«Жоғары мектептегі оқытудың белсенді оқыту түрлері мен әдістері» МӨЖ
Алматы 2022
Оқыту әдістемесі – оқушыларға білім беру, танымын арттыру және дамыту, дағдыландыру мақсатында оқытушылардың қолданатын тәсіл-амалдары мен құралдарының жиынтығы. Бұл ұғымның анықтамасы мен әдістерді жіктеу турасында педагог ғалымдар арасында ортақ пікір қалыптаспаған. Мәселен, И.Ф. Харламов оқыту әдістемесіне оқу материалын игеруге бағытталған түрлі дидактикалық міндетті шешу мақсатындағы оқытушы жұмысының және оқушылардың оқу-танымдық әрекетін ұйымдастыру тәсілдерінің жүйесі деген анықтама береді. Ю.К. Бабанскийдің пікірінше, ол оқу міндеттерін орындауға бағытталған оқытушы мен оқушылардың тәртіпке келтірілген өзара байланысты қызметі. Т.А. Ильина оқыту әдістемесін оқушылардың танымдық қызметін ұйымдастыру жолдары деп біледі. Осы тәрізді басқа да пікірлерді саралай келе, бәріне ортақ белгілерінің негізінде оқыту әдістемесінің анықтамасын беріп, жалпы әдістерін топтастыруға болады.
Оқыту барысында түсіндіру, әңгімелесу, лекция, кітаппен жұмыс істеу секілді сөздік әдістер, иллюстрация және демонстрация сияқты көрнекі, сондай-ақ зертханалық, практикалық, графикалық, жаттығу жұмыстары іспетті тәжірибелік әдістер қолданылады. Педагогикалық әдебиеттерде мұнан басқа әдістердің 50-ден астам түрі көрсетіледі.
Оқыту әдістері оқу құралдарының көмегімен іске асады. Оқу құралдарына оқу кітаптары (оқулық, анықтама, есептер жинағы, сөздіктер), көрнекі құралдар (кесте, сызба, сурет, альбом, фотосурет, карталар) және техникалық құралдар (үнтаспа, бейнетаспа, компьютер) жатады. Бүгіндері oқыту әдістемесі атауын оқыту технологиясы атауы ығыстырып келеді.
И.Я. Лернер мен М.Н. Скаткин окытудын 5 әдісін ұсынды:
1.Түсіндірмелі - иллюстративті әдіс. Білім алушылар лекцияда оқулықтан, түрлі әдебиеттерден, экранды оку құралдарынан «дайын» білім алады. Фактілерді, қортындыларды кабылдау, ой елегінен өткізу негізінде студенттер репродуктивті дәрежеде ойлайды. ЖОО - ында ауқымды информацияны жеткізу мақсатында бұл кеңінен қолданылатын оқыту әдісі.