ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ
ЖАНКЕШТІ ҒҰМЫР
немесе
Жанболат Аупбаев əлемі туралы айтар сыр
ЖУРНАЛИСТИКА – сан қырлы, синтездік өнер,
мəртебелі мамандық. Шынында да солай. Бүгінгі күннің
өлшемімен қарағанда журналист үшін болған оқиғаны ба-
яндап беру, соны қағазға түсіру аздық етеді. Сондықтан
оның бесаспап болғаны абзал. Нарықты экономика тұсында
осы талап əлденеше есеге ұлғайды. Өйткені, газет өндірісі
ілкімділікті, іскерлікті қажет ететін күрмеуі көп, құпиясы
мың сан мəселе болып шықты. Каржы көзін табу, жарнама
берушілермен жұмыс істеу, сонымен қатар газеттің бет-
бейнесін құбылту /дизайндық тапқырлық/, оқырман ойы-
нан шығатын материалдар тауып ұйымдастыру, əрине, оңай
шаруа емес.
Осы санамалап отырған мəселелердің қай-қайсысын да
осал шаруа деп ешкім айта алмас. Ал осылардың ішінде
газет атаулының мұраты саналатын шаруа – оқырманға
қызғылықты, тартымды материалдар сыйлау, қалың
əлеуметтің рухани азығына айналар дүние беру десек, сол
мақсатты үрдіс қаламы қарымды журналистердің шеберлігі
арқасында ғана жүзеге асады. Ондай қаламгерлер өз өмірін
баспасөз атаулының тар жол, тайғақ кешуіне арнайды.
Өз тағдырын ауырлығы зіл батпан, күрмеуі көп күрделі
мамандықпен сабақтастырған кісінің ғана мерейі үстем,
мəртебесі қашан да биік. Егер бүкіл шығармашылық жо-
270
лына, азаматтық болмысына зер сала қарасақ, журналист
Жанболат Аупбаев, міне, осындай жан!
Оның мұндай қабілет-қарымы республикалық «Халық
кеңесі» газетінде, «Ақиқат» журналында бірге қызмет
атқарған жылдары айқын байқалды. «Халық кеңесі» ел
көлеміндегі демократиялық өрлеу кезеңінің айнасы болған
басылым еді. Дəуір рухына сай дүниеге келген бұл газет аз
ғана уақыттың ішінде қалың оқырман қауымның қолдауына
ие болды. Таралым аясы күрт өсіп, Ахмет Байтұрсынов
ағамыз айтқандай «Халықтың көзі, құлағы һəм тілі» болуға
ұмтылды. Сол ұмтылыс өз нəтижесін берді де. Осы газетте
XX ғасырдың 90-жылдары ыңғай бір сайдың тасындай, сен
тұр мен атайын дейтіндей жігіттер жұмыс істеді. Солардың
алдыңғы легінде Жанболат Аупбаев болды. Алғаш ре-
дакция басшылығының шақыртуымен газеттің бас
редакторының орынбасары, кейін бас редактордың бірінші
орынбасары қызметтерін атқарған ол газет өндірісі ісінде
өзі де шыңдалды, өзге жас таланттардың да қаламының
қатаюына үлес қосты.
Біз ол жылдары ерекше бір жалынмен, үлкен махаб-
батпен, өз мамандығымызды мақтаныш етіп, оған деген
кіршіксіз адалдықпен жұмыс істедік. Сондықтан болар,
«Халық кеңесі» бас-аяғы екі-үш жылдың ішінде əлеуметтің
зор ілтипатына бөленген, билік басындағылардың өзімен
санаса білетін беделді басылымға айналды.
Газет уақтылы шығып тұрғанымен, оның ішкі
шаруашылық ұйымдастыру жұмыстары шаш етектен бола-
тын. Редакцияны алты ай сайын бір орыннан екінші орынға
көшіру, материалдық-техникалық базасын нығайту үшін
жанталас, ел ішіне шығып ұйымдастыру шараларын атқару,
редакцияны озық технологиялық желімен жабдықтау,
баспасөзге жазылу мəселесін атқару, демеушілер іздеу, жар-
нама беруші қаржы көздерін табу, мұның сыртында редакция
қызметкерлерінің əлеуметтік-тұрмыстық мұқтажын шешу,
айтуға ғана жеңіл болғанымен, бетпе-бет келгенде қыруар
қаржы-қайратты, күш-жігерді қажет ететін шаралар еді.
271
Бас редактордың бірінші орынбасарының міндеті, о ба-
стан газет материалдарының сапалы болуын қадағалау,
жоба-жоспардың жүзеге асып отыруын бақылау ғой. Жақаң
өзінің осы міндеттерін атқарсам болды деп шектеліп
қалмай, жоғарыда атап өткен мəселелердің бəріне білек
сыбана кірісті. Қандай шаруаны болсын жан-тəнімен
істеді. Жəне осындай дағдыны өзі жетекшілік ететін бөлім
қызметкерлерінен талап етті. Сондықтан болуы керек, ре-
дакция журналистерінің лайықты ілтипатына бөленді.
Дүйсенбі сайын өтетін апталық жоспарлау газет
архитектурасының негізін қаласа, өндірістік лездемелеріміз
соны қалай əдемілейміз, əспеттейміз, қайтсек нөмірге
жаңалық ұсынамыз, бүгінгіден ертеңгіні қалайша
жақсырақ етеміз деген құлшынысқа толы болатын. Міне,
сондай тілектестік, ниеттестік ізеттегі пікірталастарда та-
лай тамаша тақырыптар, айдарлар дүниеге келіп жататын.
Солардың біразы, өміршеңдігінен болуы керек, қазіргі
газет-журналдың беттерінде жүр.
«Ақиқат» – бір кездердегі Қазақстан Компартиясы
Орталық Комитетінің теориялық журналы «Қазақстан
коммунисінің» мұрагері. Жаңа заман рухына сай аты
да, заты да өзгерген басылым бұл қазір. Осыдан 4-5 жыл
бұрын Жақаң екеуміз бұл журналда мен бас редактор, ол
бас редактордың бірінші орынбасары болып бірге қызмет
атқардық. Жетпіс жылдық тарихы, өзіндік дəстүрі бар
теориялық журналды бүгінгі күн талабына бейімдеу, əрине,
оңай шаруа емес еді. Келе, қайтсек жаңалық əкелеміз, қандай
серпіліс жасаймыз деген мақсат қойылды да осы ниеттің
жүзеге асуына Жанболат Аупбаев күш-қайрат жұмсады.
Ол бас редактормен тізгіндесіп, үзеңгі қағыстырмады.
Не нəрсені қолға алса да үлкен əдеп, мəдениет сақтауға
тырысты. Ал онысы өзіне үлкен абырой, бедел əкелді.
«Ақиқат» журналының ардагерлері енді заман жастардікі
деп жаңа буын журналистерге орын берді. Б.Бабақовтың,
Е.Зікібаевтың, Ж.Қабылжанованың еңбек демалысына
шығуы өзгелерге үлгі боларлықтай, жүрек тебірентерлік
272
сəтте өтті. Сондықтан болар журналда біз ұрпақтардың
дəстүр сабақтастығын сақтауға айрықша мəн бердік. Осы
басылымда əр жылдары жұмыс істеген ардагерлермен
əлсін-əлсін редакция ұжымында кездесу өткізу дəстүрге
айналды. Ол кездесулердің əрқайсысы үлкен тағылым
аларлық мəнді мəслихаттар болатын. Мұның сыртын-
да «дөңгелек үстелдер», редакция алқасының көшпелі
мəжілістері, «оқырман отаулары» қаншама рет өтіп, олар
қаншама қуаныш, шынайы шығармашылық лəззат сыйла-
ды десеңізші! Ал солардың бəрінің ортасында жанұшырып
журналист Жақаң – Жанболат Аупбаев жүрер еді.
Жақаңның шығармашылық, қаламгерлік белесінің
бір биігі еліміздің жаңа Елордасы тарихымен тікелей
байланысты. Мен «Қазақ əдебиеті» газетіне бас редак-
тор болып қызмет ауыстырғаннан соң, көп ұзамай Жақаң
Астанаға бет түзеді. Осындағы «Астана ақшамы» газеті
бас редакторының бірінші орынбасары болды. Бұл еңбек
ұжымын да ол жатсынбады. Келе білек сыбана жұмысқа
кірісіп кетті.
«Халық кеңесі» газетінде жұмыс істеген жылда-
ры түнді-түнге, таңды-таңға ұластыра жүріп тапқан
журналистік жаңалықтарымыз енді «Астана ақшамынан»
көріне бастады. Бұл, əрине, қуанарлық жайт! Өйткені əр
жаңалық, əр жақсылық жасампаздығымен жұрт жүрегіне
жол табуы тиіс қой. Осы үрдіс, оның жұмыс стиліндегі осы
ерекшелік қазір өзі қызмет етіп жүрген «Егемен Қазақстан»
газетінде де лайықты жалғасын тауып келеді. Енді Жанбо-
лат Аупбаевтың шығармашылық лабораториясы хақында
бірер сөз. Əне бір кездері «жазғыштар» туралы: «Ой, бұл
бір өзі өлеңді де өлең етіп, шөпті де өлең етіп жазатын
жарықтық қой» деп арагідік айтылып қалып жүретін. Бұл
не болса соны, оң-солына қарамай жаза беретіндер тура-
лы айтылған əзіл аралас шындық еді. Ал Жанболат Ауп-
баевты осындайлар қатарына қосу қиянат болар еді. Рас,
Жақаң өнімді жұмыс істейді, бірақ ол нені жазса да аса
талғампаздықпен, ұдайы өз оқырманының эстетикалық
273
тұшымын ескеріп отыратын қаламгер. Бұл тұрғыдан
келгенде ол портреттік очерк жазудың, деректі эссе
қалыптаудың хас шебері. Оны 1997 жылы «Санат» баспа-
сынан шыққан «Ғұмыр-дария» деп аталатын кітабының өн
бойынан айқын аңғаруға болады. Кітаптың аңдатпасында
айтылғандай, көбіне-көп ол тағдыры таңғажайып си-
рек мамандық иелері туралы ой толғайды. Айталық,
халқымыздың біртуар перзенттері мемлекет қайраткері
Дінмұхамед Қонаев, сəулетші ІІІота Уəлиханов, жазушы
Сейдахмет Бердіқұлов, генерал Сағадат Нұрмағанбетов
жəне басқалар өмірінің біз біле бермейтін сырлары тура-
лы толғамдарды былай қойғанда, Ұлы Отан соғысындағы
шайқастарда үш рет «өліп тірілген», сөйтіп ауылына үш
мəрте «қара қағаз» келсе де отбасына аман-есен оралған
Сыйқыбай Мамыров туралы, жау дзотын денесімен жа-
уып... тірі қалған Сабалақ Оразалинов, атақты балуан
Əбілсейіт Айқанов, қолөнер шебері Азат Əкімбек туралы
очерктер кім-кімді де бейжай қалдыра алмасы сөзсіз.
Осы үрдіс оның 1998 жылы «Қазақстан» баспасы-
нан шыққан «Таңғажайып тағдырлар», 2000 жылы
«Елорда» баспасынан шыққан «Бізге беймəлім бейне-
лер» деп аталатын кітаптарынан заңды жалғасын тапты.
«Таңғажайып тағдырларда» ол Порт-Артур шайқасына
қатысқан патша армиясының офицері О.Көбеев, «Норман-
дия-Неман» автоэскадрильясындағы техник Ө.Түсіпбаев,
Антарктидаға барып қайтқан Д. Бименов, Қытайдағы
қазақ генералы X.Рүстемұлы, киноактер А.Əшімов, ан-
трополог Н.Шаяхметов, Моңғолиядағы қандасымыз,
ұшқыш С.Зайсанов туралы ой толғайды. Ал «Ашылмаған
аралдар» тұңғыш ғарышкер Ю.Гагаринге Орынбор ави-
ация училищесінде сабақ берген қазақ Ж.Ысқақов,
«Ленфильмнің» 1938 жылғы туындысы «Бірінші Петр» ки-
носына түскен қазақ Қ.Қарсақбаев, «Комсомолец» сүңгуір
қайығында опат болған капитан Т.Бөрқұлақов, Балуан
Шолақтың немересі Хайролла, Египет президенті Гамал Аб-
дел Насермен кездескен С.Оразалинов, Д.Қонаевтың жеке
274
дəрігері А. Мүліков өмірлерінің бізге беймəлім жағдаяттары
туралы сыр шертеді.
Осы эсселер мен очерктердің қай-қайсысын алып
қарасаңыз да тек қана Жанболаттың өзіндік қолтаңбасын
айқындайтын ерекшелік бар. Жақаң бағзы бір кездердегідей
өз кейіпкерлерінің бүкіл ғұмыр жолын баяндап шығуды
міндет қылмайды. Ол кейіпкер тыныс-тіршілігінің бір ғана
елең еткізер сəтін алады да сол арқылы ой өрбітеді. Ал сол
детальдар мен штрихтар кейіпкер образын сомдауға сəтті
пайдаланылады. Қазір ғой мына аласұрған заманда, ақпарат
ағынының күшейген кезінде баспасөз керуенінің очерк атты
үлкен бір ауылына көбіміздің қалам тербемей жүргеніміз.
Телеубай Ыдырысов, Кəкімжан Қазыбаев, Сапар Байжа-
нов, Сарбас Ақтаев сынды очеркистердің дəстүрін лайықты
жалғастыра білген Жақаңның əлгі туындылары осы бір
жанрдың өміршеңдігін, баспасөз атаулының белді арнасы
екендігін тағы бір рет дəлелдеп отырғаны сезсіз.
Ал осының бəрі түптеп келгенде сонау Нарынқолдан
Алматыға журналист болсам деген арманмен жет-
кен қара баланың мақсаткерлігінің жемісі. Мұны енді
қазіргі анықтамаға салсақ, журналистің белсенді өмірлік
позициясының айқындығы, қаламгерлік идеалға адалдығы
деген болып шығады.
Сірə, журналистикадағы жанкешті ғұмырды осы
айқындамалар əспеттеп жатса керек.
2001 ж.
САЯСИ КӨСЕМСӨЗШІНІҢ
АЗАМАТТЫҚ ҰСТЫНЫ
Республикаға белгілі көсемсөзші, журналист Марат
Тоқашбаевтың шығармашылығы туралы əңгіме жасама-
стан бұрын қаламгердің өмірбаянына, бұрынды-соңды
жазған дүниелеріне азды-көпті үңілгеніміз бар. Бұрын
бірнеше жылдар қызметтес болған əріптесі ретінде мен
Мəкеңнің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеттерін,
275
шығармашылық тұрғыдан сараптамашылық, отаншылдық,
ұлтжандылық қасиеттерін атап өтер едім. Ол Қазақ
КСР Жоғары Кеңесінің органы «Халық кеңесі» газетін
құрысып, оның қалыптасуына үлес қосты, «Заң газетін»
ашып бірнеше жыл оның бас редакторы болды, елімізде
жүргізілген құқықтық реформаның басы-қасында жүрді.
Ең бір қиын сəттерде басқарғанына қарамастан
«Қазақстан-1» телеарнасының ұлттық рухын, шығарма-
шылық қуатын сақтап қала алды. Оның жаңашылдық
ізденістері «Қазақстан – ЗАМАН» басылымы мен қазір
өзі басқаратын «Президент жəне Халық» газеті беттерінен
айқын аңғарылады. Мен Марат Тоқашбаевтың өмірбаянын,
қай жылы қай жерде қандай қызметтер атқарғанын түгелдей
тізбелеп шыққым келмейді.
Негізінен, оның шығармашылық қырларына тоқталсаң
қаламгердің «Қос көлеңке», «Жаңбырлы түн» сияқты
жинақтарға топтастырылған ертеректері əңгімелері
мен новеллалары балалар арасындағы достық, адалдық,
табиғатқа қамқорлық, махаббат тақырыптарын қозғайды.
«Адамгершіліктің
қарапайым
қағидалары», «Ерлі-
зайыптылық ережесі» деген кітаптары адамгершілік пен
ізгілік жолдарын, отбасылық құндылықтарды əспеттеуге
арналған. Дегенмен, Марат Тоқашбаевтың Қазақстан
тəуелсіздігінің 20 жылдығына арнап шығарған «Дəуір
дүрсілі» кітабына айрықша тоқталғымыз келеді. Кітаптың
алғы сөзінде Қазақстан Журналистер одағының төрағасы
Сейітқазы Матаев атап өткендей, бұл шын мəнінде
Тəуелсіздігіміздің публицистикалық шежіресі. Бұл – ба-
сынан аяғына дейін автордың туған елі Қазақстанға де-
ген шексіз сүйіспеншілігі, өз ұлтының тағдырына деген
алаңдаушылығы, жүрегінен шыққан шынайы сөзі, ақиқаты.
Марат Тоқашбаев Шона Смаханұлымен бірге қазақ
мектептерін ашуға атсалысқанын білеміз. Сонымен бірге
1985 жылы Қазақстандағы қазақ мектептерінің ауыр халін
жанайқай етіп көтергендігі осы кітаптан айқын көрінеді.
Нақты цифрлар мен деректер келтіре отырып жазылған
276
сараптамада сол кезде еліміздегі 9,5 мың мектептің үштен
бірі ғана қазақ тілінде екендігін, олардың материалдық-
техникалық базасының орыс мектептеріне қарағанда
əлдеқайда төмендігін көз жеткізе дəлелдейді.
Кітаптың «Құлдық психологиядан —ұлттық санаға»
деп аталатын алғашқы тарауына кеңестік идеология салда-
рынан қалғып бара жатқан ұлттық сананы оятуға арналған
материалдар топтастырылған. Бастыққа, бригадирге
бағынып үйренген психологияны заңға ғана бағынатындай
етіп өзгерту айта берсек, əлі күнге күн тəртібінен түскен
емес.
«Дəуір дүрсілінің» «Азаттық таңы алдында» атты та-
рауы Тəуелсіздік қарсаңында орын алған шиеленістерді
көрсетеді. Коммунистік партияның солақай саясаты,
шовинистік пиғылдарға қарсы күрес, Оралдағы казак-
орыстардың патшаға қызмет етуінің 400 жылдығын той-
лауына тойтарыс, Жаңа одақтық шарт мəселелері сөз бо-
лады. 1990 жылғы күзден бастап КСРО-ның орнына Жаңа
одақ қажеттілігі айқын еді. Алайда таяу уақытта Кеңес
өкіметінің темір құрсауынан сытылып шығу мүмкін
еместей көрінетін. Сондықтан публицист өзінің «Рефе-
рендум!», «Тарихи бетбұрыс алдында», «Шарт шатағы
шешілсе», «Тəуелсіздік туымен – жаңа одаққа!» сияқты
мақалаларында Жаңа одақтық шарт федерация бола ма,
əлде конфедерация бола ма, бірақ қалайда да ол шын
мəнінде Тəуелсіз мемлекеттер одағы болуға тиіс деген ойды
жалғайды.
Одақты сақтауға байланысты референдум өткізілер
тұста сол кездегі халық депутаты Нұрбақыт Қойшыбеков
арқылы Президентке референдумның қазақстандық
нұсқасын ұсынып, нəтижесінде референдум одақтық са-
уалмен емес сəл өзгерістерімен қазақстандық нұсқа бой-
ынша өткізілген. Шынайы патриоттық сезімнен туған бұл
қадамға біз куəміз.
Автор 1990 жылы маусым айында Қазақстан халық
депутаттарына жолдаған ашық хатында «Шынайы да
277
еркін Одақ дегеніңіз қатаң түрде еріктілікке негізделеді,
келісімді кез келген сəтте бұзуға мүмкіндігі болады.
Ондай мүмкіндік жоқ екен, онда бұл шынайы Одақ
болмағаны. Дəлірек айтқанда, Одақ дейсіз бе, тіпті
басқыншылық дейсіз бе, əйтеуір ақиқатында бір мемлекет
өз шеңберінде екінші мемлекетті ұстап тұруы болып табы-
лады» деген ойды сабақтай келе Жаңа одақтық шарт жо-
басын жасау үстінде 259 жылдан кейін тұңғыш рет туып
тұрған Қазақстанның мемлекеттік шынайы тəуелсіздігіне
жету мүмкіндігін қолдан шығарып алмауға шақырады.
«Горбачев үшінші жаһан соғысында ұтылды ма?», «Жа-
рылыстар жалғаса бере ме?», «Оралдағы оқиға», «Жедел-
хаттар жекпе-жегі», «Партия кешірім сұрамады», «Бүлік
жаңғырықтары» сияқты мақалалар сол күндердің ахуалы-
нан айнытпай сыр шертеді.
Автор 1991 жылы 7-қыркүйекте жарияланған «Им-
перия күйреді!» атты мақаласында «Мəңгілік ешнəрсе
жоқ деген рас екен. Алдыңғы күні, 5-қыркүйекте КСРО
Халық депутаттарының төтенше V съезінде əміршілдік-
əкімшілдік
жүйеге
негізделген
Кеңес
Одағының
тоталитарлық құрылысы өмір сүруін тоқтатты!» деп жар
салады. Империяға бағынышты «одақтас республика-
лар» деп аталатын елдердегі ұлт-азаттық қозғалыстары
шынайы мемлекеттік тəуелсіздіктерге қарай бет алды.
«Зұлымдық империясының» дəм-тұзы таусылуымен бүкіл
əлем мойнындағы ауыр жүк, жүректеріндегі қордалы үрей
біршама жеңілдеді. Осыдан төрт ғасыр бұрын басталған
отаршылдық саясатқа заң жүзінде əрең нүкте қойылды.
Бұл империя əлемде тұңғыш рет парламенттік жолмен
құлады. Ендігі бағыт – Қазақстанның толық тəуелсіздігіне
қол жеткізу» – дейді.
Марат Тоқашбаевтың азаматтық ұстанымын мына мы-
салдан да байқауға болады: 1991 жылы қыркүйек айының
басында Қазақстан Компартиясының кезектен тыс
төтенше съезі өтті. Сол съезде еркін микрофонды пай-
далана отырып Марат Тоқашбаев партия басшылығымен
278
жүргізілген жаппай коллективтендіру салдарынан
1932-1933 жылдары Қазақстан халқының тең жартысы
қырылғандығы, 1937 жылғы жаппай репрессия салдары-
нан мыңдаған жандар қуғын-сүргін мен құрбандықтарға
ұшыратылғаны, 1986 жылғы желтоқсанда студенттердің
Мəскеудің
империялық
озбырлығына
көрсеткен
наразылығын күшпен басып-жаншуды ұйымдастырғаны
үшін Коммунистік партияның қазақ халқынан кешірім
сұрауын талап етті. Съезд бұл талаптан бас тартқан соң,
Мəкең «Партия кешірім сұрамады» деген мақала жа-
зып, «ондай партия құрамында болғысы келмейтіндігін»
білдіріп, партия қатарынан шығып кеткен болатын. Сол
материал да осы кітаптан орын алыпты.
Журналист-жазушы ретінде ол əлемнің отыздан
астам мемлекетінде болды. Біз 1990 жылдары Мəскеудің
қылмыстық əлемін қазақ-қырғыз мафиясы билегендігін,
Токиодағы мұсылман мешітінде жапон профессорла-
ры құранды жапон тіліне аударғанын, Меккеде Арафат
тауларынан Қағбаға дейінгі аумақты 18 мың камера
қадағалайтындығын – Константинополь қорғандарының
2 мың жылдық тарихы бар екенін, Нью-Йорктегі «Эм-
пайрз билдинг ститс» ғимаратының 64-қабатында Қадыр
Қарабай дейтін аудитор қазақ жігітінің компаниясы
жұмыс істейтіндігін Мəкеңнің жазған жолжазбаларынан
оқып, жүрізген телевизиялық репортаждарынан көріп
білдік. Қазақ публицисінің кездескен адамдарының
қатарында Ресей Президенті Борис Ельцин, Сауд Араб-
иясының Королі Фахд, АҚШ тың экс-президенті Билл
Клинтон, Иран Президенті Махмуд Ахмединижад,
Түркия Президенті Абдаллаһ Гүл, Румыния Президенті
Константинеску бар.
Кезінде Ресей Президенттігіне үміткер болып
додаға түскен Аман Төлеевті Мəскеуге іздеп ба-
рып алғаш сұхбат алғаны газет үшін үлкен оқиға
болған-ды. Сөйтіп, Аман Төлеев бауырымызды қазақ
оқырмандарына ең алғаш таныстырған Мəкең болатын.
279
Онымен əлі күнге байланысып тұрады. Мажарстандық
ғалым Иштван Коңыр Мандоки туралы «Лениншіл жа-
ста» алғаш мақала жазып, «Қазақ менің бауырым» деп
жар салғызған да Мəкең.
Кеңестік билік Бауыржан Момышұлына ұзақ жылдар
Кеңес Одағының Батыры атағын қимай келгені мəлім. 1990
жылы көктемде «Халық Кеңесі» газетінде қаламгердің
«Қазақстанның Халық Батыры» атағы белгіленсе, мұндай
құрметті атақ, ең алдымен, Бауыржан Момышұлына берілсе
деген ұсынысы жарияланды. Редакцияға оқырман хаттары
жауып кетті. Осындай қоғамдық пікірдің нəтижесінде əрі
Елбасының қолдауымен жарты жылдан соң Баукеңе Батыр
атағы берілді!
Жазушы-журналистің тағы бір қаламгерлік белсен-
ділігі республика рəміздеріне байланысты. 1992 жылы
Мемлекеттік рəміздер туралы заң жобасы талқыланатын
тұста «Халық Кеңесі» газетінде Мəкең жариялаған
мақалада Гимн сөзін – Əнұран, Герб сөзін – Елтаңба
деп алғаны бар. Бұл терминдер заң жобасына ілініп,
сол арқылы өмірімізге сіңіп кетті. «Елорда» сөзін де
ойлап тауып айналымға қосқан Мəкең. Ол 1998 жылы
Ақмола атауы Астана болып өзгерген кезде «Қазақстан-1»
телеарнасының өзі басқарған жаңалықтар қызметі арқылы
тез тарап кетті. Бұлардан өзге «отставка» – «доғарыс»,
«приспособление» – «айлабұйым», «час пик» – «нөпір
шақ», «сувенир» – «кəдесый» жəне тағы басқа бірқатар
сөздерді аударғаны есімізде.
Бүгінде кемеліне келіп отырған көсемсөзші Ма-
рат Тоқашбаевтың «Дəуір дүрсілі» кітабы шын мəнінде
дəуіріміздің тынысы. Бұл кітап автордың тəуелсіздігіміздің
шынайы публицистикалық жыршысы бола білгендігін
көрсетеді.
2010 ж.
280
ДЕКАНДАР
2011 жылы мамыр айында Алматы қаласында əл-Фараби
атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика
факультетін бітірушілердің 30 жылдан кейінгі кездесуі
өтті. Кездесуге жиылған курстастардың əңгіме өзегі
ұстаздарымыз туралы естеліктерге көбірек ойысқан еді.
Əркім өзінің жадында қалған естеліктерін айтып, бір мəре-
сəре болып қалған-ды.
Ұстаздарымыз туралы менің де əрекідік қойын дəптерге
түртіп жүрген жазбаларым бар еді. Кейбірісі оның мерзім-
дік баспасөз беттерінде жарияланған да. Солардың басын
қосып, жинақтап, осы курстастар кітабына қайта ұсынуды
жөн көрдім.
Тегеурінді тағдыр
... 1975 жылдың қоңыр күзі. Сол жылы мамыр айында
əскерден оралдым да, күзге салым Алматы қайдасың деп
тартып кеттім. Ниетім — сəті түссе, университеттің журна-
листика факультетінің дайындық бөлімінде оқу.
Дайындық бөліміне тиісті құжаттар тапсырылып болған
соң əңгімелесу негізінде қабылданады екен. Ол күн де келді.
Комиссия алдына біртіндеп кіріп жатырмыз.
– Ортада отырғанның екпіні қатты ғой, ə!
– Ойбай-ау, деканыңыз сол кісі емес пе!
– Бəсе, қоғадай жапырылып жатыр соған .... өңгесінің
бəрі.
– «Мəселені сол кісінің ыңғайы шешеді» дейді.
– Енді қалай деп едіңіз?
– Сөзі нық, қимылы ширақ.
«Сөзі нық, қимылы ширақ». Əшірбай досымыз айтқан
осы сөзі неге екенін қайдам, əйтеуір, күні бүгінге дейін
жадымда сақталып қалыпты. Деканымыз деп таныған
кісінің бүкіл болмыс-бітімін бейнелейтін осы сөздің дəл
281
айтылғандығына, анық айтылғандығына кейін талай рет
көзіміз жетті. «Əулиесің-ау, Əшірбай, əулиесің» деген там-
сану мен таңдану бекер емес-ті.
Журналистика факультетінің деканы Темкеңнің—
Темірбек Қожакеевтің өзі бұл фəниден өте өткенше осы
қалпынан, осы қасиетінен бір танбай кеткен кісілердің
қатарынан еді, жарықтық.
«Тура сөйлеген туғанына жақпайды» дейді халық
даналығы. Əділ сейлеймін, тура айтамын деп Темағаңның
қайсыбір кездері қаңқу сөзге ілігіп жүрген уақыттары
да болған. Ол — шындық. Ал шындықтан айналып кете
алмасың тағы ақиқат.
Кезінде 86-жыл оқиғаларынан кейінгі дүрбелең науқанда
Темекенді жазғырушылар көбейді, рушыл деді, жершіл
деді. Күнəлаған, күстаналаған мақалалар шығып жатты.
Ал бірақ оның «жершілдігі» бүгінгілердің «бармақ басты,
көз қыстыларының» қасында əңгіме етуге тұрмайтын ша-
руалар екен. Егер ол өз ауылының, өз ауданының бірлі-
жарымды талапкерінің оқуға түсуіне қол ұшын бере ал-
маса, онда оның азаматтығы қайсы, оқыған-тоқығандығы
қайсы. Еліңді қадірлегің келсе, ең алдымен ауылыңды,
ауданыңды, өскен өңір, туған топырағыңды қадірле дейтін
ғақлия қайда қалады сонда?..
Осының бəрін, тіршіліктегі таусылмайтын күйбең-
сүйбеңді былай қойғанда Темкең, ең алдымен, өз ісінің
білгірі, өз мамандығының қыры мен сырын жете меңгерген
майталмандар қатарынан саналатын кісі дер едік. Бұған,
біздер, жетпісінші жылдардың соңы мен сексенінші жыл-
дардың басында ол кісіден дəріс алған шəкірттер талай рет
көз жеткіздік.
Тамаша лектор болатын. Қырық бес минут бойына ау-
диторияны баурап отыру шын мəніндегі ұстаздардың
ұстазының ғана қолынан келетін шаруа, əрине. Ал Темекең,
міне, өмір бойы осындай өлшем биігінен көрінген жан. Неге
олай?
Бұған жауап – оның ғұмыр бойы ə деп өзі қалаған
282
мамандығына адалдығы, оның ыстығына күйіп, суығына
тоңа білгендігі. Сондықтан болар, оның қаламынан туған
дүниелер ғылыми-зерттеу жұмыстарының өзегіне айна-
лып, көп мəселеде ақ пен қараны айыруға септесіндік жа-
сады.
Осы тұрғыдан келгенде, Темекеңнің «Көк сеңгірлер»
деп аталатын еңбегінің орны бөлек. Еліміз егемендік алып,
тəуелсіздікке қол жеткен шақта ол қайраткер қаламгер
Алаш ардақтыларының тағдыр-талайы туралы толғауын
қолға алды.
Əдебиетіміз бен мəдениетіміздің алыптары Сəкен Сей-
фуллин мен Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин мен Ғаббас
Тоғжанов туралы тың деректер негізіндегі очерктерін бы-
лай қойғанда, бұрын-соңды ресми баспасөзде аз-кем ай-
тылып, жазылып жүрген Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып
Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек
Қожанов сынды арыстардың шығармашылық жолына
арналған зерттеулері оқырман қауым үшін үлкен олжа бол-
ды.
Ағалар ғұмырының өнегелі, ғибратты кезеңдерін жазу
үшін Темекең талай архив парақтарын ақтарды, ерінбеді,
жалықпады. Жасы алпыстың жуан ортасына келген кісі
үшін көзмайын тауыса шаң басқан құжаттарды ақтарыстыру
оңай шаруа емес еді, əрине. Сөзінің нықтығын, қимылының
ширақтығын осы жолы да дəлелдеді ол.
Мұндай пікірді оның қаламынан туған «Сатиралық
жанрлар», «Сатира күштілер қаруы» деп аталатын еңбектері
туралы да айтуға болады. Темекеңнің қай тақырыпта
мақала жазса да тыңғылықты дайындықпен кірісетіні,
мəселені түбірімен зерттеп барып қолға калам алатыны
айқын байқалатыны сөзсіз.
Темкең бертін өзінің туған топырағы, өскен ортасы ту-
ралы толғана кітап жазды. Оның аты — «Керімсал кент»
еді. Кітапты оқып отырып Тараз тарихының арғы-бергісіне
жаңаша көзқараспен ой түйіндеген ғалымның өзіндік бай-
ламдарына разы боласыз.
283
Бір зандылық бар: бəріне Уақыт төреші, бəріне Уақыт
емші. Бүкіл ғұмыр көші тағдыр тайталысымен безбендел-
ген Темкең туралы жазылар естеліктер легі əлі алда деп ой-
лаймын.
«Журналистика – баршаға»
деп келешекке қызмет еткен қаламгер туралы ой
«Жақсы жүрген жерінде із қалады». Осы бір қанатты
қағиданың ақиқаттығына айтулы қаламгер, ірі оқымысты,
əмбебап журналист Марат Кəрібайұлы Барманқұловтың
ғұмыр жолы, оның шығармашылық сапары айқын көз
жеткізгендей.
Себебі Мəкең өзінің көзі тірісінде-ақ журналистика
жекелеген ғана тұлғалардың айналысатын кəсібі емес, ол
бүтіндей бұқаралық сипат алған мамандық деп түсінетін.
Сондықтан болар, оның кезекті бір кітабы осындай
тақырыппен басылып шыққанын білеміз.
Оның шығармашылық жолына қарап отырсаңыз,
М.Барманқұловтың өне бойы өсу, шығармашылық
шеберлігін шыңдау жолындағы қаламгер болғанын айқын
аңғарасыз. 1965 жылы Мəскеу мемлекеттік университетінде
портреттік очерктің проблемалары төңірегінде кандидаттық
диссертация қорғаған ол бұдан былайғы ізденістерінде де
бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы алар орнын
айқындауға, оның адамдардың белсенді өмірлік позиция-
сын қалыптастырудағы рөлін көрсетуге батыл қадам жаса-
ды.
Ал 1981 жылы қорғаған докторлық диссертациясы бой-
ынша баспадан шыққан монографиясы студенттер мен
мамандардың, зиялы қауымның қолдан-қолға тигізбес
кітабына айналды. Ғылыми жұмыспен айналысам, диплом
қорғаймын деген талай талапкердің осы монографияға
жүгінбегені кемде-кем-ақ шығар. Мұның сыртында оның
«Телевидение: деньги или власть?» (Алматы: «Санат», 1997),
«Тюркская вселенная» (Алматы: «Білім», 1996), «Наследни-
284
ки Белого Лебедя» (Алматы: «Рауан», 1995) деп аталатын
туындылары оз оқырмандарын тауып, мерзімді баспасөз
беттерінде лайықты бағасын алғаны мəлім.
Марат Кəрібайұлы ұстаздықты ұлы мұрат тұтқан
оқымыстылардың бірі. Сондықтан болу керек оның
жетекшілігімен докторлық, кандидаттық диссертациялар
қорғаған ізбасарлары бүгінде өзі ұзақ жылдар қызмет ет-
кен білім мен ғылым ордасы – əл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық университетінде жемісті еңбек етіп келеді.
Марат Кəрібайүлы кезінде өзінің ғылыми жұмысын
педагогикалық, қоғамдық жұмыстармен шебер ұштастыра
білді. Мəселен, 1965 жылдың қаңтарынан бастап Қазақ
мемлекеттік университетінің қарапайым ассистенттігінен
журналистика факультетінің сырттай жəне күндізгі
бөлімдерінің декандығына дейінгі жолдан өтті. Айтуға
ғана жеңіл болғанымен, өз өмірінің ширек ғасыр уақытын
арнаған осынау қызметте оның ұстаздық тəлімгерлігі мен
шебер ұйымдастырушылық таланты айқын байқалды.
Айталық, өзіміз осы журналистика факультетінің
студенті болып жүрген кезімізде əлдене бір себеппен оның
алдына барғанымызда мəселені шешуге орай «жоқ» деген
сөзді естімеппіз. Үнемі ақ жарқын, үнемі қарбалас істің
үстінде жүретін Марат Кəрібайұлы үлкеннің де, кішінің
де мұқтаж шаруасын оң шешіп беруге тырысып-ақ жата-
тын. Мен факультеттің 3-інші курсынан бастап кəсіподақ
комитетінің төрағасы, Алматы қалалық кеңесінің депутаты
болып сайландым. Бұның өзі маған үлкен жауапкершілік
жүктейтін қоғамдық жұмыс еді.
Студенттердің тұрмыстық мұқтажына байланысты
Мəкеңмен жиі пікірлесуге, түйінді мəселелерді бірлесіп
шешкен кез аз болмап еді. Сонда бір айқын аңғарғаным,
мені ол студент аудиториясында шəкірт ретінде қабылдаса,
ал, қоғамдық жұмыстар барысындағы кездесулерімізде
əріптес азамат ретінде сөз қозғап, өзімен тең дəрежеде
ұстайтын. Би-ағаң айтты дейтін «Ұлық болсаң, кішік бол»
деген қасиетті осы Мəкеңнің болмысынан танитынбыз сол
285
шақ. Бұл – кейінгі толқын журналистер ұдайы өнеге етіп
ұстайтын-ақ қасиет.
1991 жылы филология ғылымдарының докторы, про-
фессор Марат Барманқұловқа зор сенім көрсетіліп,
ол республикалық «Казахстанская правда» газеті бас
редакторының бірінші орынбасары қызметіне тағайын-
далды. Бұл бір ел өміріндегі қоғамдық-саяси оқиғалардың
алмағайып түсіп жатқан кезеңі еді.
Өтпелі кезеңнің өзіндік талабы, əсіресе, бұқаралық
ақпарат құралдарының жетекшілеріне ерекше қойылғаны
сөзсіз. Мен сол кездері республикалық «Халық кеңесі»
газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметінде
жүрдім де, Мəкеңді əріптес ретінде əрі ақылшы ұстаз аға
ретінде оған жиі телефон соғып, жұмыс бабында толғаулы
мəселелердің түйінін бірлесе шешіп отыруға тырыстым.
Сонда бір байқағаным, өмір бойы студент аудиториясын-
да дəріс оқып, негізінен ғылыми-зерттеу жұмыстарымен
шұғылданған азаматтың өзі бекітілген жаңа қызмет
орнының ерекшелігін тез меңгеріп кеткендігі. Əрине, жур-
налистикада тақтайдай жол жоқ. Оның кедір-бұдырсыз
даңғылымен қоса қалтарыс-бұрылыстары да аз еместігі
белгілі. Оның үстіне 90-жылдардың басы қоғамдық санаға
демократиялық дүмпулердің тың серпін əкеле бастаған кезі.
Бұл – қоғамдық пікірлердің алмағайып түсіп, шы-
нын айтқанда, көше шерулерінің шырқау шегіне жеткен
шағы болатын. Сол уақыт рухына сай редакцияға түсетін
мақалалардың да сыпаты болмысты бейнелеп жататын. Ал
соның бəріне тəуелсіздік стратегиясы мен мемлекетшілдік
көзқарас тұрғысынан байыпты баға беру, жүзден бірін
іріктеп алу, əрине, оңай емес еді. Мəкең, міне, осындай та-
лап тұғырынан көріне білген басшылардың бірі болды.
Замана
талабына,
уақыт
бедеріне
байланысты
журналистикаға да жаңа міндеттер жүктелгені өзінен-
өзі түсінікті. Оны бүгінгі таңдағы бұқаралық ақпарат
құралдардың сыр-сыпаты айқын аңғартып отыр. Ал,
Мəкең – Марат Кəрібайұлы өзінің шəкірттер алдындағы
286
дəрістерінде, көзінің майын тауысып жазған ғылыми
еңбектерінде осы мəселеге айрықша мəн берген еді.
Оның өткен ғасырдың 90-жылдары айтқандары бүгінде
ақиқатқа айналды. Себебі қазір ақпарат – саясат, ақпарат –
бизнес, ақпарат – тарихи тағылымды талдау-сараптау көзі
болып отыр. Ал бұдан соң журналистиканы баршаның ай-
налысатын кəсібі демей көріңіз.
Уақыт рухына сай редакцияларға түсетін мақалалардың
да сыпаты болмысты бейнелеп жататын. Ал соның бəріне
тəуелсіздік стратегиясы мен мемлекетшілдік көзқарас
тұрғысынан байыпты баға беру, жүзден бірін іркіп алу,
əрине, оңай емес еді. Мəкең, міне, осындай талап тұғырынан
көріне білген басшылардың бірі болды.
Қажымайтын Қозыбаев
Қазақстанның ақпараттық кеңістігіндегі ахуалды осы-
дан 20 жылғы жағдаймен салыстыруға мүлдем келмейді.
90 жылдардың басында демократиялық бостандыққа
қол жетті, ел өз тəуелсіздігін жариялады дегенімізбен
бұқаралық ақпарат саласындағы үрдістерден əлі де болса
ескі моноидеологияның ызғары есіп тұрған-ды. Ақиқатын
айтқанда, ол жылдары жаңа мен көненің, тың көзқарас
пен тоқыраған пиғылдың текетіресіп жатқан кезі еді.
Əсіресе, мемлекеттік басылымдар тарапынан бұрынғы
инерция бойынша жоғарыға жалтақтау, қоғам өміріндегі
ең өзекжарды мəселелерді айнала өту секілді жағдаяттар
болмай қалған жоқ. Ал бірақ сол басылымдардың бүтіндей
материалдық-техникалық базасы, қаржыландыруы «бір
көзден» қамтамасыз етіліп отырғандықтан да, бұл газет-
журналдардың жұмысының ыңғайын бұрынғы сүрлеумен
құрмасқа амалы жоқ та еді...
Бұл əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің,
журналистика факультетінің бұрынғы деканы, кафе-
дра меңгерушісі, профессор, Қазақстан журналисти-
ка академиясының президенті Сағымбай Қозыбаевтың
287
пікірі. Профессор Сағымбай Қозыбаевтың сөзінің жаны
бар. Дегенмен де, уақыт шіркіннің бір орында тұрақтап
кала алмайтыны, үнемі өзгерісте болатыны секілді
Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық
болмыстың талаптарына сай өздерінің жұмыс істеу əдіс-
тəсілдерін қайта құрып, оны біртіндеп жетілдіре бастағаны
тағы шындық. Сөйтіп, осынау үрдіске, республиканың
ақпараттық кеңістігінің бəсекеге қабілеттілігін дамытуға
практик журналистермен қоса, БАҚ мəселесінің теория-
сы мен тəжірибесін таразылап талдауға ғалымдарымыз да
айтарлықтай үлес қоса бастады.
Мəселен, кешегі өткен Х.Бекхожин, Б.Кенжебаев,
Т.Қожакеев, М.Барманқұлов сыңды ғалымдар салған
соқпақты бүгіндері Н.Омашев, С.Қозыбаев, Б.Жақып
жəне олардың соңынан ерген бір топ үркердей үмітті топ
лайықты жалғастырып келеді. Ал осылардың ішінен та-
рих ғылымдарынын докторы, профессор Сағымбай
Қабашұлының соңғы жылдардағы шығармашылығы
хақында ой өрбітуді жөн көріп отырмыз.
Ілгеріде біз ел өміріндегі өтпелі кезеңнің екінші сатысын-
да қазақстаңдық БАҚ-тардың жұмыс əдіс-тəсілдерінде елең
еткізерлік өзгерістер пайда бола бастады дедік. Бұрыннан
бар журналистік қоғамдар, ұйымдармен қоса жаңадан
шығармашылық бірлестіктер шаңырақ көтергені мəлім.
Айталық, ғасырдың басында «Media Net» халықаралық
журналистік орталығы, «Əділ сөз» сөз бостандығын
қорғау жөніндегі халықаралық қор, «Қазақстан журна-
листер конгресі», «Eurasian Media Forum», т.б. журнали-
стер қауымдастықтарының тұсауы кесіліп, жұмыс істей
бастағаны белгілі. Міне, осылардың алдыңғы легінен
Қазақстан журналистика академиясы лайықты орын ала-
ды десек артық айтқандық емес. Құрамында еліміздің БАҚ
саласындағы ең таңдаулы қырыққа жуық кəсіби шеберлері
кіретін бұл академия қоғамдық ортада өзін-өзі көрсете
білді, республика журналистерінің шеберлігін ұстарту
мақсатындағы жұмысқа лайықты үлес қосып келеді деп
288
толық айтуға болады. Ал соның басы-қасында жүрген
академияның президенті Сағымбай Қозыбаев.
Сəкең Қазақстан журналистика шаңырағына кездейсоқ
бас сұққан «жазғыштардың» немесе есіктен кіріп төр
менікі дейтін пысықайлардың бірі емес. Ол өзіндік
орнын айқындаған, қолтаңбасы қалыптасқан шын
майталмандардың бірі. Бұл пікірді хаттап отырғанда біздің
ойымызға Сəкеңнің жаңалыққа жаны құмар қаламгерлігі,
ізденімпаз елгезектігі ойға оралады. Оның бұл қасиеті
Қазақ радиосында бас редактордың орынбасары, кейінірек
Бүкілодақтық радионың Қазақстандағы тілшісі болып
жұмыс істеген жылдарында айрықша жарқырап көрінді.
Журналистік сапарлардағы көргені мен түйгені мол
Сағымбай өзінің зерттеушілік өрісінде де өзгелерге үлгі
боларлықтай қасиетімен танылды. Ол журналистика та-
рихын зерттеуде, зерделеуде қыруар ізденістерге бар-
ды. Ұлттық баспасөзіміздің кенен кешегісі мен кемелді
келешегіне қатысты ғылыми негізді, дəлелді байламдар жа-
сады. Айталық, Сəкеңнің түптеп зерттеуінің нəтижесінде
республикалық «Коре ильбо» газеті өзінің шыға бастау
жылнамасын 1937 жылдан емес, енді 1923 жылдан бастай-
тын болды. «Экспресс К» газеті де (бұрынғы «Ленинская
смена») осылайша шыға бастау шежіресіне өзгерістер
енгізді. Сөйтіп, екі басылым да өздерінің 30 жылдық ме-
рейтойын атап өтті.
Ретті
жерінде
айта
кетейік,
осы
газеттердің
шығармашылық алқасы мен сан мыңдаған оқырман-
дарының қарапайым қазақ ғалымына оның басылымдар
шежіресін зерттеудегі табандылығына айтар алғысы шексіз
болғаны сөзсіз.
Мақтануға, мақтауға тұрарлық па? Əрине!
Сағымбай Қабашұлы өз қаламынан туған əрбір
шығарманың, зерттеу еңбегінің қашан тұсауы кесілгенше
толғанып, тебіреніп жүреді. Өмірде тақтайдай жол əркез
бола бермейтіні акиқат. Алайда «біткен іске сыншы көп»
деген нақылдың өз алдынан талай шыққанын Сəкең
289
жақсы біледі. Оны мына бір жағдаяттармен салыстырғым
келіп отыр. Осыдан 2-3 жыл бұрын Сəкең Қазақстан
журналистикасының энциклопедиясын шығаруды қолға
алды. Жұмыс жұмыстың арасында уақыт тауып, оған
қажетті материалдар əзірледі. Тиісті мекемелерге сұрау сал-
ды. Жекелеген кісілерге, баспасөз ісінің төңірегінде жүрген
азаматтарға ұсыныс айтты. Тым болмағанда, өздеріңіздің
өмірбаяндық деректеріңізді беріңіздер деді. Осыған елп ете
қойғандары көп болмады.
Ал қолжазбаны өндіріске тапсыратын уақыт болса
таяп қалды. Амалдың жоқтығынан жиналған материал-
дар барынша өткізіліп, кітап əу баста ойластырғандай эн-
циклопедия емес, анықтамалық болып шықты. Шығуы
шыққанымен, дау айтушылар, өкпе білдірушілер кебейді:
«Мен неге ілінбей қалғам?», «Əні бір мəселе, мына бір про-
блема ұмыт қалыпты ғой...» деген секілді. Сəкең о бастан
терісі кең адам, осының бəрін көтере білді де: «Бұл енді
бірінші шығарылым ғой, сіздер белсенді атсалысқанда кем-
кетігі де аздау болар еді. Анықтамалық келесі жолы энци-
клопедия болып шығады. Сонда міндетті түрде кіресіздер»
деп олардың да көңілін көтере демдеп, жауапкершілік
шылбырының бір ұшын өздеріне ұстатып қойды.
Ал ақиқатына келсеңіз, энциклопедия шығару бір
адамның ғана қолынан келетін шаруа емес, мұндай іске
əдетте тұтастай институт ғалымдары жұмылдырып жата-
ды. Сəкеңнің осындай күрделі шаруаны батыл қолға алып,
оған із тастаудың өзі де үлкен ерлікпен пара-пар!
Уəде – орындалумен құнды. Сəкеңнің өкпе білдірушілерге
айтқан уəдесі жай ғана көңілжықпастық сөз емес екен. Ол
өз сөзінде тұра білетін азамат екендігін де дəлелдеп жүр.
Соның айқын бір мысалы, 2006 жылы «Қазақстан журна-
листикасы энциклопедиясының» жарыққа шығуы. «Эконо-
мика» баспасынан «Отандық журналистика» сериясымен
дүниеге келген 531 беттік бұл көлемді ғылыми басылымның
еліміздің бұқаралық ақпарат кеңістігінде алар орны ерекше
болмақ.
290
Сағымбай
Қозыбайұлы
осынау
энциклопедияны
жарыққа шығаруда қыруар дайындық жүргізгенін, оның
ізашар басылымдардың тұсауын кескенінің куəсі болып
жүрміз. Ғалымның қаламынан туған «Менің Ленсменам»
(2001), «Жарық жұлдыздар. Отандық журналистика эли-
тасы» (2006) сондай-ақ, «Масс-медиа. Словарь – справоч-
ник» (2007) деп аталатын кітаптар журналистер əулеті мен
саясаттанушыларға, тарихшыларға кажетті таптырмас
көмекші кұралға айналған. Осылардың ішінде, əсіресе,
«Масс-медиа. Словарь – справочниктің» орны ерекше.
Көлемі 720 беттен тұратын осынау энциклопедиялық
басылымға үш мыңнан артық мақала енгізілген. Өзі
басқаратын Қазақстан журналистика академиясының
жұмыс ауқымында атқарылған елеулі іс боп танылатын осы-
нау энциклопедиялық басылым масс-медиялық анықтама
сөздіктермен қоса теориялық түсініктемелерді қамтып
қана қоймай, Қазақстандағы БАҚ саласындағы заңнамалық
актілер туралы да мағлұматтар береді. Бұл ретте, «Масс-
медиа. Словарь – справочниктің» еліміздегі журналисти-
ка мамандығы бойынша дəріс алып жүрген шəкірттер
үшін негізгі оқу құралдарының бірі болатындығына кəміл
сендіргіміз келеді.
Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде Журналистика
академиясының алар орны ерекше. Жылма-жыл өзінің сес-
сиясында республикадағы бұқаралық ақпарат құралдары
арасындағы шығармашылық сайыстың қорытындысын
қарайтын оның əр мəжілісі үлкен мəртебеге ие екендігінде
сөз жоқ. Себебі академия белгілеген жалпыұлттық «Ал-
тын жұлдыз» жəне «Алтын самұрық» сыйлықтарын алу
жолында еліміздің түкпір-түкпірінен талай үміткерлер бақ
сынасады. Ал шын жеңімпазды таңдау, олардың тұғырлы
орнын белгілеу нағыз кəсіби шеберлер мен білімпаздардың
əділдігіне, азаматтық өре биігіне байланысты. Ақиқатын
айту керек, Сəкең бастаған журналистика академиясының
академиктері жылма-жыл осынау өлшем биігінен көрініп
келе жатқандығы сөзсіз.
291
«Ұлық болсаң – кішік бол», «Кең болсаң – кем бол-
майсың». Осынау бір қанатты қағидаларды өз ғұмырының
бағдаршамындай ұстанатын профессор Сəкең – Сағымбай
Қабашұлы Қозыбаев қазір зор шығармашылық шабыт
үстінде. Қым-қуыт, қам-қарекет ішінде. Бірде – универси-
тетте, бірде – академияда. Бəріне уақыт тауып жүргені.
Бүгінде университет аудиторияларында шəкірттеріне
дəмді де дəлелді дəріс оқитын ұлағатты ұстаздың бітімі
уақыт озған сайын тұлғалана түссе, ол – заңдылық. Абы-
рой-бедел деген сол.
Оның үстіне Қазақстан журналистика академиясының
қат-қабат шаруаларын сүріндірмей, қабындырмай алып
келе жаткан қайраткер азаматқа тілеуқорлар да көп.
«Қажымайтын Қозыбаев!» деп мақтанышпен ауызға алаты-
нымыз да сондықтан!
2012 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |