Жоспар: І. ҚАзақ Әдебиеттану ғылымындағы сынның Қалыптасу, даму тарихы және зерттеу методологиясы


Тәуелсіздік кезеңдегі ұлтық рухтағы әдеби сын форматтары



бет7/9
Дата27.04.2022
өлшемі249,53 Kb.
#32558
1   2   3   4   5   6   7   8   9
2.3 Тәуелсіздік кезеңдегі ұлтық рухтағы әдеби сын форматтары
Тәуелсіз ел туымен бірге туған қоғамдағы түбегейлі өзгерістер дәуірі өнер мен ғылым саласында да тың бетбұрыстарға жол ашты. Рухани мұраларды ұлттық құндылықтар, елдік мүдде аясында қарастырған ғылыми ой-танымдар легі туып, олар рухани өмірімізге өзгеше серпіліс әкелді. Соның нәтижесінде әдебиет сыны әлемінде соңғы он сегіз жыл ішінде атқарылған істер әдеби мұраларды ақтандақтардан арылтып қана қоймай, олардың әдеби-көркемдік, танымдық, тағылымдық рухани мән-маңызын танытуда да өскелең уақыттың өнімді жетістігі болды. ХХ ғасырдың соңына қарай қазақ тарихындағы ең бір жарық оқиға болды; ғасырлар бойы алты алаштың аңсаған арманы- азаттықтың ақ таңы арайлап атып, қазақ халқы өзінің тәуелсіздігін жариялады. 1991 жылдың сол бір ызғарлы күндерінде күллі әлемге паш етілген тәуелсіздігіміз үш жүз жылдай орыс отаршылдығына қарсы азаттық үшін алысқан ата-бабаларымыздың төгілген қанының бодауындай, Алла тағаланың нұры жауған қазақ еліне тәңірінің сыйындай болды. Алғашында сенерін де, сенбесін де білмей, абдырап қалған қазақ халқы бетті тәуелсіздік даму жолына қарай бұрды.

Бұрын социалистік қоғамның барлық адамға жайлы жағдайына үйреніп қалған халық енді қимылдамаса, материалдық игіліктер үшін тырбанбаса болмайтын базар экономикасы негізді қоғамға бет түзеді. Жаңа нәрсенәің қиындықтары болатыны белгілі. Тәуелсіздіктің туын көтеріп шыққан сол бір тарихи күндердің қуанышын жаңа қоғамның қатал экономикалық, мәдени қарым- қатынастары су сепкендей баса бастады; экономика дағдарысқа ұшырап, халықтың әл-ауқаты нашарлай түсті; мұның аяғы рухани өмірде де түрлі келеңсіздіктерге әкеп соқтырды. Білім- ғылым, әдебиет- мәдениет түгілі халықтың тамағын тойдыру, киімін бүтіндеудің өзі қиындап кетті. Жабайы жүргізілген жекешелендірудің салдарынан мәдениет орындарының көпшілігі жабылып, қалталылардың қолына көшті. Жазушылар Одағы сияқты шығармашылық одақтардың барлығы дерлік мемлекеттік қаржыландыру жүйесінен шығарылып, қоғамдық ұйымдарға айналды. Мұның өзі қазақ әдебиетінің дамуына да әсер етіп, қаламгерлер көркем шығарма жазбақ түгілі қарақан басының қамын күйттеп кетті.

Академик З.Қабдолов: «Әдебиет сыны әрқашан дәл өз тұсындағы әдебиеттің тірі процесіне белсене араласып, нақты әдеби туындыны жан–жақты талдау, оның идеялық-көркемдік құнын белгілеу, өз кезінің эстетикасы үшін мәні мен маңызын анықтау арқылы, бір жағынан, жазушыға жазғандарының бағалы қасиеттерін, ерекшеліктері мен кемшіліктерін көрсетіп, оның творчестволық өсуіне тікелей қолғабыс жасаса, екінші жағынан, оқырманды оқығандарының байыбына барып, оны жете түсініп, дұрыс бағалауға баулиды. Бұл ретте, сыншыны жазушы мен оқырманның екеуіне ортақ- ара дәнекер десе де болар еді. Бірақ, бұл аз. Сыншы- қалың оқырманның өскелең талабы мен талғамының жаршысы, әдеби құбылысты жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан пайымдайтын қоғамдық ой- пікірдің озғын өкілі...

Әдеби сында көркем шығарманы бағалаудың жолдары, тәсілдері, шарттары бар... Көркемдік критерий ең алдымен әдеби шығарманың бағалы жағын көре білу. Сынның ең қиын міндетінің өзі- осы. Кез келген шығармада болатын үлкенді–кішілі кемшілікті табу бәрінен оңай. Ал шығарма несімен жақсы екенін белгілеу, оның нағыз поэтикалық сұлулығы мен сырлылығы неде екенін анықтау бәрінен қиын. Бұл сыншының берік принципін, зор мәдениетін, нәзік түсінігін, өрелі ойын, терең білімін, биік талғамын керек етеді» [55,49] десе, профессор Р.Нұрғали: «Әдебиет сыны өз тұсындағы әдебиет мәселелеріне араласады. Сыншы- күнделікті әдеби құбылыстарды талдаушы, талғаушы адам. Ол- шығарманың көркемдік ерекшеліктерін, формасын талдаушы емес, ең алдымен туындыға негіз болған өмірлік материалды саралаушы, ойшыл, көркемдік, сұлулықты ашушы. Бұл тұрғыдан әдебиет сынының эстетикалық міндеті мен социологиялық мақсаты қатар жүреді. Сыншы-жазушы мен оқырман арасын жалғастыратын көпір, көп нәрсені ажыратып, тиянақтап түсіндіретін әділқазы, арда би. Әрқашанда әдебиет сыны жеке шығармалардың, жеке авторлардың төңірегінде тұйықталып қала алмайды. Ол бір жазушының көлеңкесі емес. Сын пікірлердің артық- кем айтылуы, бір шығармалардың уақытша асыра бағалануы, бір туындылардың қалтарыста қалуы- қайталанатын құбылыс» [56,46–47]- деп жазады.

Қоғамда жүріп жатқан түбірлі өзгерістер бар күшті экономикаға жұмсап, мәдениет мәселелерін екінші кезекке ысырды. Осының салдарынан, әсіресе, көркем әдебиеттің, оның сынының дамуында айтарлықтай дағдарыстар туындады. Материалдық қиындықтарға байланысты баспадан шығып жатқан көркем әдебиет кітаптарының саны да, таралымы да күрт азайды. Әдеби беттерінде көркем шығармалардың, сыни материалдардың жариялануы да көп кеміп, тіпті «Жұлдыз», «Жалын» сияқты әдеби журналдардың уақытылы шығып тұруының өзі проблемаға айналды. «Жалын» бұрын ай сайын шығып тұрса, енді екі айда бір шығарылып тұрды.

Баспасөз бетінде әдебиеттің көркемдік проблемаларынан гөрі оның әлеуметтік мәселелері көбірек көтерілді. Күн тәртібінде жаңа дәуірдегі нарықтық қатынастар жағдайындағы әдебиеттің тағдыры қалай болды, өмірдегі орны қандай, қандай бағытта болуы керек деген сияқты мәселелер тұрды. Баспасөз бетінде осы мәселелер төңірегінде ой толғаған бірсыпыра мақалалар жарық көрді. Әдеби басылымдар түрлі пікіралысулар ұйымдастырылып, қаламгерлер арасында әдеби өмірдің өткір проблемалары хақында сауалнамалар жүргізді. Қазақ қаламгерлерінің бас газеті «Қазақ әдебиеті» газеті «Азат елдің әдебиеті қандай болуы керек?» тақырыбы бойынша 7 сауал ұсынған.

1. Қазақта ұлттық әдебиет бар ма? Қазақ кеңес әдебиеті деп жүргеніміз қандай әдебиет?

2. Егер қазақта классикалық әдебиет бар деп айтатын болсақ, оның өзіндік түр- тұрпаты, сыр-сымбаты неде деп ойлайсыз?

3. Қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы классиктеріміз қазақ әдебиетінің классигі болып, ғасырдан ғасырға көше ала ма?

4. Тарихи шығармаларда халқымыздың шынайы тарихы көрініс тапты ма?

5. ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиетін қалай елестетесіз? Алғы шарттары бар ма?

6. Нарықтық көркем әдебиетке әсері?

7. Бүгінгі жағдайда әдеби сынның міндеті? [57,16]

Қазақ әдебиетінің осы бір аса маңызды мәселелер төңірегінде Ә.Тарази, О.Сәрсенбаев, Қ.Ысқақов ой бөлісіпті. Қ.Ысқақов «Қазақта ұлттық әдебиет бар ма дейсіз. Момақансып жүріп-ақ тар заманның тақиясын шыр айналдырған біздің буынды қайда қоясыз? Аттарын ата дейсіз ба?Құп. Сайын, Қалихан, Қабдеш, Ақан Нұрманов... Нарықты елді парықсыз патша басқарса, оған, әрине, әдебиетің де, өнерің де қажет емес... Қазақ болып жаралу қиын емес шығар, бірақ, қазақ болып қалыптасу, қазақ болып қалу-қиынның қиыны... Қазақ болу қиын десек, қазақтың жазушысы болу одан да қиын» депті. Ал О.Сәрсенбаев болса, «Шынында, С.Сейфуллин, Ғ.Мұстафин, Т.Жароков, А.Тоқмағамбетов, тағы басқа да көрнекті ақын-жазушыларымыздың мұрасына ревизия жасамағанымен, қайта айналып соғып, бүгінгі саясат пен коньюнктура талабымен емес, әлгі жоғаыда айтқан өмір шындығы мен көркемдік шындық тұрғысынан баға беретін кезіміз туды. С.Сейфуллиннің негізгі шығармасы аталып келген «Тар жол, тайғақ кешу» романы таза тарих үшін керек болғанмен, қазақ әдебиетінің игіліктеріне қосыла қояр ма? Сондай-ақ Ғ.Мұстафиннің «Миллионер», «Шығанақ» повестері қазақ көркем ойының жетістігіне жата берер ме?»- деп, әдебиеттің өткен жолдарын қайта саралау мәселелсін көтерді. «Ал нарық пен әдебиет-қазіргі ең көкейтесті мәселелердің бірі... Жалпы, әдебиет, мәдениет тағдырын дәл бүгінгі таңда нарықтың ырқына беріп қою келіспейді»- деп, биліктің әдебиетке қамқорлық жасау қажеттігін еске салды.

«Қазақ әдебиеті» газетінің әдебиеттің хал- ахуалын әңгіме еткен осындай бір бас қосуы «Әдеби дастархан» аталыпты. Әңгімені осы газеттің бас редакторы Оралхан Бөкей жүргізіп отырған. «Біздің тәуелсіздік алған тұсымызға нарық тұспа-тұс келіп, тұтқиылдан қос өкпеден қысып бара жатыр» - дей келіп, осы бір қиын-қыстаудан шығу жолдары жайлы ой бөлісуге шақырған.

«Қазақ әдебиеті» газеті сол кездегі әдебиеттің зәру мәселелеріне қатысты ой– пікірлерді өрбіте беру мақсатымен түрлі формалық ізденістерге барды. Солардың ішінде әсіресе, сауалнама түрін кеңінен пайдаланған. Мұның бір артықшылығы жұртты жалықтыратын көпсөзділік жоқ; нақтылы сұрақ тарға тиісті жауаптар алынады. «Қазақ әдебиетінің төте сауалдары» айдарымен қаламгерлерге ұсынылған сауалнама сұрақтарының әдеттегіден көптігі көзге түседі.

«Қазақ әдебиеті жүргізген» сауалнамаларға көбіне ақын-жазушылардың тартылғаны көрінеді. Берілген жауаптарды оқи отырып, сол бір нарық қыспағында қалған кездегі қазақ әдебиетінің жан-күйіне қаламгер көзімен «ішінен» қарап, онда жүріп жатқан түбірлі өзгерістер, шешімін күтіп тұрған проблемалар көз алдыңызға келгендей болады.

Қоғамда жүріп жатқан түбірлі өзгерістер тоқсаныншы жылдардың ортасына қарай ушыға түсіп, көптеген қалам қайраткерлерінің мазасын алып, қолына қалам алдырды. «Қазақ әдебиеті» газетінде Жазушылар Одағы жанындағы «Ағалар алқасы» бастаған бір топ жазушылары Президент атына ашық хат жолдап, әдебиет пен мәдениет, өнер мен ғылым қызметкерлерінің хал-ахуалы жайында жазса, Жарылқасын Боранбаев пен Ләззат Омарованың осы мақалаға қарсы пікір білдірген мақалалары да жарық көріп жатты.

Адам Мекебаев «Жазушыға не керек?» деген көлемді проблемалық мақала жазып, нарық заманындағы қазақ әдебиетінің жай-күйіне тереңірек үңілді. «Біздіңше, бұл тұйықтан шығудың жолы кешегі социалистік жүйе қалыптастырған дағдыдан бас тартып, жаңа нарықтық экономика ұсынып отырған бағыт-бағдарға бет бұру. Яғни, айтқанда, әрбір автор жаңа қоғамның басқа мүшелері сияқты өз еңбегінің қорытындысын тауар деп қарауды үйренуге тиіс. Ол үшін быдан былай кез келген жазушы сатылған кітабына ғана қаламақы алуы шарт» - деген жолдар автордың негізгі ой түйіні [58,4–6].

Тоқсаныншы жылдардағы экономикалық құлдырау рухани өмірде де көптеген келеңсіздіктер тудырды. Әсіресе, руханияттың күретамыры іспеттес әдебиет пен өнер зардап шекті. Қоғамның құлағы, көзі, сезімі саналатын қаламгерлер төтеннен душар болған жағдайды алдымен байқап, дабыл қақты. Оның себеп- салдарын, шығу жолдарын іздеген мақалалар баспасөз бетінде жиі көрінді. Көпшілігінде әдебиетіміз басынан кешіріп отырған ауыр хал ашына айтылды. Әдебиеттің болашағына деген үміттен гөрі күдік көбірек көрінді. «Ұлттық руханият, мәдениет келер ғасырда әлемдік империяның қалтарыс шошаласында қала ма деген күдік бар»- деген ойын Әлия Бөпежанова жасырмады [59,5–6].

Б.Дәрімбет: «Қазақ әдебиеті тарихына қайта оралуымыз керек. Оның себебі Кеңестік кезеңде Қазақ әдебиеттану ғылымы тек коммунистік идеологияның жетегінде жүрді және соның айдауына көнді. Сол себепті де өткен жолымызға тағы бір рет сын көзімен қарап, қазақ әдебиетінің ғылыми негізді тарихын жасау- өмір талабы» деді [60,10].

Тоқсаныншы жылдары сирек болса да әдеби сынның жай-күйіне арналған пікірлер үзілген жоқ. Сынсыз әдебиеттің дамуы мүмкін емес, сондықтан да сынға жеткілікті деңгейде көңіл бөлу қажеттілігі ұдайы айтылып тұрды. «Қазақ әдебиеті» газеті ұйымдастырған «Азат елдің әдебиеті қандай болуы керек?» деген сауалнаманың бір сұрағы «Бүгінгі жағдайдағы әдеби сынның міндеті» хақында қойылды. Сауалнамаға қатысқандардың ішінде Ә.Таразиден өзгесі сын туралы сөз қозғамаған. Әдебиеттің нарықтық қоғамдағы орнына қатысты пікір алмасқандардың көпшілігі сынға соқпаған, соқса да жалпылама желіп өте шыққан. Олай болатын басты себебі бұл кезде сын түгілі сол сынның зерттеу нысаны көркем әдебиеттің жай-күйінің өзі аумалы- төкпелі болуында еді.

Десек те, сын туралы әңгіме оқта-текте болса да, сөз арасында да тоқтай қойған жоқ. Өйткені, әдебиеттің болашағы туралы әңгімеде сынға соқпай өту қиын болатын. Оның үстіне шығармалары хақында артық-кем пікірлер естіген қаламгерлер де сынның қоңырауын бір соқпай өте алмайтын.

Тоқсаныншы жылдарда әдеби сынның мәселелерін түрлі деңгейде қарастырған Б.Наурызбаевтың «Сын мәдениеті неге төмен?» [61,6], «Сын айтсақ, шын айтсақ» [62,4], Т.Кәкішевтің «Сын ызғары» [63,12], «Көне дәуірдегі сыншыл ойлар» [64,18], Д.Ысқақұлының «Мағжанды қапасқа қамаған сын» [64,8], О.Сүлейменовтің «Бет-жүзің демей» [65,10], Ш.Елеукеновтің «Сын мен сыншы» [66,11], т.б. мақалалар жарық көрді. Осы қысқа ғана тізімнің өзінен-ақ әдеби сынның толғақты мәселелерін кеңінен көтерген мақалалардың болмағаны көзге көрініп тұр.

О.Сүлейменовтің «Бет- жүзің демей» атты көлемді мақаласы қазақ әдебиеті мен оның сынының кейбір мәселелері хақында. Ақын орыс тілді басылым беттерінде жарық көреген сыни материалдарға сүйене отырып, ойландырарлық ойлар айтады. сынның нашар болуын оған қойылатын талаптардың қиындығымен байланыстырады: «Сыншы- таза жазудың ұстазы емес, шындықты тауып жазудың ұстазы. ...қазіргі кезде қазақ әдебиетінің жалпы деңгейінен сыншылық ой- толғамның көп төмен жатқанын, жанрдың шалағай екенін айту да- біздің міндет. Сын әдеби және мәдени процеске жетекші болуға жарамай отыр... Нағыз сыншы- ең жек көрінішті сүйкімсіз адам» [65,7]. Олжас Сүлейменов қазақ әдебиеті сынының алдында тұрған міндеттерге тоқталып, нағыз сыншының қандай болу керектігін анық көрсетеді.

Белгілі ғалым Ш.Елеукенов «Сын мен сыншы» атты мақала жазды. Мұнда қазақ әдеби сынының мәдени, ғылыми сауаттылығы арнайы проблема ретінде көтерілді. Ғалымның пікірінше, әдебиеттану ғылымының құрамдас бір бөлігі саналатын әдеби сынның теориялық жақтары бізде әлі негізделмеген. Ғалым «сынтану» атауын ұсынып, «Сынтану негіздері арнайы ғылым ретінде өз алдына жеке отау құруы тиіс»- дейді.

Сынтану ғылымының құрамдас бөліктеріне төмендегілерді жатқызады:

–Сынтану негіздері немесе жалпы сынтану. Мұнда осы ғылым методологиясы мәселелері қаралады.

–Сынтану теориясы. Ғылым объектісі, пәні, құрылым жүйесін теориялық жағынан негіздеу. Әдеби сын типологиясы принциптерін талдап шешу. Сын туралы ғылымның әдебиеттану және басқа ғылымдармен байланысын, арақатынасын анықтау.

–Сынтану тарихы. Қазақ сыны тарихы. Сын туралы білім тарихы. Сынның тууы, дамуы, әдіс, формаларының өзгеру жолдары.

–Сынтану поэтикасы. Сын жанрлары мен түрлері. Тілі, стилистикасы [66,54].

Сын- аса күрделі сала. Оның табиғаты, теориялық негіздері жайлы түрліше пікірлер күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Оны бір зерттеушілер көркем әдебиеттің бір саласы деп білсе, енді біреулері әдебиеттану ғылымына, журналистикаға т.б. жатқызып жүр. Ш.Елеукенов сынның осындай сан сипатты екендігін айта келіп, оған «Сын- көркем әдебиет пен әдебиеттану ғылымының саласы және сынтанудың зерттеу объектісі» деген анықтама береді [66,56].

Зерттеуші кеңестік кездегі әдеби сын мен қазіргі замандағы әдеби сынды салыстыра отырып, тәуелсіздік тұсында әдебиет пен сында ұлттық принциптің алға шығуын ұсынады. Қазақ әдебиетінде Мағжанның поэзиясында, Ілия пен Қабдештің романдарында ұлттық тақырыптың көріністерін әңгіме ете отырып, «сынның қырғидай іліп түсетін, шұғыл кірісетін мәселелерінен ұлттық ынтымақ мәселесінің әдебиеттегі көріністерін саралауды бөліп айтар едім»- дейді [66,59].

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дүкенбай Досжановтың «Мен қандаймын?» мақаласы «Поэзия деген- мінез, проза деген- төзім» деген сөздерімен басталыпты. Жазушы осы төзімділікті талап ететін проза саласында жүргеніне 30 жылдан асқанын, осы уақыттар ішінде 20-дан астам кітаптары шығып, әлемнің 19 тіліне аударылғанын айта келіп, өзінің шығармашылық болмысымен таныстырған.

Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай әдеби өмір жандана түсті. Бұрындары әдеби басылым беттерінде нарықтық замандағы руханияттың, әдебиеттің қоғамдағы орнын айқындау көбірек сөз болса, енді әдебиеттің өз жайын- көркемдік мәселелерін талқылауға бет бұра бастады. Бұл ретте, әсіресе, «Қазақ әдебиеті» газеті әдеби- сыншылдық ой- пікірді дамыта түсу үшін біршама жұмыстар атқарды.

А. Ісмақованың «Ұлт прозасы» мақаласы «2000-жылға бір жыл қалды» деген айдармен беріліпті. Жүз жылдық қазақ прозасына ғасыр биігінен көз салған А.Ісмақова «Қазақ әдебиеті дүниежүзілік әдеби процестің ұлы көшімен келе жатыр» [67,9]- дейді нық сеніммен. Жүсіпбектен Жұмабайға дейінгі қазақ прозасының қадау-қадау жетістіктерін сыншыл көзбен шолып өткен ғалым «Осы төңіректе әлі де болса көптеген шығармалардың туары анық және олар бүгінгі сананың өркендеуіне сай жаңа формамен, жаңа мазмұнмен, жаңа пішінмен дүниеге келеріне күмән жоқ» деген тұжырымға келген.

Осы кездерде қазақ прозасының түрлі мәселелеріне арналған А.Рамазанованың «Экологиялық повестердегі ұлттық ерекшеліктер» [68,5–6], Б.Майтановтың «Ақбілек-психологиялық роман» [69,18–6], А.Ісмақованың «Тыйым салынған тақырыптар толғандырады» [70,12–6] т.б. мақалалары жарық көрді.

Қазіргі қазақ әдебиеті сынының, оның ішінде проза сынының мәселелері Т.Рыскелдиевтің «Бүгінгі проза немесе қазақ әдебиеті сынының беталысы хақында бірер сөз» мақаласында егжей-тегжейлі сөз болған [71,9–6].

Әдеби өмірдегі басты тұлға- оқырман. Оқырман ойы әдебипет үшін аса құнды. «Қазақ әдебиеті» газеті «Оқырман отауы» айдарымен әдеби жұртшылық пікірін жариялап отырған. Газеттің 2002 жылғы қараша айындағы санында Ж.Қашқынов балалар әдебиеті мәселесін көтеріп, «Балалар әдебиетіне насихат жетіспейді»- дейді. Осы басылым балалар әдебиетіне арнайы сауалнама ұйымдастырған. Онда мынандай сұрақтар бар:

1. Балалар әдебиетінің жай күйі қандай?

2. Қазір Б.Соқпақбаев, Ж.Смақов сияқты балалар әдебиетінің көшбастар қаламгерлері жоқ дегенге келісесіз бе?

3. Балалар әні туралы не айтасыз?

4. Балабақшадағы, мектептегі балалар тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?

5. Балалар әдебиетін дамыту үшін не істеу керек? [72,4]

Жалпы балалар әдебиеті, тәрбиесі мәселесін қамтыған сауалнама сұрақтарына осы салада еңбек етіп жүрген Е.Ерубай: «Біз тірлік жасап отырған осы заманның амалына әбден қанық болып, ұққанымыз, көркем әдебиеттің жағдайы оңала ма десек, барған сайын қиындай түсуде. Әсіресе, балалар әдебиетінің жай- күйі. Оның кешегісінен бүгінгі халі нашар. Ал бүгінгісінен ертеңгі халі одан әрі төмендей беретін түрі бар... Білген кісіге балалар әдебиеті- көркем әдебиеттің ішіндегі ең бірінші әдебиеті, бастау көзі... Балалар әдебиетін дамуыту үшін оны үлкендер әдебиетімен тең ұстап, бірдей құрметпен бағалап отыру керек» десе, Н.Ораз: «Жалпы бүгінгі әдебиетіміздің жағдайы қандай болса, балалар әдебиетінің жағдай-күйі де дәл сондай. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы тек нарық шарттары бойынша ғана қаланып жатыр. Ұлттық мүдде, рухани қазына секілді іргелі мәселелер ескерілуден қалып барады» деген ыңғайлы пікірлерден балалр әдебиетімен тікелей айналысып жүрген ақын- жазушыларымыздың бүгінгі және ертеңгі күніне алаңдаушылығын көруге болады.

Жаңа дәуірдегі жаңа әдебиеттің әлеуметтік, көркемдік мәселелерін талқылауды көбіне әдеби басылымдар ұйымдастырып отырды. Сонымен бірге кейбір қаламгерлердің өткір, батыл пікірлер айтқан мақалалары да баспасөз бетінде көрініп, әдеби жұртшылықтың назарын өзіне аударып жатты. Сондай мақаланың бірі А.Мекебайұлының «Тәуелсіздік талабында» мақаласы. «Ұлт үшін Тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ» дей келе, «Біздіңше Тәуелсіздікті баянды етудің де, ете алмай жоғалтудың да құпиясы қашан да ұлтты сол Тәуелсіздікке жеткізетін Идеология мен Қаражат (экономика) дербестігін үйлесімге келтіретін немесе келтіре алмай далбасалап кететін саясатқа байланысты болмақ» [73,12] - деп жазды.

Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин жазушылардың түрлі жиындарында сөйлеген сөздерінде әдебиетіміздің зәру мәселелеріне тоқталып отырған. Оның жас жазушылардың республикалық форумында айтқан ойлары шынайы сезімдерге толы: «... Бізге өркениет әлемінің ұлы өрістерін талдап қана қоймай, сол әлемдегі қазақ ұлтының орны мен жаңа шығар биіктерін де қамтамассыз етер, көп ғасырлық тарихымыз жасаған ғажайып мұраларымызды, інжу- маржандарымызды өксіпей, өгейсітпей, ғаламдастыру дәуірінің шаңына көміп, тұншықтырмай, рухани сұраныстар айдынында ұстай білер ұлтжанды ұрпақ керек» [74,8] деп рухани қазынамызды сақтай білетін, қадірлейтін болашақ жас ұрпақтың керектігі, жастарға деген сенімділігін артты.

А.Сейілова тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасына көз жібере отырып, проза мәселесіне тоқталды. «Әдебиет- киелі өнер. Бар ғұмырын шынайы сөз жасауға аранп, дүние жалғанның қызылды-жасылды әлеміштерінен биік тұратын қаламгер де тегін емес... Әдебиет-қасиетті әлем... Қазір прозадан гөрі, поэзия мықты, жазушылар мемуар жазумен шұғылдануда», «оқитын роман жоқ», «Әдебиет хаос жағдайында тұр», «Әдеби кеңістікті шарлап жүрген ұшқары пікірлер объективті бағалаудың орнын толтыра алмайды» [75,4] - деп ойлайды.

Қазақ әдебиеті бұрын қандай болды, алдағы уақыттардағы даму жолы қай бағытта болмақ деген мәселелер төңірегінде жазушы Әбіш Кекілбаев та ой тербеген. Ол қазақ әдебиетінің тарихын шола келіп, кеңес тұсындағы әдебиет жағдайын жіктеп көрсетті. «Бір жағынан өткенді көксеп, өзгенің тепкісіне мойынсұнбай, жаңа жерұйықты іздейтін, екінші жағынан, ашық ереуілге үндейтін Қорқыт пен Асан қайғы замандастарынандалалық әдебиетке тән рухани екіұдайлық қайтадан өріс алды» дей келе, «жайлап алған әдеби сүреңсіздік жағдайында да қазақ әдебиетіндегі «аршыл» дарындардың шығармашылықтары ұлттық аядан асып, азаматтық сарын елеулі үдеу алды, әлеуметтік-психологиялық талдау біршама тереңдеді. Қызықты пайымдық және көркемдік ізденістер байқалды» [76,12] - деп жазады. Ал қазақ әдебиеті қай бағытта дамуы керек дегенге, «оның болашақ және толымды табысы қазір Қазақстанда жүріп жатқан процестердің ақырғы нәтижелеріне ғана байланысты болмақ емес» [76,12] деп, әлемде жүріп жатқан түбірлі өзгерістердің барысымен байланыстырады.

Тоқсаныншы жылдары сирек болса да әдеби сынның жай- күйіне арналған пікірлер үзілген жоқ. Сынсыз әдебиеттің дамуы мүмкін емес, сондықтан да сынға жеткілікті деңгейде көңіл бөлу қажеттігі ұдайы айтылып тұрды. Өйткені, әдебиеттің болашағы туралы әңгімеде сынға соқпай өту мүмкін емес. Оның үстіне шығармалары хақында артық-кем пікірлер естіген қаламгерлер де сыннан айналып өтпейтін.

Дамудың бірден- бір шарты саналатын әдеби сынның мәселелері күн тәртібінен түскен жоқ. Тіл мәселесінің шешілмеуі, соған байланысты қоғамда жүріп жатқан өзгерістер, оның көркем әдебиетке әсері, руханият әлеміне жаңаша көзқарас-барлығы бір-бірімен байланысып жатқан болса, мұның өзі әдеби сынға да әсер етпей қоймайды. Бұрынғы көзқарас тұрғысынан қалыптасқан рухани құндылықтар тәуелсіздік алғаннан бастап бертінге дейін қайта қарастырыла бастады. Батыста күшейе түскен жаһандану үрдісі қазақ даласына да жетіп, мүлдем жаңаша жағдай туды. Ғасырлар бойы жасалынған рухани құндылықтарына шын мәнінде енді қолы жете бастағанда, жаһандану жетіп жармасты. Мұның өзі көркем әдебиетті эстетикалық- рухани тұрғыдан бағалайтын әдеби сынға да оңайға түспеді. Сынды жоқтаған, жағдайын анықтаған, алда не істеу керектігін саралаған пікірлер сирек те болса бой көрсетіп тұрды. Мұндай пікірерді көбіне әдеби басылымдар ұйымдастырып тұрды. Осындай пікірлердің өзі осы кездегі әдеби сынның жай-күйін, толғандырар мәселелерін аздап болса да аңғарта алады.

«Әдеби сын- сын көтере ма?» деген атпен сауалнама жүргізілген болатын. Қазақ әдеби сынының қазіргі деңгейі қандай? Біздегі сынның жұтаңдығына кәсіби сыншыларымыздың жоқтығы себеп пе, әлде қарымды қаламгер  деп жүрген жазушы қауымының сынды дұрыс қабылдай алмауы ма? деген тақырыпта бірқатар әдебиет жанашырлары арасында сауалнама жүргізген болатын [77]. Марфуға Айтқожина: «Бүгінде әдебиетте бәрі өзгерген. Бұрын біздің кезімізде Мұхамеджан Қаратаев бастаған сыншылар тіліп түсердей өткір пікірлер айтатын.Өткір бола анық, тура керемет пікірлер. Айтылған әрбір сын үлкен сүйеу болатын, өмірімізге үлкен ықпал ететін. Байқасаңыз, қазір кітаптар көп шығатын болды. Әрине, рухани дүниеміз кітаппен байығаны құптарлық іс. Кітап болғанда да саны көп те сапасы жоқ кітаптар. Оларға айтылып жатқан сынды да көрмейміз. Себебі, сынауға келмейтін дүниелер көптеп жазылуда.

Әдебиетке өре керек. Биік өре! Біздің кезімізде кітап шыққанда арнайы Жазушылар Одағында талқыланып, пікір айтылатын. Одан кейін барып баспаға, баспадан арнайы редакторларға ұсынылатын. Және ол кезде Жазушылар Одағында проза, поэзия, сын бөлімдерінде  жөнді пікір айта алатын сыншылар ғана отыратын. Нағыз әдебиетші шығарманы жазар алдында және сол жазылған шығарманы сынар алдында бұл мәселеге халқын сүйген жүрекпен қадам жасауы керек. Мен ойлаймын, уақыт өте келе бәрі де қалпына түседі. Сын да, сыншы да... Қазақ әдебиетіндегі орын алып жатқан кей мәселелерді тақымға салып сүйреудің қажеті жоқ. Сүйреумен алға шыққандар көшке ілесе алмай жарты жолда жығылып жатады. Ал, «күшеншек ақындар» көпке бармайтыны айтпаса да түсінікті. Қытайда мынадай керемет қанатты сөз бар екен: «Дәрігерлік қасиет тек ата-бабасының қанымен келе жатқан адамға ғана қонады» деген. Сол үшін де шығар әлі күнге дейін Қытай медицинасы өз құндылығын күшейтпесе жойған емес. Бізде де, кие қонған қазақ ұлтында да атадан мирас болып қалған тектілік бар» десе, ақын Құл-керім Елемес: «Ақын-жазушылардың көзімен қарағанда дұрыс сыншы жоқ. Ал сыншылар көзімен қарағанда сынға жарамды шығарма жоқ. Бұл енді сыңай. Бізде кәсіби сыншы жоқ емес. Бірақ анығында олар мақсатты түрде сынмен айналысып отырған жоқ. Олай жасауларының бір себебі ақын-жазушының сынды дұрыс қабыл етпейтінен болса, басты себеп олар (сыншы) діттеген деңгей біздің әдебиетімізде кем. Дейтұрғанмен сыншы қауымы қолда бардың ағын ақ, қарасын қара деуге хақылық еді.

Тіпті кемі дәуірдің өзгерісіне байланысты кеше мен бүгінгі әдебиетте жеткен биігіміз бен аласамызды толық ашып көрсетіп, енді не жасауымыз керегіне ептеп ой салуға борышты болатын. Өйткені, анық сыншының міндеті, хақы, егер ол анық сыншы болса,- әдебиетке ұлттық болмыстағы ғаламдық бағыт берулері керек-тін. «Бізде ғаламдық өредегі дүние жоқ» деп, барды дұрыс бағалауға құлықсыздық таныту анығында бізде шын мәніндегі кәсіби сыншының жоқтығынан да дерек беретін бір шындық. Ал ақын-жазушыдан «қорқып» бар мен жоқты, артық пен кемді дұрыс талдауға самарқаулық көрсету сыншылық мәдениетке жат ұстаным болса керек. Егер сыншы шығарманың олқысы мен артығын дәл тауып дұрыс баға берсе, оған автор және оны оқып отырған әдеби орта неге келіспеске?! Өзі ақын-жазушының артынан еріп, мәтінді қайталап беріп отыратын «сыншының»  керегі тағы шамалы жұртқа. Өкініштісі, бізде ондай ақын мен жазушы діттеген биікке жете алмай лағатын да «сыншылар» бар. Енді ондай сыншы әдебиеттің барын бағалап, бағын ашып, бағытын бағамдап бере алмайды» [77] деп пікірлер білдірді.

Заманның өзгеруімен байланысты жаңа дәуір көркем әдебиетке де жаңа талаптар қойды. Бұрыңғы көзқарастың өзгеруі әдебиеттің әдіснамалық негізіне соңғы жаңалықтар әкеліп, оны қазақ әдебиетінің ұлттық дәстүріне әсер етіп жатқан әлемдік әдебиетте жүріп жатқан шығармашылық үрдістер аясында зерделеу жұмыстарын күн тәртібіне шығарды. Қазақ әдебиетін теориялық тұрғыда жаңаша пайымдауға ұмтылған бірсыпыра материалдар шықты.

Сыншы Ә.Бөпежанованың пайымдауынша, «Бүгінгі таңда негізінен постмодернизм мәдениеті өріс алып келеді. Қазақ әдебиеті үшін классикалық кезең аяқталған жоқ, мүмкін аяқталмауы да- дәстүрлі танымда жазатын жазушы және оны қызыға оқитын оқырман барда бұл әдебиет күн кеще береді. Дей тұрғанда әлемдік мәдениеттің құрамдас бөлігі қазақ өнерінде постмодернизм туралы толымды әңгіме қозғау ертерек шығар, ал модернистік кезең әлдеқашан басталған. Біздің шындық деп жүргеніміздің бәрі іс жүзінде шындық туралы түсінік танымымыз ғана, оның өзінде де таным иесінің таңдаған көзқарасына тәуелді және ол көзқарас өзгергенде, әлгі түсінік-танымның өзін түбегейлі өзгертетін таным. Сондықтан да әдебиет, мысалы, өмірдің көркем бейнесі емес, өмірді әрқилы тану арқылы екінші, «жасанды» шындықтар жсаудың жолы» [78,6-8].

Б.Майтановтың мақалаларында да бұл ағымның қазақ әдебиетіндегі көрінісі хақында мәселе қозғалды. Оның ойынша: «.. постмодернизм қазақ әдебиетіне де жат емес» [79,12].

Тәуелсіздік тұсында әдебиеттің сын-зерттеу саласында жүргізілген ізденістердің барысында бірнеше еңбектер өмірге келді. Бұл ретте Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ғалымдарының күшімен шыққан екі томдық «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» атауға болады. Жалпы редакциясын филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, Халықаралық жоғары мектептер ғылым академиясының құрметті академигі, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы басқарған іргелі еңбектің бірінші кітабы қазақ әдебиетінің көне кездерден бастап, ХХ ғасырға дейінгі кезеңіне арналған [80,406]. Кітаптың негізгі тараулары жаңадан жазылғанымен де осы саладағы бұрынғы жетістіктер де пайдаланылған. Мысалы, Мұхтар Әуезовтың «Тарихи өлеңдері» [80,302] осыдан орын алған.

Тағы бір ерекше атайтын 2012 жылы баспадан шыққан Дандай Ысқақұлының «Әдеби сын тарихы» еңбегі. Бұл еңбекте сынның қайнар бастауы, қалыптасу кезеңдерінен бастап, ХХІ ғасырдағы қазақ әдеби сынына дейінгі кезең толық қамтылған. 2011 жылғы Қазығұрт баспасынан шыққан «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» кітабының толықтырылған нұсқасы. Осы кітапта «ХХІ ғасырдағы қазақ әдеби сыны» [81,444] тарауы енгізілген.

Қазіргі таңда сын мәселесі қайта қаралып, сапасын көтеру мақсатында Алматы қаласында 2009 жылдың 9- ақпанынан бастап Қазақстан жазушылар одағының әдеби-көркем сын басылымынан «Сын» журналы жариялана бастаған. Бас редакторы- Бақыт Сарбалаұлы.

Қорыта келгенде, тәуелсіздік таңымен бірге туған ұлтық рухтағы әдеби сын форматтары танылу, таралу, зерттелу тарихы Әдеби сын еңбектердің шығуы рухани өміріміздегі сан ғасырлық қазақ әдебиетінің тарихын ғылыми тұрғыдан жүйелеген, әдеби мұраны сын-зерттеу жетістіктеріне сүйене отырып, бүгінгі күн биігінен қайта саралап бағалаған, ұлттық сөз өнеріміздің шынайы болмысын, өзіндік даму ерекшеліктерін халық тарихымен, мәдениетімен байланыстыра отырып, ұлттық мүдде аясында зерделеген, әдеби- эстетикалық деңгейіміздің қаналықты екендігін көрсететін іргелі еңбектер ретінде дараланады. Әдебиет зерт­теу­шілеріміз болсын, ақын-жазушыларымыз болсын олардың жасаған еңбектері әдеби процеске жауап беріп, заман сұранысын толықтай жауап береді. Қазақ әдбиетінің жанға дауа, ойға арқау әдеби кені келешек әдеби сын ғылымының да үзілмес арнасы боларына сеніміміз кәміл.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет