Бақылау сұрақтары:
1.Көркем мәтіннің композициялық құрылымына анықтама беріңіз.
2.Көркем мәтіндегі баяндау қабаттары және олардың түрлері.
3.Суреттей баяндаудың ерекшеліктерін айтыңыз.
4.Әңгімелей баяндаудың ерекшеліктері қандай?
5.Ойталқы баяндау туралы түсінігіңіз.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1.Сыздық Р., Шалабай Б., Әділова А. Көркем мәтінді лингвистикалық талдау. А., 2002
2. Қуандық Мәшһүр-Жүсіп Көркем сөздің құдыреті. Павлодар, 2000
3.Бобылев Б.Г. Стилистический анализ художественного и публистического текста. А., 1987
4. Иванова Г.П., Брандес О.П.Стилистическая интерпретация текста. Москва, 1991
5.Бабенко Л.Г., Казарин Ю.В. Лингвистический анализ художественного текста. Москва, 2003
Дәріс №15
Тақырыбы: Көркем мәтіндегі автор бейнесі
Оқу-жұмыс бағдарламасы негізінде жасалды
Жоспары:
1.Көркем мәтіннің модалдылығы
2.Сөз тудырушы, баяндау субъектісі және автор бейнесі ұғымдарының қарым-ұатынасы
3. Көркем мәтіндегі автор тұлғасы және оның көріну жолдары
Дәрістің мақсаты: Көркем мәтіндегі автор бейнесі, оның түрлері, жасалу жолдары туралы түсінік беру.
Мәтіннің тілдік ұйымдасуын зерделеуде «авторлық модалдылық» ұғымын зерттеуден тыс қалдыруға болмайды. Өйткені мәтінтүзу мен мәтінқабылдауда оның рөлі ерекше: ол мәтіннің барлық бірліктерін мағыналық, құрылымдық біртұтастыққа біріктіріп тұрады.
Сөйлем модалдылығы біршама зерттелген болса, мәтін деңгейіндегі модалдылықты сөз еткенде, автор мен оқырман арасындағы қарым-қатынасты, яғни қарым-қатынас актісі мәселесін қозғау керек болады.
Автор тұлғасын оның мәтіндегі көріну формалары арқылы қабылдау – екі жақты үдеріс, ол автор мен оқырман қарым-қатынасына негізделеді. Мәтін модалдылығы автордың мәтіндегі хабарланған жайға қатынасы, көзқарасы, ұстанымы, оқырманға жеткізуге бағытталған өзіндік құндылықтары ретінде анықталады.
Автордың көзқарасы, бағасыбейнелеудің өзіне сәйкесті тәсілдерін керек етеді. Ал олар әр автор үшін және мәтін түрлеріне қарай әр түрлі болады, олардың уәжділігі, мақсаттылығы айқын болып тұрады. Демек, оларды таңдау тілдік емес міндеттерге байланысты. Автордың хабарланған жайға көзқарасы болып табылатын жалпы модалдылық мәтінді жекелеген бірліктердің қосындысы емес, тұтас шығарма ретінде қабылдатқызады. Сондықтан жекелеген тілдік бірліктердің сапасын емес, олардың тұтастық құрамындағы қызметін анықтау қажет. Сонда автордың жекелік қатынасы, В.В.Виноградов айтқандай, «шығарма мәнінің тұтасқан, орталықтанған көрінісі» болады. «Ол шығарманың барлық тілдік құрылымының жүйесін біріктіреді». Бұдан шығатын қорытынды: мәтін тілдік бірліктердің жай ғана бірігуінен тұрмайды, сонымен қатар ол автордың мақсат, ниетіне орай, қарым-қатынас жағдайы мен автордың жеке ғылыми, интеллектуалдық, қоғамдық, адамгершілік, эстетикалық т.б. бағыттарына сәйкес келетін мазмұндық және формалдық элементтердің бірліген тұрады.Модалдылық категориясымен мәтіннің тағы бір мәнді белгісі – «автор бейнесі» ұғымы тығыз байланысты.
«Автор бейнесі» ұғымы оған қарағанда нақты және айқын болып келетін «сөз тудырушы», «баяндау субъектісі» деген ұғымдармен салыстырғанда анықтала түседі. Сөз тудырушы – баяндау субъектісі – автор бейнесі. Бұлар бірінен бірі туындайды, оның жоғары жағында автор бейнесі тұрады. Біріншісіне – шығарманы (газет мақаласы, ғылыми мақала, өлең) жазушы адам жатады. Бірақ сөз тудырушы автор жазуға отырғанда алдына белгілі бір мақсат қояды немесе тапсырма (өзіне-өзі немесе басқа біреуден) алады.
Достарыңызбен бөлісу: |