Жұмабек кенжалин қалам қанаты



Pdf көрінісі
бет15/22
Дата12.02.2017
өлшемі2,9 Mb.
#3983
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   22

ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ 
ЖЕЛМАЯСЫ
Жеңілді ойлап, саязда қалқымаған
Осыдан  тура 45 жыл  бұрын  сонау  Көкше  өңірінің  бір 
түкпірінен  талаптың  тұлпарына  үзеңгі  салған  жас  талант  
былай деп үн қатты:
Демеймін жаны жұмбақ, жалқы жаспын –
Бірақ арзан күлкіге шалқымаспын.
Өз ойым бар, өмірде өз орным бар,
Жеңілді ойлап, саязда қалқымаспын.
Əдебиет əлеміне осылайша өзіндік берік байламмен, сөз 
өнерінің қадір-қасиетін ерекше бағалап, серт беріп келген 
бұл жас өреніңіз Ақтай қарттың ұлы Сарбас бала еді.
«Жеңілді ойлап, саязда қалқымаспын». Осы өлшем, ой-
лап қарасаңыз, біз шығармашылық жолына барлау жасағалы 
отырған  қаламгердің  ғұмыр  жолының  өлшеміне  айналған 
екен. Егер алдына кітап шығаруды ғана мақсат етіп қойған 

256
жан  болғанда  осы  күнгі  кейбіреулер  сияқты  одан-бұдан 
шатып-бұтып, оптап-соптап бүйеңді, бүйірлі кітап шығара 
беруіне əлдеқашан-ак болар еді. Сəкең өйтпеді. Ол о бастан-
ақ  Сөз  өнерінің  киесіне  бас  иді,  оған  адалдық  танытты. 
Талғам  таразысының  өлшемін  биіктете  білді.  Сондықтан 
болар  оның  қаламынан  туған  тырнақалды  дүниелерінен 
бастап  күні  бүгінде  оқырманның  көзайымына  айналған 
«Ханзаданың  қасіреті», «Қазақ  ханымдары», «Оқжетпес» 
кітаптары  секілді  туындылары  жылдар  бойы  шеберлік 
ұстартудың, шындаудың жемісі дер  едік. Аз жазса да саз 
жазатын таланттар дəстүрінің тамаша үлгісі дер едік.
Əдебиет əлемінде əуелі жас ақын болып танылған Сар-
бас Ақтаев бертін деректі прозалық шығармаларымен жұрт 
ілтипатына  бөлене  бастады.  Бұл  туралы  кезінде  Жұбан 
Молдағалиев былай деп жазды:
«С.Ақтаев  ежелгі  қазақ  жерінде  күн  сайын  болып 
жатқан  жасампаздық  істерді,  халықтың  ерен  еңбегін  шы-
найы  шыншылдықпен  кестелей  біледі.  Бұл  жағынан  ол 
шеберліктің шын үлгісін көрсетіп жүр». 
Туған  əдебиетіміздің  тамаша  тарландарының  бірінің 
осылайша  Сəкең  шығармашылығына  əділ  баға  беруі 
кездейсоқ емес, əрине.
Əдеби ортаның осындай лайықты ілтипатына бөленуінің 
астарында  жылдар  бойғы  ізденістің,  шын  қиналыстың  ізі 
сайрап жатқаны ақиқат. Бұлай дейтініміз, ол ұзақ жылдар 
əдебиетшілік,  жазушылық  өнерді  журналистік  кызметпен 
қатар алып жүрді. Оның шындығына мына деректерге көз 
жүгіртсеңіз жетіп-ақ жатыр. 
1958  жылы  оның  ұзақ  жылғы  зейнеті  мен  бейнеті 
алмағайып түсіп жатқан журналистік жұмысы басталады. 
Алғаш  Көкшетау  облыстық  газетінде  əдеби  қызметкер, 
бөлім  меңгерушісі  болған  ол  бірер  жыл  республикалық 
«Ара-Шмель»  журналында  саяси  сатирамен  шұғылданды. 
1965 жылдың басында Алматы облыстық «Жетісу» газетіне 
Бас  редактордың  орынбасарлығына  шақыртылып,  одан 
бірінші орынбасар болып тоғыз жылдай қызмет етті. 

257
Қаламы  кəміл  шындалған  тұста  ол  шығармашылық  
ғұмырының он жеті жылын республика баспасөзінің қара 
шаңырағы – «Социалистік  Қазақстан» (қазіргі  «Егемен 
Қазақстан») газетіне берді. 1973 жылдың қарашасында бас 
редактордың  орынбасары  болып  келген  ол  кейін  бірінші 
орынбасар болып ұзақ жыл еңбек етті. 
1990 жылы республика Жоғарғы Кеңесі мен Үкіметінің 
үні – «Халық  кеңесі»  газетіне  бас  редактор  болып  сайла-
нып, айтақырдан айбынды газет жасады. Ал 1994 жылдың 
наурызынан бастап республикалық ежелгі басылымдардың 
бастысының  бірі – «Акиқат»  журналының  бас  редакторы 
болып  тағайындалды.  Күні  бүгінге  дейін,  зейнеткерлік 
демалысқа  шықканнан  кейін  де  ол  осы  журналда  жемісті 
еңбек етіп келеді.
Біле  білген  жан  журналистік  еңбектің  бағы  мен  сы-
рын  оңай  ажырата  біледі.  Бейнеті  мен  зейнеті  алмағайып 
түсіп жатқан осы мамандықты мақтаныш ете білген Сəкең 
күндізгі  өндірістен  қолы  сəл  босай  қалған  шақта  көркем 
шығарма жазумен айналысты.
Сонау 1963 жылы жарық көрген «Тұңғыш кітап» өлеңдер 
жинағынан бастап ол əдебиеттің барлық жанрында, əсіресе, 
деректі  проза  мен  əдеби  публицистика  саласында  өндіре 
еңбек  етті.  Оның  шығармаларында  өміріміздің  көкейкесті 
мəселелері,  замандастарымыздың  жарқын  бейнесі  өз 
айшығын  тапты.  Сол  себепті  де  кітаптары,  очерктері  мен 
əңгімелері қазақ деректі əдебиетінде лайықты орын алады.
Жазушы  қаламынан  туған  «Дала  туралы  толғау», 
«Бұлар бірінші болып еді», «Қапшағай хикаясы» кітаптары 
өміріміздің  алуан  қырын  бейнелесе, «Абылай  хан», 
«Ханзаданың қасіреті» «Қазақ ханымдары» кітаптары əдеби 
публицистикалық бедерімен, тарихи тың дəйектерімен да-
раланады. Оның Абылай хан, Шақшақ Жəнібек, Хан Кене, 
Айғаным, Батыр Бопай, Науан Хазірет, Зілқара жайындағы 
тарихи эсселері тың деректерге толы. Ал 2001 жылы «Жібек 
жолы» баспасынан жарық көрген «Оқжетпес» кітабы оның 
ұзақ жылғы ақындық еңбегінің қорытындысы іспетті.

258
Сондай-ақ  ол  əлемдік  жəне  классикалық  орыс  əдебиеті 
туындыларын  аудару  саласында  да  талмай  тер  төгіп 
келеді.  Оның  еңбегі  арқылы  қазақ  оқырмандары  Э.Сетон-
Томпсонның, Теодор Драйзердің жəне Михаил Шолоховтың 
басты-басты  əңгімелерімен,  В.А.Обручевтің  «Жұмбақ 
жер», Н.И.Ановтың «Əн қанаты», А.Джаппарзаденің «Елге 
қайт», Альбер Камюдің «Оба», Кнут Гамсунның «Аштық», 
«Орман тəңірі», «Махаббат мұңы» романдарымен, сондай-
ақ  Р.Фрайерманның  «Түз  тағысы  Динго»,  Б.Китановичтің 
«Жаужүрек» повестерімен, Д.Мамин-Сибиряктің «Қыр хи-
каяларымен» танысты.
Оның тəржімашылық қызметінің тағы бір нəтижесі ұлы 
ғалымымыз  Шоқан  Уəлихановтың  негізгі  шығармалары-
ның  қазақ  оқырмандарына  жетуі.  Сондай-ақ  ол  əр  жыл-
дары  А.Пушкиннің,  Т.Шевченконың,  И.Тургеневтің, 
А.Майковтың  өлеңдерін  аударып,  көпұлтты  кеңес 
əдебиетінің көрнекті өкілдерінің жырларын қазақ оқырман-
дарына жеткізуге атсалысты.
Біз сөз басында Сəкеңнің шығармашылық лаборатория-
сының бір қырына тоқталып, ақындық даңқка бөленбегені-
мен қазақтың қара өлеңінің қадір-қасиетін жете білетін, оны 
қастерлей білетін азамат қаламгер екендігіне көз жеткізуге 
тырыстық. Осы тұрғыдан келгенде оның:
Көркіне қызықтырып қыз-даланы,
Шалғынның шашын сипап күз барады.
Қайыңға сары алтыннан сырға тағып,
Бір күңгірт айтылмаған сыр қалады, – деп келетін жыр 
шумақтары  лирик  ақындарыңыздың  құлаш  серместерінен 
бірде кем еместігін анық байқайсыз.
Осылайша: «Қайыңға сары алтыннан сырға тағып» деп 
əдемі  теңеу  тауып  жүрек  қылын  шертіп  өтерліктей  өлең 
жолдарын  кестелей  білген  Сəкеңнің  шын  қаламгерлік 
таланты  деректі  прозада,  аударма  саласында  айқын 
танылғанын атап айтуымыз керек. ... Бұл осыдан жеті-сегіз 
жыл бұрын болған жай еді. «Халық Кеңесі» газетінің жарқ 
етіп шығып, оқырман аудиториясынан бедел ала бастаған 

259
шағы.  Шаруашылық  механизмдерінің  жаңа  арнаға  бет 
алып,  сонымен  қоса  ана  тіліміздегі  сөз  қолданысқа  тың 
ұғымдардың, сөздердің кіре бастаған кезі.
Ірілі-уақты  жиналыстарда,  мəслихаттарда,  редакцияға 
келіп түсіп жатқан хаттарда «рынок» деген сөз жиі айтыла-
тын болды. Бірде өзара əңгімеде Сəкең:
– Біз осы қашанғы рынок, рынок деп тақылдай береміз. 
Осының қазақша баламасын нарық деп алсақ қайтеді, – деді.
– Мұныңыз дұрыс екен, бірақ осы мəселемен айналысып 
жүрген ғалымдар не дейді, – дедік біз де қуанып кетіп.
Ойласа  келе  газеттің  экономика  бөлімін   басқаратын 
Самат  Ибраимды    осы  шаруаны  өзі  аралас-құралас   
ғалымдармен  пісіріп  келуге  жұмсадық.  Ол  атақты 
экономист-ғалым,  профессор  Сайлау  Байзақовпен  пікір-
лесті.  Жаңалық  десе  ішкен  асын  жерге  коятын  Сайлау 
ағамыз рынок сөзінің баламасы табылғанына бөркін аспанға 
ата балаша қуаныпты.
Сөйтіп,  міне,  қазір  екі  күннің  бірінде  айтылып 
жүретін  нарық  сөзінің  тұсауы  «Халық  кеңесі»  газетінің 
шаңырағында  кесілген  еді.  Ал  оның  авторы  талантты 
тəржімашы Сарбас Ақтаев мырза болатын.
Бұрын ауыздан түспей жүріп, бертін солақай саясаттын 
салдарынан  қолданыстан  шығып  қалған  «бап», «құқық» 
мəтіндерінің  тілімізден  өз  орнын  алуына  да  мұрындық 
болды. «Адам құқығының жалпы əлемдік Декларациясы» 
атты  құжатты  қырық  жылдан  соң  өз  газетіне  алғаш  ауда-
рып басқанда, аталмыш мəтіндерді қоса тірілтті. «Егемен» 
сөзінің  де  ресми  қолданысқа  енуі  осы  кісінің  қаламымен 
ілесе  келді.  КСРО  Халық  депутаттарының  съезіне  Пар-
ламент  тілшісі  ретінде  қатыса  жүріп  жазған  бір  репорта-
жында, ұмытпасам 1989 жылдың ақпаны болуы керек осы 
мəтінді қолданған еді. Содан бері ол  тілімізге балдай ба-
тып,  судай  сіңді.  Қазір  жиі  қолданып  жүрген  бағдарлама, 
айқындама,  тұғырнама,  тұжырымдама,  жағажай,  саяжай 
сөздері  де  алғаш  Сəкеңнің  қаламымен  енді. «Жағажай» 
дегенді  пляждың  сəтті  табылған  баламасы  екен  деп  со-

260
нау  Мəскеуде  жатып  жарықтық  абзал  ағамыз  Нұртас 
Ондасыновтың  жазған  хаты  да  бар.  Бұл  қайтсем  тыңнан 
соқпақ  салып,  соны  сөз  жасаймын  деген  пиғылдан  емес, 
өзі бар ғұмырын сарп еткен газет жұмысының күнбе-күнгі 
қажетінен  туғаны  сөзсіз.  Ал  бұндай  тапқыр  балама  тың 
мəтіндер оның керкем аудармаларында да аз емес.
Сəкеңнің  өзге  кітаптарының  орны  бір  төбе  де 
«Ханзаданың  касіреті», «Қазақ  хандары»  кітаптарының 
орны  өз  алдына  бір  төбе.  Бұл  кітаптар  несімен  құнды? 
Ең  алдымен,  міне,  осы  сауалға  жауап  беру  керек.  Соңғы 
жылдар  көлемінде  тарихи  тақырыпқа,  өткен  дəуірдің  ірі 
тұлғаларына арналып жазылған шығармалар аз емес. 
Байқап  қарасақ,  бұл  үрдіс  Сарбас  Ақтаев  шығарма-
шылығын  да  айналып  кете  қоймаған  екен.  Сəкеңнің 
өзгелерден ерекшелігі өзі жазғанындай, «... Ел басына қатер 
төнсе, ерлермен бірге атқа қонып, өз халқының: бейқұт өңірі, 
бейбіт өмірі үшін шыбындай жанын алып, қасықтай қанын 
төккен  аналар  туралы»  эсселер  сериясына  қалам  тартқан. 
Айталық, ол Бопай ханша, Айғаным ханша, Күнімжан ха-
ным,  Фатима  тоташ  туралы  бұрын-соңды  ғылыми-тарихи 
əдебиеттерде кездеспеген мəліметтерді іздеп тауып, оны ше-
бер пайдалана отырып оқырман қауымға көркем дүниелер 
ұсынған.
Сарбас  Ақтаевтың  «Күнімжан  ханым»  эссесінің  желісі 
автор өзі білек сыбана кіріссе, көркем повестке сұранып-ақ 
тұрған дүние. Ал автордың «Ханзаданың қасіреті» кітабы 
туралы  əңгіме,  тіпті  бөлек  болуға  тиіс.  Өйткені  мұнда 
топтастырылған деректі туындылар Сəкеңнің жылдар бойы 
талғам  таразысынан  өткізген,  сараптаған,  салмақтаған 
шығармалары деп білген жөн. Кітаптағы «Абылай ханның  
ағасы – Сұлтанбет», «Науан  хазірет», «Тезек  төре»  деп 
аталатын  тарихи  əңгімелері  осы  тұлғалардың  тағдыр  та-
лайы  қызықтырған  қаламгерлердің  шығармашылығына 
сеп  болары  сөзсіз.  Əдетте,  дəріс  оқып,  сабақ  жүргізетін 
оқытушыларды ұстаз атаймыз да сөзімен үлгі беріп, ісімен 
ұлағат  болатын  қызметтес  ағаларды  ұмытып    кететініміз 

261
бар. Ал газет, журналда əр сөзіңді саралап, əр тіркесіңді тал-
дап,  бағыт-бағдар  беріп,  тың  тақырыптарға  салып  отыра-
тын сарашыларды, яғни редакторларды неге ұстаз атамасқа. 
Əсіресе, жаңадан  қалам тербеп, тіл ұстартуға құлшынған 
сөз  өнерінің  жас  түлектеріне  аға  қаламгерлердің  əсер-
ықпалы  мен  үлгі-өнегесі  бөлекше.  Бұл  тұрғыдан  Сəкең 
талайларға ақылшы ұстаз болған тамаша тəлімгер.  Кезінде 
«Жетісу», «Егемен  Қазақстан», «Халық  кеңесі»  газетінде 
қызмет  еткен,  бүгінде  қырықтың  қырқасынан  асып, 
алшаң  басып,  алпысыңды  бетке  алып  бара  жатқан  белді 
қаламгерлердің  біразы  оны  ақылшы  аға  ғана  емес,  абзал 
ұстаз  санайды.  Сырағаңның,  Сырбай  Мəуленовтың  Сəкең 
жиі қайталайтын батыр Баукеңе арнаған, кезінде еш жерде 
жарияланбаған бір өлеңі бар.
Күннің көзі тұрғанында қанталап, 
Тұрғанында жан-жақтан жау анталап, 
Өзің Батыр болмасаң да, ағажан, 
Шығып едің сан батырды арқалап. 
Сол  сияқты  Сəкең  бүгінде  өзі  бас  редактор  болмаса 
да,  қазақ  баспасөзіне  талай  бас  редактор  даярлап  берді. 
Оның  қамқор  қанатының  астында  түлеп,  тəлім-тəрбиесін 
көрген азаматтар қазіргі таңда оннан астам республикалық, 
облыстық  басылымдардың  басында  отыр.  Олардың  аға 
алақанының  ыстық  табы  əлі  де  маңдайында  тұрғандай 
сезінетініне, өз басым, кəміл сенемін.
...Ентікпей, шалдықпай жеткен жан
Сарбас Ақтаев!
Исі қазақ журналистикасына қатысым бар дейтін жұмыр 
басты пенденің бұл есімді білмейтіні кемде-кем. 
Heгe?
Негесі  сол,  өткен  ғасырдың  сонау  жетпісінші, 
сексенінші, тоқсаныншы жылдары қазақ баспасөзінің бүкіл 
ауыртпалығын мойымай көтеріп, сыр алдырмай желмаяша 
жортып өткен талантты топтың жуан ортасында осы Сəкең 

262
аты айрықша аталып жүрді. Ал енді кешегі шикіл сары Сар-
бас бала, бүгінгі ақылгөй Сəкең дана осынау атақ-абыройға 
қалай жетті, міне, гəп осында!
Жетпіске  жетудің  де  сан  тарау  жолдары  бар.  Жетпіске 
ентікпей-шалдықпай  жүйткіп  жетіп,  жалауын  желбіретіп, 
əуезе етіп əңгімесін айтып отырғандар да бар, осынау белеске 
келіп алып, желкесін қасып не бітірдім осы деп мүдірушілер 
де бар. Біздің Сəкең осы лектің алғашқыларының қатарына 
жатады.
Қазақта мынадай бір əдет бар: мерейтой иесін мақтағанда 
Алатаудың ұшар басына апарып қондырамыз. Ұлы дейміз, 
классик  дейміз.  Əйтеуір,  тіліміз  жеткенше  жер  əлемдегі 
теңеуді үйіп төгеміз.
Біз  Сəкеңнің  мойнына  ондай  қолайсыздық  қамытын 
кигізгелі отырғанымыз жоқ. Ал бірақ ол кісінің ұстаздық, 
қаламгерлік, өнердегі ғибратты қасиеттерін əдіптеп айтуды 
парыз көреміз. Бұл туралы ол «Түркістан» газетінде (24 ма-
усым 2004 ж.) былай деп жазды: «Институтта лекция оқып, 
дəріс бермесем де жанымдағы жастарға тəрбие беріп, солар-
ды  баулыған  адаммын.  Өз  заманымда  менен  тəлім-тəрбие 
алған жастар бүгінде Қазақстан баспасөзін билеп отыр деп 
айта аламын. Олар мені ұстаз ретінде сыйлайды ....Өзім бас 
редакторлықтан  қалсам  да  талай  бас  редактордың  ұстазы 
болғанымды мəртебе санаймын».
Бұл – Сəкеңнің  ақ-адал  сөзі,  имандай  шыны.  Бүкіл  са-
налы  ғұмыры  қазақ  журналистикасына,  оның  ыстығына 
күйіп, суығына тоңған адамның сөзі бұл.
Ұстараның жүзіндегі жылдар
Сəкең  «Егемен  Қазақстанда» 19 жыл  жұмыс  істедім 
дейді  əрдайым.  Аз  уақыт  емес.  Сол  жылдары  алты  жүзге 
жуық бас мақала жазыпты. Бұл кезеңнің өкінішін де жасы-
ра алмайды Сəкең: «Қазір солардың бəрі «құмға сіңген су-
дай»  болып  кетті.  Əсіресе,  сессиядан,  съезден,  пленумнан 
кейінгі  нұсқаулық  көлемді  бас  мақалаларды  жазатынмын. 

263
Солардың  ішінде  əртүрлі  қордалы  ойлар  болатын,  бірақ 
автордың аты жоқ. Бір өкініштісі, кейбір ғалымдар алды-ар-
тына бірер сөз қосып, соларды өз еңбектерінде пайдаланып 
кетті» дейді.
Сəкеңнің  өкініш  білдіретіндей-ақ  реті  бар. «Ерінбеген 
етікші  болады»  демекші,  екі  сөздің  басын  қосып  мақала 
жаза алмайтын кейбіреулердің жазушы атанғанын көргенде 
қорланатыны рас-ақ. Шынында да, оның қолына су құюға 
жарамайтын  бəз  біреулердің  «Мен  жазушымын!», «Мен 
ғалыммын!» деп кеуде соққанын көргенде қараптан қарап, 
ұялатының рас.
Ал екінші жағынан сол от пен судың ортасында өткізген 
19 жыл үшін Сəкеңнің тым өкініш білдіре беруінің қажеті 
жоқ-ау деп те ойлайсың. Себебі, осы 19 жылда Сəкең талай 
жас таланттың томағасын сыпырып, қияға қанат сермеуіне 
үлес  қосты.  Олардың  тілі  мен  стилін  ұстартты.  Үйретті. 
Ал солардың көбісінің қазір «Егемен Қазақстанға», Сəкеңе 
алғыстан  басқа  айтары  жоқ.  Ал  шын  бақыттың  бақыты 
ұрпақ өсіру, шəкірт тəрбиелеу болса өзінің саналы ғұмырын 
осынау мақсат жолына арнаған Адам əрдайым ардақты! Осы 
тұрғыдан келгенде Сəкеңнің сүрлеуі сəнді де, салтанатты!
Университеттен  соң  бірден  «Социалистік  Қазақстанға» 
орналасу  талапкер  журналист  үшін,  əрине,  үлкен  бақыт. 
Жоғары  оқу  орнындағы  үздік  оқығандығым,  оның  үстіне 
Алматы қалалық Советінің депутаты екендігім ескерілген 
болуы  керек,  ҚазМУ-ден  соң  «Социалистік  Қазақстанда» 
жұмыс істеу бақыты бізге де бұйырды.
Алғашқы  əсердің  аты  алғашқы  əсер!  Қағаберіс, 
қалтарысына дейін бəрі есте.
Оқып  жүргенде: «Социалистік  Қазақстандағылардың» 
жүріс-тұрысына  дейін  өзгеше.  Дəліздерінде  шыбынның 
ызыңы  естілмейді.  Онда  темірдей  тəртіп»  дегенді  жиі 
еститінбіз..  Сондықтан  болуы  керек,  тіпті  мақала  апарып, 
редакцияның  табалдырығынан  аттауға  жүрексінетінбіз. 
Ал бірақ редакцияға алғаш келген күннен бастап ол пікір 
өзгере  бастады.  Сырттай  бағамдаған  кісіге  редакция 

264
суықтау  көрінгенімен,  араласа  келе  мұндағы  адамдар  да 
өзіміз  секілді  толғауы  тоқсан  тіршіліктің  қамытын  киген 
пенделер екеніне көзіміз жетті.
Əзілі мен оспағы, əңгіме-дүкені жарасқан еңбек ұжымы 
аз  уақыттан  соң-ақ  өз  иіріміне  тарта  берді.  Солайы  солай 
болғанменен, өндірістік мəселелерге келгенде «Социалистік 
Қазақстандағы»  талап  шын  мəнінде-ақ  темірдей  тəртіпке 
негізделген  еді.  Ал  соның  бəрі:  киім  киісің  мен  жүріс-
тұрысыңнан  бастап  қоғамдық  ортадағы  орныңа  дейінгі 
сенің қалпыңа міндет жүктейтін.
Өндірістік мінездемелерде жіберілген кемшіліктер өткір 
сыналып,  бастығы  да,  бағыныштысы  да  қуырылып  жата-
тын. Сондай сəттерде жастардың жазып-сызғандарына ара-
ша түсіп, үнемі қолдап отыратын екі кісі болса, соның бірі 
Сарбас Ақтаев еді, ал біреу болса, соның нақ өзі де Сəкең 
деп білу керек.
Ұжым  болған  соң  қызметкерлер  арасында  өкпе-наз  ай-
тылмай қалмайды. Артық-кем кететін тұстар да орын алмай 
тұрмайтын.  Сондайда  əңгіменің  тігісін  жатқызып,  редак-
ция басшылығы мен ұжым арасында мəмілегерлік қызмет 
атқаратын Сəкең екендігіне талай рет көзіміз жетті. Мүйізі 
қарағайдай  Хаби  Мыңжанов,  Бекділдə  Абдуллин,  Сыдық 
Алдабергенов, Хайдар Баймұхамбетов, Хамидулла Рахма-
туллин  секілді  ардагерлердің  тілін  тауып,  Нури  Муфтах, 
Бекболат  Əдетов,  Сабыржан  Шүкіров  секілді  «əрқайсысы 
бір-бір  əлем»  орта  буын  өкілдерін  үнемі  өзіне  баурап 
əріптес  ете  білу,  шынын  айтқанда,  екінің  бірінің  қолынан 
келе бермейтін шаруа.
Үлкен ұжым болған соң оның əңгімесі де үлкен болады. 
Ал соның бəрін електен өткізіп, саралап салмақтап шешім 
қабылдау үшін үлкен жүрек керек, білім де керек, білік те 
керек!
Білім мен біліктің арнасы бір. Ол – шеберлікті шындай-
ды. Мына бір оқиға есімде. Қазақстан Компартиясы орталық 
комитетінің  кезекті  бір  пленумы  өтіп,  оның  материалда-
рын нөмірге беру қажет болды. Сол кезде пленумның бүкіл 

265
материалдарының  аудармасын  қарау,  оны  редакциялау 
жұмысына байланысты екі бригада құрылып, оның біріне 
Төлеубай Ыдырысов, екіншісіне Сарбас Ақтаев белгіленген 
еді. Аңғарған кісіге бұл Сарбас Ақтаевтың білігіне, кəсіби 
шеберлігіне көрсетілген үлкен сенім, зор құрмет еді.
Сəкең  өзі  айтып-жазып  жүргеніндей, «Социалистік 
Қазақстанда» өткізген 19 жылдың əр сəті үнемі сынақ жыл-
дары, кəсіби шеберлікті шыңдау, ұстарту жылдары болды.
Байқап  қараса  өзінікінен  гөрі  өзгенің  жазып-сызғанын 
қашаумен,  түзеумен  өткізген  жылдар  екен.  Газет  шығару 
ұжымдық  шаруа  болса,  соған  көзмайын  тауыса  еңбек 
қылып, үлес қосқан жылдар екен.
Ертеңгілік сағат тоғыздан кешкі сағат сегізге дейін тап-
жылмай редакцияда отырып жұмыс істеу, одан түнгі сағат 
3-4-ке дейін беттерді қарау, салыстыру үшін қаншама күш-
қайрат  керек  десеңізші?!.  Таңертең  газет  шықты  делік. 
Шығуын  шыққаныменен  ЦК-дағылар  не  деп  қалады  деп 
қылпылдап  жүретінің  тағы  бар.  Қате  дегенің – ұры.  Қай 
жерден  мүлт  кетіп  қалдық  деп  ойлайтының  да  шындық. 
Осының  бəрі  жүйкені  жейді.  Осының  бəрі  апта  бойы 
қайталанады, ай бойы, жыл бойы ... Сосын мұны ұстараның 
жүзі демей гөр.
Сəкеңнің  «Халық  кеңесі», «Ақиқат»  басылымдары-
на  жетекшілік  еткен  жылдары  оның  ғұмыр  жолына, 
шығармашылық лабораториясына өзгеше бір серпін əкелді 
десе де болады.
«Мамандығым – мақтанышым»
Сəкең  «Түркістандағы»  мақаласында (24-маусым,  
2004  ж.): «Журналистиканы  ысырып  қойып  əдебиетке 
кеткенде  біраз  дүниелер  жазар  ма  едік  деген  ой  келеді» 
дейді.  Мұнысы – шындық.  Сəкеңнің  еңбекқорлығы  мен 
білімдарлығы, шын мəнінде ол əдебиетке ойысқанда осы 
күнгідей  сəнге  айналған 10-15 томдық  дүниелер  кітап 
сөрелерінде тізіле қаларына кепіл болар еді.

266
Ал бірақ өзі жанындай қалап алған журналистикасынан 
таймады. Себебі оның мамандығы – мақтанышы!
Сəкең қай ортада жүрсе де осылай дер еді. Кəсібін нəсібі 
еткен  ағаның  өз  ісіне  адалдығы  оның  «Халық  кеңесі» 
газетінде, «Ақиқат»  журналында  бас  редактор  болып 
қызмет еткен жылдары айқын танылды.
Он  екіде  бір  нұсқасы  жоқ,  айтақырдан  газет  шығару, 
əрине,  оңай  емес. «Халық  кеңесі»  секілді  газет  шығару 
қажеттігі туғанда Сəкең бірден келісім берді. Жүрексінген 
жоқ.  Жүрексінбегені  газет  жұмысының  ауыртпалығын 
қайыспай бірге көтеретін шəкірттеріне сенді. Шынында ке-
ле-келе жағдай оның ойлағанындай болды.
Мені – осы жолдардың авторын бас редактордың орын-
басары,  аса  талантты  сатирик  жазушы  Басқар  Битанов-
ты редакцияның жауапты хатшысы етіп бекітті. Ал біз өз 
кезегімізде редакцияның ішкі құрылысын, бағыт-бағдарын 
қалыптастыруға тырыстық.
Ештеңеден    қолымызды    қақпады.  Редакцияның 
басшылық  қызметіне  келген  отыздың  үстіне  енді  ғана 
шыққан  біздер  үшін  бұл  үлкен  Сенім,  Күш  болды. 
Редакцияға  ыңғай  жомарт  жүрек,  жалаңаяқ  журнали-
стер  жиналды.  Бертін  газет  көлемі  ұлғайған  шақта  газет 
басшылығына  тағы  бір  аса  дарынды,  талантты  қаламгер 
қосылды. Ол – бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің бас ре-
дакторы Жанболат Аупбаев еді.
«Халық  кеңесі»  аз  уақыттың  ішінде  бедел  жинап, 
оқырман  ілтипатына  бөленді.  Өйткені  демократияның 
елең-алаңында  əлеуметке  қол  созған  бұл  басылымның 
ең  өткір,  ең  өзекжарды  мəселелерді  жазбай  қойған  күні 
кемде-кем еді. Газетпен бірге журналистер де өсті, қаламы 
қатайды.  Кезінде  «Халық  кеңесінің»  əр  нөмірін  айшықты 
мақалаларымен  əдіптеген  Мейрамбек  Төлепбергеновтың, 
Марат Тоқашбаевтың, Самат Ибраимның, Самат Мусиннің 
есімдерін  бүгінде  қалайша  мақтан  етсеңіз  де  лайық.  Ал 
осылардың  бəрі  дерлік  Сəкеңнен – Сарбас  аға  Ақтаевтан 
тəлім алған таланттар.

267
Газеттің атына заты сай болды. Небір тамаша тақырыптар 
мен айдарлардың тұсауы кесілді. Қараңыз: «Ғазалда – ғасыр 
ғибраты», «Замана  запыраны», «Əуезе  етіп  айтар  сөз», 
«Жоқшысы  болмаса – жер  жетім», «Атадан  қалған  асыл 
сөз», «Ізгілікті қоғамға барар жолда», т.б. деп аталатын ай-
дарлармен  жарияланатын  мақалаларды  жұрт  іздеп  жүріп 
оқитын болды.
Жақсы  бастама  қашанда  жалғасын  табуымен 
ғұмырлы. «Халық  кеңесі»  жабылғаннан  кейін  де  осы 
айдарлар  өзге  республикалық  басылымдар  бетінен 
тұрақты орын алды.
Газеттің  əр  нөмірі  ұжымға  қуаныш  сыйлады.  Бас  ре-
дакторымыздан  бастап  өзгеміз  түгел  баладай  қуанатын 
едік.  Сəкең  «Ақиқат»  журналына  ауысқан  шақта  «Халық 
кеңесінің» тізгінін ұстау маған сеніп тапсырылды.
Біз  енді  хал-қадерімізше  ұжымда  қалыптасқан  жақсы 
дəстүрді  баянды  етуге  тырыстық.  Газетті  бұрынғыдан  да 
жақсартуға,  құлпыртуға  күш  салдық.  Ол  ниетіміз  бірде 
орындалып, бірде сол межеге жетеғабыл түсіп жүретінбіз. 
Ал  соның  бəрінің  негізінде  дəстүр  сабақтастығын  сақтау, 
мамандыққа адалдық деген талап жататын.
Редакцияның 
материалдық-техникалық 
базасын 
нығайту,  оны  заман  талабына  сай  құру  айтуға  ғана  жеңіл 
болғанымен  шын  мəнінде  оңай  жұмыс  емес  еді.  Егер 
ақиқаттың  алдында  бас  иетін  болсақ,  Қазақстанда  қазақ 
тілінде шығатын басылымдардың ішінде тұңғыш рет газет 
материалдарын өз редакциясында компьютермен теру, бет-
теу жұмыстары «Халық кеңесі» газетінің мысалында қолға 
алынды.
Төрт  түрлі  бояумен  түрлі-түсті  газет  шығару  респу-
блика  баспасөзінің  тарихында  тек  «Халық  кеңесінің» 
тəжірибесінде ғана жүзеге асты! Осының бəріне қаншама 
ерік-жігер,  күш-қайрат  қажет  болды  десеңізші!  Тым 
жұлқынып  алға  озғандықтан  ба,  оған  көз  алартушылар 
көбейе бастады... Газет ақыры жабылып тынды.
Ал  шығармашылық  бəсекелестікте  шашасына  шаң 

268
жұқтырмаған «Халық кеңесінің» баспасөз тарихында өзіне 
лайық  орын  алғанын  көрер  көз  болса – көріп  отыр,  естір 
құлақ болса естіп отыр!
Ілгеріде  бір  сөзінде  Сəкең  жазушылыққа  біржола  бет 
бұрғанда  талай  дүниенің  тұсауы  кесілер  ме  еді  деген  ар-
манын  жасыра  алмағанын  айтып  едік.  Осылай  деуін 
дегеніменен Сəкеңнің қаламынан туған бірталай кітаптың 
оқырман олжасына айналғанының куəсіміз.
Демек, бұл ретте де олқысынудың реті жоқ. «Ханзаданың 
қасіреті», «Қазақ ханымдары», «Дала туралы толғау» деген 
кітаптары, Ш.Уəлихановтың бес томдық шығармаларының 
ана  тіліміздегі  тəржімасы  жазушы-журналист  Сарбас 
Ақтаевтың  төл  əдебиетіміздің  алтын  қорына  қосылған 
елеулі  туындылары  деп  айтуға  болады.  Мұның  сыртында 
оның  көсемсөздік  желілерге  құрылған  «Бұлар  бірінші  бо-
лып еді», «Қапшағай хикаясы» секілді очерктер жинақтары 
мен деректі əңгімелері, эсселері қаншама?!
Осынау  қажырлы  еңбек,  шынайы  шығармашылық 
ізденіс ескерілмей қалған жоқ. 
Сөз соңында Қазақстан Жазушылар Одағы мен Журна-
листер  Одағының  мүшесі  С.Ақтаев  баспасөз  саласындағы 
жемісті  еңбегі  үшін  «Парасат»  жəне  екі  мəрте  «Құрмет 
белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталғанын 
атап айту лəзім. Ол екі мəрте Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің 
Құрмет грамотасына ие болды. Оған «Қазақстанның еңбек 
сіңірген  мəдениет  қызметкері»  жəне  «КСРО  баспасөзінің 
үздігі»  құрметті  атақтары  берілді.  Шығармашылық  та-
быстары  үшін  төрт  рет  Журналистер  Одағы  сыйлығына 
ие  болды.  Жасының  жетпіс  беске  келгеніне  қарамастан 
жазушының қалам қарымы қаз қалпында. Оған оның биыл 
ғана  төрт  кітабының  жарық  көруі  айғақ.  Журналист-жа-
зушы  сонымен  бірге  республиканың  қоғамдық  өміріне 
де  белсене  араласады.  Кезінде  Қазақстан  Халық  бақылау 
комитетінің мүшесі, Алматы қалалық кеңесінің депутаты, 
Қазақстан  Журналистер  Одағы  басқармасының  хатшысы 
болып сайланды. Казір де ол Тарихи ескерткіштерді  қор-

269
ғау жөніндегі республикалық қоғамының басқарма мүшесі.
Ал  ең  бастысы  осының  бəрінен  биік  тұратын  атақ  та, 
абырой  да – Сəкеңнің  өз  ортасында  ел  ағасы  боп  еңселі 
жүруі, Алаш азаматы деген ардақты ұғымға кір шалдырмай 
келе жатқандығы!
2004 ж.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет