2023-2025 жылдарға арналған
ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша
жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа қатысуға өтінім
2. Түсіндірме жазба
1. Жалпы ақпарат
1.1 Жоба тақырыбының атауы – Қазіргі қазақ айтысындағы дәстүр мен шеберлік
1.2. Өтінім берілетін ғылымды дамытудың басым бағытының атауы: 7. Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер
1.3. Өтінім берілетін мамандандырылған ғылыми бағыттың атауы, зерттеудің түрі: 7.2. Гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі, қолданбалы, пәнаралық зерттеулер:
7.2.6. Қоғамды жаңғырту жағдайындағы тарих пен мәдениеттің, әдебиет пен тілдің, дәстүрлер мен құндылықтардың ортақтығы.
1.4. Жобаның басталатын және аяқталатын болжамды күні, оның айлармен көрсетілген ұзақтығы: басталуы: 01.02.2023, аяқталуы: 31.12.2025 (36 ай)
1.5. Гранттық қаржыландырудың сұралатын сомасы (жобаның бүкіл іске асырылу мерзіміне және жылдар бойынша, мың теңге): 54 000 000
1.6. Сарапшыларды іріктеу үшін өтінімнің саласы мен бағытын сипаттайтын түйін сөздер: айтыс, типология, поэтика, мәдени дискурс, ақындық мектеп, мәдени мұра, өнер, шығармашылық, авторлық бейне.
2. Жобаның жалпы тұжырымдамасы
2.1. Кіріспе бөлім
Жоба Қазақстанның барлық өңіріндегі қазіргі айтыс ақындары шығармашылығын Қазақстандық мәдени дискурста зерттелуін кешенді қарастыруға бағытталған. Жоба тақырыбының негізгі идесы, өзектілігі ежелден қазақтың дәстүрлі поэзиясы, әншілік-ақындық өнері, сал-серілік мәдениеті қалыптасқан еліміздің әр өңірі бойынша айтыс ақындары әлемінің жеке авторлық бейнесін сипаттау болып табылады.
Ұлттық өнерді дамытушы, айтыс мектебін жалғастырушы, тәуелсіздік кезеңінде танылған Баянғали Әлімжанов, Құдайберлі Мырзабеков, Арман Бердалин, Әбілқайыр Сыздықов, Жібек Шахмарданқызы, Қонысбай Әбіл, Әсия Беркенова, Айбек Қалиев, Жадыра Құтжанова, Ринат Зайытов, Айнұр Тұрсынбаева, Мэлс Қосымбаев, Мұхамеджан Тазабек, Серікжан Қажытай, Бекарыс Шойбеков, Әселхан Қалыбекова, Тәушен Әбуова, Балғынбек Имашев Аманжол Әлтаев, Досымхан Қапбасов сынды айтыскер ақындардың шығармашылықтарын атаймыз.
Зерттеуге негіз болған айтыс ақындарының шығармашылығын, жеке авторлық бейнесін сипаттау арқылы мәдени мұрамызды жаңғыртуға, ұлттың мәдени кодын дамытуға бағытталған.
2.2. Жобаның мақсаты - айтыс ақындарының өмір деректерін, ақындық ортасы мен дәстүр жалғастығын анықтау; қазақ поэзиясындағы өнер тұлғаларына тән қасиеттерін жүйелі және жан - жақты жинақтау; ақындардың шығармашылығын жүйелі поэтикалық тұрғыдан талдау арқылы ақындық, жыршылық даралықтарын, айтыстағы әдіс-тәсіл қолдану шеберліктерін анықтау; өскен ортасы, шығармаларының жанрлық, тақырыптық ерекшеліктерін сараптау; ақындық мұраларына поэтикалық тұрғыдан талдау.
2.3. Жоба міндеттері
1.Айтыс мұраларын зерттеудің методологиясын негіздеу және сипаттамасын жасау. Аймақтық айтыс өнерін тарихи, тақырыптық ерекшелігі тұрғысынан жүйелеу. Қазақстанның барлық өңірлері бойынша қазіргі айтыс өнері өкілдерінің шығармашылығын этнолингвистикалық, лингвомәдени тұрғыдан талдау, жүйелеу. Ғылыми зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізін құрайтын кем дегенде 100 дереккөзге аналитикалық шолу. Қазақстанның әр өңіріндегі қазіргі айтыс ақындары шығармаларының түпнұсқа мәтіні негізге алынып, дәстүрлі халық өнерінің заңды жалғасы екендігі анықталады.
2. Айтыс мектебі тұлғалары шығармашылығының көркемдік-эстетикалық өрісін, жаңашылдығын пайымдау, таразылау. Бұл тұлғалардың Қазақстандық мәдени дискурстағы алатын орны мен маңызын саралау. Еліміздің әр аймағындағы айтыс ақындарының сөз жарысы өнерін игерудегі, жетілдірудегі үлесі, суырыпсалмалық шеберлігі мен кәсіпқой өнер өкілі екендігі анықталады әрі көркем ерекшеліктері тұрғысынан жан-жақты талданады.
3. Айтыс өнері өкілдерінің шығармашылығын танымдық когнитивтік тұрғыдан анықтап, топтастыру. Айтыс мектебі тұлғаларының өнерпаздық болмысын айқындап, ғылыми айналымға енгізу. Айтыс өнері тұлғаларының мұраларына, өмір деректеріне жалпы сипаттама жасау. Айтыс ақындарының баспасөз беттері мен әлеуметік желілерде жарияланған өлең жырлары мен кітап болып жарық көрген шығармаларын және жекелеген үнтаспаға түскен айтыстарын жүйеленіп, ел арасына ауызша тарап кеткен мұралары жинақталады. Айтыс мектебі өкілдерінің шығармалары негізінде библиографиялық көрсеткіш жасалады, глоссарий түзіледі.
4. Тәуелсіздік тұсында айтыскер ақындар ұлттық өнердің тынысын ашты. Халық санасында азаттық рухы оянып, айтыскерлер ұлттық дүниетанымды танытушы, ұлттық идеологияның жалынды жыршыларына айналды. Айтыс өнері мүлдем жаңаша сипат алды. Қазіргі айтыстың қоғамдық мәні мен әлеуметтік мәні тәуелсіздік тұсындағы айтыскерлер туындыларының түпнұсқа мәтіндерін зерттеп-зерделеу негізінде қарастырылады. Әр ақын айтысының көркемдік өрнегіне, автор стиліне талдау жасалады.
5. Аймақтық айтыс мектебінің теориялық мәселелерін әлемдік әдебиеттану мен фольклористика, тілтану контексінде қарастыру. Қазіргі Солтүстік және Орталық Қазақстан өңірі айтыс ақындарының айтыстағы өзіне тән бейнелеу құралдары айқындалады. Айтыс ақындарының сөз өнері мен саз өнерін қатар, біртұтас меңгерудегі қарым – қабілетін оны үздіксіз жетілдірудегі жетістіктері дәлелденді. Айтыс ақындарының айтыстағы мақам мен ырғақ, буын, бунақ, мәселелерінің табиғаты салыстырмалы әдіспен поэтикалық табиғаты танылады;Science Citation Index Expanded Web of Science деректер базасында және (немесе) Scopus деректер базасында индекстелетін ғылыми басылымда 1 мақала жариялау. Жобаның аралық нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдарындағы, әлеуметтік желілердегі басылымдарда және университеттің ғылыми –техникалық кеңесіне ұсынылады (кемінде 5).
6. Қазіргі Солтүстік және Орталық Қазақстан өңірі айтыс ақындарының айтыс мектебін қалыптастырудағы рөлін нақтылау. Қазіргі Солтүстік және Орталық Қазақстан өңірі айтыс ақындарының замандас және кейінгі ақындармен үндестігі, дәстүр сабақтастығын анықтау. Ғылыми талданған, сұрыпталған зерттеу нәтижесі бойынша ҚР БҒССҚК ұсынған басылымдар тізіміне енгізілген ғылыми журналда 2 мақаланың және ғылыми монография жариялануы.
Достарыңызбен бөлісу: |