Себу тереңдігі дискілі шүмекті тұқымсепкіштермен 2-3 см тереңдікке жүргізіледі. Жеңіл сазды топыраққа тұқым 5 см тереңдікке енгізіледі. 1 га қолайлы себу мөлшері: көпжылдық шөптер ұлтанына 7-8 млн, ал екпе сүрі жерге (мелиоративтік танапқа) 6,0-8,5 млн өнгіш тұқым. Себу СЗ-3,6, СРН-3,6 тұқымсепкіштерімен тар қатарлы немесе тоғыспалы әдіспен атқарылады.
Тұқым себіліп болысымен 2-3 күннің ішінде атызға 10-15-20 см деңгейде суға бастырылады. Бұндай процестер аймақтық ерекшеліктеріне байланысты жүргізіледі. (Жаңақорған ауданы-орташа ауыр топырақ, Қармақшы ауданы- ауыр сазды топырақ). Күріштің өну процестерін аймақтың және күріштің сорттық ерекшеліктеріне байланысты 8-10 күн мерзімінде судың тереңдігі 3-5 см деңгейге дейін төмендетілуі тиіс. (Судың қашыртқыға жіберілмеу себебі, суда еріген қоректік заттарды күріштің өсіп- дамуына пайдалану үшін топырақ құрамында сақтап қалу қажет).
Осы мерзімдерде күріш сорттарына сәйкес өніп-өсу кезеңдері басталады. Күріштің түптену кезеңі аяқталысымен атыздағы су деңгейін қайтадан 15 см дейін көтеріп, күріш қамырланып піскенге дейін осы деңгейде ұстайды. Мұнан кейін су беру тоқтатылады. Судың топыраққа сіңуі мен булануымен, оның атыздағы деңгейі төмендейді. Қамырланып пісудің соңында атыздағы қалған суды қашыртқыға жібереді.
Күріш өнімін өндірудегі технологиялық процестердің ең шешуші де негізгі кезеңі, оларды ысырапсыз, техниканың көмегімен жинап алу жұмыстары болып табылады. Күріш егісін ору алдында атыздар толық құрғатылуы тиіс. Сыр өңірінде күріш дақылы өнімін жинауды бөлектеп жинау әдісімен жүргізеді. Бұның негізгі өзгешелігі – күрішті орып және бастыру жұмыстары бір мезгілде жүрмейді.
Орып дестеленген масса ауада кептіріліп, сонан кейін 2-3 күн уақыт өткізіп барып бастырылады. Күрішті жалға салып оруда, соңғы жылдары ТМД елдерінде шығарылған ЖРК-5 және ЖРС-5, канадалық МакДон дестелегіштері қолданылады. Жалға орылып, дестеге салынған күрішті ресейлік ЕНИСЕЙ-1200Р, алыс шетелдерде шығарылған Джон Дир, Кейс, Класс, Лаверда комбайндарымен бастырады [7].