруашылық әдістерінің ортақтығы да маңызды роль атқарары сөзсіз.
Ал ұлт – қоғамды ұйымдастырудың анағұрлым кең тараған бірлігі. Ол – белгілі бір аумақта тарихи қалыптасқан, оның өмір сүруін қамтамасыз етіп, оған өзіндік түр беретін субстанционалды-рухани негізі бар, бірыңғай тіл, мәдени, психологиялық, ділдік өмір салты сияқты ерекшеліктер тән әлеуметтік қауым. Бұл ұғым туралы ғалымдар арасында екі түрлі пікір қалыптасқан: біріншісі – белгілі бір мемлекет азаматтарының саяси қауымы деп қарастырса, екіншісі – бір тіл мен санаға біріккен этникалық қауым деп қарастырады.
Этнографиялық топ – дәстүр, тұрмыс және шаруашылық саласында белгілі бір ерекшеліктері бар этностың бір бөлігі. Ұзақ уақыт бойы негізгі этникалық массивтен бөлектенуі немесе басқа этникалық топтармен ассимиляциялану нәтижесінде пайда болады. Орыстардың этнографиялық топтарының мысалы ретінде пушкарларды, поморларды, кержактарды, т.б. жатқызуға болады. Діни сенімге қатысты этнографиялық топтың пайда болу мысалына ежелгі заманда православиені қабылдаған шоқынған татарларды да жатқызуға болады. Этнографиялық топ кез-келген ірі ұлттардың арасында кездеседі.
Этникалық топ – этносқа қарағанда төмен таксонометрикалық деңгейдегі әртүрлі этникалық бірлестіктің түрлерін білдіретін термин. Кең мағынада, нақтылы этникаға негізделген адамдар тобы, яғни әрбір жеке адам туғаннан иемденетін әлеуметтік және мәдени бірегейлік. «Этникалық топ» ұғымы өткен ғасырдың елуінші жылдары пайда болып, «тайпа» ұғымының орнын басты. Әуел баста бұл термин биологиялық тұрғыдан өзара байланысты адамдар тобына қатысты қолданылды. Қазіргі уақытта этникалық топтар тарихы, дәстүрі, тілі, географиясы, діні жағынан бірігеді.
Ұлттық топ – белгілі бір ұлт пен ұлыстың кішкентай бөлігі; белгілі бір ұлттық ортадағы басқа халықтың аз тобы; шетелде оқитын, жұмыс істейтін немесе туристік сапарда жүрген бір ұлттан тұратын адамдар тобы. Басқа сөзбен айтқанда, ұлттық топ – бұл сол ел үшін негізгі болып табылмайтын ұлттың кішкене бөлігі. Олар, әдетте, өз ұлтымен әлеуметтік байланысының әлсіздігімен ерекшеленеді. Кейбір жағдайларда олар сол жердің негізгі тұрғылықты халқымен ассимиляцияланып, солардың тілін, салт-дәстүрін, өмір сүру нормаларын қабылдайды. Ал экономикалық және саяси-әлеуметтік жағынан ұлттық топтың өздерінің шыққан этносымен еш ортақтығы жоқ, ұқсастық тек этникалық тұрғыда ғана.
«Этнос», «ұлт», «этнографиялық топ», «этникалық топ», «ұлттық топ» ұғымдарының ара жігін айырып, осылай анықтама бере отырып, «жер бетінде белгілі бір тіршілік аймағы мен әлеуметтік ортаның бірлігінде жатқан салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылық кәсібі, мінез-құлқы, тілі мен мәдени мұрасы бар халықтар тобы» ретінде өмір сүріп отырған қазақ халқы бүгінгі жаһандану заманында тарихтан өз орнын алған тәуелсіз ел – Қазақстан Республикасының мемлекеттігінің негізі болып табылатынын атап айтқымыз келеді. Олай болса, қазақ этносының негізгі ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, тілін, тәлім-тәрбиелік құралдарын жан-жақты зерттеп, құрылымын айқындайтын ғылым қазақ этнопедагогикасы болып табылады.
Қазақ этнопедагогикасы дегеніміз – қазақ философиясы, этностар теориясы, этнопсихология және мәдениет теориясы ғылымдары тоғысқан, аталмыш ғылыми пәндердің фундаменталдық ережелері мен әдіснамалық негіздеріне сүйенген педагогика ғылымының ажырамас, біртұтас бөлігі. Қазақ этнопедагогикасы қазақтың халық педагогикасын зерттейді. Еліміз егемендік алған тұста (1991 ж.) жас ұрпаққа этнопедагогикалық білім беру қажеттілігі айқындалып, аталмыш ілімнің ғылыми-теориялық негіздері жаңа заман талаптарына сай қайта жасалды.
Қазақ этнопедагогикасының нысаны: ұлттық және дәстүрлі-тұрмыстық, этнопедагогикалық мәдениет.
Қазақ этнопедагогикасының пәні: қазақтың этникалық тәрбиесі үздіксіз үрдіс тұрғысынан адаммен өмір бойы жүреді.
Нәтижесі: этникалық құндылықтарды, этноәлеуметтік рөлдерді, этникалық нормаларды меңгеру, этникалық сана-сезімін, өзінің халқына, оның тарихына, тіліне, мәдениетіне жағымды қатынасын қалыптастыру.
Қазақ этнопедагогикасының мақсаты: Бойында ақыл, қайырымдылық, еңбекқорлық қасиеттері бар жан-жақты жетілген, кемел адам тәрбиелеу.
Міндеттері:
Педагогикалық ғылымдар жүйесінде қазақ этнопедагогикасының орнын анықтау,