2.2 Қазақ әдеби сынының теориялық негіздері мен
эстетикалық құндылықтары
Қазақ әдеби сын жанрының теориялық тұғырнамасы бүгінде айқындалып, кемел ғылым кеңстігіне бастауда. Ұлттық сын өнерінің көркемдік-эстетикалық құндылықтары қызықты сараптауларға құрылып, сын жанры саласындағы қадау-қадау зерттеу мақалаларының бір тобы-көркем сөз шеберлерінің өмір белестеріне, жазушылық танымдарына, көркем шығарма жазу ерекшеліктеріне, әдебиет тарихындағы өзіндік сыр-сипаттарына арналған жарияланымдары. Әдеби сын ғылымы тілімен айтар болсақ, шығармашылық портреттерге де жатқызуға болар еді. Өйткені бұл еңбектердің жанрлық сипатына зер салсақ, шығармашылық портреттерге қойылатын міндет-талаптарды теориялық тұрғыдан барынша қуаттайды.
Қазіргі қазақ әдебиеті сынының тарихына, оның жүріп өткен жолына көркемдік сапа деңгейі тұрғысынан қарағанда бірнеше айтулы кезеңдерді атап өтуге болар еді. ХХ ғасырдың 20–30 жылдарында алаш арыстары негізін қалаған, осылардың арқасында жаңаша, ұлттық танымдық-көркемдік биігіне көтерілген әдеби-көркем сынымыз, ең бастысы осы арқылы сол кезеңдегі туған әдебиетіміздің тарихын, теориясын, көркемдік ізденістерін бір жүйеге түсіруге деген талпыныс, барлығы да зая кеткен жоқ. Сол жылдардағы А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ғ.Тоғжанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев бастаған және осы ізденістер арнасын ары қарай сәтті жалғастырып кете алған кейінгі толқын әдебиет зерттеушілері мен сыншылары, атап айтсақ, Дандай Ысқақұлы, Тұрсынбек Кәкішев, Бақытжан Майтанов, Ыдырыс Мұстабайұлы, Әлия Бөпежанова, Айгүл Ісмақова да ұлтымызға теңдессіз мол мұра қалдырды. Қазір қолымызда қалған осынау баға жетпес құнды мұра бүгінгі әдебиетін іздейтін, әдебиетін сүйетін жас ұрпаққа да таптырмас рухани азық екендігін айтып жату артық. Демек, қазіргі қазақ көркем сыны тақыр жерден басталған жоқ, құнарлы мектептен, телегей теңіз әдебиетіміздің өз қайнарынан қуат алды.
Қазақтың ұлттық әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымындағы осынау күрделі жылдарда қалыптасқан, өркен жайған құнарлы дәстүр 60-90 жылдар, керек болса бүгінгі тәуелсіз әдебиетіміз бен өнеріміз үшін де баға жетпес биік тұғыр, эстетикалық құндылық болып отыр. Осы жылдар аралығында осынау құнарға табан тіреген, содан нәр алған бірнеше буын қазақ сыншылары да өсіп жетілді, әдебиет айдынына шықты. 70–жылдардың ішінде жазған дүниелерімен оқырманын елең еткізіп осы көшке келіп қосылған З.Серікқалиев, Т.Тоқбергенов, А.Сүлейменов, Ж.Әбдірәшев, С.Әшімбаев т.б. сын еңбектері әдебиетке соны леп алып келді. Осынау талантты, тегеурінді, ең бастысы әлемдік әдебиеттен тоқығаны, түйгені мол білімді, білікті әдебиет сыншылары буынының бел ортасында көрнекті қаламгер, кәсіби сынның ауыр жүгін ауырсынбай арқалап, осы әдебиет сынын ондаған жылдар бойында өз тағдырына балап, бір ерекшелігі әдебиеттің барлық жанрларын бірдей қамтып, өндіре жазып, жемісті еңбек етіп келе жатқан әдебиет сыншысы, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сайлаубек Естайұлы Жұмабекті бүгінгі күні даралап айтсақ жарасады. Әдебиет пен сынның биік белесіне сирек дарын, тума талантымен, ешкімді қайталамайтын өзіндік стилімен, жазу мәнерімен, ең бастысы осынау ұзақ жылдардың өн бойында тынымсыз ізденіс пен таза еңбекке ғана арқа сүйеген сыншының қазақ оқырманына ұсынған сын жинақтары аз емес.
Бүгінгі күні де қазақтың қабырғалы қаламгерлері туралы қадау-қадау еңбектер жазып жүрген көрнекті сыншымыз Сайлаубек Жұмабектің «Сын пернесі» («Жазушы» 1989ж.), «Ғ.Мүсірепов»(«Рауан» 1989ж.), «Сын әуені» («Елорда» 2001ж.), «Шерхан Мұртаза. Жұлдызы нұрлы суреткер», (екінші басылымы), («Өлке» 2002ж.), «Тахауи Ахтанов. Талант тектоникасы (2003ж.), Ахтанов–Ахтановтың көзімен» «Күлтегін» атты қадау-қадау еңбектері, дүниеден өтіп кеткен, қазақ руханиятына қайталанбас көркем мұра сыйлаған Ғ.Мүсірепов, Т.Әлімқұлов, Ә.Әлімжанов, Ә.Тәжібаев, М.Мақатаев, Қ.Мұхаметжанов, М.Қаратаев, А.Сүлейменов, З.Серікқалиев, қазір де қолынан қаламы түспеген Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Ф.Оңғарсынова сынды шынайы суреткерлер жайындағы толымды, тағылымы биік әдеби-эстетикалық эсселер мен әдеби талдау мақалалар шоғыры, осының барлығы әдебиет сыншысының кейінгі он, он бес жыл көлемінде тынымсыз ізденіс үстінде екендігін көрсетеді.
Осынау жемісті еңбектің бір көрінісі жоғарыдағы санымен емес, көркемдік сапасымен оқырман назарын өзіне аударған әдеби зерттеулер, әдеби-сын еңбектер десек артық айтпаймыз. Әрқайсысы қазақ әдебиетінің бір-бір шоқтығына айналған жоғарыда аты аталған қаламгерлердің шығармашылық зертханасының, олардың көркемдік әлемінің қазіргі әдебиеттану, сыни-эстетикалық дүниетанымымыздың бүгінгі жеткен биігінен талдау арнасында қарастырылуы басты рухани олжамыз дер едік.
Осынау пікір-байламдардың орнықтылығына оның 1990 жылдардың басында «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Сын пернесі» атты кітабы біржолата көз жеткізген еді. Автордың алғашқы кітабы әдебиетке не қосып, не алды, несімен қымбат, қалың оқырманына қандай ой-пікірлер айта алды деген сұрақтарға бір оралып көрсек. Бұл арада, ең алдымен кітапқа сыншының әр кезде жарық көрген немесе жаңадан жазылған ең таңдаулы, соқталы деген сын еңбектерінің (мақала, сұхбат, эссе) іріктеліп, топтастырылғандығын айтар едік.
Бұл ең алдымен кітаптың мазмұнын, мән–мағынасын, сапалық деңгейін көтерген. Себебі, кітапқа енген мақала, сұхбат, эсселердің қай–қайсысы болсын мәнді мәселені көтереді, яғни олардың тақырыптық арқауына қазіргі әдеби процестің арналы, кіндік «мәселелері» өзек болған. Айталық, «Ұнамды қаһарман» атты беташар мақалада шынайы реализм әдебиеті мен өнеріндегі кіндік мәселелердің бірінен саналатын бас қаһарман проблемасын, оның арғы–бергі тарихын, болмыс-бітімін бірегей, біртұтас көркемдік құбылыс ретінде саралай келіп, оны қазіргі әлемдік әдеби процеспен сабақтастыра сөз етеді.
Аталған проблеманы шешудегі басқа да ұлттар әдебиетінің әр кезеңінде қол жеткізген табыстарын саралай келіп, сыншы негізгі әңгіменің арқауын Ш.Айтматовтың «Боранды бекет», Ю.Бондаревтің «Таңдау», Ә.Нұрпейісовтің «Сең» романдарын талдауға құрады. Әсіресе, осынау шоқтығы биік шығармалардағы бас кейіпкерлер Едігенің, Владимир Васильевтың, Жәдігердің ұнамды қаһарман ретіндегі қайталанбас характерлері, мейлінше дараланған мінез–мүсіні, олар көтеретін әлеуметтік–көркемдік жүк іргелі әңгімеге өзек болып, жинақтау мен саралаудың арнасында ашылады. Мысалы, «Осы романдағы характерлер қақтығысы, сюжеттік желі тікелей іс–әрекет динамикасынан гөрі, ой–сана мен психологиялық шарпысулардан тұратын иірімдерге негізделген»,-деп түйінделетін автор ойының тереңдігіне ден қоймасқа болмайды.
Сонымен, жоғарыда сыншының кітабында негізінен қазіргі қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлерінің, айтулы ақын–жазушылардың творчествосын тілге тиек ететіндігін астын сыза айттық. Және бірнеше мақалалар қазақ прозасына олжа салған қаламгерлеріміз Е.Домбаев, С.Бердіқұлов, Б.Нұржекеев, О.Бөкеев, К.Ахметбеков романдарын талдауға арналыпты.
Нақтырақ айтсақ, «Роман және әлеуметтік талдау» деп аталатын көлемді мақаладағы сөз болатын Е.Домбаевтың «Жаман Жәутік», О.Бөкеевтің "Өз отыңды өшірме», Б.Нұржекеевтің «Бір өкініш, бір үміт» романдарындағы қол жеткен көркемдік табыстар мен орын алған кемшіліктер нақты бір проблема төңірегінде, яғни осы шығармалардағы әлеуметтік талдау деңгейінің ара салмағымен өлшенуі көп сырдың бетін ашқан. Осы орайда көркемдік талдау, кейіпкер шынайылығы, жазушының тіл шеберлігі сияқты мәнді мәселелер де назардан тыс қалмайды. Бұл ыңғайдағы мақалалардың ішінен, біздіңше, халқымыздың арқалы ақындары, ардагер дарындар Ә.Тәжібаев пен М.Мақатаев және сирек талант Ф.Оңғарсынованың шығармашылығына арналған дүниелерді ерекше бөліп айтуға болар еді.
Ал енді сыншының құлашты кеңге сермеп, ағынан жарылып, ақтарыла сөйлейтін тұсы-саңлақ суреткерлер Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романының екі кітабын, Әбіш Кекілбаевтің «Үркер» және «Елең–алаң» романдарын талдайтын мақалаларында. Бұл қаламгерлердің көп жылғы шығармашылық ізденістерінің жемісті екендігін, олардың қаламынан туған шығармалардың көркемдік әлемін, танымдық- тағлымдық мән-мағынасын, рухани–философиялық парасатын, қала берді суреткерлік қолтаңба ерекшеліктерін егжей-тегжейлі иін қандыра әңгімелейді. Мысалы, «жазушы әке мен бала қарым-қатынасын педагогикалық, эстетикалық, философиялық өрімде өзгеше біртұтастық сақтап, екі кітаптың өн бойында осы өрімді ылғи ірі планда көрсетіп отырады» [34,132] - дей келіп, сыншы «Қызыл жебе» романындағы орталық кейіпкерлер Рысқұл мен Тұрар тұлғаларын даралаудағы, оларды типтік образ биігіне көтеру мақсатындағы жазушы ізденістеріне, романның реалистік қуатына, романтикалық тынысына ерекше әсер еткен көркемдік факторларды кеңінен сөз етеді.
Ал, әдебиет классиктері Ғ.Мүсірепов және М.Қаратаевпен арадағы сұхбат- диалогтарда алдымен туған әдебиетіміздің кешегісі мен бүгінгісі, әлі де қолымыз жетпей жатқан асуларымыз бен көркемдік мақсат- мұраттар сөз болады. Бүгіндері арамызда жоқ, айтулы сөз зергері, үлкен суреткер Ғабит Мүсіреповтің қаламдас інісіне ағынан жарылып, аманат еткендей, абыз ойларын бүкпесіз ортаға салуы, оны қолға ұстатқандай жіліктеп жеткізуі оқырман үшін ерекше қымбат, қастерлі болуға керек.
Тағы да бір мақаланы жеке- дара, бөліп алып әңгімелеуге толық негіз бар. Ол әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың айтулы туындысы «Жан пида» атты романына арналған «Әлеуметтік әділет тартысы» атты көлемді мақаласы. Кезінде романның ізін суытпай, іле-шала «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген бұл мақаланың басты құндылығы- оның сол кезеңдегі одақтық пікірге дер кезінде үн қосып, алғашқы пікір- байламның бірі болғандығында ғана емес, сонымен бірге авторының терең таным–талғамын, биік парасат–пайымын байқатқандығында.
Жалпы, кітапты оқып шыққаннан кейін, біздің ойымызша сыншы қаламына тән басты ерекшелікті ажыратып айту ләзім. Ең алдымен, оның сөз етіп отырған объектісіне байланысты қай мәселені көтермесін, соны немқұрайды сөз етпей, тереңнен толғап, сезіммен шалқуы, нені айтса да жүрек түбінен тебіреніп айтуы.
Ал, енді кітапқа енген басқа да шолу, талдау мақалалардың арқауында жатқан кіндік мәселелер негізінен 60–80 жылдар прозасының, поэзиясының тақырыптық, жанрлық, стильдік ізденістерін қамтып айтуға арналады. Осы арнада енді таныла бастаған, алғашқы тырнақалды шығармаларымен оқырманға жол тартқан жаңа толқын қаламгерлердің аяқ алысы туралы да сыншының ой–толғамдары, пікір–байламдары орынды, орнықты көрінеді. Сыншы әдебиетіміздің ертеңгі күнінен де суыртпақтап сыр тартады.
Жалпы алғанда, Сайлаубек Жұмабектің сыншылық қолтаңбасын бірден ажыратамыз. Әсіресе, ой-пікірді поэтикалық аяда айшықтап жеткізу, стильдік тұрғыдан шегелей, ширықтыра қайыру мақсатында әдеби-теориялық терминдерді, халықаралық лексикадағы танымдық аясы кең, өткір, танымал сөздерді сыншы өте ұтымды ұстайды. Ұстайды да оларды контекст тініне ойнақы, тігісін жатқыза кіргізіп, киік сақасына қорғасын құйғандай, сөзіне салмақ үйіреді. Бұл сыншының ұтатын тұстары. Мысалы, көркемдік эволюция, сүреңсіздіктің барометрі, қайсар иммунитеті, барша парадокс, тағы басқа сол сияқты жеке сөздер, бірқатар сөз тіркестері бұған дәлел. «Жазушы Әбілқайыр, Тевкелев, Бөкенбай, Есет, Мәті, Тайлан образдарына ретушь жасамағандықтан, қайта тарих пен тарихи тұлғаның қоғамдық тұтас бірлігін құрайтын әлеуметтік шифрды, суреткерлік кодты, шығарманың саяси–философиялық тонусын дәл тапқандықтан бұл образдар өзінің биік көркемдік дәрежесіне көтерілген» [35,195]. Осындағы ретушь, шифр, код, тонус сөздері сыншының ой-арнасында жарасым тауып, көздеген нысанасын дәл тауып, дөп басуға, пікір байламын түйіндеп ұсынуға жол ашады.
Ал енді сыншының өткен жылы ғана жарық көрген соңғы еңбегі- әдебиет сынындағы жалпы соңғы жылдар белесінде оқырман қолына тиген әдеби-талдау, әдеби-сын еңбектердің ішіндегі жаңа белес десек артық айтпаймыз. Тахауи Ахтановтай қазақ әдебиетіндегі орны бөлек, қайталанбас қаламгердің сан қырлы шығармашылығының тереңіне бойлайтын бұл кітаптың басты құндылығы- жазушы портретінің бүгінгі тәуелсіз санамыздың, тәуелсіз танымның биігінен сомдалғандығы. Сыншының бұл жолы да қаламгер туралы өзіне дейінгі жазылған дүниелерді қайталамай, Т.Ахтанов қаламынан шыққан: «Қаһарлы күндер», «Махаббат мұңы», «Дала сыры», «Боран», «Ант», «Шырағың сөнбесін», «Күй аңызы», «Жоғалған дос» сияқты көркемдік жаратылысы бөлек шығармалардың суреткерлік болмыс-бітімін, ең бастысы осынау туындылардың қазақ руханияты мен ұлттық мүдде тұрғысынан қандай олжа салғандығын тереңнен тартып сөз ететіндігі айрықша көзге түседі.
Бір ерекшелігі, сыншының әдеби- эстетикалық талдаудың тосын, әрі қызықты, әрі өнімді көрінетін әдісі- Тахауи Ахтановты Ахтановтың өз көзімен ашуға ұмтылуы әсерлі шыққан. Суреткер қаламгердің эстетикалық көзқарастарын- туындыларымен және әр алуан тақырыптағы әдеби-талдау мақалаларымен жарыстыра отырып, яғни сол кездегі әдеби процестегі қалам қайраткерінің көркемдік жүйесі мен жаңашыл ізденістерін қатар қарастырады. Сол тұста әдеби ағымдағы көзге түскен көркемдік ізденістердің барлығын жарыстыра, салыстыра қарастырып отырып, соның егіз өрім, бір өзек табиғатын, яғни талант тектоникасындағы ішкі әрі сәулелі қасиеттерін аршып көрсетеді. Осының барлығы өз кезегінде сыншы үшін қаламгер портретін іштен ашуға, іштен танытуға таптырмас кілт болған.
Сыншының Тахауи Ахтановтай суреткер қаламгердің шығармашылығына арналған осы еңбегін ҚР Ақпарат министрлігінің арнайы бағдарламамен мемлекеттік тапсырыс арқылы «Күлтегін» баспасынан жарыққа шығарғандығын үлкен игілік дейміз. Осы дәстүр жалғасып, мемлекеттік бағдарламамен қазақтың қайталанбас қаламгерлерінің: Тәкен Әлімқұлов, Бердібек Соқпақбаев, Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған жеке-жеке сын кітаптары жарыққа шықса қанеки. Осынау қаламгерлерге арналған әдеби-сын еңбектер, зерттеулер қолжазбасының дайын мәтіні жекелеген зерттеушілер, әдебиетші-ғалымдар қоржынында бүгінгі күні дайын. Осы тұста сыншы С.Жұмабектің аталған еңбегі кейінгі жарық көретін жинақтарға жақсы жолашар, өнеге болар еді.
Сыншының осыдан біраз жылдар бұрын қазақтың тағы да бір еңбекқор, қабырғалы қаламгері Қалаубек Тұрсынқұлов шығармашылығын арқау еткен «Қазғұрт перзенті» атты сын жинағы әдебиетіміздің ең бір беделді, айбынды сыйлығы- «Халықаралық Алаш сыйлығына» ие болды. Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Қалаубек Тұрсынқұлов т.б. шығармашылығына сыншының әр жылдары қайта-қайта айналып соғып, олардың туындыларындағы көбіміз аңғармай, айта алмай жүрген көркемдік құндылықтарды тереңнен тартып, талдау арқылы жіліктеп, арналатып жазып жүргендігін айтқанымыз абзал. Сыншының шынайы әдебиет жанашыры ретінде осынау сирек таланттарға құрметпен қарап, олардың қаламынан қалған көркем дүниелерге бір-бір кітап арнап, немесе олардың таңдамалы жинақтарына алғысөз жазып, талдау мақалаларының арқауына негіз етуі танымдық астарын былай қойғанда, өнегелік, тағлымдық мәні зор қадам.
Жалпы, қазіргі қазақ әдебиетінің ең бір зәру, ділгір мәселелерін дер кезінде оқырман талқысына салып отыру, жекелеген қабырғалы қаламгерлеріміздің күрделі шығармашылығын да қалт жібермей, қадағалап, қадап жазып, олардың рухани мұрасына бір-бір әдеби-сын еңбек арнау мақсатында өнімді еңбек етіп, қазіргі қазақ көркем сынына сүбелі үлес қосып, ең бастысы осы жанрдың ауыр жүгін жарты жолда тастап кетпей, басқа жанрға бұрылып кетпей, соңғы отыз жыл бойында адал арқалап келе жатқан қажырлы сыншының жарық көрген еңбектері, қазақ әдебиетінде өз орнын анықтаған дүниелер. Сондықтан да өз шығармашылығында қандай тақырыптарды арқау етсе де, тереңнен қазып, көтеріп отырған мәселенің түп-төркініне үңілетін, соны барлық қырынан қамтып, төгілтіп, тебірентіп айтуды өз қаламына дарытқан дарынды сыншының алпыстың асқарына көтеріле отырып, бүгінгі қазақ сынының көшін бастап келе жатқанына қуанамыз. Ендігі шығармашылық белестерде де қазақ оқырманының қолынан сыншы Сайлаубек Жұмабектің тың туындыларын, жаңа кітаптарын көргіміз келеді. Туа бітті болмыс-бітімінде қанағат пен тұрақтылықты тұғыр етіп, парасаты мен кісілігіне қылау түсірмей келе жатқан еткен сын сардарына туған әдебиетінің тағдырынан артық бақыт жоқ [36,42].
Қазақ әдеби сынының кәсіби деңгейге жетуіне зор үлес қосқан, әдеби сынды өнер, ғылым ретінде түсініп, қабылдауға айрықша еңбегі сіңген қаламгер, тұңғыш энциклопедист ғалым, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Мұхаметжан Қожасбайұлы Қаратаев екенін біреу білсе, біреу ұмытыңқырап барады. Ол өткен ғасырдың оныншы жылы дүниеге келген. Ата-бабалары Сыр өңірі мен Ұлытау, Қарсақпай даласын қатар қоныс етсе керек.Әдебиет сынына отызыншы жылдардың басында араласады. «Қызыл ат» және социалистік реализм» деген алғашқы мақалаларының біріне атақты Сәкен Сейфуллин назар аударады, белгілі бір дәрежеде құптап, қызығушылықпен қарайды.
Оған дейін «Қазақ» газетін шығарушылардың бірі- тарихи тұлға, нағашы ағасы Бейімбет Майлинмен, Б. Майлин сәл ересек Бейсембай Кенжебаевпен таныстырады: «Мына бала интернатта оқиды. Өлең жазатын көрінеді. Мұстафаның жиені. Шешесінен жетім қалыпты. Өлеңдерін оқып көр. Ішіңе тарт» [37, 317]. Осылайша М. Қаратаевтың өзге әріптестері сияқты поэзиямен достастықта болғаны анықталады. Қазақ медицина техникумында оқиды. Кейінде орыс тілін біршама игеруіне осы кезеңнің әсері болғанын айтады. ҚазПИ–ді бітіріп, Ленинград Тіл әдебиет және философия институтының аспирантурасында оқиды. Көрнекті жазушы Хамза Есенжанов, кейіннен филология ғылымдарының докторы, профессор болған Белгібай Шалабаевпен Ресейде бірге оқиды. Х. Есенжанов өзі де өзін сыйлата білетін жан, ал әрдайым күлкіге жем боп жүретін, шамалы өзгешелеу мінезді, мақтанды жақсы көретін Белгібай Шалабаевқа Мұқаң шаң жуытқысы келмейтін. Шын пейілімен қадірлейтін. Мүмкін, тағдырын талқылап, жаны ашып қарады ма екен. Біз М. Қаратаев басқаратын қазақ совет әдебиеті бөлімінде (М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер иститутының құрамындағы) жұмыс істеп жүргенімізде академик–ғалымның профессор досын құрметтеп, қошеметтейтінін көріп, ойланатынбыз. Ешқандай мысқыл, әжуа байқалмайтын. Кісілік мәдениеттің бір белгісі сол шығар.
Ленинградтағы аспирантурада оқуға Саттар Ерубаев та асығып, кешеуілдеп жеткенмен, денсаулығына байланысты елге қайтып оралады. «Саттармен ұшырасқан сәттер» атты естелігінде М. Қаратаев алып-ұшып тұрған жас таланттың адалдығы мен білімдарлығын, қызбалығы мен балаша өкпелей қалатын мінезін әдемі өрнектейді. Саттар Несіпбай Манашевпен дауласқанда айтар ойы жазушы өмірді өз басынан кешкендей бола алғанда ғана жақсы дүние бере аладыға сайса, Мұқаңа: «Достоевский романдары өмір шындығын, қоғамның ұсқынсыз қылықтарын адам арқылы, адамның ішкі дүниесін ақтарып көрсету арқылы көрсетеді. Бұл Достоевский психологизмінің даналық құдіреті» [37,471],- деп, біраз сауаттандырады. Жас сыншы өзінің асығыс пікірін мойындай отырып, өмірге ғашық жүрекпен әсемдік жырын шырқап өткен талантты суреткердің биік эстетикалық талғамын таразылау, оны бағалау, қадірлеу жолымен өзінің де ұждандық келбетінен, нәзік талғамы қалыптаса бастағанынан хабардар етеді. Ой–санасының саралығы, әр нәрсені жан-жақты зерделей алатын диалектикалық болмысы бүршік жарып, тыныс ашады.
Мұхаметжан Қаратаев қаламынан «Туған әдебиет туралы ойлар», «Шеберлік шыңына», «Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы», «Эпостан эпопеяға», «От домбры до книги», «Әдебиет және эстетика», «Вершины впереды» сияқты т. б. толып жатқан кітаптар шықты. Бәрі де өз дәуірінің жоғары ғылыми–көркемдік талаптарына жауап беретін құнды еңбектер саналатын. Өзі қайтыс болғаннан кейін келіні Жәмила Қаратаева дайындап шығарған мақалалар, естеліктер жинағы 1985–1995 жылдар ауқымын қамтиды. Ата сыншының Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі ой-толғамдары да тыңнан сүрлеу табуға ұмтылады. Қаламгерлер З.Шашкин, Д.Досжанов, К.Салықов, Ұ.Есдәулетов, соңынан ерген әріптестері З.Серікқалиев, С.Әшімбаев т.б. жайлы пікірлері әділеттілігімен, сезгірлігімен елеулі. Ол өмір сүрген кезеңде жарық көрген айтулы туындылардың ешқайсысы М.Қаратаев назарынан тыс қалған жоқ.
Қаламгер «Даладағы дабыл» атты тарихи–публицистикалық роман да жазды. Екі тілде жарық көрді. Біз сыншының бұрын сөз болмайтын осы көркем прозадағы сирек те сарабдал қадамын саралауды жөн көріп отырмыз. Шығарма ХХ ғасырдың басындағы Қазан төңкерісін ұнамды құбылыс ретінде қараса да, дәуір шындығын сөз шеберлеріне тән кестелі өрнекпен нанымды бедерлей алады. Оны негізгі баяндаушылық ойымдардан анық байқау қиын емес.
«Даладағы дабылда» ұлт–азаттық қозғалыс тақырыбын, дәуірдің панорамалық суретін беруде әр алуан нарратив тәсілдері белсеніп алға шықпағанымен, оқиғасы қалың, сюжеттік мерзімі ұзақ, композициялық болмысы күрделі туындыдағы адам мінез–құлықтары шешуші роль атқаратын мезеттерде автор дербес эмоционалдық аңсарын бүкпелемейді. Баяндаушы қызметін жекелеген кейіпкерлер де атқарып отырады. Мұндай эпизодтарда және орталық тұлға- Иван Васильевич Деев тұрғысынан сөз жүретін сәттерде автор мен қаһарманның сана аялары тұтастыққа жетеді әрі автор назары мен сезім әлемі персонаждар табиғатына орай психологиялық жағынан шұғыл бейімделуші қасиеті арқылы предметтік–бейнелеу жүйесіне стилистикалық толымдылық дарытады [37,83].
С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», С.Мұқановтың «Ботагөзіндегі», 3.Шашкиннің «Тоқаш Бокині», X.Есенжановтың «Ақ Жайығы», Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен теріндегі» сияқты М. Қаратаевтың «Даладағы дабыл» романында да табиғат суреттері көп ретте адам жан дүниесімен байланыста немесе адамның өмір, тұрмыс жағдаяттары жайлы ұғым, көзқарасымен тығыз үйлесім таба бейнеленеді. Жазушы әсіресе аспан көріністеріне, бұлт кейіпіне, қысқы дала болмысына материалды–заттық өмірден алынатын нақты, образды теңеулерді пайдаланып сөз салуға бейім. Долы боран әлемтапырық еткен Жезқазған өңіріндегі «бөрінің тұмсығынан аумайтын», «бұл тұмсықтың ақсиған аузында әлдебір сұмдық та бар сықылды» көрінетін бұлт шоғыры енді бірде «бейне бір төбеден» «жойдаусыз үлкен, мақталы қара–сұр көрпе сусып келе жатқандай» [37,8–9] боп көрінеді. Метафоралық теңеу мағынасы қыр тіршілігіне тән кәсіптік, тұрмыстық детальдар нақтылығы арқылы, көзге таныс әсерлер дәлдігімен аласапыран ауыр атмосфера сипатын, ақтүтек дауылда адасқан Деев пен Жұмабай жанындағы алаңдау, қорқу сезімдерін ұтқыр кестелейді.
Табиғаттың тыныштық құшағындағы сағаттарда «ұшы-қиырсыз үлкен шақпақ қант» [38,14], «миллиондаған ақ тышқанның терісінен тігілген дәу бөстек» [38,43] сияқтанатын қарлы өлке қақаған суық түскенде көк зеңгірін «қора-қора қой», «асау айғыр» [38,197] басып, темір жол бойындағы қар басқан вагондар «меринос қой» да, «алдындағы паровоздың өзі қаңтарда көбік атып жараған қаһарлы ақ бура сықылды» [38,240] көрінуінде жазушы қиялының ұшқырлығы, ойының терең мәнді бейнелілігі, тапқырлығы айқын аңғарылады.
Мұхаметжан Қаратаевтың пейзаж жасаудағы бір тартымды ерекшелігі табиғат болмысы мен шығармадағы негізгі оқиғалық желіні сабақтастыратын мәнді символикалық параллелизмге ұмтылудан танылады. И.В.Деев үшін темірдей балқып қызарған батар күннің сәт сайын өріс ала түскен халық көтерілісінің туындай боп елес тастауы [37,103] қандай сенімді көңіл–күй, шынайы ынта–аңсармен етене жақын тұрса, Байқоңырға келе жатқан жолаушылардың сол жылғы көктемнен өзгеше сыр сезуі баяндала келіп, мына төмендегідей суреттемеге ойысуы да сондай өзектес ой–сезім тізбегіне қозғау салады: «Күртік қардың астына іркілген қақ суы ертең–ақ тасып, сай–саланы сел етеді, көбігін аспанға бұрқап күшіне мінеді. Өкпек жел ертең–ақ жалау, туларды желбіретіп, қан майданды қыздыра түсетіндей. Майданнан түскен өлік–жемтіктерді аралап, қасқырдар азуын, қырандар тырнағын қайрайтын секілді» [38,154]. Бұл екі үзілімге ортақ штрих-қызыл тудың желбіреуі революциялық күрестің болашақ жеңісін тұспалдайды да, автор қалың бұқараның қасірет заманына деген ашу-ыза қуатын уақытша жасырын күйде сипаттап, алдағы шешуші айқасқа шығар қарсыластар келбетін метафоралық теңеумен бедерлеген. «Қасқырды» «қыран» аларына сенген кейіпкер (Деев) көңілі, сөз жоқ, дала суреті мен қоғамдық-әлеуметтік құбылыстар тамырластығын өткір публицистикалық стильде психологиялық дәлел күшімен көркем жеткізеді.
Романда аң аулауға шыққан И.В. Деевтің ой–сезім тебіренісі ретінде Ұлытау өңіріндегі «Телікөл» кескіні ерекше биік шабыт, таңырқау, табыну әсерімен суреттеледі [38,131]. Жазушы атап айтпаса, бұл жолдар бірінші жақтық формадағы автор толғаныстары есебінде қабылдануға лайық.
Қаһарман табиғат ескерткішімен арнау үлгісінде сөйлесе тұрып, көлдің таңертеңгі, шаңқай түс, кешкі ымырт, түн жарымындағы кескін-кейпін жеке-жеке сипаттап шығады. Ол Телікөл бейнесін ұшқан аққу, шулаған нар қамыс, зар төккен құс, тереңінде шомылған жұлдыз іспетті нақты предметтік әлемнің толымды синтезін табу нәтижесінде лирикалық әуенмен өрнектейді. Көл бейнесі адамның жастық шағы, күреске толы өмірі, түрлі арман, мұраттарымен желілес көп қырлы сезім ассоциацияларын тудырады. «Тар жол, тайғақ кешудегі» «Әупілдек» көліне қатысты беттерде қасірет сарыны, саяси–әлеуметтік теңсіздік туралы символикалық параллелизм ұшырасса, бұл пейзажда неғұрлым бейбіт тіршілік сәні, алаңсыз өткен жақсы күндерге сағыныш, әсемдік көркіне шексіз сүйсіну эмоциялары ой-қиял толқынының үдей түсу екпінімен әрі асқақ рухани әсермен суреттеледі.
Мұхаметжан Қаратаев романда портреттік сипаттамалардың дәлдігі мен айқындығына көңіл бөлген. Шығармада эпизодтық ыңғайда болсын, біршама арнайы түрде болсын, автор назарына түсетін С.Шәріпов, Ә.Жанкелдин, А.Иманов, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, И.В.Деев сияқты тарихи тұлғалардың ақиқат кескін–келбетін беруде нақтылық, көпке мәлім, танымал пішіндік қасиеттерді атап өту, соған ерекше мән арту байқалады. Мәселен, Ильичтің аласа бойы, ширақ қимылы, «сәл ғана тілін тістеп сөйлеуі» «үніндегі жылы мейірбандығын күшейтіп тұруы», «кішкене көздерінде адамға деген шексіз мол мейірім, терең ойлылық» көрінуі [39,253] романдағы орталық кейіпкер И. Деев сезіміндегі отты алау, ғаламат сүйіспеншілік ықылас демімен әсерлі бейнеленеді.
Дарынды сыншы ғана емес, талантты жазушы М.Қаратаевтың көркемдік ойлау әлемі барынша тыңғылықты аңғарымпаздықпен, тіл өрнегімен тартымды көрінеді. Кім қай заманда өмір сүрсе де, жақсы адам жақсы, жаманы сорақы күйін танытпай қоймайды. Қаламгер қаһармандары да өз заманындағы ұждандық идеологемалар тұрғысынан бүгінгі күндегі талғам–талапқа сай қабылданады. Шынайылық жазушы бағамының дұрыстығын уақыт сынынан әрдайым қорғап қалатындай.
Мұхаметжан Қаратаев ұзақ өмір сүрді, бірақ зілдей ауыр тағдыр тауқыметін арқалаумен жүрді. Өзінің 37–дегі қуғын–сүргінге ұшырағанына қарамастан, оны айыптаушылар да кездесті. Дана бітімді қаламгер замана талқысына бір кісідей шыдап бақты. Сыншының тәуелсіздік дәуірінде еркін қалам сілтеуіне жас мөлшері жібермеді. Таланты толысқан жылдары не қамауда, не ұраншыл мезгілдің ығымен жансебіл күй кешті. Марапат, атақ, дәрежелер иесін тауып жатты. Алайда ол өмірдің қайсыбір қаталдығына наразы қалпын ашық білдіре де алмай, ішінен тынды. Әділетті тарих әдебиет жүрегінің тамыршысын қатардан ығыстыруды жөн көрмейді. Өйткені ол- қайсар жанды Мұхаметжан Қаратаев [40,18].
Жаңа бағыттағы қазақ әдебиетінің көшбасшысы, ұлы ақын Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеу ісі ХХ ғасырдың бас кезінде қолға алынып, 1905–1920 жылдар аралығында қазақ баспасөзі беттерінде және жеке жинақтарда Абай өмірі мен ақындық талантына байланысты ірілі-уақты жиырмаға жуық мақала жарық көрді. Бұл зерттеу жұмыстарының басында Абайдың қайтыс болуына байланысты «Семипалатинский листок» газетінде 1905 жылы жарияланған азанама–мақаласымен алаштың біртуар перзенті, көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов тұрса, «Абай» журналының 1918 жылғы №2 санында «Екеу» деген бүркеме есіммен «Абайдың өнері, хәм қызметі» деген мақаласымен жазушылық жолға жаңа түскен болашақ үлкен дарын иелері Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов бүкіл өмірін Абайды біліп тануға, насихаттап жариялауға, бүкіл жер жүзіне танытуға сарп етіп, абайтану атты қазақ әдебиеттану ғылымының жаңа бір саласының негізін қалады.
Көрнекті ғалым, академик З.Ахметов «Абай және Әуезов» атты еңбегінде Абай мен Әуезов арасындағы үндестік туралы ойын былайша таратады: «Олар екі дәуірдің перзенті болуымен қатар, бірін-бірі қайталамайтын, біртуар өзгеше дарын екендігі де, әрине, есте тұту шарт. Абай ойшыл, философ, сазгер, ағартушы, екені рас, бірақ ең алдымен- ақын. Ақын болғанда, ұлы ақын, классик ақын. Әуезов ақын емес, бірақ шебер прозаик-суреткер, драматург ретінде ақынға жақын. Әуезовтің прозалық шығармаларында да, драмалық туындыларында лирикалық сарындар, лирикалық сезімталдық айқын көрініс беретін тұстар аз емес. Бірақ ол- алдымен кең құлашты романист-жазушы, эпостық жанрдың асқан шебері және оқиғаны шиеліскен талас–тартыс, қақтығыстармен көрсете білетін драматург» [41, 10] деп Әуезовтің шығармаларында Абайдың ақындық өнерімен астаса алатын бұл айтылған жайлар бірін–бірі ешбір жоққа шығара алмайтынын дәлелдейді. Абайтануды дербес ғылым дәрежесіне көтерген Мұхтар Әуезов болғандығын, М.Әуезовтің Абай жөніндегі зерттеулері осы ғылым саласының мызғымас негізі болып табылатындығын баса айтады
Жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиеті сынының өркендеп қанат жаюына қоғам қайраткерлері де өздерінің айтарлықтай үлестерін қоса отырып, дарындары жағынан кәсіби қаламгерлерден кем түспейтін деңгейде көрінді. Олар- Смағұл Сәдуақасов, Ыдырыс Мұстамбаев, Нәзір Төреқұлов, Ілияс Қабылов, Сұлтанбек Қожанов, Шәймерден Тоқжігітов сынды азаматтар. Бұлар негізінен мемлекеттік қызметте болғандықтан сынға жиі араласуға мүмкіндіктері аз болды.
Солардың ішінен өзінің мақалаларының мәнділігімен, өміршеңдігімен, терең ойлылығымен жарқырай көрініп, аса белсенділік танытқан, ірі қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы Ыдырыс Мұстамбайұлы.
Жүсіпбек пен Мұхтар бірлесіп жазған мақаладан кейін кеңес заманы тұсында Абайдың ақындық мұрасы жайлы алғашқылардың бірі болып қалам тартқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы Ыдырыс Мұстамбайұлы болатын. Абайдың қайтыс болғанына жиырма жыл толуына байланысты жазылған Ыдырыстың «Ұлы ақын- Абай» атты мақаласы 1924 жылы Семей губерниялық «Қазақ тілі» газетінде (қазіргі «Семей таңы» газеті) жарияланды. Сыншының бұл мақаласы ұлы ақыннан қалған бай мұраны іс жүзінде ғылыми жүйеге келтіріп, жан-жақты зерттеу, жарыққа шығару жұмыстарын шындап қолға алуға мұрындық болды.
Ыдырыс Мұстамбайұлы өзі де түрлі лауазымды қызметтер атқарғанымен Абай мұрасын үнемі назарда ұстап, сол кездің қасаң саясатынан қызғыштай қорғады, ұлы ақынды халық санасынан өшіріп, шығармаларын жоққа шығаруға тырысқан, шенеуніктер мен кейбір қаламгерлер әрекеттеріне аяусыз тойтарыс беріп, дәлелді түрде қарсылық білдірді, ескі атаулы мен көне мұраға тыйым салған Сталиндік әкімшіл–әміршіл жүйе қаһарынан еш қорықпай, ұлы ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы ерекше орны мен мән-маңызын жете ашып берді. Сыншы Ыдырыс ақын шығармаларын талдай келіп, Абайдың ұлылығын таныды, батыл түрде алғаш рет «Ұлы ақын» [42,11] деп жариялады. Абайды байшылдық әдебиет өкілі деп қарап жаңылыс басқан Сәбит Мұқановтың «Әркім өзінше ойлайды» деген мақаласына жауап ретінде жазылған Ыдырыстың «Абай» атты көлемді зерттеу мақаласы «Жаңа әдебиет» журналында жарияланды да, сол жылдардағы әдеби өмірде үлкен қозғалыс туғызып Абай шығармашылығын зерттеуге жаңа серпін әкелді.
Арнаулы әдеби мамандығы болмауына қарамастан Ыдырыс Мұстамбайұлының Абайды құмарта сүйіп, ақындық мұрасына араша түсуінің өзіндік себептері бар: 1. Ыдырыстың ата-бабасы қоныстанған жер ұлы ақын ауылымен көршілес болып, Абайға ұстаз болған Дулат, оның алдындағы Ақтамберді жырау мен Ақтайлақ би, айтыс өнерінің айтулы дүлдүлдері Түбек пен Сабырбай, Абайдың талантты шәкірті Әріп Тәңірбергенов сияқты дарын иелері оның ағайын туыстары еді. Осы жайдың өзі оның бала кезінен Абай өлеңдерімен сусындап, Абай жайлы әңгімелермен қаныққандығын айқын білдіреді, 2. Ыдырыс ұлы ақын талай ат басын тіреген зиялылар ордасы- Семей қаласында дүниеге келіп, осы ірі ғылыми- мәдени орталықта білім алды, өмірге жолдама алды. Шәкірт кезінде Семей қалалық орыс-қазақ училищесінде оқи жүріп, 1914 жылы қаңтарда Семей қазақ зиялылары өткізген Абайдың қайтыс болуына байланысты ұлы ақынды еске алу кешіне қатысуы әбден мүмкін. Оның үстіне бұл кешке Ыдырыс жай ғана қатысушы емес ұйымдастырушылардың арасынан да табылуы ғажап емес, 3. Ыдырыс Абайдың болашақ зерттеушісі, ұлы ақынды әлемге танытқан Мұхтар Әуезовпен етене жақын араласып, қызметтес, пікірлес болды.
Қазақ әдебиетінде өткеннің әдеби мұраларын зерттеуде Абайдың шығармашылығы туралы айтыс орталық мәселе болды. Ұлы ақын туралы пікірлер жиырмасыншы жылдарда-ақ айтыла бастаған болатын. Б. Кенжебаев «Абай» атты мақаласында Абайды «халық ақыны» деп дәлелдеген болатын. Бірақ, кейіннен әдебиеттану ғылымында тұрпайы социализмнің өріс алуына байланысты ақын шығармашылығы жайында біржақты солақай пікірлердің бой көрсеткен кездері аз болмады. Отызыншы жылдардың бас кезінде Абай туралы жазылған мақалаларда ақынның шығармашылығы көбіне оң бағасын алмады.
Ыдырыс Мұстамбайұлы «Абай» атты сын–айтыс мақаласында: «Әдебиет айтыстарымыздағы негізгі мәселенің бірі-ескіні тексеру» екендігіне мән бере отырып, «тарих, ғылым, өнер, салт–сана, әдебиет мәселелерін тексергенде бізге даңғыл жол-марксизм» [43,5] дейді. «Жаңа әдебиет» журналының (1928) үшінші, төртінші сандарындағы «ескілік» деген бөліміндегі С.Мұқановтың ескі мұраларды қалай тексеру керектігін айтқанына тоқталады.
Ескілерді білу деген қалай болатынын, бізде қалған ескі мұраның бірі-Абай екенін айта келіп, Ыдырыс: «Бірақ сол Абайдың құлағын қаншама шулатсақ та оның кім екенін, артық-кем жері қайсы, пайдалысы қандай, керектісі не екенін білмейміз. Бұл мәселелерде әлі күнге шейін негізсіз таластардан әрі аса алмай жүрміз» [43,7] деп сынай келе, бір ауыз сөз айтқан кісінің ар жағынан сұмдық іздеудің ешбір орны жоқ екендігін айтады.
Абай шығармашылығына тағылған орынсыз пікірлерге қарсы шыға отырып, Ыдырыс Абай туралы өз пікірін толығырақ жазуды міндет көреді. «Абай туралы «өр көкірек», «ұрдым–жық» мінез көбінесе Сәбит жолдаста болады. Бұған қарсы жауапқа алдымен сөзді өлген ақынның өзіне берейік» деп, Ыдырыс Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» өлеңінен үзінді келтіреді.
Жалпы, ақынның бұл өлеңіндегі мақсаты өмір шындығының бетін ашып қана қоймай, мақсатты орындау үшін не керек екендігін де ашық көрсету болатын. Адамгершілікті ту етіп ұстаған Абайдың даналығының бірі-сол дәуірде өз ортасында озық шығып, халықты мәдениеттендіру мәселелерін жыр етуінде еді. Бұл тек Абайдың ғана емес еңбек, ғылым, адамгершілікті жырлау жер жүзіндегі ұлы, данышпан адамдардың бәрінің де көңіл бөлген мәселелері болды. Ұлы жазушылар, ұлы ақындар халықпен халықты жақындастырады, ұлт пен ұлтты бауырластырады. Абайдың бір өзі қазақ халқын қанша елге танытты. Дүние жүзінде оны білмейтін прогресшіл ел жоқ десе де болады.
Абайдың ақындығын зерттеген Ыдырыс Абайдың өлеңдеріне талдау жасай отырып, өзінің сыншылық шеберлігін де байқатады. Абайдың «Құлақтан кіріп бойды алар», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Қабыл көрсе сөзімді» деген өлеңдерін мысалға ала отырып, Ыдырыс: «Орыстың тұңғыш Державин, Майков, Козловтар секілді ақындарын былай қойып, Пушкиндерді алсаңыз да өлең ақындық туралы айтқан сөздерінің көркемдігі, мағынасы осындай–ақ. Қайта өлеңге, ақынға бұлардан гөрі Абайдың көзқарасы дұрыс» [41,16] деп, өзінің сыни әділ бағасын береді.
Абайдың лирикасы туралы айтқан кезде мұндай жырлар атақты ескі ақындардың бәрінде де болғандығын айта келіп, Ыдырыс Абайдың тіл шеберлігін де жоғары бағалайды: «... Ал, тіл жағына келсек Абай өте шебер. Өлеңдерінің көбі жабайы тілмен келіп жеңіл оқылады. Тағы сол жабайы тілмен отырып, орайтын мағынасы тым үлкен, қозғайтын сезімдері аса нәзік болады. Өлеңдерінің ішінде хат танымайтын қара қазақтар түсінбейтін сөздер, орамдар жоқ. Тек анда санда бірер жерлерде орысша, не бір бөтен басқа тілдер кездеседі. Міне ақынның бір қадірі осы...» деп тіл жағына келгенде Абай Пушкиндей болмаса да, істеген еңбегінің қадірі одан бір де кем болмағандығын атап өтеді.
Ыдырыс Абай аудармаларына да ерекше тоқталып өтеді. Аударма- ең қиын да күрделі өнердің бірі. Абай-аудармашылықты жетік меңгерген, аударманың керемет шебері. Ыдырыс айтқандай, оның шеберлігі мынадан білінеді: «кейбір орыс өлеңдерін қазақ тіліне аударғандары өзінің төл өлеңінен артық деуге болады. Орыстың әдебі болған толғаулы, ырғақты, нақсыты бай тілімен жазылған сөздерін қазақтың кедей, дөкір тілімен ұғымды, мағыналы, терең, тілге жеңіл келтіріп переводтауы мейілінше ұсталығы. Кейбір өлеңдерді, мысалы: «Қараңғы түнде тау қалғып», «Тұтқындағы батыр», «Кинжал», «Жолға шықтым бір жым–жырт» қалыбынан, мағынасынан һеш аудармай перевод еткен. Кей жерлерде сөздің мағынасынан ғана алып, қазақтың ұғымына ыңғайлап сырт пішінін өзгерткен. Абайдың ақындығының еркіндігі сол: кейбір переводты өз өлеңінен асырып, түрлеп жіберген. Мысалы. «Теректің сыйы», «Онегиннің хатын», Пушкиннің геройынан өзгертіп, тілін сұлулап перевод қылған» [42,18]. Ыдырыстың бұл талдауына ешбір дау келтіруге болмас. Тағы бір ескеретін мәселе, зерттеуші Абай аудармасының оның төл шығармасынан еш айырмасы жоқ екендігіне назар аударып, ақындық шеберлігіне сүйсінеді. Барлық сөздер, ұғымдар қазақша түсінікті.
Сондай–ақ Ыдырыс Абайдың Крыловтан аударған мысалдарына тоқталып, «тіл жағынан, орам жағынан сұлулығына, елдің ұғымды, жатымдылығына» баға бере келіп, «Крыловтың мысалдарының қазақтың құлқына, мінезіне жатымды екені басқа, ал Абайдың тілі оларды жандандырып жібереді десе де болады» деп, мысалдармен дәлелдейді. «Абайдың «Шырылдауық шегіртке...», «Басы айналды қарғаның, сұмның айтқан сөзіне» деген өлеңдерін мысалға ала отырып, Ыдырыс «Міне бұл секілді тіл Крыловтан артық болмаса несі кем? Орыс тілін білетін жігіттер біздің пікіріміздің дұрысын, бұрысын Крыловтың өз өлеңдерімен салыстырып, сынасын» деп тілді жеңіл көретін, үйрену деген нәрсені оңай ғана санайтындардың есіне тағы салады.
Ыдырыс Абайдың жалпы сөздерін алғанда беті-жаңалықта болғандықтан мұндай адамдарды жаңашыл (новатор) дейтінін, олардың сөздері- тарихтың бір белінің жаңа салып кеткен соқпағы болатынын, қорытып айтқанда Абай қазақ ішіне жаңа орнап келе жатқан сауда капиталы дәуірінің шала соқпағы деп танитынын айтады.
Абай ақын болса, тобықтының ғана ақыны, жалпы қазаққа ортақ ақын бола алмайды, Абайды ақын деп көтеріп жүруші адамдар тобықтылар дейтұғын жолдастардың бар екендігін айта келіп, Ыдырыс бұған былайша жауап қайырады: «Бұл жолдастар не Абайды білмейді, не әдебиеттің не екенін білмейді. Абайды мақтасақ та өзіміз тобықты емеспіз. Және де тобықты деген тентек елмен аталарымыз жауласып, қан төгісіп өткен. Алдымен осыны айтып қоймасақ, біреу мені де тобықты болған соң Абайды жақтайтын шығар деп жүрер» [43,21] деп қазақты руға бөліп іштен ірітушілерге қарсы тұрады. Абайдың өлеңдері тобықтыдағы әңгімелері болсын, мейлі басқа бір елден алынған әңгімелері болсын, ол кездегі ата-руға бөлінген қазақтың салт-санасы, қай жерде болсын бірдей болғандығын, сондықтан тобықтыға арнаған сөздер жалпы қазақ еліне бірдей айтылған ортақ сөз болып қалатындығын айтады.
1920–жылдары Абай шығармашылығына теріс көзқарас білдірушілердің бірі ретінде және ең қауіптісі ретінде Ілияс Қабыловты атап өтуге тура келеді. Ыдырыс өзінің «Ақын Абай және пәлсапашыл Ілияс туралы» атты мақаласында, Ілияс Қабыловтың мақаласындағы: «...Сондықтан Абайдың дүние тану әдісінен үлгі алудың керегі жоқ. Өйткені, Абайдың дүние тану әдісі біздің әдісімізге үйлеспейді. Оның дүние тану әдісі- ұлтшылдық, қиялшылдық, біздің дүние тану әдісіміз затшылдық диалектика. Қазақстанның жас жұртшылығы соны үйренуге, бұл жөнінде Абайдан үлгі алмай Маркс, Плеханов, Лениндерден үлгі алу керек» [ 44,28] деген пікіріне Ыдырыс былай жауап береді: «Өзінше Ілияс жолдас мұны әбден тауып айттым деп отырған шығар. Абайды марксшіл, диалектикашыл емес деп сөгу балалық емес пе? Ал, дүние тану әдісін, пәлсапа жәйін Абайдан іздемей Ленин, Маркстен үйрену керектігін біздің жас жұртшылығымыз Ілияс жолдастың шалағай пәлсапасынсыз да, байбаламынсыз да білетін шығар» деп батыл пікірін айта келіп, ары қарай былай жалғастырады: «Қасқыр сазайын қомағайлықтан тартады ғой. Әйтпесе биыл Октябрь төңкерісіне 11 жыл болғанда жаңа жұртшылығымыз жетіліп өсіп қалғанда диалектиканы Абайдан үйренбей Маркстен үйрен деп шұбатылған пәлсапа соғу орынсыз» [45,8 ]. Расында да, Абайдың пәлсапасы марксизмге үйлеспейді, Абайдың дүниеге көзқарасы теріс деп, Абайдан марксизм ілімін іздеу ақылға мүлдем сыйымсыз екендігі айдан анық. Бұл тұрғыдан келгенде Ыдырыстың пікірімен толық келісеміз.
Абай дүниетанымы туралы да кезінде саясаттың кесірінен көптеген солақай пікірлер болды. Ақынға қасақана жала жабылып ол «байшыл, феодализмді көксеген ақын», ол «нағыз діншіл ақын» т.б. толып жатқан кінә тағылды. Кейінірек Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман–эпопеясы тиісті бағасын алған кезде, Абайға жала жабу тоқталғанымен, оның дүниетанымын «зерттеудегі» тұрпайылық сақталып қала берді.
Өйткені, Абай нені оқыса да, қандай философиялық жүйелерге қызыға ден қойса да ешқашан солардың шылауында кетпеген, өзіндік қорытынды жасап отырған. Абай нені, кімді оқыса да зерттеп, үңіле оқиды. Олардан жаңа үлгі алады, үйренеді. Абайдың абайлық негізгі ерекшелігі де осында. Осы ерекшелік оның дүниетанымының дұрыс қалыптасуына көмектесті.
«...Ал, Ілиястың мамандығы пәлсапа болсын, бірақ Абай ақын ба, жоқ па, қазақ әдебиетінде Абайдың орыны қандай, осы күнгеше бұларды білмей тексермей жүрген Ілиясты үлкен пәлсапашыл деп айта салмадық» дей келе Ыдырыс «пәлсапа, өнер, әдебиет, сыншылдық дегендердің бәрі қоныстас, аралас отырған ғылымдар, бірімен-бірінің жалғасы мол екендігін философ дегендер, сыншы дегендер, ақын дегендер бірінің сырын бірі қайтсе де білу керек екендігін» [45,12] айтады.
«Абайдың пәлсапасы» деген тараушасында Ыдырыс Абайдың философиясына тереңірек тоқталады. Ыдырыс Абайға былайша баға береді: «Абай біртұтас пәлсапа пікірін қалдырып кетпесе де, заманына қарай зор адам болған. Бұны тану керек. Абай үлкен ойшыл адам болған». Расында да, Абайды философ ретінде қарастырғаннан гөрі, ойшыл деп атаған жөнге келетін тәрізді. Өйткені, философ атауына қарағанда, ойшылдық кең ауқымды қамтиды және әлдеқайда мәндірек.
М.О.Әуезов айтқандай: «Шын мәнінде алғанда, Абай философ емес, ғылымдық кең мағынасында алғанда, Абайдың арнап жазған философиялық жекеше терең толғаулы еңбектері, трактаты жоқ» [46,480]. Осы пікірді жолдаған жазушы сонымен бірге Абайдың философиялық дүниетанымын зерттеуді мақсат еткен: «Және осындай ойшылдық белгілерін жеке философиясы деп атамасақ та, ақынның даналық, философиялық көзқарастары деген тұрғыда мейлінше түгел қамтып, тексеріп, талдай білуіміз керек» [46,410]. Жазушының ой–пікіріне толық қосыла отырып, Абайдың философиясын терең зерттеуге мүмкіндіктің туғанын айтуға болады.
Түбегейлі зерттеліп, білікті ғалымдардан тиісті бағасын алып үлгермеген Абай әлемінің ашылмаған сыры әлі көп. Ақынның діни–әлеуметтік философиясына да біржақты баға беріліп, теріс пікірлер де кездесіп жатты. Абайдың дүниетанымы жөніндегі ғылыми-қоғамдық пікірталас әлі де жүріп жатыр. Белгілі әдебиетші–ғалым, профессор Ә. Қоңыратбаев мынадай естелік айтады: «...Сөз кезегін алған Мұқаң мінбеге көтеріліп:- Абай философиясын зерттеу әрине, жақсы бастама. Бірақ оны журналистік шолу емес, теориялық тұрғыдан зерттеген дұрыс болар еді. Абайдың әдеби мұрасына келгенде оның ақындығын баса көрсеткеніміз жөн. Пушкиннің философиясын зерттеп олжа тапқандар орыс халқында көп емес. Олар Пушкинді ұлы ақын деп дәріптейді. Біз де осы арнаға түссек қайтеді» [47,216] деді.
Кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезовтің бұл пікірінің келешекте де маңызының зор болатыны даусыз.
Ілияс Қабылов өзінің мақаласын: «Абайдың пәлсапасы, Абайдың қоғамға көзқарасы деп әлденешеге бөлгенін» [44,16] айта келіп, Ыдырыс олардың ішінде Гегельдер, Фейербахтардың үлкен пәлсапалары жүргендігін, бірақ Абайдың бұл өлеңдерінде Ілияс туғызған зор пәлсапасы, баланың ойыншығы секілді болып шыққанына назар аударады.
Ыдырыс Абайдан соңғы жазба әдебиет тіл жағынан өнегені Абайдан алғандығын, тілдің бұқараға ашық түсінікті болу жайын кейінгі ақындар Абайдан үйренгендігін, тіл жағынан көп ел әлі де болса Абайдан кем екендігін ерекше атап өтеді.
Қорыта келе, ХХ ғасырдың 20–жылдарында кеңестік идеологияға сай келмейтін туындылар қатты сынға ұшырағандықтан, Абай дәстүрінің дамуы, жалпы адамзаттық ортақ мәселелер әдебиет тарихында өз шешімін таба алмады. Десек те, кеңестік дәуірде қазақ әдебиетінің тарихы күрделі де, қайшылықты жағдайларға толы болғанымен, сонымен бірге бұл дәуір қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетінің өсу, өркендеу жолында айтарлықтай жаңалықтар әкелген кезең болғаны да даусыз.
Соның ішінде, жиырмасыншы жылдары екі дүркін айтыс болған абайтану ғылымында да әдебиеттанушылардың, қоғам қайраткерлерінің айтарлықтай қосқан табыстары болды. Абай мұрасын қорғап қалуда үлкен қажыр–қайрат танытқан көрнекті қоғам қайраткері, әдебиеттанушы, сыншы Ыдырыс Мұстамбайұлының да абайтанушылардың қатарында өз орнын алары сөзсіз. Оның әсіресе, Абай мұрасына қарсы шыққан І.Қабылұлының мақаласына екі тілде бірдей жауап жазған мақаласының әдебиеттану ғылымындағы орны ерекше. Сондықтан да оның Абай шығармаларын зерттеу тарихындағы өзіндік орнын айрықша атап өткен жөн. Қаламгер еңбектерінің Абай мұрасына қатысты қағидаларын ғылыми тұжырымдау мақсатында оның мақалаларына сүйенуді жөн санағандықтан, түпнұсқадан үзінділер көптеп келтірілді. Нәтижесінде, Ыдырыс Мұстамбайұлының абайтануға қосқан үлесі ғылыми тұрғыда тыңғылықты зерттеліп сарапталды.
Бұл ретте, Ыдырыс Мұстамбайұлы біріншіден, сыншы ретінде 1920– жырдардағы көркем әдебиет туралы пікірталасқа белсене арасып қана қоймай, сол жылдардағы солақай саясаттың ықпалына түспестен, ұлттық мүддені жоғары қоятын берік ұстанымынан таймай, өзіндік батыл пікірлерімен көзге ерекше түссе, екіншіден, ұлтымыздың рухани байлығы, әдебиетіміздің темірқазығы Абай шығармашылығын жоққа шығаруға тырысқан кейбір қаламгерлердің теріс пиғылды мақалаларына батыл түрде тойтарыс беріп, абайтануға өзіндік үлкен үлес қосты. Үшіншіден, Ыдырыс Мұстамбайұлының зұлматты жылдарда алаштың саңлақ ақыны М.Жұмабаевты кеңестік идеологияның айыптауынан арашалап алып қалуға тырысып жазған мақаласының да мағжантануда алар орны ерекше деп қарау керек.
Баламер Сахариев қазақ әдебиеттану ғылымына елуінші жылдардың басында келіп қосылған.Ең алғашқы туындылары 1950 жылы «Әдебиет және искусство», «Халық мұғалімі» журналадарында жарық көріп, сол кезден бастап мерзімді баспасөз беттерінде оның әр алуан тақырыптағы әдеби–зерттеу мақалалары жиі жарияланатын болған. Әсіресе, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин сияқты әдебиет тарландары жайлы еңбектерінде сыншы негізінен шеберлік үлгілерін жаңа бір қырларынан танытуға, талдауға күш салған.
1965 жылы «Уақыт тынысы» атты кітабы жарық көреді.Соның негізінде сыншы 1975 жылы « Қазақ романдарындағы идиямен образдың эстетикалық бірлігі» деген тақырыпта кандидаттық қорғайды. Ғалымның еңбектерінің бір саласы мектеп оқулығы, жоғары сынып оқушыларына арналған « Қазақ совет әдебиетін» жазуға, құрастыруға жазушыларымыз творчествосына арналған «М. Әуезов», «С.Мұқанов», «Ғ. Мүсірепов», «Ғ. Мұстафин» бөлімдерін жазады. Сондай–ақ, ғалым Х.Сүйіншәлиев, Ә.Дербісәлинмен бірігіп, «19–20 ғ. қазақ әдебиетінен» көмекші оқу құралдарын жасауға ат салысады.
Б.Сахариевтің құрастыруымен жарыққа шыққан «Біздің Мұхтар» атты естеліктер жинағындағы М.Әуезовтың творчестволық портретінің ойдағыдай жасалуы, естеліктер табиғатының сан салалы, мейлінше ұқыпты мүсінделуі-тер төге еңбектенген сыншы еңбегінің тағы бір айғағы іспеттес [48,132]. Ал, ғалымның «Күрескер тұлғасы» атты кейінгі үлкен еңбегі- сыншының өз творчесвосы аумағындағы ғана белгілі бір биігі емес, бұл сонымен бірге қазақ әдебиеті сынының да кемелденгенін көрсететін туынды.
Б.Сахариевтің М.Әуезовтің орыс тілінде жазылған мақалаларын қазақшалау жолындағы еңбегін ерекше атау парыз. Б.Сахариев ұлы зергердің стилін, түп нұсқадай болуын мүмкіндігінше қаз қалпында жеткізуге тырысқан.
Сыншы өмірінің соңғы кездері «Мұхтар Әуезовтің творчестволық лабораториясы» деген тақырыпта үлкен зерттеу еңбегін жаза бастаған еді.
Б.Сахариевтің «Күрескер тұлғасы» атты кітабы- сыншының зерттеу, мақалаларының үлкен бір топтамасы ғана емес, сонымен бірге қазақ әдебиеті сыны қорына қосылған сүбелі еңбектердің бірі. Сыншы зерттеу мақалаларын «Жанр жүгі», «Поэзия патшалығы», «Сын дестесі» дейтін тақырыптармен үш бөлімге [49,332] топтастырған.
Өзінің әдебиеттегі алғашқы қадамын салмақты сыннан бастаған қабылетті қалам иесі өз жанрында ширек ғасырдан астам уақыт бойы талмай ізденіп, еңбектеніп, жұртшылық игіліне ойлы, парасатты біраз мұралар қалдырып кетті. Ол сын теориясына да жете үңіліп, салиқалы пікірлер ұсына алды. Өзінің теориялық тұжырымдарымен ол әдеби-көркем сын қоғамдық дамудың қозғаушы күштерінің бірі екендігін ашып көрсетіп, бұл сынның берік ұстанған позициясы екенің айтады. Сын саласында жемісті еңбек еткен белгілі ғалым, әдебиет зерттеушілері Е.Ысмайыловтың «Жаңа белеске», А.Нұрқатовтың «Идея мен образ», Қ.Нұрмахановтың «Дәстүрлі достық»,М.Базарбаевтың «Тамаша дәстүрлер», М.Дүйсеновтың «Әдебиеттегі мазмұн мен түрдің бірлігі», С.Қирабаевтың «Сәкен Сейфуллин» атты монографиялық туындыларын автор сынның сол кезеңіндегі жетістіктеріне жатқызады.
Дәстүр мен жаңашылдық мәселесі Б.Сахариев толғаған тақырыптардың бірі. Әдибиеттегі формалистік, абстракционстік ағымдарға жол бермеу жайлы айта келіп,сыншы соның кейбір көріністері ретінде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған. Т.Ысмайыловтың «Заман мен өлең», Ж.Қыдыровтың «Түр туралы ойлансақ» атты мақалаларын келтіреді. Сыншы бұл мақалалардан сол кезде жаңа мен ескінің арасында Қытай қорғаны бар деген сияқты теріс бір бағыт байқаған сияқты.
Сыншының осы мақалада көтерген тағы бір мәселесі–кітап жарық көргенге дейінгі сынның дәрежесі мен жайы еді. Бұл бағыттағы сынның көзжұмбайлығына төзбеуге шақырады. «Ал бүгінгі күнге дейін бізде бірсыдырғы, қалыпқа түскен «көңілшек» сындар көп. Автормен жұмыс істеу барысында редактор қанша шимайласа да, автор үшін шықпай жатқан характерін жасап бермейді ғой деген ойды ашық айтады сыншы. Әттеген-ай дейсің амалсыз. Кемшілігін сын баса көрсетіп, автор қолжазбасын әбден пісіріп әкелсе, нұр үстіне нұр емес пе.Шалағай сындардан бас тартуымыз керек, ақын-жазушыларға ең падалы сын-оның шығармасы жарыққа шықпай тұрғанда айтылатын сын» [49,324]- дейді Б.Сахариев.
Сайып келгенде,сыншының бұл мақаласы- қазақ әдебиеті сынының ыстығы мен суығын өзге қаламдастарымен бірге кешкен айтулы маманның сондағы көптеген әлеуметтік мәні бар мәселелерге тоқталып,туған әдебиеттің кемшіліктері мен жетістіктеріне тереңірек үңіліп, зерттеу үстінде өзінің сыншылық принціпін еркін таныта алған байсалды туынды. Мақаланың ең құнды жағы–мұнда сын өткірлігі,сын әділдігі үшін күрес рухы бар. Сыншы қандай мәселеге де қай жағынан болсын, принципті сын тұрғысынан келе білген.
Сыншының келесі бір үлкен дүниесі «Сын мүддесі» деп аталады. Онда автор: «Шынын айту керек, әдебиетіміздің қалыптасу жылдарындағы сынның жай-жапсарын оқиғаның басы-қасында болған аға буын әдебиетшілеріміз болмаса,кейінгілеріміздің көпшілігіміз жеткілікті біле бермейміз. Сонау Аристотель мен Гегельдің, Белинский мен Чернышевскийдің эстетикасын, Поль Лафарг пен Плехановтың, Горькийдің, Луначарскийдің көркем өнерге көзқарасынан мағұлматы бар әжептәуір білімді деген жастарымыздың сүрінер томары-қазақ әдебиет сынының туу, қалыптасу, даму тарихы десек өтірік болмас» [50,114] - дейді.
Одан әрі Б.Сахариев қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін, қиыншылықтарын тілге тиек ете отырып, сонымен бірге сынның да туу, қалыптасу белестеріне шолу жасайды. Соның ішінде Абай мұрасын танып білу, пайдалану мәселесінің төңірегінде қаншама күрес, айтыс болғанымен, сол күрестің қаншалықты қиынға түскенін айта келіп, осы жайларды жастар тереңірек оқып білуі, үйренуі керек екеніне ешқандай шек келтірмейді. Болашақ әдебиетшілер сынның тарихымен үзіп-жұлып танысудан гөрі, жүйелі түрде, жеке пән ретінде өтсе, бұл әлдеқайда пайдалырақ болатынын меңзейді.
Сыншы бұл мақаласында да сынға көзқарас мәселесіне кең тоқталған. Керек десеңіз тіпті «Сыншыға көзқарас» талқысына бұрынғыдан да салмақты ойлармен келген. Ол мұнда ең алдымен сыншы кім деген сұраққа жауап береді. «Көпшіліктің ішінен бізде сынды әркім жазады, бірақ әркімнің» бәрі сыншы емес.Белгілі бір шығармаға талдау жасағанда автордың идеясын әдеби құбылыс ретінде эстетикалық тұрғыдан түсініп, тап басып талдау жасай білген оқушы ғана сыншы» [50,116] , -деп қайырады.
Б.Сахариев қазақ романдарын да талдаған.Бұл салада сіңірген еңбегі де қомақты, айтқан салиқалы ойлары да салмақты.Негізінен ол романдардың идеялық-тақырыптық жағын нысана ете отырып, образдардың көтерілген биігіне, шеберлік,ізденіс сырларына жете мән береді.
Сыншы заманымыздың кемеңгер жазушысы, ірі қоғам қайраткері М.Әуезовтің творчестволық лабораториясын да зерттеген.Оның, әсірісе, жазушының алғашқы әдебиетке келген жылдарындағы шығармалары жайлы жазушы қаламынан шыққан шынайы туындының бірі « Қилы заман » повесі жайлы сыншы айтқан пікір айырықша елең еткізерлік. Ол кейбір әдебиетшілер (Ә.Шәріпов) пікірін толықтырып, «Қилы заман» повесть емес, романға лайық дүние дегенге саяды. Мұны сыншы шығарманың көлемі, эпикалық баяндау тәсілі, кейіпкерлер характерінің тереңдігі, психологиялық сезімталдығы, композиция, сюжет құру шеберлігі, тіл көркемдігі сияқты көптеген компонеттері арқылы повестен гөрі романға баларлық туынды екендігін айтады. Пікірі дәлелді болуы үшін повесть кейіпкерлеріне, тіліне тоқталып, көптеген нақты деректер келтірген. Ол осы еңбек деңгейінде–ақ жазушының нағыз реалистік позициясын анықтап берген. «М.Әуезов тарихи шындыққа зәредей де қиянат жасамай, оқиғаны да, характерді де өзінің эволюциялық өсу жүйесімен, логикалық сенімділігімен, барды бардай, жоқты жоқтай, қаймағы бұзылмаған қаз–қалпында таңғы шық тәрізді мөлдіретіп әкеп қағазға түсірген», деп жазады ол. Шығармадағы Ұзақ пен Жәрмеңке тұлғасына қарап сыншы кейінгі «Түнгі сарындағы» Жантас пен Тәнекенің шығу тегін де байқап қалған. Бұл туынды жазушының «Абай жолына» барар жолындағы алғашқы баспалдақтары дейтін пікір түйеді.
Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы жайлы кезінде бұрынғы Одақ көлемінде де, туған әдебиетіміз аумағында да көптеген мақалалар, очерктер, зерттеу, монографиялар жарық көрді. Соның бәрінде де авторлар кемеңгер қаламгердің суреткерлік талантын әр қырынан ашып көрсетуге күш салды.
Б.Сахариев бұл орайда өзінің «Өмірі–өнеге, өнері,-мұра» атты еңбегінде М.Әуезовтың өмірі мен эпопеясының образдар галереясына кең тоқталады. Алдымен осы керек туындының бір ерекшілігін сыншы айрықша бөле қараған. Ол- батыстың классикалық әдебиетінің тарихи шығармаларымен салыстыра бағаланғандағы М.Әуезов эпопеясының өзіндік ерекшілігі. Жазушы Абай өмірі деректерінің хронологиясында байланып қалмай, негізгі идеяны шешуге тұрарлық құбылыстарды сұрыптап бейнелеп, әрбір жеке кейіпкерді типтік дәрежеге көтере білген.
Б.Сахариев жағымды образ, оны типтік дәрежеге көтеру проблемасын біраз сөз етіп, басқа да талай ойлы, салмақты дүниелер берген сыншы. Соның бірі «Еңбекпен ержеткен талант» атты көлемді зерттеу мақаласы. Онда қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі-Ғабиден Мұстафиннің творчествосы тақырып өзегі болады. Жазушы творчествосы- Б.Сахариевтің ұзақ жылдар бойы зерттеп, салмақты ой түйіндеген түбегейлі әдеби бір нысанасы. Бұл зерттеуді де сыншы өзіндік маңызы бар құнды тұжырымдар жасап, қаламгер романдарының образдар алқасына кесімді баға берген байыпты еңбек деп түсінген жөн.
«Қарағанды» романы жазушының оқиғасы мол, тынысы терең, кең құлашты шығарма жасау жолындағы кесек туындысы деп бағалайды сыншы. Ол жазушының кейінгі шыққын биігі- «Дауылдан кейінгі» романына барар жолдағы сенімді бір баспалдағы болған.
«Адам. Тарих. Роман»- сыншының жетпісінші жылдары тарихи- революциялық тақырыпта тәмамдалған үлкен еңбектің бірі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты үш кітаптан тұратын «Қан мен тер» трилогиясының кейбір ерекшеліктерін саралауға арналған мақаласы.
Б.Сахариев мақаласында романдағы халық образының біршама типтік дәрежеге көтеріле алғандығын айтады. «Абай жолындағы» қалың жатақ, оның типтік өкілі- Дәркембай ұлы ақын бейнесінің ажырамас бір құрамдас бөлігі болса, Әбдіжәміл трилогиясында да халық бейнесі айбарлы. Мұны дұрыс байқаған сыншы тіпті «романда суреттелетін қарапайым халықтың өзі бас кейіпкерлер Еламан, Кәлендерді жоқтатпайтын дәрежеге көтеріле көрсетілген» [51,216],-деп автор жетістігін айрықша бағалайды.
Б.Сахариевтің айтар оралымды ойы, көтерер жүгі бар еңбектерінің тағы бірі-жазушы Ә.Нұршайықовтың «Махаббат,қызық мол жылдар» романына орай жазған мақаласы әдениетіміз бен әдебиетіміз шарықтап өскен заманда оқушыларымыздың да көркем шығарманы қабылдау ,бағалау дәрежесінің өскенін мақтаныш тұтпасқа болмайды. Бүгінгі оқырман сауатты оқырман. Сыншы мақаласында осы оқырман проблемасын көтерген. Мақаланың құндылығы осында. Сыншы оқырман сынының әділеттілігі жайлы толғанады. Жақсы шығарма әр кез оқырман көзінен қалыс қалмай,оны «еліктіріп, ертіп ала жөнеледі, мұның өзі оның ең бірінші табысы» [51,18]. Сыншы Ә.Нұршайықов романын осындай ойға жетелейтін жақсы шығарма деп бағалайды.
Б.Сахариев прозаның ықшам жанрлары саласына жататын сан алуан повестерді де талдаған. М.Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесі жас педагог Жақыпбектің алғашқы аяқ алысы, кездескен кедергі, қиындықтары жайлы сыр шертеді. Жақыпбек- ізденгіш бейне. Алғаш сабаққа келгенде–ақ балалармен ашық сырласуға талпынады. Осынысымен–ақ ол біраз жаңалық енгізеді. Дегенмен, Жақыпбек бейнесінде кемшіліктер жоқ емес. Ең бастысы, Жақыпбектің оқушының жеке басын зерттеу ісіне мән бермеуі. Шәкіртінің мінез–құлқы, танымы-педагогтің ең бір ден қойып зерттейтін нысанасы болуы керек. Ал шындығында оқушының кейбір қыңыр өжеттігінің де себебіне Жақыпбек өресі жете бермейді. Осыдан келіп ұстаз бейнесі өз биігіне жетпей, образ ретінде аяқталмай қалады.
Сыншы мұның екінші бір себебін басты образды толықтырып отыратын екінші қатардағы кейіпкерлердің аздығы, жұтаңдығынан іздейді. Тәжірибесіз жас педагогтің өзіне ақылшы ұстаз өте керек. Амал не, осы міндетті атқаруға толық мүмкіндігі бар тәжирбелі мұғалім Нүрипа апай бейнесі повесте қалтарыстан шыға алмай қалған эпизодтық қана дәрежеде. Ал ұжым бейнесі шығармада тіпті көрінбейді. Сыншының өз сөзімнен айтқанда, Жақыпбек «күреспен өсіп–жетілудің орнына, бәрін өз бойына сидырған, аспаннан түскендей образ» [52,9].
Б.Сахариев мақалаларының ендігі бір тобы насихаттық бағытта,яғни көпшілік қауымды жаңа бір шығармамен таныстыру, өнер жаңалығының өзегін ашып, ойын екшеу бағытында жазылған. Бұл салаға оның «Қауышқан құшақтар», «Тәрбиеші таланты», «Өшпес мұра», «Әлемге мәшһүр әдебиет», «Жаңа өмірдің жаршысы» т.б мақалаларын жатқызуға болады. Мәселен, «Қауышқан құшақтарда»- сыншы қазақ және орыс әдебиеті арасындағы тығыз достық байланысты сөз еткен, мақтан тұтқан. Міне, осы ұлы достықтың бір көрінісі-қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезов пен орыс әдебиетінің ірі өкілі М.Соболевтің берік достығы мақала тақырыбы, арқауы болған.
Рахманқұл Бердібай- қазақ әдебиетінің сыны мен ғылымы саласындағы ыстығы мен суығын қатар көріп жүрген, осы уақыт ішінде көптеген мақала, кітаптар жазып сынға белсене араласқан ғалым, сыншы. Рахманқұл Бердібайдың ғылыми шығармашылық жолы сан қырлы. Қасиетті қала Түркіс–танның төңірегінде туылып, білім қуған жастық шағы соғыстың ауыр жылдарында, қиын жағдайда өткен, әдебиеттегі алғашқы аяқ алысы өлең жазудан басталған Рахманқұлдың «Қазақ әдебиетінде» қызмет атқарған жылдары қаламгер үшін үлкен әдебиет мектебіне айналды. Сын бөлімін басқара жүріп, әдебиетттің талай келелі салаларын шешуге ат салысты, жазу өнерінің қыр-сырын меңгере түсті. Ол осы кездерде әдебиет пен мәдениеттің өзекті өңірлеріне бара білген ондаған мақала жазып, елге танылды. Мәселен, ол Қазақстанда қазақ тілі елуінші жылдары қайтадан ығыстырыла бастаған кезде оған қарсы дауыс көтергендердің бірі болды. «Қазақ әдебиеті» (1956, 22 сәуір) газетінде жарияланған «Ең үлкен мәдени байлық» атты мақаласы қазақ тілінің тағдыры туралы қазақ оқырмандарының ойын оятып, зиялыларының қызу пікірталастыруына ұласты.
Р.Бердібайдың сынға араласа бастаған алғашқы жылдардағы әдеби бағытын оның «Қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелері» [53,7] атты проблемалық мақаласы айқын көрсетеді.
Р.Бердібайдың сыншылық, ғалымдық шығармашылығының басты ерекшелігі дегенде, алдымен, оның диапазоны кең, жан–жақты білімдар ғалым екендігі бірден көзге түседі. Ол- мейлі, бүгінгі әдебиетіміздің жайын немесе ауыз әдебиет тарихының әлі де жете зерттелінбей жатқан өзекті өңірлерін бар–ласын немесе туысқан халықтар әдебиеті жайлы ой бөліссін, әдебиеттің теориялық мәселелерін әңгімелесін, әдебиет атты алтын қазынаның терең қыртыстарын қопарып, сыр тарта алатын, толғанысқа толы пайымды пікірлерін дәлелді де сенімді жеткізе білетін әмбебап қаламгер. Оның әдебиет саласындағы еңбектері іштей жіктегенде, бірнеше бағыттарда көрінеді. Ол ең алдымен, публицист, әдебиет сыншысы, бүгінгі әдебиеттің тамыршысы ретінде танылды. Елуінші, алпысыншы жылдардың әдеби сынында Р.Бердібай қалам тартпаған тақырып жоқ. Ол қазіргі қазақ әдебиетінен бастап, әдебиеттің тарихына, фольклорына, туысқан халықтар, шетел әдебиетіне арнап ондаған мақалалар жазып, сын майданының алдыңғы шебінде жүрді. Жаңа шығып жатқан кітаптардан бастап, жекелеген қаламгерлерге дейін сыншының сын назарына ілінбегендері некен саяқ қана. Оның қазақ әдебиеті мен мәдениетінің зәру мәселелерін көтеріп батыл жазған мақалалары кезінде қоғамдық пікір туғызып, қызу пікірталасуларға ұласып жататын. Өткір жазылған кей мақалалары сол заманның стандартты саясатына сәйкес келмей, жоғарыда саясатты жүргізіп отырғандардың мазасын алып, өзі де сол үшін пайда таппай, саяси сенімсіздердің қатарында жүрді. Есесіне ғасырлар бойғы бодандықтың салдарынан мүлгіп жатқан туған халқының ұйқыдағы сана-сезімін оятып, ұлттық дамуға қарлығаштың көмегіндей болса да өз үлесін қосты.
Рахмақұл Бердібайдың зерттеулерінде М.Әуезовтің шығармашылығы едәуір орын алады. Оның жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің мәселелеріне арналған зерттеулерінің барлығында дерлік ұлы жазушының шығармаларына соқпай кетпейді. «Уақыт- әділ сыншы» дейді халық. Тарихымызда қаншама ақындар, жазушылар өткен. Бірақ, солардың қаншамасының шығармалары уақыт тезінен өте алмай, тарихтың шаңына көміліп, бүгінгі күнге жете алмай қалған. Ал, Мұхтар сияқты біртуар даналардың өлмес өнер туындыларының уақыт өткен сайын асыл тастай құбылып, қызыл гүлдей құлпырып, жарқырай түсетіні неліктен? Р.Бердібайды жазушы прозасының, оның ішінде қазақ әдебиетінің жиырмасыншы ғасырдағы шырқау шыңы саналатын «Абай жолы» роман–эпопеясының өміршеңдік сырлары қызықтырады. Қазақ романына арналған еңбектерінің негізін де осы «Абай жолы» эпопеясы жайлы зерттеулері құрайды.
Ұлы жазушының жүз жылдығы қарсаңында бұрынғы ізденістерінің нәтижесі, қорытындысы іспеттес «Мұхтар шыңы» атты жаңа кітабы өмірге келді. Еңбекте М.Әуезовтің қаламынан шыққан «Абай жолы» роман–эпопеясы тек «Мұхтар шыңы» ғана емес, сонымен бірге қазақ әдебиетінің де шырқау шыңы тұрғысынан жан-жақты зерттелінеді. Жазушыны осындай биікке көтерген өмір жолы, шығармашылық мектебі, дарын қуаты, өнерпаздық қырлары, шеберлік сырлары сияқты көптеген мәселелерге тереңдей беру арқылы «Абай жолы» романдарының көркемдік құпияларын аша түседі. Рахманқұл Бердібайдың бұл жаңа еңбегі- қазақ әдебиеттану ғылымының биік өресін байқатып, мұхтартану іліміне қосылған сүбелі үлес болды [54,86].
Бүгінгі таңда қазақ әдеби сынның хал-ахуалы жайында сөз қозғап, талай сыни пікірлер жазып жүрген сыншымыз- Әлия Бөпежанова. Қоғамымыздың әр кезеңіндегі руханиятын зерттеп - зерделеуде , аса өзекті мәселелерді мәдени контексте қарастыруда, әдебиет, театр мен кино турасындағы орнықты ой-пікірлері арқылы шығармашылығы біртұтастандырылған ой зергектігі мен зиялылығы, парасаттылығы Әлия Қақарманқызын жан-жақты іздемпаздылығымен танытып келеді. Әлия Қақарманқызының өзі өнердің төресі, өнер мен ғылымның арасынан шығатын сыншылық жанрына білімге, білуге деген құштарлық, ойға, зерделеуге-сараптамалық бағытқа деген бейімділігімен, заттың өзінен гөрі зерделемесі, яғни оның неден жасалғаны, қалай дүниеге келгені, түйіп айтқанда процесске деген қызығушылық жетелеп әкелгенін айтады. Сыншылық деген күрделі жанрда алдымен өре, терең білім мен біліктілік, талғам мен жігерлілік керек. Бұл жалпы адамзатқа қажетті өр қасиеттер Әлия Бөпежанованың бойында тасып артылады.
Әлия Қақарманқызы алғашқы еңбек жолын 1979 жылы ҚазМУдің аспирантурасын сырттай оқып жүріп, республикалық «Қайнар», «Жалын» баспаларында редактор қызметінен бастады. Сын, рецензия мақалалары «Жұлдыз», «Жастар жастар туралы», «Сөзстан», «Уақыт және қаламгер» жинақтарында жарияланды. 1980-2001 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі болып үздіксіз қызмет етті. Газет бетінде жарияланған мақалалары мен эсселері, сұхбаттары сыншының сан қырынан аса өзекті мәселелерді алға тартатынын көрсетті. Мәселен, Қалихан Ысқақ шығармашылығы хақында «Суреткер мұраты» эссесінде сыншы Бюффоның «талант - дегеніңіз төзім» дегенін негізге ала отырып, жазушы шығармашылығына кеңінен талдау жасайды, автордың қазіргі кездегі көкейкесті мәселелерге қосқан азаматтық үнімен кейіпкерлерінің рух мықтылығы мен ізгілік, адамгершілік атты ұғымдардың биігінен табылатынына қуанып, әр кейіпкердің айтып, айта алмай, айтпақ болып кеткен пікірін толықтырады. Әдеби сынның өскенін көрсететін, мәдени құбылыс деп таныған Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романын сыншы ретінде де, оқырман ретінде де Әлия Қақарманқызы қуанышпен қабыл алды, бұл жөнінде сын егер шығармашылық екені рас болса, сыншы әйтеуір сыншылық міндетінінен шығып қана емес, өнердің өмірлік тұрғысынан предметтік әңгіме қозғауға болатын шығарма оқығандықтан туындаған қуаныш деп жазушының рухани ізденістері мен кәсіби шеберлегін атап көрсетті. Сондай- ақ, «Поэзия- әйелдей жұмбақ әлем» (Фариза Оңғарсынова туралы ой үзіктері), «Толғақ қысқан болмыспен тайталасып...» (Дулат Исабеков шығармашылығын зерделеудің жеке тәжірибесі), «Дүние имани құбылыс» («Күміс сенатор»-Зейнолла Серікқалиұлына), «Мәдени мұрадағы» Латиноамерикандықтар атты көлемді эсселерімен сыншы жүйелі талдаулары арқылы оқырман әдетте байқай бермейтін нәзік сезімдер мен иірімдерді жаңа қырынан жеткізе біледі. Әдебиет пен мәдениет хақында айтылып жүрген толассыз сынға сыншы әдебиеттің бүгінгі халін бағдарынан айырылған деп емес, бағдарын айқындау мәселесіндегі кезеңде жүр деп өнімді жазып жүрген жастардың шығармашылығына қолдау білдірді, әдебиетке де жеткен небір көзбояу мәселелердің шешімін табуда салиқалы заңдарыдың тезірек мемлекет тарапынан қабылдану керек екенін де кесіп айтты.
Тұжыра айтсақ, қазақ әдеби сынының теориялық негіздері толықтай сарапталып, көркемдік-эстетикалық құндылықтары нақтыланып; ғалым сыншыларымыз әдебиеттану ғылымы мен сын жанрын жеке зерттеу объектісіне айналдырды. Әр қаламгердің өз стихиясы бар. Бар нәрсені жоқ деп айтуға болмайды. Әдебиет те, әдебиеттің сыны да бар. Дәл қазіргі кездегі әдебиеттің даму жағдайы қандай дегенге келсек, екі жағына да сын айтуға болады. Алдағы уақытта да сын мен көркем әдебиеттің дамуына, көркем сөз өнерінің өркендеуіне әдеби дәстүр жалғастығы игі ыпал жасамақ.
Достарыңызбен бөлісу: |