Курстық жұмыстың мақсаты: берілген тақырып бойынша теориялық талдау жасау мен оның негізгі ерекшеліктерін, дамуын сипаттау болып табылады. Курстық жұмыстың міндеттері:
берілген тақырыпты теориялық сипаттау;
қазақ әдебиетінің дамуын сипаттау;
қазақ әдебиетіндегі ерекшеліктерді ашу;
Курстық жұмыстың құрылымы: кіріспе негізгі бөлім, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 1960-2000 жыл кезеңіндегі әдебиеттің әдеби-эстетикалық, саяси әлеуметтік және тәуелсіз ұлттық даму жайы 1.1 1960-2000 жылдардағы әдебиеттің даму өрісі 1960-2000 жылдарыәдебиет саласындағы жаңаша ізденістің бір үлгісін Мұхтар Әуезов көрсетті. Ол «Өскен өркен» (1962) романы арқылы бүгінгі күн тақырыбын игеруде өзгеше ізденіс танытты. Әдебиетте өз замандастарының бейнесін этикалық түрде бейнелеуді ойлаған жазушы өмірінің соңғы кезінде республиканы көп аралап, еңбек адамдарымен танысып, өмір сырына ой жібере қарады. «Өскен өркенде» ол Қазақстандағы бүгінгі мал шаруашылығының жайы және онда еңбек етіп жүрген адамдар тағдырын суреттеуді мақсат ете отырып, сонымен байланысты моральдык-этикалық, ұлттық дәстүрлер мен олардың жаңаруы, салт-санадағы ескі ұғымдар мен өзгерістер, жаңа адамды тәрбиелеу мәселелері тәрізді көптеген проблемаларды қозғады. Осы негізде Қазақстанды мекендейтін халықтардың бүгінгі қарым-қатынастарына үңілді. Өмір шындығын әрқашан қат-қабатымен көтеріп үйреніп жазушы бүгінгі тіршіліктің де күнгей жағын ғана қаузамай, дамуға бөгет болып отырған қиындықтар мен қайшылықтарды шыншылдықпен ашады. Романның бүкіл сюжеттік-композициялық, идеялық-көркемдік негізінен туатын қорытынды – мал шаруашылығын өркендетудің сенімді шараларын ойласудың қажеттігі (өмір бойы мал басының өсуіне бөгет болған жұт әлі бар, малшылардың көшпелі күйінде өзгеріс аз) мен сападағы ескілікпен аяусыз күресу (Айсұлу – Сағит оқиғалары) керектігі. Мұны жазушы кейіпкерлердің белсенді әрекеті мен іскерлігін күтіп отырған проблема етіп көтереді. М. Әуезов «Өскен өркен» арқылы қазақ әдебиетіндегі ұнамды кейіпкерлер туралы ұғымды кеңейте түсті. «Біздің замандасымыз – барша қауымның бақытын тілейтін, жалпақ дүниенің жан лебін жүрегімен ұғатын адам. Оны тебірентетін нәрсе жоқ - ел өмірі, достар мен қастар жайлы ойын бөледі, саясат та, ғылым да, өнер де, еңбектегі жеңіс пен жетімсіздік те, отаршылдыққа қарсы күрес те - бәрі-бәрі де оны толғандырады. Жеңісіміздің әр сәті - Кеңес еңбеккерінің жан-жүрегінің жарқ еткен сәулесі, жалт еткен ұшқыны іспетті. Ол өзі осындай адам»,- деп жазды ол «Қазіргі роман және оның қаһарманы» атты мақаласында. «Өскен өркенде» Мұхтар осындай қаһарманның жаңа үлгісін жасауға ұмтылды. Оның кейіпкерлері – бүгінгі заманның, қажырлы, жан-жақты білімді, адамгершілік мінездерді бойына жинақтаған тұлғалары. Олардың іс-әрекетінің өлшеуіші – қызмет емес, қоғам алдындағы жауапкершілік пен адамшылық игі қасиеттер Нил Карпов, Алмасбек Жайлыбеков, Әсия, Әлім, Ақан, Медет, Сағадат, тағы басқалардың бәрін де жазушы осындай жаңа қасиеттер тұрғысынан іріктеген. Мақсат, тілек бір болғанмен, олар характер есебінде дара-дара. Көркем прозадағы шағын жаңалықтарын кең ашып, адамдардың өсу жолының күрделілігін көрсету, сол арқылы дәуір ерекшеліктерін диалектикалық тұрғыда танытудағы осы бастама Т. Ахтановтың «Боран» (1963) романында жақсы қолдау тапты. Жазушы онда күресте шыныққан, бойында рухани қуаты мол, моральдық сапасы биік еңбек адамының жаңа бейнесін жасады. Шығарманың сюжеттік желісінде ұзақ сонар баяндау жоқ. Ондашопан Қоспанның малымен ақтүтек боран астында қалып, бір отар қойды қалай аман алып қалу жолындағы арпалысы суреттеледі. Сол арқылы Тахауи Қоспан тағдырына, оның ішкі сырына, ол бастан кешкен дәуірдің өзгешеліктеріне үңіледі. Боранмен атыса жүріп, өз басынан кешкен өмір белестерін еске алады, терең ойға батады. Шығарма композициясын ұстап, тұтастырып тұрған да осы ойлар, қаһарманның ішкі монологы. Қоспан тағдырына үңіле қарасақ, оны тағдыр маңдайынан сипап өсірмегенін көреміз. Ол ылғи өмірдің кедергілеріне кездесіп, соларды көре жүріп өсіпті, өмірдің зіл салмағын көтеріпті. Көрген рахатынан бейнеті көп осы азаматты қажытпай алып келе жатқан – Қоспанның өмір сүйгіштігі, жан дүниесінің тазалығы, рухани байлығы. Жазушы шығарма идеясын осыны көрсетуге құрады. Осы бір тұстан әдебиетке қойылған талап – өмір шындығын жеңіл етіп көрсетпей, кейіпкер бейнесін терең тартыста, күресте таныту Тахауиша жаңа ой салғаны көрінеді. Қоспан бойында еңбек адамына тән іс-әрекет, көзқарас мол. Жаратылысында қарапайым, адал, жұртқа сенімі мен сүйіспеншілігі мол Қоспан – қысылтаяң күндерде қайраттанып кететін ер. Майданда взвод командирі Қасболаттың адьюданты бола тұрып, ол шегініп бара жатқан әскерлерге мүмкіндік беру үшін жау тосқауылын бөгеуге сұранып қалады. Осы ұрыста есін білмей жараланып, жау қолына түседі. Тұтқын лагерінде азаптар шегеді. Лагерьден қашып, ұсталып, неше түрлі қинау көреді. Бірақ ол тағдырына налымайды, көнбістік танытады, мойымайды. Соғыстан соң туған ауылына келген ол жұмысқа орналаса алмайды. Жау тұтқынында болған адамға сенімсіз көзқарас оның алдынан шығады да тұрады. Ауданда басшы қызметте отырған Қасболат та көмектесе алмайды. Ақыры жұмыс таңдап үйренбеген Қоспан тері-терсек жинайтын мекемеге кілтші болып орналасады. Мекеме бастығы Жаппаспай деген алаяқ қу екен, Қоспан оның алдампаз, екі жүзділігін бетіне басып айтады да, ауылға шопандыққа кетіп отырады. Ал, шопан өмірінің қиындығы бір басқа. Қарауындағы мал қамын ол ойлағанмен, басшылар ойламайды, оны табиғатқа тәуелді етпей бағуға жағдай жоқ. Колхоз басқармасына айтқан ұсыныстар қолдау таппайды. Сөйтіп, мал боранда қалды. Долы боранда мал бір жағынан үсікке ұшырайды, екінші жағынан қасқыр қырады. Астындағы атын да қасқыр жарып, өзі жаяу қалады. Тахауи осының бәрінде де Қоспанды орнықты, ісіне адал, сенімді, тәуекелі де, жауапкершілігі де күшті характер етіп бейнелейді. Өмірде сәтсіздікке көп кездессе де, ол жауапкершіліктен тайсақтап, қорқақтық көрсетпейді. Командиріне еріп кетіп қалуға болатын адьюданттың жауды бөгеуге сұранып қалуы, қашып шығудың қиын екеніне жарамай, жау лагерінен кетуге жасаған әрекеттері, Жаппасбаймен қақтығыс, малды шөп азайған тұста қолға қамамай, далаға алып шығуы оның тәуекелшілін, өзі бет алған ісіне беріктігін танытады. Ол еш уақытта ақтала сөйлемеген өзіне сену, өзінің тазалығына сену – оның басты адамдық сапасы. Ойланғанда ол көрген қиыншылықтарын емес, соны тудырып жатқан жағдайларды еске алады. Тұтқында болғаны мұның бетіне неге шіркеу болады? Оның еркімен жауға берілмейтінін, ержүрек жауынгер болғанын Қасболат білетін еді ғой, ол неге ара түспейді? Неге өзі басқалармен бірге күдіктене қарайды? Ауыл басшылары неге мал бағу жағдайын жақсартуға енжар? Осы ойлар Қоспанды қинайды. Шығарма осылай проблемалығымен, кесек характерімен бағалы. Адамның рухани күші тағдырдың қандай қыспаққа түссе де, оны ілгері жетелейтін, еңсесін түсірмейтін биік саға екенін Тахауи терең аша білді [1, 52]. Мал шаруашылығын өркендету шараларын проблемалық тұрғыда көтере отырып, ондағы адам тағдырының әр-қилы өзгешеліктеріне көңіл бөлу Т.Әлімқұловтың «Ақ боз ат» (1962) романында да байқалады. Мұнда қазақтың қанына сіңген жылқы құмарлық, жүйрік ат баптау, бәйгеге қосу, сонымен бірге сауықшылдықты қызық көрген елдің дәстүрлі кәсібі мен өнері кең бейнелі сурет табады. Біркімбай бейнесінен осындай қазақтың табиғатын, еңбекқорлық, адамилық ар-намыс, борыш атаулыны бағалайтын тұлғаны танысақ, өмірі еңбекпен өткен Гүлбаршынның да тұтас характерін көреміз. Оның бейнесін жасауда жазушы отызыншы жылдардың ауыр кезеңі оқиғаларына сүйенген. Бұл жылдардағы Кеңестік жалған белсенділік «Алтын тіс» - бойында жинақталған. Ұсақ мінезді, пасық Қараштың типінде де іштарлық, көре алмаушылық мінездердің айқын көрінісі бар. Бұл жылдардағы ауыл еңбеккерлері жайлы романдарды Қазақстанда тың көтерумен байланысты туған жаңа туындылар толықтырды. Бұлардың ішінде С. Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй», 3.Шашкиннің «Сенім» романдары көрнекті орын алады. «Жапандағы жалғыз үй» – тың игеру тақырыбына арналды дегенмен, шаруашылық мәселелерін емес, адам тағдырын, оның өсу, өзгеру психологиясын тартымды суреттеген шығарма. Онда елдегі әлеуметтік өзгерістер бір отбасының тағдырына байланысты көрсетіледі. Жазушы онда заманның, уақыттың адамға, оның тағдырына кайшылықты әсер етіп жатқанын атады. Тың көтеру ісі де қайшылықты. Жапандағы жалғыз үйдің құлауы, бір жағынан, жаңарып жатқан тіршіліктің ықпалы болса, екінші жағынан, шаруаның жеке меншікшіл сезімінің күйреуін аңғартады. Коллективизация кезінде де солай болған. Шаруаны жерден айырған. Ескі дәстүр, ұлттық ұғымдар шектеле бастады. Сәкен мұны ашып айтпағанмен, характерлер, адам психологиясы арқылы танытады. Адам өмірі, олар көрген, жақсылық пен зорлық та сабақтас, Күргерей әңгімесінен, мұны анық түсінеміз. Жер ана жаңа адамдардың қолына тиді. Тағдыры не болады? Олар қайда апарады? Үлгі тағдыры, не күйге түседі? Роман осы тәрізді көптеген сұрақтар қояды [1, 57].