1.3 Ұлттық мәдениет – ұлттық тәрбие берудің рухани құндылық
бағдары
Жаһандану дәуірі рухани салада да ғаламдық өзгерістерді бастан
кешіріп отыр. XX ғасырдың индустриалдық қоғамына тән өркениеттік
құндылықтар, бұқаралық мәдениеті дамыған елдердің жаңа ақпараттық
қоғамға өтуі барысындағы трансформациялық үрдісі нәтижесінде өзгерістерге
ұшырауда. Қалыптаса бастаған түбірлі жаңа ахуалға сай адам бұрынғы
қоғамда технологиялық, экономикалық және саяси жүйелердің элементі
болып келсе, қазіргі уақытта әлеуметтік-экономикалық даму тұлғаның
біліміне, рухани әлеміне, оның дамуы мен социомәдени ұмтылыстарына
байланысты болып отыр. Өткен ғасырға тән ғаламдық мәселелер кейінге
ысырылып, жеке тұлғаның жеңісі нәтижесінде өмір сүру тәртібі
әмбебаптанып, ізгілікті қатынастардың жаңа бағыттары қалыптасып келеді.
Мәдениеттанымдағы осындай ғылыми болжамдар қазірдің өзінде әлемдегі
тәрбиенің, мәдениеттің, өнердің қайта өрлеу үрдістерімен дәлелденеді.
Егеменді Қазақстанда өркениетті қоғам мен құқылы мемлекеттің қалыптасуы
деңгейінде ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттілігін, еркін ойлау қабілеті мен
білімділігін арттыру қажеттілігі де жаһандану дәуіріндегі осындай талаптардан
туындап отыр.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «... жеке тұлғаның
ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практиканың жетістіктері
негізінде қалыптасуы, дамуы және кәсіби тұрғыда жетілуі үшін жағдайлар жасау»
қажеттілігі айтылса, ал қазақ халықының мәдениеті мен дәстүрінің негізінде,
халықтық мәдениеттің маңызына ерекше көңіл заңның келесі бағытында беріледі деп
атап көрсетілген [111, 3].
Қазақстанда ұлттық деңгейімізді көтеру мақсатын көздеген осындай
мемлекеттік құжаттар аясында мәденилік жаңғырып, білім мен тәрбие саласында
ерекше маңызға ие бола бастады. Мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік
дамуы рухани, мәдени өмірдің өркендеуімен үйлесім тауып, ұлттық тәрбие ісіне
жауапты да басты міндеттер жүктеп отыр. Ұлттық мәдениетті жаңғырту, өз
халқының тарихи тәжірибесіне жүгіну – бұл өзі тәуелсіздікке ие болған елдің
өмірінен орын алатын заңды құбылыс [130]. Міне, сол ғасырлар қойнауына
қорытылып, жинақталып қалыптасқан қазақ халқына тән ұлттық тәрбиенің
озық, өнегелі дәстүрлерін ұрпақ тәрбиесінде пайдалану бүгінгі маңызды
міндеттердің бірі.
Рухани байлықтың көзі - ұлттық мәдениет. Адам өзінің даму барысында
қоғамдағы мүмкіншілігін, рухани дамуын мәдениеті арқылы көрсетеді. Ол
қоғамның дамуының түрлі кезеңдеріне сәйкес мазмұны өзгеріп отырды. Олай
болса, мәдениет өзгермейтін, өзгеріске ұшырамайтын нәрсе деп қарауға
болмайды. Ұлттық мәдениет - халықтың туған топырағында жинақталған
өмірлік тәжірибесінің жиынтығы. Еуразия жерінде үш мың жыл бойы көшпелі
өмір салтын басынан кешіп, сол өмірге лайық төлтума мәдениетін
қалыптастырған көшпелілердің адамзат өркениетінде өз орны бар.
Ұлттық мәдениет мәселесінің теориялық негізін айқындау «мәдениет»,
«құндылықтар», «рухани құндылықтар» ұғымдарының бірлігі мен ерекшеліктерін
қарастырумен тығыз байланысты. Біз бұл ұғымдардың сипаттамасының маңызын
түсінуге мақсатында оның ғылыми әдебиеттерде кездесетін дерек көздерін, түпкі
нәтижелерін анықтауға назар аудардық. Арнайы әдебиеттерге талдау жасау
барысында біздер ұлттық мәдениет мәселесі XX ғасырдың 50-60 жылдарынан
бастап зерттелгенін, онда ұлттық мәдениет ұғымына мынадай анықтамалар
берілгенін айқындадық.
Ұлттық мәдениет - күнделікті тұрмыс ырқымен дарып, ұрпақтан-
ұрпаққа тарайтын, әрі бүкіл қоғамның немесе әлеуметтік топтың аясында
тәжірибені екшеп, реттеуге қызмет ететін, белгілі бір байланыстағы адамдар
үшін ортақ болып саналатын әлеуметтік мәні бар құндылықтардың, мінез-
құлық нормалары мен қағидаларының, түсініктердің, нанымдар мен
дәстүрлердің жүйесі.
Ұлттық мәдениет - адамдарға ортақ белгілі бір өмір салтымен
байланысқан және бүкіл қоғам немесе әлеуметтік топтар шеңберінде
тәжірибені тәртіпке келтіру және әлеуметтік реттеушілік қызметін атқаратын
дүние, құндылықтар, мінез-құлық нормалары мен ережелері туралы түсінік
жүйесі.
Біз ұлттық мәдениет ұғымының мазмұнын көп салалы, көпқырлы ұғым
мәдениетке түсінік берумен талдау жөн деп есептедік. Мәдениет өз алдына
ғылыми категория ретінде қолданылып, әрбір тарихи кезеңде әр ғылым
саласында зерттеушілердің назарын аударған категория. «Мәдениет»
терминінің ғылыми еңбектерде анықтамалары алуан түрлі. Тек қана ағылшын
тіліндегі әдебиеттерде 50-жылдардың бас кезінде «мәдениетке» 160-тан астам
анықтама беріліпті. Ал, жалпы Батыс Еуропалық әдебиеттерде мәдениеттің
400-ден астам анықтамасы бар екені айтылады. Мәдениет термині көп мәнді,
көп мағыналы ұғым.
Мәдениеттің мәніне қатысты ізденістерге мұрындық болған шетелдік
ғалымдардың,
соның
ішінде
еуропалық
антропологтар
мен
әлеуметтанушылар Э. Тэйлор, А. Кребер, Т. Парсонс т.б іргелі еңбектері
алдымен назар аударады. Олар қоғам өмірінің әртүрлі құрылымдық бөлігін
анықтай отырып, кейбір салаларына ғана рухани құбылыс ретінде қарайды.
Сонымен қатар, әрбір әлеуметтік құбылыстың қызмет ету мәнін саралау
арқылы мәдениеттің анықтамасын береді. Мәселен, Э.Тэйлордың тұжырымы
бойынша «адам қабілеті игерген білімнің жиынтығы, діни сенім, өнер,
парасаттылық, заң, салт-дәстүр, әдет-ғұрып т.б. мәдениеттің аясына жатады»
[131]. Сол сияқты әлеуметтік антропологиямен айналысқан ағылшын ғалымы
А. Рэдклифф Браун да мәдениет санатына тілді, діни сенімді, эстетикалық
талғамды, кәсіби шеберлікті және әртүрлі салт-дәстүрді жатқызады.
Мәдени танымды дамытқан ғалымдардың бірі - американдық
мәдениеттанушы Л. Уайт. Ол мәдениетті біртұтас жүйе ретінде қарап, оның ішінен
үш саланы қарастырады. Бірінші - технологиялық сала, яғни материалдық игіліктер
мен оны жасайтын құралдар арқылы адам мен адам, адам мен табиғат байланысқа
түседі. Екінші - әлеуметтік сала. Мұнда адамдар арасындағы қарым-
қатынас өзінен-өзі туыстық, экономикалық, саяси, этикалық, әскери, кәсіби т.б.
қасиеттерді қалыптастырады. Үшінші — идеологиялық сала. Бұған идея, діни сенім,
білім, нысанның түрлері, мифология, ғылым, халық даналығы т.б. жатады.
Мәдениет- бұл, адамның ақылы, таланты, еңбек таңбалары бар бізді
қоршаған заттар мен құбылыстардың әлемі. Бұл- өзінен-өзі туындатататын
табиғаттан айырмашылығы бар адамдар әлемі. Адамдар жасап шығарған
мәдениеттік заттар дүниесі, оның негізгі екі сферасына- материалдық мәдениет
және рухани мәдениетке жатады. Адамның өзі белгілі бір кәсіби топтарымен,
ерекшеленетін қоғам және жеке адамдардың мәдениеттілігінің деңгейі. Әдетте
мәдениетті «жаттап алынған тәртіптілік», «үлгілі тәртіп кешені», «өмірді
анықтайтын үлгілер жиынтығы» деп белгілейді. Осыдан мәдениеттің мәнін
анықтай отырып, оның үш жағын бөліп көрсетуге болады. Біріншіден, адамның
материалдық және рухани әрекеттерінің материалданған бұйымдарының
аяқталған түрі; екіншіден, мәдениеттің субъектісі, жасаушы және пайдаланушы
түрі; үшіншіден, жеке адамдардың субъективтік әрекеттерін объективтік жобаға
айналдырған байланыс түрі.
Демек, мәдениет адамның жаңарып отыратын болмысын сипаттайды, ал
адам - текті құбылыс болғандықтан оның өмірі қоғамнан тыс жерде өтуі мүмкін
емес, сондықтан мәдениет адамдардың әрекетінің нәтижесінде өзінен - өзі
жаңарып отыратын адамдардың болмысы.Әйтсе де мәдениет бұл тұрғыда
ұжымдағы адамдардың дәстүрімен байытылған нормалар мен тәртіп үлгілерінің
міндетті түрде сол этнос өкілінің және оның әртүрлі әлеуметтік топтарының
қатынасының деңгейін көрсетеді. Осыған байланысты мәдениеттің мынадай
қызметін бөліп көрсетуге болады: дәстүрлердің сабақтастығын қолдау,
бағалаушылық қызметі, мақсаттылық, мағлұматтық.
Философиялық сөздікте мәдениет- сана мен болмыста адамзаттың
әлеуметтік-мазмұнына қарай адамның әлеуметтік индивид ретінде дамуы,
оның- таным, қарым-қатынас, іс-әрекет субъектісі ретінде өмір сүру әдісі,
жекелік, шығармашылық, әлеуметтік, адамгершілік, эстетикалық жетілуі деп
көрсетілген.
Философиялық энциклопедиялық сөздікте C.А.Арутюнов: «Мәдениет-
материалдық, рухани өнімдерде, әлеуметтік ережелерді рухани құндылықтарда,
адамның өзіне қарым-қатынасында көрінетін тіршілік тәсілі» деп түйіндейді
[132].
Этикалық сөздікте: «Мәдениет-рухани өмірдің барлық формаларын
біріктіру» деп көрсетілген.
Педагогикалық бағытта мәдениет - адамдардың бірлескен ғылыми,
моральдық - әлеуметтік көркем және техникалық құндылықтар жасаудағы
қарым-қатынас жиынтығы адам тұлғасына бағытталған өзін-өзі танып білу
немесе рухани өмірбаяны.
Э.Баллер: «Мәдениет- рухани және материалдық құндылықтар байлығы,
адамзат санасы, тұрмысы, өткені мен бүгіні» - деген анықтама береді. Осы
тұрғыда мәдениет пен құндылықтар ұғымының мазмұндық арақатынасы,
әдіснамалық мазмұны ұғымдардың ұлттық тәрбиедегі орнын анықтай алады.
Соңғы жылдарда жалпы мәдениетке қатысты, соның ішінде ұлттық мәдениетке
қатысты мәдениеттанушылар мен этнографтар Ю.В. Бромлей, Н.Н. Чебоксаров,
В.И. Козлов т.б. кең көлемде зерттеулер жүргізген. Демек, мәдениет дегеніміз-
қоғамның өмір сүруінің міндетті қызметі екенін аңғарамыз.
Адамзат тарихының тас дәуірінен басталған қазақ халқының рухани
мәдениетінің көзі, тууы, өмірге келуі, дамып, сабақтастық тауып сақталуы, сонымен
бірге жалпы халықтық сипат алып, бүкіл бір этносты қамтып, кеңінен тарауы, оның
біртұтас бөлінбейтін құбылыс екенін, біздің зерттеген тарихи-ғылыми
талдауларымыз аңғартады. Осы құбылыстың бастауына көз жіберсек, қазақ
халқының ертеде қалыптасқан үлгі-өнегесі, өрнегі мол, өркениетті ежелгі мәдениеті
болғанын айқындайтын мағлұмат деректердің көп екенін байқаймыз. Оларды
адамзаттың алғашқы мекендерінің бірі болғанын қазақ даласындағы қазба
жұмыстарының нәтижесінде археологтарымыз жан-жақты қарастырған.
Сол қазынаға халықты ие етіп
,
әділдік, әсемдік, кереметтей келісім мен
үйлесім орнаған жарасты жақсы өмірдің кілті мәдениетке, рухани кемелділік пен
біліктілікке қол жеткізу үшін мәдениеттің даму, өсу кезеңдерін, тарихын білудің
маңызы зор екені даусыз да талассыз нәрсе.
Мәдениет
өзінің
ішкі
механизмдерімен
адам
тұлғасына
бағытталғандықтан, оны өзін-өзі танып білу немесе адамның рухани
өмірбаяны деп есептелінеді. Мәдениеттің өмір сүруінің шарты, ол бір ұрпақтан
екінші ұрпаққа сабақтастықпен беріліп отырылады. Сондықтан мәдениет өзін-
өзі тану мәселесін алдыңғы орынға қояды. Яғни, мәдениеттаным қабылдаудың,
қағидалардың, түсініктердің жүйесі болып саналады да, солар арқылы
мәдениетті трансляциялау үрдісі іске асады. Бұл жүйе адам тұлғасының өлшемі
туралы мәдениетте жинақталған тиісті білімді, шеберлікті, тәжірибені
қамтамасыз етеді.
Ұлттық мәдениет әлемдік өркениет пен жалпыадамзаттық мәдениеттің
құрамдас бөлігі ретінде өзіндік табиғи-ландшафттық жағдайларда - ерте
кезден батыс пен шығыс мәдениеттерін байланыстырып келген Еуразияның
орталық территориясындағы ұлы дала ареалында қалыптасты. Орталық
Азияның халықтары мен ертедегі тайпаларының палеолит, қола дәуірлерінен
бастап мәдени дәстүрлері ғаламдық жалпыадамзаттық заңдылықтардың
динамикасы ағымындағы социомәдени үрдістерді бастан кешіріп, номадизмге
тән көшпелі мал шаруашылығының ықпалымен дамыды. Кейінірек толық
құралып біткен жергілікті, төл дәстүрлер әртүрлі шекаралас, жапсарлас жатқан
халықтар мен елдердің мәдени ықпалын бойына сіңіре отырып, қазіргі
мәдениеттанымдық теориялық тұрғыдағы зерттеулерді талап ететіндей
күрделі және біртұтас феномен - ұлттық мәдениетті дүниеге әкелді.
XIX ғасырда қазіргі қазақтың рухани мәдениетінің негізін салушылар -
Шоқан, Абай, Ыбырайдың өмірі мен шығармашылық қызметін, ғылыми
әлемде әдетте ағартушылық деп аталатын идеялық бағытқа біріктіреді.
Қазақтың алғашқы кәсіби ғалымдарының бірі Ш.Уәлиханов дарынды
тарихшы, географ, мәдениеттанушы ретінде Еуропаның ғылыми әлеміне
танымал болды. Орыстың озық ойлы ғұламаларымен бірге алдыңғы қатарлы
Батыс мәдениетінен нәр алған Шоқан өзінің «Сахарадағы мұсылмандық
туралы», «Қашқария туралы жазбалар», «Үлкен қырғыз қайсақ ордасының
ескі аңыз әңгімелері», «Қазақтардағы шамандықтың іздері» және т.б. ғылыми
еңбектерінде қазақ және қырғыз халықтарының миф-аңыздарын, салт-
дәстүрін, діні мен тілін зерттеп, дала адамын сыртқы әлемге түсіндіріп кетті.
Ы.Алтынсарин
нағыз
ағартушы
ретінде
өз
қызметі
мен
шығармашылығында осы іспен тікелей айналысты. Ол өз халқын білімге,
мәдениеттілікке, өркениетті елдер қатарына көрінуге шақырды.
Қазақтың кейінгі рухани мәдениеті мен жаңа ұлттық жазба мәдениетінің
негізін салушы философ - ақын Абай руханилықты, имандылықты, сезімді
насихаттады [133]. Абайдың қара сөздеріндегі сипаттамалардан оны дәстүрлі
мәдениет құндылықтарынан толығымен бас тартты деген пікір қалыптаспауы
керек, оны осы өтпелі қоғам қайшылықтары тек ақын қылмай, ойшыл
гуманист дәрежесіне де көтерді. Шығыс мәдениетінде батыс пен шығысты
бірдей тербеген Абай көзқарастары қазақтың ойын алғаш рет әлемдегі даму мен
өзгеруге, диалектикаға қатысты зерделеді. Егерде адам мәдениетін дүнижүзілік
мұхитқа құятын ағысқа теңесек, онда дәстүрлер сабақтастығын қуат күшіне
бірлестіруге болады Абайдың ойынша дүниеде де, адам қуаты бір деңгейде
болмайды, Абайдың идеясының мәні адамның өмірдегі орнын бағалау, білімге
парасатқа сүйіспеншілігін көтеру.
Абай ілімін жалғастырған қазақ халқының рухани мәдениетіне із
қалдырған тұлғаның бірі - Шәкәрім. Ол өз қазақ халқының мәдениеті мен
өркениетінің мәнін түсіндіруге талпыныс жасаған [24, 540 б.]. Сонымен қазақ
ағартушылығы элитарлық бағытта жүрді, олар өмірдің дәстүрлік формаларын,
рухани құндылықтарын игеруге шақырды.
Ұлттық мәдениет дамуы барысындағы дәстүр мен жаңашылдық
арақатынасын аша отырып, оның даму жолдарын анықтау барысында
қазақстандық зерттеушілер ұлттық тарих пен мәдениеттің өте ертедегі
қалыптасуына назар аударған. Орталық Азия территориясындағы негізгі
этникалық және лингвистикалық субстрат түрінде көрінетін түрік дәстүрімен
қатар, прототүріктік және оның арғы кезеңдеріндегі ирандық компоненттің
ұлттық мәдениетке ықпалы зерттеу объектілеріне айналды.
Мәдениеттанымда қалыптасқан салт-дәстүрлер жүйесінің негізгі
ұғымдары тікелей ұлттық мәдениетінің бітімдік ерекшеліктеріне де
байланысты. Әлемдік тарихи мәдени үрдістің динамикасын қарастыруда
ғылыми әдебиеттерде калыптасқан бірнеше тұжырымдамалар бар. Олар
дамудың мынадай бөліктерінен ұсынады:
- алғашқы қауымдық - тағылық – өркениеттік кезең ;
- индустриалдыққа дейінгі - индустриалдық - кейінгі индустриалдық
кезең;
- алғашқы қауымдық - құл иеленушілік - феодалдық - капиталистік –
коммунистік кезең.
Бұл идеялар Еуропалық дамуға ғана тән, ал өзге батыстық емес
аймақтарға, әсіресе қазақ мәдениетінің динамикасына мүлдем сай келмейді.
Тіпті маркстік формациялық тұжырымдамадағы Шығыс қоғамдары үшін
енгізілген азиаттық өндіріс тәсілінің өзі де отырықшылдық пен деспоттық
мемлекеттік құрылымда негізделгендіктен көшпелі шаруашылық үрдіс басым
болып келетін қазақтың тарихи дамуын сипаттай алмайды. Осыған орай әр
мәдениеттің локальдық, аймақтық, ұлттық өзіндік ерекшеліктерін сақтай
отырып, оларды бір жүйеге топтастыруға келгенде «мәдениеттер
типологиясы» әдісін пайдаланған қолайлы.
Типология - грек тілінен аударғанда «типос» - үлгі, пішін деген
мағынада структурализм, мәдениеттану ғылымдарында қолданылатын зерттеу
объектілерін жалпылама үлгі көмегімен талдау, сұрыптау және жинақтаудың
ғылыми әдіс-тәсілдері болып табылады. Мәдениеттанымда типология әртүрлі
құрылымдық заңдылықтарды ашу, олардың негізіндегі архетипті анықтау,
осының нәтижесінде идеалды типтерді құрастыру және оларды салыстырмалы
тәсілдер арқылы түсіндірумен айналысады. Отандық ғылымдарда қазақ
мәдениетінің типологиясын зерттеумен айналысушы ғалым, профессор
Т.Ғабитовтың зерттеулеріне сүйене отырып [134, 13б.], дәстүрлі мәдениеттің
ерекшелігін жоғалтпай, оны толығымен қамту үшін оның төмендегідей
типтерін ұсынамыз:
1. шаруашылық мәдени типологиясы;
2. әлеуметтік типологиясы;
3. діни дүниетанымдық типологиясы;
4. көркем өнер типологиясы.
Шаруашылық - мәдени типология қазақтың мәдениеті мен тарихын
зерттеуде белгілі дәрежеде қоғамдық-экономикалық формацияның орнын
алмастыра отырып, ғылыми әдістемелік қызмет атқарады. Шаруашылық-
мәдени тип ұғымы мәдениеттанымғы хронотоп түсінігіне жақын, ол
әлеуметтік экономикалық дамудың бір деңгейінде тұрған қауымдастықтардың
ұқсас табиғи ортадағы тарихи қалыптасқан біртектес шаруашылық пен
мәдениет жүйесін бейнелейді.
Қазақстан территориясы адамзаттың ертедегі дәуірлерінен, дәлірек
айтқанда біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтың басынан бастап XX
ғасырға дейін еуразиялық номадизмнің эпицентрі болып қызмет етіп келді.
(«номад» — грек тілінен аударғанда көшпенді деген ұғымды білдіреді).
Қазақ мәдениетінің дәстүрлік сипаты оның ұлт болып қалыптасуымен
және өзіндік төл мәдениеттің пісіп-жетілуімен байланысты. Жиырмасыншы
ғасырдың басына дейін көшпелі өмір салтын жалғастырғандықтан бұрынғы
архетиптік түрік мәдениетінің басты құндылықтарын бойына толық сақтаған
негізгі түріктік этностың біріне қазақтар жатады. Әдебиеттерде кездесетін
кейбір пікірлерде орта ғасырларда Қазақстан территориясында (оңтүстік және
оңтүстік шығыс аймақтарына қатысты) қала мәдениетінің гүлденуі, рухани
мәдениеттегі жетістіктері туралы баса айтылады.
Қазақтың ұлттық мәдениетінің қалыптасуы мен кемеліне келу уақыты
Алтын Орданың ыдырауы мен Қазақ хандығының өмір сүрген кезеңдері, яғни
ХІV-XVIII ғасырлар аралығын қамтиды. Бұл тұста қазақ халқы көшпенділікке
негізделген материалдық мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын,
рәміз-рәсімдерін, әдеп жүйесін, космогониясы мен дүниетанымдық
синкретизмін онан әрі дамыта отырып, өзіндік ментальдық ерекшеліктерін
қалыптастырады.
Сонымен, ұлттық мәдениетіміздің даму кезеңі «Алтын заманнан»
бастап, қилы заманды басынан кешірді. Қазақтың ұлттық мәдениетіндегі
осындай қарама-қайшылықты ерекшеліктерді қазақы өмір сүру тәртібін, оның
салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарынан көрінетін дүниетанымдық және
меньтальдық ерекшеліктерін «қазақшылық» деген ұғымға сыйдыруға болады.
Қазақтың дәстүрлі мәдениетінің қалыптасуы мен оның ерекшеліктері
мәселесін талдау дәстүрлі мәдениеттің дамуындағы трансформациялық
кезеңдермен жалғасқанын көрсетті. XIX ғасырдағы қазақ даласы ұлы
ақындарды, композиторларды, әншілерді, күйшілерді, тамаша шешендерді,
жыршыларды, декоративті және қолданбалы өнердің шеберлерін таныта
бастады. Бұл ғасырды өнер зерттеушілері қазақтың ұлттық өнерінің
классикалық кезеңі деп атайды. Бұл кезең әсіресе, ән (ғасырдың бұлбұлдары
Үкілі Ыбырай, Біржан-сал, Ақан сері, Мұхит, Әсет, Балуан Шолақ, Естай,
Жаяу Мұса, Майра, Мәди т.б.) және күй (Құрманғазы, Тәттімбет, Ықылас,
Дәулеткерей, Қазанғап, Сейтек, Дина т.б.) өнерлері ерекше дамыды. Бұл дәуір
өнеріндегі қайталанбас эстетикалық құбылыс - сал-серілік дәстүрдің кеңінен
таралуы.
Зерттеушілердің пікірінше, із -түссіз жоғалып кететін құбылыс жоқ.
Кеңестік этномузыкологияның негізін қалаушы К.Квитка ұлттық қазақ
музыкасы туралы былай деп жазады: «Қазақтардың музыкасы таңқаларлықтай
бай және алуан түрлі, ол жаңа батыс еуропалық кәсіби музыкасымен көптеген
ұқсастықтары бар, алға шығатын музыка. Бұл әлі көптеген зерттеуші өзінің
еңбек жолын осыған арнаға бұратындай мәселе». Көшпенділік өркениет қазақ
даласының ғажайып өнер туындаларын дүниеге әкелуі оның ішкі рухани
потенциалының зор мүмкіндіктерінен хабар береді.
А.Қасабектің пікірінше, қазіргі кезеңде қазақтардың отырықшылыққа
өтуі және экономикалық өмірі өзгергеніне қарамастан, халықтың
психологиясы бұрынғыша байтақ кең далаға өз меншігіндей қарайды және бұл
түсінік қазақ рухының мәні мен өзегі болып табылады [135].
Зерттеуші ғалым Т.Ғабитовтың пікірінше, дәстүрлі мәдениеттің
архитипінде келесі — оазистік-дихандылық тип көшпелілікпен қатар дамыды
[134, 63б.].
Ұлттық мәдениеттегі мұндай синкретизмді тарихшы ғалым Қ.Ақышев
«қазақтардың орналасу территориясының контактілігімен» байланыстырады.
Қазақтардың материалдық мәдениетінің символикалық сипаты мен
оның ырымдарының түсіндірілуі Х.Арғынбаев [35, 109 б.] С.Қасқабасов [32,
157 б.], А.Сейдімбек және т.б. еңбектерінде жан-жақты зерттелген.
Көшпелі қоғамның ерекшеліктері жөнінде жоғарыдағы авторлардан
бұрын кеңес дәуіріндегі белгілі ғалым, философ Д.Кішібековтің «Көшпелі
қоғам» еңбегінде сөз болған еді. Қазақтардағы қауымдық тұтастанудың ерекше
типі - жеті аталық үрдіс. А.Сейдімбектің айтуынша, қажеттіліктен туындайтын
және ұлттың этнобиологиялық, этномәдени тұтастығын қамтамасыз ететін
ғажайып тетік болып табылады [37, 313 б.].
Біздің пікірімізше, бұл үрдіс тарихи танымға негізделгендіктен,
қазақтың шежірешілдігін ұлттық қасиет деуге де болады.
Қазақтардың ұлттық мәдениетіндегі әлеуметтік-тектік қырлары
отандық этнографтар мен мәдениеттанушылардың еңбектеріне зерттелген
[136].
Көшпелі өмір сүру тәртібі отырықшыларға қарағанда мүлде өзгеше
түсініктер мен құндылықтарды, өзге салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды
қалыптастырады.Зерттеу барысында ұлтымыздың көшпелі өмірінде
қалыптасқан мәдениетін саралай отырып, қайнар бастауын – фольклордан
алатынына көз жеткіздік. «Фольклор» ұғымы неміс сөзінен аударғанда халық
даналығы деген ұғымды білдіреді. Фольклор поэзиямен тікелей байланысты,
ал қазақтың бүкіл өмірі өлеңмен тығыз байланысты. Абайдың тілімен
айтқаңда «Өлеңмен дүниенің есігін ашып, өлеңмен жер қойнына кірер денең»
дегендей қазақтың әдет-ғұрыптары мен жөн-жоралғылары ауыз әдебиеті
үлгілерінің мазмұнын қрайды.
Т.Қоңыратбаева қазақ фольклорын былайша жіктейді: ертегілер,
аңыздар, эпостық жөне лироэпостық жырлар, тұрмыс-салт жырлары (беташар,
жар-жар, сыңсыма, қоштасу, тойбастар, бәдік, жарапазан т.б.). Ұлттық
мәдениетке жетелеуші қазақтың көркем өнерінің басты саласының бірі - ән-
күй өнері. А.В.Затаевич қазақ даласын «ән-күйдің теңізі» деп бекерге
атамаған. Өзге өркениеттермен салыстырғанда көшпенділердің ән-күй өнері
ұжымдық
орындаушылықпен,
хормен,
сахналық
көріністермен
байланыстылығы болмағанымен, есесіне домбыра мен қобызға негізделген
аспаптық ән-күй ерекше дамып, таза және абсолюттік музыкаға жақындады
[137]. Күй арқылы адам мәңгілікке жетеді. Ал қазақтың ән өнері өзінің
мелодиялық сызбаларымен ерекшеленеді және онда симфониялық дамудың
таусылмас мүмкіншіліктері бар. Қазақтың дәстүрлі ән өнері бүгінгі таңда да
арнайы зерттеулерді талап ететіні сөзсіз [36, 11 б.].
Ұлттық мәдениеттің келесі тармағы қазақтың сәнді - қолданбалы өнері.
Сәнді - қолданбалы өнердің арғы тегі - сақ мәдениетінің негізгі арқауы болған
аң стилі өнері. Бұл стиль әшекейлі өнердің жоғарғы шегіне жетіп қана қоймай,
белгілі бір таңбалық және мағыналық ақпараттық белгілерді білдірді. Өзге
мәдени ортада тарихи сабақтастыққа орай қазақ мәдениеті өзіндік белгісін
қалдырды. Ал дәстүрлі шығармашылықтағы бейнелеу өнерінің философиялық
мәселелері белгілі ғалым Б.Байжігітовтің еңбегінде терең қарастырылған
[138].
Жаратылысты танушы басты субъект - адам. Ал адамға тіл мен дін тән.
Ұлт - тіл, мораль және өнер салалары тұрғысынан ортақ тәрбие алған
адамдардан тұратын бірлестік. Әр ұлттың патриоттық сезімдерінің ерекшелігі
де осында. Түрік жамағаты мұны «тілі - тіліне үйлесетін, діні - дініне
үйлесетін», яғни әр адам қаны бір адамға қарағанда тілі, діні ортақ адамдармен
ортақ өмір сүруді қалайтынына мән берген.
Тіл - кез-келген мәдениеттің шешуші белгілі кодтық жүйесі болып
табылады және онда барлық мәдени мұра сақталады. Кеңестік дәуірде
қазақтың ұлттық тіліне орасан зор нұқсан келтірілді. Бұл оның ықпал ету
өрісін тарылтып, ұлттық мәдениет әлеуетін құлдыратуға әкеледі. Бұл
қайшылықтың түбірі, ең алдымен осы өркениеттің технологиялық және
индустриялық болуында еді. Бұрынғы рухани өмір енді технократиялық
факторлармен, дәлірек айтқанда техникамен, компьютерлермен, жоғары
технологиямен анықталды. Егер мәдениеттің түбірін ұлт пен адамзаттық
құндылықтар
құраса,
өркениет
космополитті,
прагматизм
мен
тұтынушылыққа негізделеді. Екіншіден, ұлттық мәдениет рухани
құндылықтарға иек артса, ал бұқаралық мәдениет қатынастарына сүйенеді.
Осы тұрғыда ұлттық мәдениеттің тұғырлы негізі ретінде рухани
құндылықтарға ерекше назар аудару қажеттілігі туындайды.
Ағылшынның қазіргі заманғы әлеуметтанушысы Энтони Гидденс
пікірінше, мәдениеттің құндылығы, адамдардың кейбір топтары жасаған
нормалардан, өмір талаптарынан материалдық өндірістерінің негізінде пайда
болатын идеялардан тұрады. Жоғарғы құндылық ретінде абстаркциялық идеял
жатады, ал нормалар болатын болса, олар адамдар өздері өмір бойы орындайтын
қағидалары мен ережелердің жиынтығы дейді.
Құндылық бағдар, ізгілікті қатынас, рухани құндылықты бағалау,
тілеулестік, үміттену, ықылас - ниеттілік сияқты категориялар адамдардың өмір
сүруіне өте жағымды. Егер мәдениетті тек қана жағымды құндылықтардың
жиынтығы деп есептесек, ал барлық негативтік, деструктивтік, қауіптілік, т.б.
есепке алып, мәдениет емес деп бағаласақ, онда мәдениетке деген көзқарасымыз
шамадан тыс болар еді. Оның бергі жағында, саяси мәдениеттің шеңберінде,
тәрбие дидактикасының мәселелерін шешкенде ол өзінің эвристикалық және
қорытындылық қасиеттерін көрсетеді.
Құндылықтардың мәні мен мазмұны көне заманнан бүгінгі күнге дейін
философтар,
психологтар,
педагогтар
мен
әлеуметтанушылар,
мәдениеттанушылардың зерделерінен орын алып, қоғам ерекшеліктері мен
сұраныстарына орай талданып, жүйеленіп келеді. Өйткені жалпы адамзаттық
құндылықтар әрбір адамның ақыл-ой байлығының тікелей көрсеткіші. Сол
себептен де, құндылықтың мәні мен табиғаты, оның адам мен қоғам
тіршіліктеріндегі алатын орны, жас ұрпақты тәрбиелеудегі ықпалы т.б.
мәселелер ғалымдарды толғандырып отырған өзекті мәселе.
Еліміздегі
нарықтық
экономика
жағдайында
мінез-құлықтағы
бәсекелестік қабілетті қалыптастырудың жаhандану заманында сұранысы артып
отыр. Әсіресе, заманауи технологиялық үдерістер әлеуметтік-экономикалық
өмір тіршілігіне етене енуіне байланысты интернет, ақпаратты –
коммуникативтік, жаңашылдық үстемдік құрғанда адамгершілік құндылықтары
жүйесінің орны ауқымдылығымен сипатталынуда. Мәселен, құндылықтарға
бейімделу, мойындау, әрбір адамзатқа көңілінен орын алатын мәдениетті
қарым-қатынас жасау жүйесі жеке тұлғаның өмірлік мәні, ой-санасы, бет-
бейнесі болып табылады.
Құндылық – ол адамның жүріс-тұрысы, іс-әрекеті, сөйлеу мәдениеті,
қызығушылығы, еңбек сүйгіштігі, қоршаған қоғамдық ортада алатын орны екені
тарихи-педагогикалық
әдебиеттерде
айқындалған.
Монографиялық
зерттеулерде,
философиялық,
психологиялық,
ғылыми-педагогикалық
әдебиеттерде «құндылық», «адамгершілік құндылық», «жалпы адамзаттық
құндылық» ұғымдарының мәні жайлы оларға әртүрлі анықтамалар берілген.
Бірақ, құндылық ұғымының мәні, мағынасы әртүрлі болуынан ойлар, пікірлер
де әртүрлі болған. Бұл сұраққа құндылықтар теориясы, басқаша айтқанда
аксиология жауап беруге ұмтылыс жасайды, грек тілінен «ахіс» - құндылық
және «logos» - «ілім» деген мағынаны береді. Аксиология ғылымы
құндылықтардың табиғатынан, орны мен мәнін, олардың байланыстар жайлы
мәселелерге жауап береді.
Аксиология философиялық зерттеу мен және оны талдауы бойынша
болмыс ұғымының екі элементке ыдырауынан туындап: құндылық және
нақтылық, талап пен ұмтылыс нысаны ретінде қарастырылады. Аксиология
ғылымының мақсаты - болмыстың, жалпы құрылымындағы құндылық
мүмкіндігін және оның нақтылық ойының айғақтарына деген түсінігін,
қатынасын, байланыстарын көрсетіп ұғымдарын қалыптастырады.
Немістің ұлы философтары И.Кант және Г.Гегель құндылықтар ұғымына
танымдық талдаулар жүргізген. Мысалы, И.Кант аксиологиялық түсініктерді
қалыптастыру үшін қоршаған әлемді ойша нақты және идеалды деп екіге бөлген.
Адам алдына қойған мақсатына жету үшін ол факторлардың ықпалына,
мәнділігіне қатысты деген ойларда болған. Олай болса, құндылықтар теориясы
алуан түрлі түсінік, ой, көріністер арқылы туындап, оның философиялық сипаты
қалыптасады.
Қазіргі жаһандану кезеңіндегі ұлттық тәрбиенің теориялық-
әдіснамалық негіздерін зерттеу барысында, өзіндік жаңа ұстанымға сүйене
келе, жалпы адамзаттық құндылықтар ішінен адам, еңбек, білім, отбасы, ұлт,
бейбітшілік, жер, отан, мәдениет құндылықтарына, ерекше назар аударылды.
Өмірлік тәжірибеде құндылықтар тізіміне, қазіргі кезеңдегі басты тұлға,
басты капитал жасампаздықтың иесі, гуманистік бағыттағы жан, ең маңызды
құндылық иесі – адам екендігі даусыз. Жер бетіндегі барлық заттар, бүкіл
адамзаттық мәдени мұралардың ең ізгі құндылықтар адам қолымен, ақыл-
ойларының нәтижесінде жасалған.
Құндылықтар проблемаларын психологиялық-педагогикалық тұрғыдан
зерттеген Р.К.Төлеубекова оны өзі ұсынған тұжырымдамасы мазмұнында
баяндаған. Сонымен қатар, Н.Д.Хмель [139], Р.К.Төлеубекова [140],
Л.А.Байсерке [141], А.А.Калюжный [142], В.А.Ким [143], Э.А.Орынбасарова
[144] т.б. зерттеулерінде бұл мәселенің мазмұндық бір-біріне ұқсастығын,
адамзаттық құндылықтарға авторлардың ортақ көзқарастарын көреміз.
Жоғарыда айтылған пікірлерді тұжырымдай келіп, құндылық зат та,
нәрсе де, мәселе де емес, олардың қасиеттері де емес, ол адам мәдениетінің
қандай да бір жоғары түрі екендігі анықталады. Құндылықтар дегеніміз –
ұнатқан игіліктер мен оларға қол жеткізу тәсілдері туралы қорытындылаған,
белгілі көзқарастар, орнықты ойлар, үлгі аларлық объектінің озық
тәжірибелері, сыннан өткен пікірлер арқылы өзінің мінез-құлқын анықтайды.
Қазіргі таңда тәрбие мәселесінде адамның ішкі жан дүниесін, рухани
әлемін танып, дамытып, жетілдіру бағытында елеулі ізденістер жүргізілген.
Мәселен, қазақстандық ғалымдар білім мен тәрбие беруді дамытуда жалпы
адамзаттық ұлттық құндылық тенденцияларына ғылыми-теориялық,
әдіснамалық бағытта әр қырынан зерттеу Г.А.Уманов [145], Н.Д.Хмель [139,
с.53], Қ.Б.Жарықбаев [146], А.А.Бейсенбаева [63, с.141], С.А.Ұзақбаева [147]
және т.б. жүргізіп келеді. Аталған ғалымдардың ортақ ойлары біркелкі пікірге
келіп тоғысады, адамның кісілік келбеті:
- іскерлік жағдайы жан-жақты кіріктірілген, әртүрлі қабілеттер мен
қажеттіліктерді бойға жинақталған және ізгілік бағытымен реттелетін,
әлеуметтік тәжірибелерде нақты жүзеге асырылатын үрдіс;
- адамгершілік жолындағы ізденістер білімнің, біліктің және дағдының
жай жиынтығы емес;
- тұлға денсаулығы, сыртқы пішіні, мінез-құлық ерекшелігі,
ұжымшылдығы, білім және басқа да көптеген қасиеттерімен ерекшеленеді.
Бүгінгі күндегі тұлғаның бойындағы құндылықтарының мәні мен
мазмұнына:
- жалпы адамзатқа тән құндылықтар мен жеке қазақ халқына тән
құндылықтарды анықтап тануға, одан қажеттісін ала білуге, қол жеткен
ғылыми жетістіктерді өздігінен білім алу үрдісінде қолдануға, жаңашыл,
қайырымды, туған елін, жерін отбасын, Отанын сүйетін және олардың
алдында парызын түсініп, бар құндылықтарды толықтыра түсетін, табиғатқа
қамқорлық;
- еңбек етуге қабілетті, жинақты, ұқыпты, іскер, жауапкершілігін
түсінетін, өзіне-өзі қызмет етуге дағдыланған, уақытты тиімді пайдаланатын,
қоғам – адам өміріндегі еңбектің орнын түсінген, білім мен ғылым негіздерін
сапалы игеріп, болашақта шығармашылық деңгейді көрсете білу;
- дені сау, төзімді, шымыр, ширақ, қайратты, сымбатты, талғампаз,
батыл, өжет, салауатты, Отанын қорғауға даяр, жеке бас гигиенасын
сақтайтын, жұмыс орнын жинақты ұстайтын, зиянды әдеттерден аулақ,
салауатты өмір салтын қалыптастыруға ұмтылатын, адамға тән қасиеттерді
бойына сіңірген әлеуметтік белсенді тұлға болып өсуіне қол жеткізу.
Құндылықтарды игеру механизмі адамның өзін-өзі айқындау
құндылығы арқылы жүзеге асады. Өзін-өзі айқындаудың алғашқы кезінде
игеретін құндылықтардың мәнін аша келе, оның бағдарына ие болады. Осыдан
келіп, адам өз бойындағы қасиеттерді, өзін-өзі айқындау арқылы басқалардың
адамгершілік бағдарын және құндылықтары негізінде іс-әрекеттері мен
қарым-қатынасын ұйымдастыруын салыстырады, әрекеттер мен мінез-
құлыққа талдау жасау барысында ол адамгершілік құндылықтарды
анықтайды.
Құндылықтардың қалыптасуы мынандай рефлексивті әрекеттерді:
құндылықтарды талдау, салыстыру, қорытындылау арқылы жүзеге
асырылады.Талдау, салыстыру, қорытындылау амалдары құндылықтары мен
іс-әрекетті сынау, интериоризацияланған құндылықтар негізінде мінез-құлық
пен әрекетті қайта жобалау, жоспарлау, тиісті қорытынды жасау деген пікірге
алып келеді.
Рефлексивті әрекеттерді игерудің нәтижелігі тұлғаның өмірлік
мәселелерді, адамгершілік-этикалық жағдайдағы қарама-қайшылықтарды
тиімді шеше алуынан байқауға болады. Олай болса, өмірдегі нақты
жағдайларды талдау, салыстыру рефлексивтілікті дамытатын жолдарды
ойластыру және ұжым болып оңтайлы жолды іздеу жағдайларын қарастыру
мәнділігімен сипатталады. Өмірде күрделі жағдайларда ең дұрыс жолды
табу, әрине, күрделі, рефлексивті әрекеттер, амалдар үдерісін қолдануға тура
келеді.
А.И.Титоренко: «Құндылық бағдар - бұл моральдық түсініктің жалпы
бағалаушылық тұрғыдан оқушының ынтасын туғызып, оның әрекетін
қамтамасыз етуші білік, мінез-құлықтың мақсатты бағытта реттелуі» деген
анықтама береді.
Құндылық бағдар күрделі психикалық жаңа құрылым ретінде екі
құрамды бөліктен тұрады. Бірінші құрамды бөлік- қажеттілік, оның басты мәні
тұлғаның өз өмірінің басты мақсаты мен оларды қанағаттандыру сияқты іс-
әрекетке талаптанудан өзін-өзі танып, мүмкіндіктеріне қарай өзін-өзі
тәрбиелеу.
Құндылық бағдардың екінші бөлігі - жеке тұлғалардың басты мән-
мазмұны нысанының бағалау белгілері оқуда және еңбекте, шығармашылықта
жетістіктерге жету арқылы құрылады.Құндылықтардың рухани белгілерін өз
нысаны ретінде жобасын, жоспарын ұйымдастыру, түзетулер енгізу, ойлау,
көріністі талдау, т.б. белгілері арқылы қабілеттері дамуы.
Адамгершілік, жақсылық, батырлық, ерлік, қарапайымдылық,
кішіпейілділік, әділдік, адалдық, шыншылдық, ұяттылық, әдептілік,
имандылық, инабаттылық барлығы бірімен-бірі тығыз байланыста екендігін
өмірлік тәжірибелер анықтап отыр. Сондықтан оқудағы, еңбектегі
жетістіктерді талдаудың негізгі құралы адамгершілік құндылықтарының жеке
ойлау түсінігінің динамикасы тұлға санасында тиянақты орын алып, жан-
жақты қалыптасуына жағдай туады.
Қазіргі
қоғамдық
жағдайда
адамның
рухани
құндылықты
қалыптастыруды басты міндет ретінде қарастыруда. Бұл міндетті шешудегі
маңызды істің бірі рухани тәрбиені, ұлттық сана, ұлттық сезім, ұлттық мінез-
құлық, ұлттық дамуды қалыптастыру.
Педагогика ғылымында адам қоғамының басты құндылығы және
қоғамдық дамудың өзіндік мақсаты мәдени - рухани құндылықтармен ашылады.
Құндылықтың нормалардан кейін жүрсе де, олардан бір айырмашылығы
жоғары деңгейде объектілерді, хал-жағдайды, қажеттілікті, мақсатты таңдауды
түсіндіреді. Құндылықтар қоғам мен адамдарға жақсылық пен жамандықты,
ақиқат пен адасуды, әсемдік пен сисыздықты, әділеттілік пен әділетсіздікті,
рұқсаттылық пен тиым салушылықты, мәнді мен мәнсіздікті ажыратуға
көмектеседі.
Педагогикалық құндылықтар адамның жеке құндылықтары ұғымынан
тыс өмір сүрмейді. Қоғамдағы әлеуметтік рухани сфералар өзара әсер етуі
нәтижесінде жалпы даму өзгерістеріне әкеледі. Мәдениеттің барлық жүйелері,
соның ішінде білім беру үрдісі де дамудың тұтас динамикалық жүйесін құрайды.
Жоғарыда көрсетілген зерттеулер қазақтың көпқырлы ұлттық
мәдениетінің барлық салаларын қамтиды деп айтуға болмайды. Тоталитарлық
жүйе ықпалымен ұзақ уақыт бойы трансформациялық үрдісті бастан кешірген
соң, бүгінгі күні мәдениет пен дәстүрге қайта бет бұру бұл мәселенің әлі де
іргелі түрде зерттелуін қажет етеді.
Бүгінгі күні дәстүрді қайта жаңғырту және оны жаңартулармен
үйлестіру өзекті мәселеге айналғандықтан өзіндік сара жолды анықтау
барысында отандық зерттеушілер ұлттық тарих пен мәдениеттің өте ертедегі
негіздеріне талдау жасауда. Қазіргі уақыттағы басты міндеттеріміздің бірі -
ұлттық мәдениетті заман талабына сай өзгерте отырып, модернизацияны
жүзеге асыру болып отыр. Өтпелі кезеңнің қазіргі жүргізіліп отырған
реформалары мен өзгерістерінің табысты нәтижеге жетіп, экономикалық
серпін жасау үшін қоғамның барлық құрылымдарын қамтитын және
біріктіретін жалпы ұлттық идеяның қажеттілігі де осы шарттардан туындайды.
Осы тұрғыда қазақ зиялыларының мәдениет туралы көзқарастарын
негізге алып, ғылыми әдебиеттермен арақатынасына көңіл аудардық. Қазіргі
уақытта
бұл
проблемаға
философтар
Ж.М.Әбділдин,
Қ.Ә.Әбішев,
Қ.Ш.Нұрланова, А.Қасабек айрықша мән береді. Олар «адам- қоғам- адам»
жүйесіндегі рухани құндылықтар, мәдениет дәстүрлерінің байланыстарын
ашып көрсетеді. Г.К.Шалабаева мәдениет құрылымының әлеуметтік- мәдени
аспектісі еңбек мәдениетімен, тұрмыс мәдениетімен, дене, ғылым, мораль
мәдениетімен байланысын көрсетеді [148].
Мәдениетті зерттеу барысында оның екі бағыты бөлініп шыққанын
айтуға болады, яғни адамгершілік пен истинкттер тұжырымдамасы және
құндылықтар тұжырымдамасы. Соңғы бағыттың өкілдері В.Дильтей,
В.Виндельбанд, Г.Риккерт және т.б. адамның мәдени өмірін сипаттау
барысында нақты ғылыми тәсілден ерекше идеографиялық тәсілді қолданды.
Аксиологиялық яғни, құндылықтар туралы ілім мен мәдени-психологиялық
зерттеулердегі мінез-құлық, менталитет, этнопсихологиялық ерекшелік деген
терминдер өзекті зерттеу объектілері болып саналады. Әлемдік ғылымдағы
бұл бағыт А.Кардинер, Р.Линтон, В.Смит, С.С.Саргент, М.Мид, О.Бенедикт
және т.б. есімдермен байланысты [149].
Ұлттық мәдениет ұғымына толық түсінік беру үшін алдымен «этнос»,
«этникалық сана», «салт-дәстүрлер жүйесі», «дәстүрлі мәдениет» ұғымдарына
ерекшеліктеріне талдау жасау маңызды. Бұлар гуманитарлық ғылымдар
саласындағы негізгі түсініктер қатарына жатады.
Ұлт - тарихи-мәдени факт болғандықтан кез-келген мәдениеттің түбірін
құрайды. Этнологияда қалыптасқан дәстүр бойынша мәдениет ұғымы этносты
құрайтын қауымның қоғамдық қатынастары түсінігімен өте ұқсас. Сондықтан
да әлеуметтік антропология мен мәдени антропология арасындағы
айырмашылық шартты деп саналады.
«Этнос» термині ежелгі грек тілінде «қауым», «топ» деген ұғымды
білдіргенімен, ол дәл қазіргі мағынасында ғылыми әдебиеттерде XX ғасырдың
бас кезінен қолданыла бастады (Ж.Денникер, М.Вебер, С.М.Широкогоров)
[150]. Бұл ұғымның даму эволюциясындағы қазіргі мағынасы үстіміздегі
ғасырда «үшінші әлем» елдері мен халықтары ұлттық санасының жаппай
оянуымен, кейінгі кеңестік ортадағы «этникалық ренессанстың» әсерімен
ұлттық және этникалық мәселелер жаңа мәнге ие болып, этнология
ғылымының жаңа сатыға көтерілуіне байланысты кеңейе түсті. Ғылыми
әдебиеттерде этнографияның категориялық аппаратын жүйелеген Ю.Бромлей
этностың қалыптасуында әлеуметтік факторға баса назар аударса [151],
Л.Гумилев этносты табиғи ландшафтқа бейімделуші биологиялық түр ретінде
қарастырады [101, с.81].
Қазіргі қоғамдағы қалыптасқан ұлттық байланыстар, ұлттық мәдениет
және ұлттық мұра мәселелері ресейлік және қазақстандық авторлардың
еңбектері мен мақалаларында философиялық және әлеуметтанымдық тұрғыда
зерттеле бастады: Э.Баллер [152], Н.Елікбаев [153], А.Қасымжанов [154] және
т.б. Осы деректерге сүйене отырып, этнос ұғымын төмендегідей түсіндіреміз.
Этнос - тарихи қалыптасқан адамдардың тұрақты қауымдастығы, ол
тілдің, территорияның, шаруашылық және мәдени өмірдің, психикалық-
гомогендік жүйенің бірлігімен ерекшеленеді. Этностың қалыптасуына
географиялық (табиғи орта), әлеуметтік (әлеуметтік құрылым түрінде),
социобиологиялық (антропологиялық тип) және экономикалық (шаруашылық
үрдіс) факторлар ықпал етеді. Осы факторлардың әсері мен қоршаған ортаға
бейімделудің, оларды өндірістік қолданудың нәтижесінде ортақ тіл, мінез-
құлық, әдет-ғұрып, тұрмыстық және психикалық сипаттамалар құралады.
Ғылымда этнос және ұлт ұғымдары бір мағынада қолданылғанымен екі
түсінік арасындағы айырмашылықты байқауға болады. Егер этнос бүкіл
әлемнің тарихы бойына өмір сүрсе, ал ұлт жаңа дәуір мен қазіргі заманда
қалыптасады, ғасырлардың маңызды феномендерінің қатарына жатады. Іргелі
мәдениеттаным тұжырымдамалары бойынша ұлттық қауымдастық тілдің,
діннің, наным-сенім, тұрмыс пен тарихи тағдырдың ұқсастығымен
сипатталатын халықтың өзін-өзі қалыптастыруы арқылы пайда болады.
Ұлттық мәдениет гомогендік этникалық қауымдастықтың тар
шеңберімен шектелмейді. Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуы мәселесінде
отандық мәдениеттанушы ғалым С.Т.Темірбеков: «Қазақтардың басым
көпшілігі аграрлы халық қатарына жатады, олар рушылдық, трайбалистік
қатынастарды жоюға жағдай жасайтын индустриалды қалалық мәдениеттің
қазанында қайнаудан өткен жоқ, нарықтық өркениет тәжірибесі жоқтың қасы.
Технологиялық менталитет қалыптаспаған. Демек, қазақтардың ұлттық
консолидациялану үрдісі әлі де жалғасуда», - деген пікір айтады [155].
Жоғарыда келтірілген этносты немесе ұлтты құрайтын негізгі
сипаттамалардың қатарына этникалық өзіндік сананы өз этносына тиесілі
сезімін жатқызамыз, онсыз бұл анықтама жеткіліксіз болар еді. Бұл этникалық
мәдениеттің негізгі өзегі болып табылады, егер этникалық сана қалыптаспаса,
онда ол қауымдастық өзінің бірлігінен айырылады. Этникалық сананың
маңыздылығы халық санағы немесе тұрғындарды бұқаралық статистикалық
есепке алудың әртүрлі формалары барысында оның тілді де ығырыстырып,
негізгі этникалық анықтауышқа айналуынан да көрінеді.
Ұлттық сананың қалыптасуы этностың тарихи дамуымен тығыз
байланысты болуымен қатар оның ерекшелігі сананың тұрақтылығымен
сипатталады. Әрбір ұлттың бойындағы этноцентризм көріністерін әлемдік
мәдениет
тарихынан
көптеген
мысалдармен
келтіруге
болады.
Этноцентризмнің қазіргі заманға дейін үстемдік етіп келген еуроцентризмге
ұласты. Ұзақ уақыт бойы тарихқа еуроорталықтық көзқараспен үңілудің
салдары, мәдениеттанушы-зерттеуші Ақселеу Сейдімбектің айтуынша
«сананың улануына... оның құлдығына, ұрпақтың рухани жарымжанға
айналуына, ақиқаттың жартыкештенуіне, этникалық мәңгүрттенуге» алып
келді [37, 298 б.].
Ұлтымыздың мәдениетіндегі этноцентризм көріністеріне көз жіберіп,
оның ерекшеліктерін анықтасақ, қазақ этноцентризмнің қалыптасуына өзге де
факторлармен қатар, ерте және орта ғасырларда Еуразия далалы аймағын
мекен еткен көшпелі қоғамдардың дүниетанымдық, саяси конфесссиялық
идеологиялары әсерін тигізіп, ізін қалдырғанын батыл айтуға болады.
Орхон-Енисей
жазба
ескерткіштеріндегі
(Күлтегін,
Тоныкөк,
Білгеқаған) патриотизм және бұл әдеби ескерткіштерге тән аристократизм,
экспансивтілік және орталыққа ұмтылушылық мәдениеттанушы Ә.Қодардың
еңбегінде сөз болады [156].
Қазақ этноцентризмінің ерекшелігі ондағы этатизмнің яғни ,
мемлекеттік идеологияның мазмұнынан көрінеді. Қазақтардың мінез -
құлқындағы ұлттық сана-сезім мен тәкәппарлықтың әлсіздігін С.Темірбеков
ұлтқа бірігу үрдісінің аяқталмағанымен байланыстырады [157].
Ұлттық мәдениетті қарастыру барысында ғылым салалары мысалы,
этнография, әлеуметтану, әсіресе, аксиология және этнопсихология өзара
тығыз байланыста болып, олардың ғылымаралық сипатымен көрінеді. Түрлі
халықтардың әдет-ғұрыптары, діни және шығармашылық жүйесі туралы
жинақталған мәліметтер мен білім мөлшерінен әрбір халыққа тән оның
сапалық айырмашылығын табу мақсатында алынған бастапқы байланыстар -
ұлттық рух ретінде түсіндіріле бастады.
Рух - әрбір адамның әлеуетін ашатын, көптің қуатын ортақ арнаға
қосатын халық даналығының жиынтығы, еркіндіктің түрі. Өз ұлтының тілін,
қол жеткізген тарихи жетістіктерін, өміршеңдік жолындағы ұмтылысын, жеке
тұлғаларын мақтан ету, кейінгі ұрпаққа үлгі тұту рухты жаһандандыру болып
табылады. Ұлттық білім мен тәрбие- ұлттық рухты қалыптастыруға,
патриоттық тәрбие беруге септігін тигізеді. Рухты адамға – намыстылық,
сергектік пен сезімталдық тән.
Рухы биік, күшті елдер қандай заманда да бағы таймаған,
жасампаздыққа қол жеткізген. Сол жасампаздық істерді жасаған да рухы биік
тұлғалар. Ондай тұлғаларды өмірге әкелетін факторлардың бірі, әлеуметтік
орта, әлеуметтік бағыт-бағдар, ұлттық тарихи тағылым. Ол мемлекеттік
саясаттың, оның ішінде әлеуметтік саясаттың жағымды факторлары. Олай
болса, біз мемлекеттік саясат пен ұлттық рухтың бірлік диалектикасын аталған
жағдайлардан көреміз.
Ұлттық рухтың келесі бағыты елдік пен тәуелсіздік үшін күрес. Бұған
жету жолы бірлесу, қауымдасу, бірлесе жүретін жол таңдау. Осы жолдағы
еркіндік, тәуелсіздік үшін күрес жеке тұлғаның, елдің қалыптасуының басты
белгісі. Соңғы уақытта көптеген ұлттар сол қасиеттерін жойылтып алғаны
айғақ. Мемлекетіміздің басты борыштарының бірі осы қасиеттерді қалпына
келтірудің сара жолы, ұлттық білім мен тәрбиеге баса көңіл бөлу деп
есептейміз.
Этнос сипаттамасындағы маңызды нәрсенің бірі - менталитет. Ол
латынша ойлау тәртібі, ақылдың ерекше рухани қыртысы дегенді білдіретін
ұғым. Бұл латынның сөзі қазіргі мағынада жеке адамның, сондай-ақ әлеуметтік
бірліктің өзіндік ойлау жүйесі, эмоционалдық және құндылықтық бағдары
деген мәнде түсіндіріледі. Менталитетке адамның рухани өміріндегі бүкіл
құбылыстардың жиынтығы ретінде қарапайым әдеттен сенімге дейінгі, әлемді
қабылдаудың психологиялық ерекшеліктерінен моральдық нормаларға дейінгі
өте үлкен ауқымдылықты қамтиды.
Менталитет ұғымын ғылыми айналымға енгізгендер мәдени-
антропологиялық бағыттағы зерттеушілер - Л.Леви-Брюль, Л.Февер, И.Блок
және т.б. Белгілі ғалым С.Ақатай өз мақаласында қазақтың ұлттық
менталитетін қазақша өмір сүру дәстүрімен байланыстыра отырып, қазіргі
мәдениетіміздегі қос ағымды - қазақ немесе казах (ресми) және қазақы
(этникалық) мәдениеттерді бөліп көрсетеді [158]. Осыған ұқсас ой профессор
А.Қасымжановтың еңбегінде де кездеседі [154, 77б.]. Ал зерттеуші ғалым
М.Балтабаев өз монографиясында қазақ ментальдығының өзегі ретінде Батыс
және Шығыстың танымдық формаларының синтезі түрінде көрінетін
еуразияшылдықты насихаттап, келешектегі қазақстандық қоғамды біріктіруші
бірден-бір ұлттық идея деп үміттенеді [159]. Д.Кішібеков өз еңбегінде қазақ
менталитетінің өткенін, бүгінгісін, ертеңін барлық қырынан ала отырып
сипаттайды [160].
Менталитет ұғымына ұқсас «ұлттық мінез-құлық» түсінігі ұлттық
мәдениет құрылымындағы өзге категорияларға қарағанда неғұрлым аз
зерттелген. Ұлттық мінез-құлық бұл әрбір халықтың күнделікті тұрмыс-
тіршілігінде, дауысы мен сөйлеу мәнерінде, жүріс-тұрысы мен іс-әрекетінде,
талғамы мен таңдауында байқалатын өзгеше қасиеттері мен ерекшеліктері.
М.Бахтиннің пікірінше, ұлттықтың құпиясы оның дастархан мәзірінде
де, киімінде де, биінде де, ұлттық рухында кездеседі [161]. Осы мәселеге
байланысты профессор С.Темірбеков өз еңбектерінде Батыс және Шығыс
менталитеттерін салыстыра отырып, ұлттық мінез-құлықтағы негізгі
құндылықтарды сараптап, қазіргі заманға сай жағымды, жағымсыз жақтарын
анықтайды. Мысалы, қазақтың бойындағы жақсы қасиеттің бірі
бейімделгіштіктің арты қазіргі конформизмге ұласып кетіп жатыр [162]. Ал,
қазақтың дүниетанымындағы синкретизм мен ұлттық мінезіндегі төзімділік
қазіргі кездері негізгі қалыпты өркениеттік құндылықтардың біріне саналады.
Ұлттық мінез-құлықтың қалыптасуына қоршаған орта мен биологиялық
фактормен қатар, берік дәстүрлі қызметке негізделген және нақты тарихи-
мәдени жағдайларда қалыптасқан этнопсихологиялық-гомогендік ерекшелік –
«қазақылық» немесе «қазақшылықтың» әсері мен маңызы күшті болды.
«Қазақ» этнонимінің этимологиясы «қазақшылық» бастапқыда әлеуметтік
мағынада еркіндік, бостандық деген ұғымды білдірді, ол өзі белгілі бір
дәрежеде ұлттық мінездің табиғатын сипаттай алады. Тарихта Жәнібек пен
Керейдің соңына ерген мүдделері ортақ осы топқа берілген атау кейінірек
этнонимге айналды. Қазақтардың этнопсихологиялық портретін Абайдың
«Қара сөздерінде» [163] келтірілген, сондай-ақ халқымыздың кейбір
қылықтарынан және ауыз әдебиетінде кездесетін мәтелдерден де кездестіруге
болады. Қазақтың субэтностық біліктерін құрайтын ру-тайпалардың мінез-
құлық стереотиптерін бейнелейтін мәтелдер де көп.
Әрбір нақты тарихи қоғамда саны, әсері мен дамуы жағынан әр түрлі
биоәлеуметтік қауымдар өмір сүреді. Этникалық иерархияның негізгі үш
деңгейі бар: субэтнос, этнос, суперэтнос. Негізгі звено этнос субэтностардың
жиынтығын білдіреді. Ал этностардың интеграциясы суперэтносты құрайды,
оның жарқын көрінісінің үлгісі ретіне араб-мұсылман әлемін немесе батыс
еуропалық этномәдени тұтастықты алуға болады. Ал қазақ этносын құрайтын
субэтностарға оның ру-тайпалық құрылымдары жатады. Мәнді өзгерістерге
алып келетін этностардың өзара әрекетін этникалық үрдіс деп атайды. Оның
эволюциялық және трансформациялық бағыттары болады.Эволюциялық
бағыты - этностың негізгі элементерінің, ең алдымен тіл мен мәдениеттің
сапалы өзгерісін білдіреді. Трансформациялық этникалық үрдіс - ұлттық
меншікті алмастыруға алып келетін өзгерістерді қамтиды, оның негізгі кезеңі
этникалық өзінік сананың алмасуы болып табылады.Трансформациялық
біріктіруші үрдістер консолидация, ассимиляция және интеграция түрінде
жүзеге асады.
Консолидация - тілі мен мәдениеті жағынан бір-біріне жақын бірнеше
дербес халықтардың біртұтас ірі этносқа бірігуі. Мысалы, XV ғасырда түрік
тілдес тайпалардың қазақ этносына бірігуі.
Ассимиляция - көбіне саны аз халықтың өзге ірі этностың құрамына
сіңіп кетуі, нөтижесіне өзінің этникалық қасиеттерін жоюы. Мысалы, монғол
тілдес
тайпалардың
Алтын
Орда
заманында
қыпшақтармен
ассимиляцияланылуы.
Интеграция - тілі мен мәдениеті әртүрлі бірнеше халықтардың ортақ
белгілер пайда болуына байланысты бірігуі, бірақ олардың тұрақтылығы мен
беріктілігі шамалы, ұзақ өмір сүрмейді.
Қазақ
ұлттық
мәдениетінің
тұрақтылығы
батыстық
мәдени
экспансияның әсерімен толық ассимилияциялануға қарсы тұрды. Дегенмен де,
бірнеше ғасырға созылған тоталитаризм ықпалы қазақ қоғамына әсер етпей
қоймады.
Қазақтың ұлттық мәдениеті мәселесінде оның салт-дәстүрлер жүйесі
туралы міндетті түрде сөз қозғалады. Ұлттық мәдениет және дәстүрлі
мәдениет ұғымдарының бір-біріне жақындығы төмендегі себептерге
байланысты:
- халықтың салт-дәстүрлері ұлттың этникалық сипаттамасын құрайды;
- салт-дәстүрлер ұлттық ерекшеліктің маңызды элементі болып
табылады;
- дәстүрлер - ұлттық мәдениеттің құрамдас бөлігі;
- дәстүрлі мәдениетке авторлық мәдениет қарсы қойылады, себебі,
алғашқысы ауызша таратылады, ал соңғысы иңдустриалдық қоғамға тән
коммуникацияның тығыздылығымен байланыстырылады.
Дәстүр латынша жалғастыру - тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы
ұрпақтан-ұрпаққа беріліп және белгілі уақыт аралығында сақталып отыратын
адамзат тәжірибесінің жалғастығы мен жиынтығы, мәдени мұрасы: әдет-
ғұрыптар, ырымдар, жүріс-тұрыс қалыптары мен тәртіптері, үрдістер, жөн-
жоралғылар, мейрамдар, шаралар т.б.
Адам қажеттілігін өтейтін барлық құндылықтар - материалдық,
әлеуметтік және рухани құндылықтар дәстүрді құрайды. «Салт-дәстүр - тіл
мен мәдениет бастауларының анасы», - дейді неміс ағартушысы И.Г. Гердер.
Дәстүр ұғымы «сабақтастық», «мәдени мұра», «төлтумалық»,
«ерекшелік» түсініктерімен тығыз байланысты. Ғылыми талдау олардың
айырмашылығын атап көрсетеді. «Сабақтастық» - тарихи-мәдени тәжірибе
үрдісіндегі жаңа мен ескі арасындағы объективті қажетті байланыс. Бұл
байланыс тұтастықты қамтамасыз етеді және мәдениеттің үдемелі дамуының
алғышарты болып саналады.
«Мұра» - бұл уақыт ағымында өзгермейтін өткенге қатысты рухани
мәдени материал және ұрпақтардың рухани дамуының іргетасы болып
табылады.
«Төлтумалық»-өзіндік дамуға бағытталған қоғамның динамикалық
принципі, оның «өмірлік ядросы» деген ұғымды білдіреді. Нағыз мәдениет
төлтумалығымен, бірегейлілігімен дараланады. А.Сейдімбектің сөзімен
айтқанда: «Еліктеудің шынайы мағынасы – қайталау дегенді білдіреді. Рухани
сұғанақ болған ел, біріншіден өзінің болашағынан айрылса, екіншіден өзгенің
асылын малшылайды» [164].
«Ерекшелік» ұғымы кез-келген құбылыстың өзгеге ұқсамайтын өзіне
тән өзгешелігін көп жағдайда локальдық нормаларды, әдет-ғұрыптарды,
құндылықтар мен жүріс-тұрыс бітімдерін сипаттау барысында кең
қолданылады.
Салт-дәстүрдің мәні мен әлеуметтік маңызы оның қоғамдық өмірдегі
атқаратын қызметтерінен көрінеді: әлеуметтік, интегративтік, реттеушілік,
коммуникативтік, әлеуметтік-психологиялық, идеялық-тәрбиелік және т.б.
Дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың құрылымына адамгершілік, саяси,
эстетикалық, діни, идеялық мазмұн, ережелер, қалыптар мен қағидалар, тұлға-
ның саяси жөне рухани қасиеттері - көзқарасы, сезімі, қажеттілігі мен
идеалдары кіреді.
Ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жанұяда қалыпты
қатынастардың бекітілуіне, үлкен мен кіші арасындағы қатынастарды,
қалыптар мен ережелерді игеруге, шаруашылық жүргізудің қалыптасқан
тәжірибесін жалғастыруға, еңбекке баулуға, ұлттық мәдениет пен тарихты
қадірлеуге, патриотизм тәрбиесі мен туған жерге деген сүйіспеншілікті
арттыруға, эстетикалық жөне көркем мәдениетті сақтауға жағдай жасайды.
Белгілі уақыттарда күшейе түсетін дәстүрге қайта бет бұру, оны
зерттеуге ұмтылу тарихтағы өтпелі кезендерде ерекше мәнге ие болатын
қоғамдағы үлкен қызығушылықтан туады. Мұндай жағдайда қоғамның рухани
өмірінде «қайта өрлеу», «жаңғырту», «реставрация» сияқты мәдени
элементтер орын алады. Дәсүрлі құндылықтар жүйесі дағдарысқа ұшыраған
тұста дәстүрлерді заман талабымен үйлестіру мәселесі туындайды. Бұл
жағдайда
қоғамда
«дәстүршілдік»,
«жаңашылдық»,
«архаистік»,
«батысшылдық» және т.б. тенденциялар пайда болады.
Қазақ халқының мәдениеті кеңес дәуірі тұсында тоталитарлық
режимнің қысымымен «мазмұны пролетарлық, түрі ұлттық социалистік
мәдениет» деген ұранмен мәдени геноцидті бастан кешірді. Оның салдары
ұлттық сананың маргиналдануына әкелді.
Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан кейін 90-жылдардың
алғашқы жартысында халқымызың ұлттық дәстүрлерін қайта жаңғырту
барысында бұқаралық сипатта көптеген іс-шаралар атқарылды. Ал соңғы
жылдарда нарықтық экономиканың өмірге терең енуі мен батыстық өркениеттің
«жемісі» бұқаралық мәдениеттің жаппай ықпалы мен тегеуріні дәстүрлі
мәдениеттің дамуына барынша кері әсерін тигізуде. Ұмыт қалған дәстүрлер
мен ұлттық дүниетаным ғылыми тұрғыда зерттеле бастады.
Бүгінгі таңда кез-келген ұлттың, кез-келген мемлекеттің тағдыры жалпы
адамзаттық даму үрдісімен тікелей байланысты болғандықтан мәдениет мәселесі
отандық ғалымдар М. Әуезов [165], Ә. Кекілбаев [166], М. Қозыбаев [167], Ә.
Нысанбаев [168], А. Сейдімбек [169], Ж. Алтаев [170], А.Қасабеков [171],
Ғ.Есім [172] т.б. зерттеу нысанасына айналды. Бұл ғалымдар ұлттық мәдениет
саласында іргелі зерттеулер жүргізіп, қазақ мәдениетін өркениеттілік негізде
тану бағытын ұстанып, рухани мәдениеттің тарихи жасалуын айқындап,
олардың дүниетанымдық ерекшеліктерін саралады.
Ұлттық мәдениет мәселесін зерттеуде академик М.Қозыбаев: «Ең
алдымен
мәдениетке
қатысты
халықтық
мұраны
догматикалық,
схоластикалық тұрғыдан қараудан бас тарту керек. Мәдениет тарихын келте
түсініп, оны сауатсыздықты жою, жоғары білім беру, интеллигенция даярлау
аясында ғана қарауды қою керек. Ұлттық мәдениеттің сан-саласын
дүниежүзілік ғылымның жетістіктері тұрғысынан зерттейтін күн туды» , - деп
атап көрсетеді [167, 110 б.].
Қазақтың ұлттық мәдениетінің дамуын этногенетикалық тұрғыдан
зерттеген академик Ә.Нысанбаев: «Елдердің, халықтардың, мемлекеттердің
ерекшелігін саяси немесе экономикалық жүйе белгілемейді, ең алдымен сол
елдің мәдени-өркениетті төлтумалығы белгілейді», - деген пікір ұсынады, ал
А.Сейдімбек: «Қандай саяси-әлеуметтік сатыда болса да әрбір халық өзінің
төлтума
даралығын
сақтай
білсе,
этникалық
субъект
ретінде
жалпыадамзаттық санатта бола алады», - деп тұжырымдайды [168, 67б.].
Қазіргі ұлт мәдениетінің, өнерінің жетістіктері көптеген мемлекеттерде
белгілі болғанымен, бүгінгі уақытқа дейін ұлттық салада көлеңкелі
көріністердің, олқылықтардың бар екенін байқаймыз.
Бүгінгі таңда қоғамымызда қатты зәрулік - жалпы ұлттық мәдениеттің
мерейін өсіру, шын мәнісінде зиялы қауымының, адамдықтың, имандылықтың
беделін арттыру болып табылады. Өзге мемлекеттердің ұлттық мәдениет
ерекшеліктерін сақтаудағы үлгілері қарапайым болғанымен мағынасы терең
екендігіне көз жеткізуге болады. Мысалы, ағылшын жастары ең әуелі өзі
тұрған көшенің, жердің тарихын, сонан соң аймақтың, қаланың, сонан кейін
барып Ұлыбританияның тарихын оқуға кірісетін көрінеді. Ал біз тарихты
білуді ең алдымен ежелгі грек жұртынан, әлемдік тарихтан бастадық. Олай
болса бізде ұлағатты өз халқымыздың тарихын терең зерттеп, ата-баба
мәдениетін оқып-үйренуді бірінші орынға қоюымыз абзал.
Индустриалдыққа дейінгі және индустриалдық қоғамға тән ауызекі
және кітап мәдениеттерінің орнына жаңа ақпараттық қоғамда аудиовизуалды
техника мен компьютерге негізделген «экрандық» мәдениет қалыптасып отыр.
Бұл жаңа ақпараттық технология ғылыми-техникалық прогрестің өзге де
жетістіктерімен қатар мәдениет қызметінің қағидаларын, рухани үрдістердің
мазмұны мен ағымын, білімнің формалары мен ойлаудың типтерін көп
жағдайда сапалы түрде өзгерте алады. Біздің зерттеу мәселеміздің өзектілігі
ұлттық мәдениетке бет бұрған әлемдік үрдістермен ғана емес, қазіргі
отанымыздың мәдени өмірінде қалыптасқан ахуалмен де байланыстырылады.
Тәуелсіздік тұсындағы қазақ халқының қоғамдық санасындағы
түбегейлі өзгерістер тарихи тағдырдың тәлкегімен ұмыт болған ұлттық дәстүр
мен мәдениетті қайта жаңғыртуымен сипатталады. Бірнеше ғасыр бойы мәдени
деградация мен трансформацияға ұшыраған ұлттық мәдениетті қайта
өркендету мемлекеттік деңгейде төмендегі міндеттерді шешуді жүктейді:
- ең алдымен, ұлттық мәдениеттің негізін құрайтын түбегейлі
құндылықтарды қайтару, яғни адамдарды рухани тұрғыда оятатын ұлттық тіл
мен дәстүрді қайта жаңғырту;
- халықтың тарихи өткенін толығымен, жан-жақты зерттеулер арқылы
қалпына келтіру, тарихи сананы қалыптастыру арқылы мәңгүрттік жағдайдан
арылу;
- ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының асыл қазынасы – мәдени-
рухани мол мұрасын игеру.
Ұлттың өткен тарихы мен дәстүрлі рухани-дүниетанымдық тұғырларын
жаппай қалпына келтіру қазіргі заманға сай озық батыстық өркениеттік
құндылықтар мен жаңашылдықтарды жаппай қабылдау үрдісімен қатар жүріп
отыр. Өзіндік бірегейліктің қалыптасуы үшін оның мәдени-дүниетанымдық
парадигмасы ретінде ұлттық идеяның қажеттілігі туралы қоғамдық пікір
кеңінен талқыланып келеді.
Біз табалдырығын аттаған жаңа жаһандану ғасырының бет-бейнесін
«өркениеттік қақтығыстар» айқындайтынын американ профессоры Самуэль
Хантингтон бекерден-бекер жорамалдамаса керек. Кез-келген елдің немесе
халықтың, әсіресе ол өтпелі қоғам болған жағдайда, болашақ өркениеттік
дамуы сырттан енгізілген саяси технологиялар мен экономикалық реформалау
әдістерінің көмегімен емес, ұлт болмысының терең рухани қырларын
қамтитын дүниетанымдық тұрғыда шешілуі тиіс. Мәдени саясат сонымен
қатар өтпелі қоғамдағы ғылым интеграциясының ұлттық мәдениетке ықпалын
да бақылауда ұстауы тиіс. Бұл әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар
жүйесіне үлкен міндеттер жүктейді. Қазіргі уақытта мәдениет адам
болмысының эпицентрі ретінде пайымдала бастады. Кез-келген ұлт немесе
халық өзіндік ерекшеліктерін жоғалтпай мәдени бірегейлігін сақтаған
жағдайда ғана өмір сүре және дами алады деген көзқарас қалыптасты. Сонымен
бірге өзге халықтар мен ұлттардан бөлектеніп тұрмайтын, олармен өзара
әрекеттесе, мәдени құндылықтармен алмаса отырып дамиды.
Күрделі тарихи және табиғи жағдайларда Қазақстан өзге елдер мен
халықтардың, Батыс пен Шығыстың, Оңтүстік иен Солтүстіктің ықпалдарын
бойына сіңіре отырып өзінің төлтума мәдениетін қалыптастырып, сақтап
келді. Қазіргі отандық мәдениеттің алдындағы күрделі міндет - болашаққа
бағытталған мәдени бағдарды қалыптастыру. Бұл үшін ең маңызды
алғышарттардың бірі – білім мен ғылымның деңгейін барынша жоғарылату.
Дегенмен де, бұл ғаламдық міндетті шешу өте күрделі, өйткені ол бүкіл өзінің
тарихи дамуы барысындағы біздің мәдениетке тән терең қайшылықтарды
мойындауды қажет етеді. Бұл қайшылықтар дәстүр мен жаңашылдықтың,
ұлттық және әлемдік мәдениеттердің, төлтума және батыстық мәдениеттердің,
рухани құндылықтар мен нарықтық құндылықтардың, тәуелсіз сана мен адам
болмысындағы ара қатынасына негізделеді.
Ұлттық мәдениеттің бастан кешіріп отырған кезеңі-жаңа құбылыс емес,
тарихи дамуда қайталанып отыратын құбылыс. Әрқашан да уақыт
талаптарында мәдениет жаңарып, дамып отырған. Оның үстіне, отандық
тарихтың кейбір қиын сәттерінде ұлы идеялар мен туындылар пайда болып,
жаңа дәстүрлер мен құндылықтық бағдарлар қалыптасып, даму өзінің жаңа
арнасын тауып отырды. Қазақстандағы мұндай қалыптасу ерекшелігі жаңа
қоғамға өту барысындағы бүкіл әлемді қамтыған ғаламдық дағдарыс және екі
жүйе қақтығыстары барысындағы барлық тәуелсіз елдерді қамтыған
дағдарыспен сай келіп, ішкі мәдени әртектілікпен қосылып отырды.
Екі ғасырдың айрығында бүкіл әлем батыстық өркениеттің негізінде
бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени типтің ауысу кезеңіне сай келіп
отыр. Әлемдік мәдениет әр түрлі халықтар мен елдердің өркениеттерінен
құрала отырып, аймақтық ерекшеліктеріне орай әркелкі дамып келді. Бұл
тұрыдан алғаңда ұлттық мәдениет те, кейінгі қазақтың жазба мәдениеті де
әлемдік өркениеттің асыл қазынасына өзіндік үлесін қосып келді. Қазақ
халқының арғы тегі көшпенділердің бүкіләлемдік тарихи миссиясының
рухани жетістіктерінің дүниежүзілік тарихтағы ролін ешкім теріске шығара
алмайды.
Ұлттық мәдениетті қайта түлету қоғамды жаңартудың маңызды
алғышарты болып табылады. Мәдениет саласыңда көптеген мәселелер бүгінгі
күні де шешімін таппай келді. Соңғы онжылдықда рухани мәдениетті
дамытып, одан әрі қалыптастырудың жаңа жолдары ашылды. Жас ұрпақ ата-
бабадан қалған рухани мұраларымен, саяси құрбан болған төл мәдениеттің
ұлы тұлғаларының өнегелі, өсиетті рухани қазынасымен қайта қауышты.
Қазіргі социомәдени ахуалдың пайда болуының алғы шарттары бұдан ондаған
жыддар бұрын қалыптасты. Ғылым мен техника жетістіктерін өндіріс пен
тұрмыс салаларына кеңінен енгізу ұлттық мәдениеттің қызмет ету формасын
күрделі өзгерістерге ұшыратты.
Бүгінгі ұлттық мәдениет, қоғамның өзге де салалары сияқты әр түрлі
перспективалар туындататын кезеңге түсіп отыр. Мәдениетті игеру оңай
кірігіп кететін үрдіс емес, мәдениетте әлемдік стандартқа еліктеудің қажетілігі
болмайды. Әрбір қоғам құндылықтардың ерекше конфигурациясын
қалыптастырады. Белгілі ғалым К.Леви-Стросс бұл туралы былай деп жазады:
«Әрбір мәдениеттің қайталанбас ерекшелігі, ең алдымен олардың мәселелерді
шешудегі өзіндік тәсілінде, барлық адамдарға тән құндылықтарды болашаққа
сай дұрыс орналастыруында. Бірақ олардың мәнділігі әр түрлі мәдениеттерде
ешқашан да бірдей болмайды және сондықтан да қазіргі этнология осы жұмбақ
таңдаудың бастау көздерін түсінуге барған сайын ұмтылуда» [173]. Өкінішке
орай, біздің еліміз өткеннің көптеген жетістіктерінен бас тарта отырып,
радикалды өзгерістер жолына түсіп отыр. Мұның бәрі барлық нәрсені өз
орнына қоюға ықпал етеді деген ұғыммен нарықтық экономиканы тезірек
өмірге енгізу мақсатында жасалып отыр. Өзге елдердің, оның ішінде нағыз
нарықтық елдердің тарихына үңілсек бұл жаңа құндылықтар мен қалыптарды
қалыптастырмаған, бұл елдердің ұлттық мәдениеттері қиындылықтарды
моральдық жағынан ақтай отырып және сонымен бірге мәдени тыйымдармен
шектей отырып игерген.
Қазіргі ұлттық мәдениеттің жағдайын талдау қоғамдық жүйелерді
қалпына келтіріп отыратын тұрақты мәдени формалардың жоқтығын, уақыт
пен кеңістіктегі мәдениет элементтерін сенімді түрде байланыстыратын
форма-лардың әлсіздігін анықтайды. Ұлттық мәдениет уақыт талабына дұрыс
жауап таба білуі тиіс. Бұл үшін толассыз талас-тартыс, екіжақты
конфронтация механизмдерін тудыратын әдеттен бас тартып, өзіндік сананың
өзге формаларына көшу қажет. Міндетті түрде, барлығын қысқа уақыттың
ішінде радикалды түрде өзгертіп, қайта құрамыз деуге сиятын максимализмге
негізделген ойлау типінен алшақтау қажет.
Мұндай
қалыптан
әр
түрлі
әлеуметтік,
этникалық
және
конфессионалдық қауымдастықтарды қамти отырып аралық мәдениетті
қалыптастыру мен қоғамдық өзін-өзі басқарудың тұрақты жүйесін бекіту
жолдары арқылы құтылуға болады. Қоғамның қалыпты өмір сүруі үшін әр
алуан өзіндік ұйымдасқан мәдени орта қажет. Бұл ортаға мәдени
құндылықтарды қалыптастырып таратумен байланысты әлеуметтік-мәдени
объектілер кіреді, мысалы, ғылыми және оқу мекемелері, өнер ұйымдары және
т.т. Бірақ, ең маңыздысы - адамдардың ара қатынасы, олардың күнделікті
өмірінің алғышарттары, рухани-адамгершілік атмосферасы. Мәдени ортаны
қалыптастыру үрдісі - мәдени жаңарудың негізі, мұндай ортасыз қоғамды
жікке бөлетін әлеуметтік және психологиялық механизмдер әрекетінің алдын-
алу мүмкін емес.
Академик Д.С.Лихачев мәдени ортаны сақтау қоршаған ортаны
сақтаудан бір де кем түспейтін маңызды мақсат деп санайды. Табиғаттың
адамның биологиялық өмірі үшін қандай қажеті болса, мәдени орта да
адамның рухани, адамгершілік өмірі үшін сондай қажет [174].
Мәдениет - тұтас және органикалық құбылыс. Біз оның жасанды жолмен
құрылымдық қайта құруларды көтермейтінін ұғынуымыз керек, мұндай
эксперименттер оның күйреуіне әкеледі. Жалпы әлемдік өркениеттік үрдіске
өзінше қосылатын әрбір мәдениеттің негізінде прогрессивті немесе
реакциялық деп бөлуге келмейтін терең рухани адамгершілік архетиптер
жатады. Бұл әр түрлі мәдениеттер дамуының өзіндік ерекшеліктері мен
әртүрлілігі туралы идея адамдар санасында еңді ғана қалыптаса бастады.
Философ Ю.М.Бородай былай деп жазады: «Адамдардың бірқалыпты
өмір-тіршіліктері ақылдың айласы мен ойша есептеулердің негізінде емес,
әрбір халықтардың өз ерекшеліктеріне сай адамгершілік императивтері мен
қалыптасқан санасына сәйкестеледі, осы нәрсе оларды қайталанбас тұлға және
қоғамдық иңдивид ете алады. Адамзат әлемінің әр алуандылығы мен
қызығушылығы ешқандай да логикалық негіздеуге жатпайтын және өзге
мәдениет тіліне сай түрде аударылмайтын әрбір халықтың мәдениетінің
түбірін құрайтын өздерінің культтық сипаттағы қадір-қасиеттерімен тікелей
байланысты» [175].
Бірақ бұл өзгенің бәрін теріске шығарып, табалдырықтан аттатпау емес,
өзгенің тәжірибесін үйренуге болады және ол қажет те, бірақ оның өзгелердің
тәжірибесі екендігін естен шығармаған жөн.
Қазіргі қалыптасқан мәдени жағдайда ұлттық төлтумалылықты сақтай
отырып және оны қазіргі заманғы нарық заңдылықтарына бейімдей отырып,
болашаққа қарай бағдар ұстану қажет. Жаңа қоғамға өту барысында жүріп
жатқан ғаламдық үрдістерден тыс қалуға болмайды. Қазақстанның тұрақты
дамуы үшін қазіргі әлемдегі мәдени тәуелсіздік құқығын сақтап қалу
барысындағы бәсекелестікте социо-мәдени коммуникацияның тиімді жүйесін
қалыптастыру қажет. Қоғамның өмір сүруі мен дамуы оның әрбір кезеңі
әлеуметтік байланыстың белгілі бір құралдары мен технологияларын
қамтамасыз етудің біріктіруші реттеуші функциясы мен мәдени мұралану
үрдісіндегі қызметтерімен тығыз байланысты.
Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысынан басталған ғаламдық
ақпараттық қоғам бүкіл планета мен планета маңайындағы кеңістікті
қамтыды. Коммуникация желілері литосфераны, геосфераны, атмосфераны
қамтыды: авто және темір жолдар, мүнай және газ қүбырлары, электр желілері,
әуе және теңіз жолдары, сонымен қатар теле және радиобайланыс, оптикалық
талшық каналдары, компьютерлік жүйе, спутниктік жүйелер адам баласының
жаңа өлшемдері болып табылады.
Коммуникацияның жаңа құралдарының жасалуы социо-мәдени жүйенің
коммуникативтілік деңгейін де жоғарылатты. Ғаламдық ақпараттық қоғам
өзіне бірігуші әр түрлі деңгейлердегі социомәдени субъектілерге - этностарға,
әлеуметтік топтарға, мемлекетке өмір сүрудің жаңа талаптарын қояды. Кез-
келген деңгейдегі субъектінің бірігу үрдісі бұл - ақпаратты социумның уақыт
пен кеңістікте қабылдаудың құралдары мен тәсілдері, оның трансформациясы,
көбейтуі, трансляциясы т.т. жиынтығынан құралатын социомәдени
коммуникацияның жүйелері мен коммуникативтік комплексті қалыптастыру
арқылы жаңа ақпараттық қоғамға ену болып табылады.
Қазақстанның ақпараттық - коммуникативті тұрақты және интенсивті
аксиологиялық креативті деңгейге енуі төмендегі мәселелер комплексімен
байланысты:
- әлеуметтік-экономикалық жүйелердің құрылымының дамуы;
- ақпараттық-коммуникативтік атмосфераның қалыптасуы.
Үстіміздегі ғасырда өз даму жолынан үміті бар кез-келген ел
мәдениеттің ғаламдандыру, біріктіру, конвергенцияландыру сияқты
үрдістерінен тыс қала алмайды. Бұл ғаламдық ақпараттық қоғамның өмір
сүруінің объективті алғышарты және сонымен бірге мәдениеті мен
төлтумалылығы қалыптаса қоймаған қоғамдық жүйелер үшін үлкен қауіптің
бірі. Ұлттық мәдениетімізді қоғам сұраныстарымен бірегей дамыту үшін
ғаламдық
ақпараттық
қоғам
жағдайында
өзіміздің
социо-мәдени
коммуникативтік
жүйеміздің
тиімділігін
арттырып,
ақпараттық-
коммуникативтік кеңістікте өзектіліктің өзіндік технологияларын дайындау
қажеттілігі туындайды. Ол ұлттық мәдениет пен жалпыадамзаттық
мәдениеттің, төлтума мәдениет пен батыстык мәдениеттің, дәстүрлі рухани
құндылықтар мен өркениетті құндылықтардың, тәуелсіз сана мен адам
болмысындағы даму жағдайымен, заман талабы мен мәдениет келешегінің
арақатынастарына негізделеді. Осыдан туындайтын бұл негізгі мәселе біздің
зерттеу жұмысымыздың барысында жан-жақты талданып, әр түрлі
дәлелдемелер келтіріліп, тұжырымдар жасалды.
Бұл мақсатқа жету барысында ұлттық мәдениетімізді дамытудың
төмендегідей міндеті - XXI ғасырда ұлттық мәдениетті дамыту болашаққа
қарай бағдар ұстанумен ұштасуы тиіс. Мәдениеттің келешегін жаңа
постиндустриалды
ақпараттық
қоғамның
заңдылықтары
және
құндылықтарымен байланыстыру қажет.
Әрине, қоғамдық саланың ұлттық мәдениет секілді өте бір күрделі
құбылысында барлық мәселелерді толығымен қамтып шығуы мүмкін емес.
Бүгінгі қалыптасқан мәдени жағдайда, әлемде рухани дағдарыстан кейінгі
мәдениетке деген қызығушылық үрдісі байқалған тұста өтпелі қоғамдағы
біздің ұлттық мәдениеттің алдында кептеген шешілмеген мәселелерге
байланысты мақсат-міндеттер тұр. Өткеннің рухани-мәдени бағыттарын
кешеңді іргелі зерттеулер арқылы игере отырып, бүгінгі күнгі ұлттық
бірегейлікке негіз боларлықтай асыл мұралар мен құндылықтарды саралау
қажет. Ұлттық төлтумалылық пен бірегейлікке қол жеткізу арқылы ғана
болашаққа қарай батыл қадам жасауға болады.
Белгілі ғалым Т.Х.Ғабитов ғасырлардың талай қыр-сырларынан өткен
ұлттық мәдениетті грек мифологиясындағы өзін-өзі жағып жіберіп, сол күлден
қайта тіріле беретін қасиеті бар қиял-ғажайып құс Феникспен теңейді [134,
57б.]. Бұл тұрғыдан алғанда, тарихтың талай тәлкегіне қарсы тұрып, уақыттың
небір қатал сындарына төзімділікпен жауап берген ұлтымыздың болашағынан,
осы ұлттық қадір-қасиет қанында ойнаған ұрпақтың ертеңінен үлкен болашақ
күтуге болады. Бүгінде «білімді адам» түсінігі «мәдениетті адам» ұғымынан
ажырап, «ақпаратты адамның» синониміне айналды.
Ғалымдар Ж.Молдабеков және А.Қасабек қазақтың ұлттық мәдениеті
мен рухани мұрасын игеруде бірлескен тарихи, әлеуметтік-гуманитарлық
және философиялық ізденістерден құралатын толыққан, теориялық даму
деңгейі жетілген тұтастай қазақтану ілімін ұсынады [176, 171, 109б.]. Бұл
тұрғыдан алғанда қазір даму үстіндегі ұлттық мәдениет осы міндетті атқара
алады. Ұлттық мәдениет теориясы, профессор М.Балтабаевтың ойынша
қазақстандық мәдени саясаттың ғылыми базасына айналуы керек [177].
Әлем ден қойған жаһандану үрдісінде ұлттық мәдениеттің рөлі ерекше.
Ғылыми білімнің бұл саласында ғасырлар бойы шешімін таппай келген
сұрақтар жинақталып, олар заманда шешімін тауып, адамзат мәдениетінің
дамуына игі ықпал ететіндігі даусыз. Егер мәдениеттің сызбалық жүйелерін,
яғни ұлттық және бұқаралық жүйелерін бөліп алып қарастырар болсақ, онда
оның әрқайсысымен өз әдіс-тәсілдерін арнайы ғылым саласы айналысады.
Бұлардың қатарына мәдени антропологияны (этнология, этнографияны қамти
отырып), филологияны (лингвистикамен қоса) және әлеуметтану жатқызуға
болар еді. Ал қазіргі қоғамдағы тұлғаның мәдени өзіндік санасы мен
құндылықтық бағдарларымен мәдениет философиясы айналысады. Ұлттық
мәдениет туралы ғылыми білімнің осындай жалпы құрылымы мен көлемі
оның мазмұнын ұсына отырып, ұлттық мәдениет теориясына мынадай
міндеттер жүктейді:
- Қазақстан халықтары тарихының мәдени-психологиялық қырларын
зерттеу;
- Қазақстан дамуының мәдени-саяси парадигмасының философиялық -
әдіснамалық негізін дайындау;
- құндылықтары жалпы ұлттық басымдылықтарды бекітетіндей мәдени
бағдарларды қалыптастыру;
- елдің әлеуметтік тұтастығын қалыптастыру;
- жаңа қоғамдық тетіктердің қызмет етуі үшін әлеуметтік-мәдени
алғышарттар қалыптастыру жөніндегі жобалар дайындау және оны іске асыру.
Сонымен, қазіргі ұлттық мәдениеттің дамуын зерттеудің өзектілігі
мынадай негіздермен айқындалды:
- өтпелі қоғамда мәдени бағдарды таңдау және анықтау қажеттілігі;
- әлемдік мәдени қауымдастыққа ене отырып, заман талабына жауап
беруі;
- ұлттық дәстүр мен жаңашылдықтың арасалмағын анықтау;
- қазіргі қалыптасқан мәдени ахуалға қатысты өзіндік ұсыныстар жасау.
Ұлттық мәдениеттің қазіргі қалыптасқан жағдайын дұрыс түсіну үшін
оның негіздерін айқындаудың маңызы зор. Еліміздің тәуелсіздікке қолы
жетуімен отандық зерттеушілердің ұлттық мәдениетке, оның тарихы мен
ерекшеліктеріне деген қызығушылығы арта түсті. Ғылымның әр түрлі
қырларынан жазылған бұл зерттеулер мен еңбектер ұлттың рухани мұрасын
игеріп, мәдени төлтумалылықты қалыптастыруда мәні зор. Біз мәселені
зерттеу барысында мәдениеттанымдағы іргелі еңбектер саналатын батыстың
ірі ойшылдары А.Тойнби [178], К.Ясперс [179], К.Г.Юнг [180], Э.Фромм [181],
И.Г.Гердер [182], Г.Маркузе [183], О.Тоффлер [184] шығармаларына сүйендік.
Бұл тұста өркениеттің циклді дамуы барысында «талап – жауап» (А.Тойнби),
«белдеулік уақыт» (К.Ясперс), «архетип» (К.Г.Юнг), индустриалдық қоғам
құндылықтарына қатысты «болу немесе иемдену» (Э.Фромм), «бір өлшемді
адам» (Г.Маркузе) және мәдениеттің келешегіне байланысты (О.Тоффлер)
идеялары зерттеуде қолданыс тапты.
Сонымен қатар, ұлттық мәдениет динамикасын ұғыну барысында осы
бағытта іргелі зерттеулер жүргізген төмендегі ғалымдарының еңбектері де
үлкен теориялық және практикалық мәнге ие болды: Э.А.Баллер,
Ю.В.Бромлей, М.М.Бахтин, Л.Н.Гумилев, Г.В.Драч, Б.С.Ерасов, Л.Н.Коган,
В.Н.Межуев т.б.
Қазақстандық мәдениеттің өткені, оның терең рухани қырлары мен
болмысы, бүгінгі мәдениеттің қайшылықтары мен оның келешегін зерттеуге
арналған отандық ғалымдардың еңбектері ғылыми зерттеудің негізгі деректік
көзі мен ғылыми әдебиеттік қорын құрайды. Егер Батыста кәсіби формадағы
университеттік философия үстемдік етсе, қазақ ұлтының дүниетанымы оның
көркемдік дәстүрлі түрлерінде басым екендігін байқатты. Қазақтың төлтума
мәдениетін қалпына келтіру, халықтың тарихын жан-жақты түсіну үшін де
оның дүниетанымдық және әдістемелік негіздерін қалыптастыру да қажет
[185].
Қазақтың ұлттық мәдениетін философиялық жөне мәдениеттанымдық
тұрғыда зерттеген ғалымдардың қатарына Ж.Алтаев, Б.Байжігітов, Т.Ғабитов,
Ғ.Есім, А.Қасабек, Д.Кішібеков, Қ.Нұрланова, Ә.Нысанбаев, М.Хасанов т.б.
атауға болады.
Қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүрі, рухани болмыстары мен
әдебиеті, әдет-ғұрыптары мен өнері, тарихи қырларымен мәдениеттанымдық
тұрғыда айналысқан тарихшылардың, тіл мамандарының, заңгерлердің,
өнертанушылардың еңбектері осы мәселе төңірегіндегі біздің ғылыми
ізденістерімізге арқау болды. Олардың қатарына М.Әуезов, С.Қасқабасов,
М.Қозыбаев, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Марғұлан, А.Сейдімбек т.б. жатқызуға
болады.
Қоғамда орын алған ұлттық дәстүр мен ұлттық мәдениетке бет бұру
оның ұмыт қалған тұстарын зерттеуге деген қызығушылық туғыза бастады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетіндегі, Абай
атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университетіндегі, Философия
және саясаттану институттарындағы соңғы ғылыми іздену жұмыстары оның
нақты айғағы.
Еліміздегі социомәдени ахуалды реттеу мен мемлекеттік мәдени
саясаттың практикалық іске асуында ғылыми орталықтар құрылып, ғылыми
жобалар мен жаңа ғылыми ізденістер қалыптаса бастады. Олардың қатарына
«Қазіргі ұлттың қалыптасуындағы қазақтардың дүниетанымдық синкретизмі"
(С.Ақатай) [158, 81б.], «Болашақтың бейнесін қалыптастырудағы мәдениет
және тарих» (М.Әуезов) [165, 201б.], «Культурономика - қазіргі қоғамды
үлгілеу және зерттеу әдісі ретінде» (Б.Имамбек), «Қазақстанда полиэтникалық
қоғам қалыптасуының тарихи-мәдени ерекшеліктері» (А.Арғынбаев) [35,
17б.], «Тұлғаның дүниетанымы қалыптасуындағы дәстүрлі көркемдік
мәдениет» (М.Балтабаев) [159, 84б.] және т.б. еңбектерді жатқызуға болады.
Ұлттық мәдениет саласындағы мемлекеттік саясаттың әдіснамалық
мәселелерін шешудегі бұл зерттеушілердің еңбектері ғылымда кең қолданыс
тапты.
Қазіргі мәдени дамудағы дәстүр мен жаңашылдық, ұлттық мәдениет пен
жалпы адамзаттық мәдениет, рухани құндылықтар мен өркениеттік
құндылықтар арақатынастарынан туындайтын бағдарлар мен қайшылықтарды
анықтау ғылыми зерттеулердің басты мақсаты және бағыты болып табылады.
Осы мәселелерге байланысты ғылыми әлемдегі пікірлерді сараптай отырып,
бұл мақсатқа жету жолында қазіргі ғылыми зерттеулер алдында бірнеше
міндеттер қойылады:
- ұлттық мәдениеттің басты архетипін анықтау. Осыған сәйкес дәстүрлі
дүниетанымның, ұлттық сипаттамалары мен ментальдық ерекшеліктерінің,
рухани салт-дәстүрлері мен әдет ғұрыптарының ерекшеліктерін талдау және
сипаттау;
- заман талаптарымен қатар ішкі-сыртқы ықпалдардың нәтижесінде
дәстүрлі мәдениеттің өзгеру кезеңдерін анықтау. Ұлттық мәдениетіміздегі
дәстүр сабақтастығы мен жаңашылдық арақатынасын талдау;
- жаһандану дәуірінің ұлттық мәдениетке әсерін, оның даму шарттарын
айқындау;
- қазіргі ұлттық мәдениеттің ерекшеліктері мен қайшылықтарын, оның
себеп-салдарларын сараптау;
- қоғамымыздың мәдени әртектілігінің сипатын, мемлекеттік мәдени
саясаттың таяу және стратегиялық бағдарларын анықтау;
- жаңа ақпараттық қоғамда ұлттық мәдениетті дамытудың келешектері
мен бағдарларын сараптау.
Жаһандану жағдайында ұлттық мәдениеттің қазіргі қалыптасқан
жағдайын дұрыс түсіну үшін тұрғылықты ұлттың мәдениетінің
ерекшеліктерін анықтаудың, оның дамуы барысындағы өзгерістерді
айқындаудың маңызы зор. Жаңа ғасырда мәдениет, құндылықтар мен
дәстүрлер, инновация мәселелерінің арақатынасын шешуде туындайтын
сұрақтардың жауабын өткен заманнан, тарих шеңберінен іздеу қажет.
С.Мұқанов, Х.Арғынбаев, С.Қасқабасов, А.Сейдімбек т.б. еңбектерінде
дәстүр философиялық-мәдениеттанымдық тұрғыда жан-жақты қарастырылды.
Сонымен ойымызды қорыта айтатын болсақ, әдіснамалық теорияларда
бүгінгі жаһандану дәуірінің қажеттілігіне, мәдени сұраныстарға байланысты
ұлттық білім және ұлттық мәдениет негіздері қалыптасуда. Сондықтан ұлттық
білім мен ұлттық мәдениеттің арақатынасын, байланысын төмендегі бағыттар
негізінде бөліп көрсетуге болады:
- білім және саралап білім беру әдістерінің мәдени бағыттары;
- білім берудің және білім технологиясының мәдени мазмұны;
- оқу орындарының мәдени модельдері;
- оқытушы және оқушының қарым-қатынас мәдениеті;
- оқу орындарының мәдени ортасы;
- оқу орындарынан тыс мәдени орта;
- қоғамда қалыптасқан социомәдени ерекшеліктер;
- жеке тұлғаның өзін-өзі бақылауына байланысты мәдени әрекеттер;
- жеке тұлғаның дамуына әсер ететін нақты қоғамдық мәдени қатынастар.
Мәдени білімнің көтерілген проблемалары қазіргі тәрбие мен білімді,
жеке адамның дамуын әртүрлі макро және микро мәдени үрдістердің өзара
байланыстарымен түсіндіретін бағыттар болып табылады.
Қорыта айтқанда, ұлттық тәрбиені дамыту және қалыптастырудың басты
аспектілері ретінде мәдениет, ұлттық мәдениет, құндылықтар, рухани құндылық
сияқты факторларды қарастыра аламыз. Өйткені қазіргі жаһандану дәуірінде
ұлттық тәрбие мен ұлттық ерекшеліктерімізді әлемдік кеңістікте танытып
қалыптастыруда сол ұлттың мәдениеті, ұлттық құндылықтары, ана тілі танылуы
маңызды.
Егемендi елiмiзде соңғы жылдары жүргiзiлiп келе жатқан бiлiм
реформаларына қатысты түбегейлі бетбұрыстар қоғамда жағымды пiкiрлер
мен көзқарастар қалыптастыруда. Қоғамдағы жаңа технологиялық
қалыптасулар - бiлiм сапасының жаңа деңгейге көтерiлуiне өзгеше талап
қояды. Бұл үрдіс – бiлiм көрсеткіштерінің заман талабына сай жаңаша сипат
алуына мүмкiндiктер туғызатыны сөзсіз. Аса қарқынды дами бастаған аталған
құбылыстарға мемлекет тарапынан терең талдаулар жасалып, ортақ
проблеманы шешу мәселелерi жолға қойылып отыр.
Жаһандану заманында толассыз, үздіксіз өзгеріп тұрған әлем – адамнан
да қабілет пен қажеттіліктерді, толассыз, үздіксіз дамуды қажет етеді. Осы
бағытта елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа жолдауында: «Біздің жас мемлекетіміз
өсіп жетіліп кемелденеді, жас шәкірттер онымен бірге ер жетеді. Олар өз
ұрпағының жауапты да жігерлі, білім өресі биік, денсаулықтары мықты,
бейбіт, айбат, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы өз
елімнің патриоттары болады» делінген.
Олай болса, білім мен ғылымның қазіргі жаһандану дәуірінде адам
ресурстарын дамытушы фактор ретіндегі мазмұнын мынадай бағыттарда
қарастыруға болады:
1. Жаһандану жағдайында құзырлы бағдарлы білім беру.
2. Ғылым және білім беруді дамытудағы жаһандық мәдениеттанымдық
аспектілер.
3. Жаһандану дәуіріндегі мәдениет пен білім беруге қазіргі
философиялық көзқарас.
4. Ынтымақтастық тәжірибе, этнотолеранттылық және тұлғаарлық
мәдени қарым-қатынас.
5.Оқытудың тұлғаны бағдарлы оқытуға бағыттылығы.
6. Бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру.
7. Оқу-тәрбие үрдісінің технологиясын дамыту.
8. Кәсіптік бейінділік пен еңбекке баулуды жетілдіру.
9. Мамандық таңдау үшін еңбек нарығы, мамандықтар әлемі туралы
ұғым қалыптастыру.
10. ХХІ ғасыр сұранысына сай келетін кадрларды жүйелеу.
11. Тұлғаның қабілеттерін, икемділіктерін, қызығушылықтарын ескере
отырып, вариативті негізде бейінді даярлауды қамтамасыз ету.
Сонымен, жаһандану - бір-бірімен тығыз экономикалық, ғылыми-
техникалық саяси, мәдени байланыстағы біртұтас адамзат қауымдастығының
қалыптасуын мақсат ететін үрдіс. Мемлекетіміз экономикасы дамыған
елдермен сауда-саттық, технологиялық, атом құрылысы мен білім саласында
да қарым-қатынасқа түсіп, дамып келді.
Елімізді бүкіл дүниежүзі дербес мемлекет ретінде мойындады.
Жаһандану үрдісі әр түрлі елдермен жақындасу, бүкіл адамзаттың ортақ
тағдырын сезіну, ұлттық мәдениет жетістіктері, жаңа технологиямен алмасуға
әкелді.
Әлеуметтік жағдайды, жаңашылдық өзгерістер мен әлемдік
педагогикалық тәжірибені қазіргі ғылыми тұрғыдан талдау білім беруді
дамытудың жаңа бағдары – жаңару стратегиясын таңдауға себепші болды.
Жаһандану жағдайындағы қазіргі білім беруді дамыту мен жетілдіруді түрлі
инновацияларды енгізусіз, жаңаша оқытуға қатысты қағидалық бағыттар
қатарын қайта қарамайынша елестету мүмкін емес. Солармен бірге, қазіргі
педагогикалық үрдісті қарқынды даму үстіндегі инновациялық білім беру
жүйелерімен, бірінші кезекте, ұлттық тәрбие ретінде қалыптасуға, қабілетке,
рефлексияға, өзін-өзі дамытуға, дербестікке қойылып жатқан талаптарға
сәйкес келуі мәселенің қарастырылуына да үлкен мән беріледі.
Жаһандану заманындағы біздің басты нысанамыз - өркениет
деңгейіндегі тәуелсіз, озық білім үлгілерімен қаруланған ұлттық тұлғаны
тәрбиелеу.
Жаңа заманда білімнің дамуы, оның ғылыммен тығыз байланысы
экономикалық дамуда, тиімділіктің ұлғаюы және ұлттық қауіпсіздік пен
мемлекеттің әл-ауқатын, әр азаматтың жағдайын жақсартатын мемлекеттер
арасындағы бәсекелестікті жылдам дамытатын күшке айналып отыр.
Жоғары білім берудегі жаңа парадигмалар және жаңа саясат адамның
барлық өміріндегі білімінің негізін құрайды. Ол үшін адам өз жұмысын
жаңартып отыру қажет, ол қосымша дайындықты қажет етеді. Қазіргі
талаптарға сәйкестілік – ғылыми фундаменталды және қолданбалы
зерттеулерді кеңейту. Білім беруді жаңарту – үнемі алға қарай ұмтылу мен
дамыту үрдісі, білім беруде кезең-кезеңмен өтетін және алынған нәтижелерге
сәйкес түзетулер енгізу.
Жаһандық әлем болашақ үшін бәсекелесте жаңа қозғаушы күштер, жаңа
тетіктер, жаңа қатынастар қалыптастыруда. Қазақстанның әлемдік үрдістерге
кірігуі, дамыған елдердің стандартына деген ұмтылыстың еліміздің жаңа
сапалық деңгейге өту қажеттілігін туындатуда. Осыған орай, қазіргі кезде
жасалып жатқан реформалар өсуден тұрақты кезеңіне өтуге бағытталған.
Жаһандану үрдісі бел алып келе жатқан кезде Қазақстан дүниежүзілік
интеграциялық үрдістерінен оқшаулана алмайды. Оның алдымен білім
жүйесіне әсер етуі табиғи жағдай. Терең білім мен ұлттық тәрбие жүйесінің
даму бағдарлары мынадай қағидаларға негізделген: прогрестің факторы,
ұлттық байлық, тұлғалық және әлеуметтік табыстың кепілі ретіндегі білім,
бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге ықпал ететін білім; баршаға
бағытталған білім, өмір және еңбек шеңберінде тіршілік етуді қамтамасыз
ететін білім; бүкіл өмір барысында іргелі қажеттіліктерді өтейтін білім; ашық
жүйе ретіндегі білім; ұлттық ойлауды қалыптастыратын тағылымды тәрбиеге
тәуелді білім; патриотизмнің қайнар көзі, ұлттар мен ұлыстардың бейбіт қатар
өмір сүруінің кепілі болатын ұлттық тәрбие; бәсекеге қабілетті адамның,
қоғамның, бәсекеге қабілетті мемлекеттің, бәсекеге қабілетті экономиканың,
бәсекеге қабілетті шығармашылық әлеуеттің дамуының берік тұтқасы болып
табылатын ұлттық тәрбие. Сондықтан да тарихи тәуелсіздік тағылымы біз
үшін білім мен ұлттық тәрбие ұстанымы, әлемдік тұтастықтың, парасатты
және шығармашылық әлеуетінің, адам ресурстарының негізі ретінде жас ұрпақ
санасын жаңа сапалық даму сатысына көтеретіні анық.
|