Білім жүйесін қалыптастыру бағыттарына немесе шеберлік пен дағдыларды меңгеруге байланысты оқытудың белсенді әдістерін еліктеуші емес және еліктеуші деп жіктейді. Еліктеушілік - әдетте кәсіби шеберлік пен дағдылар негізінде қалыптасады және кәсіби іс - әрекетті модельдеумен байланысты болады. Ойын немесе ойын емес болып жіктелу оларды ұйымдастыру жағдайына қарай анықталады.
Оқытудың белсенді әдістері бұл ең алдымен студент пен оқытушының карым - қатынасы тікелей жүзеге асатын сұхбаттасып оқыту; танымдық әрекеттің арнайы ұйымдастыру формасы. Ол толық, айқындалған және мақсатын алдын ала болжауға болатын оқыту түрі.
Оқытудың белсенді әдістері: Жұптасып жұмыс істеу; Ротациялық (ауыспалы) үштік; Карусель; Шарын топтармен жұмыс; Рөлдік (іскерлік) ойын; Дискуссия; Дебат; жартылай кәсіби іс - әрекетті модельдейтін және іскерлік, дағдыны қалыптастыруға бағытталған тәсілдер: проблемалық сұрақтар, іскерлік ойындар, кәсіптік жағдаятты талдау, тренинг; білім, іскерлік, дағдыларын қалыптастыруға бағытталған тәсілдер: проблемалық есептер жағдаяттар, «дөңгелек үстел», эвристикалык әңгіме, «миға шабуыл», оқу пікірталасы, «кейс - стадия», өзіндік жұмыс.
Енді педагогиканы оқытуда жиі қолданылатын белсенді оқыту әдістерінің кейбіріне тоқталып өтейік.
«Жұптасқан дәріс» әдісі – бұл өн бойына оқу материалын репродуктивтік, проблемалық, интеграциялық және диалогтік баяндау элементтерін жинақтаған оқыту тәсілі.
Аталған әдіс бірыңғай жоғары деңгейде оқу материалын меңгерген, бір-бірімен іс-әрекет стилі өте ұқсас бола тұра өздерінің жеке қасиеттері: дауыс ырғағы, үндестілік, сөйлеу екпіні, қимыл-қозғалыстары, мимикасы және т.б. арқылы ерекшеленетін пікірлес әріптестер арасында қолдау тапты.
Студенттер аталған әдістің қолданылуымен өткен сабақты жоғары бағалайтынын практика жүзінен көруге болады. Біріншіден, оқу материалы дайын күйінде берілмей, проблемаларды оқытушымен бірлесе шешу арқылы диалог құру нәтижесінде меңгеріледі. Сонымен қатар, көп көлемдегі ақпаратты азайтады, тек нақтылы фактілер келтіріліп, нақтылы теориялық материал беріледі.