ІІ. ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ СЫН ЖАНРЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ, ТАҒЫЛЫМДЫҚ МӘНДЕРІ МЕН ӨРКЕНДЕУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ
2.1 Қазіргі ағымдық, мерзімдік басылымдардағы әдеби үрдіске
ғылыми сын
Көркем әдебиеттің өміршеңдігін айқындайтын басты өлшемдердің бірі-әдебиеттің халықтығы болып саналады. Өз заманында атақты Т.Кәкішев халықтық қасиеттің аса күрделілігіне назар аударып, оны көркем шығарманың шыншылдығы, бейнелілігі, бағыттылығы, ұлттық сипаты, жалпы адам заттылығы сияқты категориялармен етене байланыста қарастырып: «Өз Отанын сүйіп, үмітін бөліскен, ауруымен ауырып, қуанышына ортақтаса білген» суреткер ғана шыншыл, халықшыл» [16, 24-б.]-деп жазған еді. Олай болса, қазақ әдебиеті сыншыларының жан айғайынан осындай ізгіліктерді яғни шыншылдық, халықшылдық тәрізді белгілерді аңдауға тиіспіз.
Жоғарыда айтылған жарияланымда жазушы: «Әдебиет-қоғамның тәрбиешісі. Ол сиқырлы дүние. Саяси тілмен айтқанда, идеологияның спецификалық түрі, ерекше нормасы. Әдебиет партияға, халыққа өз тәсілі мен төл табиғатымен қызмет етеді. Қарадүрсіндік, жадағайлық оған жат. Тамырын қаһарман тағдырына байланыстыра ашуда жатады...?-деп уақыт, қоғам талабына сәйкес әдебиетке деген көзқарасын, ғылыми тұжырымын таныта келіп, әдеби сында кездесетін олқылықтарға да өкініш білдіреді. Ол: «Мұхтар Әуезовтің: «Сыншы кітапты сынаса, кітап сыншыны сынайды» деген сөз-үлкен ойшылдың пікірі»,-дегенді баса айтып, сыншыларда кездесетін жанрларды шатастыру, жазушының көңілін жықпау, яғни пендешілікке бой алдыру секілді реңсіз жайттарды тұқырыта айтып, ондайлардан арылу жолын іздестіруге шақырады. Сөйтіп, бұл еңбегі-әдебиет майданындағы кезек күттірмейтін алқалы мәселелерді шешудегі сыншы қаламгердің зерделі танымын, биік талғамын, аңғартатын проблемалық сипаттағы мақала болды.З.Серікқалиевтың келесі бір мақаласы - «Тағдыр және біз» (1971) деп аталады. Бұл кеңес жазушыларының бүкіл одақтық Ү съезінен кейін жазылған болатын. Съезд әдебиет пен өнер мәселелері көтеріліп, біраз өзекті ой-пікірлер көпшілік талқысына ұсынылған болатын.
«Келелі кеңес, ішкі толғаныс, нәрлі ой-әдебиеттің берекесі»,-деп бастаған ойын сыншы: «көркем әдебиет-сегіз қырлы, бір сырлы. Қыруар қырдың шынайы сырын тікелей әдебиет сыны ашады. Сын сыр шертпейді, сыр ашады. Жалпыламалық, жадағайлық, мегземпаздық оның табиғатына жат...» деп пікірін талғампаздықпен жалғастырады. Осылайша сөз саптаған Зейнолла көркем әдебиеттегі сын мен сыншыға сипаттама беріп, оған қойылатын талап-тілектер бағдарын ұсынып, сынның сипатын ашуға тырысады. Мәселен, «Дербес дүниеліктің санатына қосылатын әдеби сынның өзіндік проблемасы ұшы-қиырсыз. Сыншының білімпаздығы, мәдениеті, өміршендігі, белгілі жанрда мамандануы сын шеберлігінің шырқауына ұласады»-дей келе, ойын төмендегіше дамытады: «Осының ішінен сынның сыршылдығын ерекше бөліп алғым келеді. Неге десеңіз, әдебиет сыны үшін туаршылдық, қара қылды қақ жаратын қазылық-бірінші шарт. Отыз ауызды, орақ тісті сыншының өзі «пәленше екен, түгенше екеннің» қабағын бақса, әдебиеттің мүддесінен алшақ кетпек.
«...Бөрік кигеннің намысы бір» болса, шенелмеген мін-оталмаған ақау прогреске жұт, әдеткер сөз, көңіл жықпас жұбаныш, еріншек емеурін ырыс сұйылтады. Әдебиет-өзіндік әлем. Бұл әлемде сынмен шұғылданудың шырғалаңын бастан кешіріп, қызығын көру үшін биік парасат, пәк жүрек керек. Күйкіліктен аулақ, әсершілдік дербес туындының шырайын келтіріп, құнын арттырады. Сынның көркемдік сапамен орайласатын бір тұсы-осы». Осылайша сын мен сыншыға тән сипаттарды барынша айтып, байыптай отырып, сыншы болу кез келгеннің қолынан келмейтін қабілет екендігіне көңіл аудартады. Сыншы жауапкершілігін алдыңғы орынға қояды.
З.Серікқалиевтың бұлайша әдеби сынға, кәсіби сыншыға қатаң талап, нақты шарттар қоя білуі, біріншіден, өзінің мейілінше қалыптасқан, «от тілді, орақ ауыздылыққа» жетеқаба сыншылық, зерттеушілік қабілетінен туындаған жайды танытса, екіншіден, сол тұстағы әдебиет әлеміндегі сыншылық үрдістің дамуындағы, қалыптасуындағы ақаулықтарды дөп тануынан, соларды болдырмау мақсатымен ұштасып жатыр. Түйіп айтқанда, сыншы ретінде өзіңе де, өзгеге де биік талап қоя білу-мәдениеттілік көрінісі іспетті.
Ойымыз дәлелді болу үшін проф. Т.Кәкішевтың: «Кейбір ақын-жазушылардың принципті, жолдастық сынды дұрыс қабылдамауы, айғай-шу көтеруі, тасада тұрып домалақ арызбен сазайын тарттыруы, реті келгенде шайпау тілге ерік беруі, мұндай қысастыққа ұшыраған сыншыға тиісті көмек көрсетілмей келуі-әдебиеттің зиянына шығуда. Осындай жағдайда жібек орнына бөз жүріп, жалына қол арттырмайтын жазушылар көбейе бермесе, азаймайды. Сондықтан «Правда» газеті өзінің «Өнер және сын» атты бас мақаласында: «Әділ ескертпелерге кейбір авторлардың құлақ асқысы келмейтіндігін, өзін сыннан сыртқары қоюға тырысушылығын біздің өмір қағидаларына жат пиғылдың көрінісі деп қарау керек» деп («Правда», 26.01.1972) қатты ескертті».
Демек, З.Серікқалиев кезеңінде әдеби көркем сын мәселелері кезек күттірмейтіндей өзектілікке айналғандығын аңдаймыз. Негізінде бұл жылдардағы қазақ әдеби сынының дамуында «Көркем әдеби сын туралы» елеулі қаулының орны ерекше болған сыңайлы. Ол жайында академик С.Қирабаевтың ой түйіндеуінің маңызы зор: «Сыншы еңбегі ауыр екенін кезінде бізді басқарушы партия да білді. Олар сыншыларды көтермелеп, көмектесіп, әдебиеттің көркемдік сапасы жолындағы күреске бағыттады. «Көркем әдеби сын туралы»(1972) қаулы бұған айғақ. Осы қаулының қазақ әдеби сынын дамытуға үлкен жәрдемі болғаны жасырын емес. «Уақыт және қаламгер», «Сөзстан», сияқты тұрақты шығып тұратын жинақтар сол кезде туды».
Белгілі ғалымның осы сөзінің дәлеліндей жетпісінші жылдардағы әдеби сын жанрына аса қажетті әділдік пен шынайылықты қолдаған Зейнолла: «Бұл, мүмкін, біздегі сыншылдық ой-пікірдің әлі жете қалыптасып болмағандығынан шығар. Сықақ, сатриа қайсы, әзіл-ажуа қайсы, жағымсыз тип дегеніміз қайсы- мәдениетті қауымға адам тағдыры мен түсінігін, оның өмірдегі орнын, қиянаты мен кесапатының шама-шарқын әділ тану үшін, осылардың әрқайсысының айрықша мәні болу керек»[16,90], -деп қашанда өткір сынның қаламгерлерді шыңдайтын, шынықтыратын тәрбие құралы екендігіне көпшіліктің назарын аудартады.
«Шеберлік сыры» деп аталатын жарияланымында: «Адамзат өмірінде мәңгі жасайтын өнердің бірі-әдебиет. Ол-ең алдымен адамның жанын, сезімін, түйсігін, құштарлығын суреттейді. Оның негізгі құдіреті де осында»[16,293-б.], - дей келіп, автор жас жазушыларды әдебиеттің келешегі деп танысақ, оларды балауса шақтан тек мақтаумен емес, достық сынмен тәрбиелеу керектігіне назар аудартады. Сонда-ақ, көркем әдебиетті сүйетін, шын мәнінде әдебиетші болуға талпынған жастарды әдеби сауаттылыққа, содан туындайтын шеберлікке баулу қажеттілігін тілге тиек ете отырып, нағыз жазушыға тән шеберлік сыры неде? деген сауал қоя келіп, ол: «...Ең әуелі өмір шындығында. Содан адам жанының диалектикасын көркемдік құралмен жеткізе білуінде. Көркем әдебиет маңызы туралы сөйлемейді. Өйткені оның өзі-маңызы, мағына! Оны тек әдеби сын талдайды, нақтылыққа үйретеді. Әдебиеттің де өз нақтылығы бар. Біздер, жасымыз бар, жасамысымыз бар, әмсе осы ақиқатты есте тұтуға тиістіміз» [16,294]-деп жауап береді.
Қоғамдық-әлеуметтік ойдың биік бір белесі-әдеби сын болып саналады. Сын әділ де тура болуы шарт. Олай болса, Т.Кәкәшевтің де меңзеп отырғаны да осы, яғни әдебиеттің мәні мен маңызы, мақсатын әдеби сын деп түсіндірмек деп, оған зор мән береді ол үшін сынды жасандылықсыз айта алатындығы тек қана әділ сыншы болмақ. Айналып келгенде тағы да сыншылық қасиет биіктен көрінуі абзал.
Қаламгер З.Серқалиевтің «Дүниетану даналығы» атты зерттеу еңбегінде әдебиеттің бірінші элементі «тіл» екендігі ескертіліп, сол тілдің ішкі заң, көркемдік логикасын, даму нышанын айқындау мүмкіндіктері сөз етіледі.
Автор: «Көркем әдебиет ең әуелі, сөздің ұғымынан, үнінен, дәмінен шырайынан құралады. Бұрыннан белгілі тіл де, сөз де-халықтікі. Сөйте тұра «пәленшенің тілі бай» дейміз, «Мынау түгеншенің сөзі ғой» деп ажыратамыз. Осының төркіні қайда?» бақсақ, әдебиетте жанды сөз барда, жансыз сөз бар екен? Жанды сөз, ең алдымен, автордың табиғатына, болмысына тәуелді екен. Шығарманың тексінен әртүрлі әсер алатынымыз соңдықтан»[29,53], -дейді.
Асылы, көркем әдебиет адам тәрбиелеудің басты құралы болса, адам санасына әсерлі сөз, яғни кестелі де әсем тіл арқылы әсер етеміз. Адамзаттың саналы тіршілігінің, бір-бірімен қарым-қатынасының ең басты элементі-тіл. Пенденің ішкі әлеміндегі құнарлы ой, биік талғам, шынайы сезім т.б. бәрі де тіл арқылы, дәлірек айтқанда, сөз өнер арқылы өзіңдік ойды ортаға салу нәтижесінде іске асатыны белгілі. Соңдықтан да көркем әдебиеттегі сөз өнерінің болмысын танудың маңызы ерекше.
Дәлірек айтсақ, көркем тіл-көркем әдебиеттің басты қасиеті. Көркем тілсіз әдебиет те болмақ емес. Ол жайында Ахмет Байтұрсынов: «Тілдің міндеті-ақылдың аңдауын аңдығанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше жарау:... Ойын ойлаған қалпында, қиял меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек... сондықтан сөзден сөз жасап шығару деген жұмыс әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді», -деп тілге, сөз қолдануға қатысты талай нәрсенің жайын аңғартады.
Сыншының жоғарыда аталған мақаласында жалпы көркем әдебиетте кездесетін келеңсіздік, әдеби тілдің бұзылуы, кейбір шығармалардан нақтылықтан гөрі жалпыламалық басым екендігі, яғни басы артық сөздердің көркем туындыда көптеп кездесетіндігі, одан арылу қажеттігі сөз болады. Ол үшін «асыл сөзді аршып алып», Пушкин, Чехов, Лев, Толстой, Абай сынды дара зергерлерден өнерге алу қажет деп, шеберлік негіз-дәстүрде екеніне көңіл аудартып, әр қолданылған сөзде логика болу керектігін ескертеді.
Қазақ әдебиетінің әсіресе алпысыншы жылдардан бері қарайғы көкейкесті біраз мәселелері, сұлулық, суреткерлік ізденіс жолдары, бағы заманнан желі тартатын ғылыми және көркемдік дүние таным ерекшеліктері, әлемдік туысқан халықтар мәдениетінің, бейнелеу өнерінің бірін-бірі байыту үлгілері өзара салыстырыла қарастырылған. Ізгілік, имандылық тәрбиесіне қызмет етер бірегей еңбектің жүгі салмақты, теориялық тынысы кең.
Қазақ баспасөзінің дәлірек айтсақ, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзінің сипатына тарихи тұрғыдан тоқталсақ, бұл кезең қазақ баспасөзінің енді-енді ғана дүниеге келіп, халықтың арасына тарай бастаған кезеңі, әрі халықтың тар жол тайғақты кезеңі. Осындай аласапыран кезеңде халық тағдыры мен қоғам өмірінің шындығын бүкпесіз батыл жариялаған қазақ баспасөзінің қызметі орасан зор болды.
Бір жарым ғасырға таяу ғұмыры бар қазақ баспасөзі халқымыздың тағдырымен біте қайнасып, бірге жасасып келеді. Осы мезгіл ішінде түрлі кезеңдерді бастан кешіп, біресе алға басып дамыса, енді бірде жүрісін баяулатып, тіпті тоқыраған тұстары да болмай қалған жоқ. Бір кереметі, қандай жағдайда да қоғамдық ойдың қозғаушы күші қызметін адал атқарып келеді. Оған тарих куә 20,37.
Қазақ жері ғасырлар бойы шектес мемлекеттердің шабуыл нысанасына айналып келгендіктен XVIII ғасырдың алғашқы жартысында қазақтардың бір бөлігі патшалы Ресейдің қол астына кіріп, бағынуға мәжбүр болғандығы тарихтан белгілі. Осы кезеңнен бастап, Ресейде болған әлеуметтік өзгерістердің қазақтар тарапынан қабыл алынып, өздерінен күшті солтүстік көршілеріне деген бағыныштылығының арта түскендігі байқалады. Ресейдегі бұл әлеуметтік өзгерістің жемісті болғандығы сондай, олар енді қазақтардың тұрмысы мен салт-саналары туралы, оларды зерттеп білу қажеттілігі жайлы жиі айта бастады. Мұның негізінде әкелік «қамқорлық» (бірінші жағынан) және «ризашылық» (екінші жағынан) қатынастары жатқан болатын. Мәселен, Спиранскийдің 1822 «Сібір қазақтары» туралы жарғысындағы қоғам өміріндегі өзгерістерге көп жол беріледі. Жарғы қазақтарға тән ғасырлар бойы қалыптасқан басқару жүйесін жоққа шығарып, оның орнына әлеуметтік бөлудің «Еуропалық тәсілдерін» танытты. Осының нәтижесінде патша әкімшілгі орта жүздегі хандық билікті жойып, оның орнына округтер мен приказдар құрды. Осы жарғыны негізінде кіші жүз Орынбор шекаралық комиссиясына бағынатын болды. Мұның барлығы ақыр аяғында қазақтардың оған қарсылық көрсетіп, көтеріліске шығуына жол ашты 21,198.
Халық көтерілістері, қазақтардың өздерін сыртқы жаулардан қорғау әрекеті (әсіресе, Хиуа, Бұқара, Қоқан, Қытай елдерінің оның ішінде Ресейге де қарсылық көрсетулері) отарлық басқару тұсында ерекше орын алды. Ал, орыстар қазақтарды өз діндеріне бағындыру мақсатында басқарудың еуропалық үлгісін оларға күштеп таңды. Осының барлығы ұлттық сананың дамуына ұзақ жылдар бойы қасақана құрылған тор болып келді. Ал, жергілікті байлардың қанау тәсілдерімен патша әкімшілігінің ауыр алым-салықтары, қазақтардың күш көрсетуі-қазақ халқын қайыршылыққа әкеп тіреді. Мәселен, ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдарында Ұя, Орал, Ешім, Ор және Қаратал, Лепсі, Ақсу, Іле тағы басқа өзендерді бойлай орналасқан ұшан теңіз алқапты қазақтар иемденді. ІХ ғасырдың соңында олардың саны жүз мың адамнан асып кетті. Патша үкіметі оларға қазақтардың кесерлерінен жер беріп, көптеген жеңілдіктер жасап, ал қазақтарды Сахарада пайдаланатын ұрда қолшоқпарына айналдырды.
Қазақ жерін отарға айналдыру саясатының тиімді түрі миграция тәсілі болды. Егер Қазақстанға Ресейдің орталығы мен оңтүстігінен 1986 жылға дейін 294 мыңнан астам адам көшіріліп әкелінсе, 1906–1910 жылдары олардың саны 770 мыңға артты.
Ел билеуші жергілікті бай-манаптардың халық санасына үнемі «Ресей мемлекеті бізге бар жақсылық жасауда» деген, қоғамдық пікір тудыруға тырысып баққаны байқалады. Олар басқаларға қазақ халқы орыстарға бағынғанға дейін негізінен көшпенді өмір сүрді. Сөйтіп Еуропалық елдерден «артта қалған» жартылай жабайы халық болды деген жел сөз таратып, қазақтарды отырықшылыққа үйретудің қажеттігі туралы екі ұшты жоспарлар құра бастады 22,3.
Өткен ғасырдағы патшалы Ресейдің осындай саясаты кешегі кеңес үкіметіне де мұра болып қалғандай. Себебі, соңғы кезеңге дейінгі қазақтар туралы сөз қозғалса, «Олар тек дала көшпенділері болған, оларда шаруашылықтың егіншілік түрі мүлдем болмаған еді» деп еске алып келді.
Алайда, қазіргі қолда бар көптеген архив және сол кезеңде шығып тұрған демократиялық бағыттағы басылымдардың материалдарына сүйене отырып, біздер қазақ жерінде Ресей Қазақстанды жаулап алған кезеңге дейін де мақта, астық шаруашылығы, көкеніс, бау-бақша, жеміс-жидек, алма бақтары болғандығын, сол тарихи кезеңде Қазақстанда суландыру құрылыстарының кең жүйесі жасалғандығын, қазақтардың ерте заманда да суландырылған алқаптарда жұмыс істегендігін, оларға малға жем, шөп дайындау ісінің де ертеден таныс болғандығын, қазақтардың ХІХ ғасырдың басынан–ақ отырықшы және көшпелі өмір сүріп, ол кезде де қазіргі малшылардың
да өміріне ұқсас шаруашылық түрлерінің болғандығын мақтанышпен айта аламыз.
«XIX ғасырда Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын (әсіресе ет, май) ірі отар елге айналды. Қазақтардың өміріне бойлап енген сауда, тауар айырбасы және жәрмеңке оларды Еуропа мәдениетіне жақындастырып, ерекше рөл атқарды». Алайда, сауданың келуіне байланысты қазақ даласында жергілікті халықтың орыс заңдары мен нарықтық құнын жете білмегендіктерінен алдау, тонау, күш көрсету дегендер көбейіп кетті. Сол кезеңдегі «Отечественные записки» сияқты кейбір жанашыр басылым қағаздардың жер бетінен толық жойылып кету қауіпі төнді,-деп дабыл қағуы да тегін емес. Екіншіден, мұның барлығының себебі өзінің шет аймақтарында; әсіресе, аз ұлттардың арасында патшалық Ресейдің саясатына байланысты еді. Өйткені, Ресей Қазақстанды жаулап алғаннан соң, оның жерін шикізат қоймасы мен арзан жұмыс күшіне айналдыруды көздеді. Өлкенің өнеркәсібін игеру көп экономикалық шығынды қажет етті. Сондықтан, Ресей пайдалы қазбалары мен мал шаруашылығының өнімдерін қанағат тұтты. Ресейге Қазақстанда астық шаруашылығын дамыту ол кезде пайдасыз болды. Оған көп шығын жұмсау керек еді. Сөйтіп, қазақ даласында ауыл шаруашылығы нашар дамыды. Тіпті ұсақ тауар өндірісі саласында да Қазақстан өз саудасын Ресеймен байланыстырғандықтан Шығыстың бай саудасынан айырылып, күнделікті өмірге қажетті заттарды шығаруға да мүмкіндігі болмай қалды. Осының нәтижесінде Қазақстанда XIX ғасырдың соңында да мал шаруашылығы «мамандандырылған» шаруашылықтың басты түрі ретінде қала берді 23,172.
XX ғасырдың басы- қазақ халқының тарихында бүкіл қоғамдық ой- пікірдің өрлеуіне мүмкіндік туып, Ресей патшалығы әдейі тұмшалаған ұлттық сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең. Ендеше, осы тұста ұлттық сананың ең өнімді саласы-әдебиеттің қоғамдық сананың көрсеткіші-баспасөздің күрт алға басуы заңды нәрсе. Бұл кезеңде Абайдың жалғасы Шәкәрім шығармашылығы өзінің шырқау биігіне көтерілсе, Міржақып, Ғушар, Сұлтанмахмұт, Мағжан тәрізді алыптар әдебиет айдынына шығып, көркемдік сипатты соны дүниелері арқылы әдебиетіміздің жазба түрін жаңа белестерге көтерді 24,142. Сонымен қатар XX ғасырдың бас кезі қазақ өміріндегі азаттық жолындағы күрестің, яғни, саяси әлеуметтік қозғалыстың дамып, құлаш жая бастаған тұсы болып табылады. Мұның себебі, Ресей самодержавиесындағы жалпы қоғамдық ой-сананың дамуында бостандық идеясы билеп алған 1905 жылғы революцияның түпкір-түпкірге жеткен сарынынан еді.
Қазақстанның Россияға қосылу нәтижесінде орыс пен қазақ халықтарының алдыңғы қатарлы өкілдері арасында рухани жағынан да достық қарым- қатынастар орнады. Революциядан бұрынғы кездің өзінде демократияшыл орыс интеллегенциясының аса көрнекті қайраткерлерінің Россияның барлық халықтарының алдыңғы қатарлы өкілдерімен тығыз байланысты болғаны, ұлттық езгіге қарсы белсенді күрес жүргізгені, әр түрлі ұлттар мен халықтардың мәдениетін дамытуға игі әсер еткені мәлім.
Қазақстанға Орталық Россиядан орыс шаруаларының көшіп келіп орналасуының зор маңызы болды. Олар қазақтардың отырықшылыққа, егіншілікке көшуіне әсер етті, орыстар мен қазақтар арасында достық қатынастар күн санап нығая берді 25,245.
Патшалық Россия халықтардың түрмесі болғаны мәлім. Ол шет аймақтардағы халықтарды аяусыз езіп, азапқа салды, оларды надандық пен қараңғылықта ұстауға тырысты, ұлт араздығын қоздырып отырды. Россияның басқа халықтары сияқты, қазақ халқы да саяси жағынан еріксіз болды, ұлт мәдениеті, әсіресе, тілі қорланды. Бірақ патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарамастан, Қазақстанның Россияға қосылуының терең прогрестік маңызы болды. Бұл қосылудың нәтижесінде Қазақстанда экономика мен мәдениеттің дамуына жағдай жасалды. «Капитализмнің ескі шаруашылық құрылысқа қатысты аталған барлық өзгертулері, сондай-ақ халықтың рухани бейнесін өзгертуге де сөзсіз әкеліп соғады» 26,110-деп көрсетті. Қазақстанға капиталистік қатынастардың терең бойлай таралуы мұндағы ескі шаруашылық құрылысты өзгертті, ал мұның өзі қазақ халқының санасына да елеулі өзгеріс енуіне әсер етті.
Орыс халқының озат мәдениеті қазақ мәдениетінің өркендеуіне игі әсерін тигізді, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаев сияқты демократ ағартушылар шықты, қазақ халқының ішінде ұлт интеллигенциясы қалыптаса бастады. Орысша және қазақ тілінде оқытатын мектептер ашылды. 1862-1900 жылдар арасында қазақ тілінде шамалы жеті кітап басылып шықты. Қазақтың жазба әдебиеті мерзімді баспасөзі пайда болды. Орыстың революцияшыл-демократиялық баспасөзі мен публицистикасы қазақ ағартушылары Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің және Абай Құнанбаевтың қоғамдық- саяси көзқарастарының қалыптасуына әсер етті. Крепостниктікке қарсы күрес, тұрмыстық прогрестік формалары мен ағарту ісін жақтаушылық, халық бұқарасының мүддесін қорғау, орыс ағартушыларының осындай үш түрлі сипаты қазақ ағартушыларына да тән қасиеттер еді 26,116.
Орыстың ұлы ағартушыларының демократияшыл дәстүрінен үлгі - өнеге ала отырып, олар қазақ халқының жарқын болашағы үшін күресті, феодалдық-патриархалдықтың сарқыншақтарына қарсы шықты, ұлы орыс халқымен дос болу, оның озат мәдениетінен үйрену идеясын қызу насихаттады. Азаттық жолындағы қозғалыста орыстың алдыңғы қатарлы жазушылары мен аса көрнекті публицистері баспасөзді күрес құралы етті. Мысалы, 1836 жылы А.С.Пушкин ұйымдастырған «Современник» журналын алпысыншы жылдары А.Г.Чернышевский мен Н.Л.Добролюбов басқарып, оны шаруалар революциясы идеясын насихаттайтын айбынды органға айналдырды. Қазақ ағартушылары алдыңғы қатарлы орыс баспасөзінің тамаша дәстүрлерінен үлгі-өнеге ала отырып, қазақтың бұқарашыл публицистикасы мен журналистиканың негізін қалады 27,77.
Қазақстанның қалаларында патшаның жергілікті әкімшілік орындарының ресми органдары болып табылатын газеттер шыға бастады. «Облыстық ведомстволармен» қатар қазақ тіліне аударылып, Орынборда «Торғай» газеті, Омбыда «Дала уалаяты» газеті, сондай–ақ Оралда, Астраханьда және басқа кейбір қалаларда шығарылған газеттер де Қазақстан өмірімен байланысты болды 27,80.
Әдеби сынның дамуы арнасы- баспасөз. Сондықтан да сынның дамуы баспасөздің дамуына тікелей байланысты. Он тоғызыншы ғасырдың екінші жарымында қазақ даласында баспасөздің тууы шын мәніндегі жазба әдеби сынның пайда болуына тікелей қолайлы жағдай туғызды. Әдебиетке қатысты алғашқы сын мақалалар ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде шыға бастаған «Түркістан уалаяты» газеті (1870-1882) мен «Дала уалаяты» газеті (1888-1902) беттерінде көрінді. Қазақ баспасөздерінің қарлығаштары болған бұл газеттер әлеуметтік-рухани ойларды оятумен бірге әдеби ой-пікірлердің де көш басында тұрды.
Бұл газеттер қазақ халқының қамын ойлап, оның әлеуметтік-шаруашылық және мәдени-ағарту тілектерін ескергендіктен шығарылған жоқ, патша үкіметінің отаршылдық саясатын күшейе түсу, оның бұйрық-жарлықтарын жергілікті халықтардың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындаттыру, сондай-ақ оның ресми көзқарастарын халық арасына кең таратып, қол астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатын көздеді.
Алайда патша үкіметінің екіжүзді мақсатына қарамастан, Қазақстанда мәдениетің дамуына мерзімді баспасөздің пайда болуы елеулі әсер етті. Патша үкіметінің заңдарын, жарлықтарын жариялап, оның реакцияшыл, отаршылдық саясатын уағыздай отырып, сонымен қатар бұл газеттер өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мәселелерін көтеруге мүдделі болды. Бұл газеттерде мал шаруашылығы жайлы, мектептер, егіншілік туралы және сауда туралы жазылып тұрды, қазақ халқының тарихына, тіліне, ауыз әдебиетіне, этнографиясына, Қазақстанның археологиясы мен пайдалы кен байлықтарына арналған мақалалар басылып отырды.
Алдымен аударма ретінде шығып, бірте- бірте дербес газет дәрежесіне дейін жетіп, қазақ тілінде шығарылған «Түркістан уалаяты» газеті (1870–1882) мен «Дала уалаяты» газеті (1888–1902) қазақ баспасөзі тарихының алғашқы бет ашарлары деп есептелінеді. Бұл газеттер патша үкіметі қойған міндеттер мен мақсаттарға, оның отаршылдық саясатын жүзеге асыруға, Қазақстанда капиталистік қатынастарды орнықтыруға қызмет еткенімен, объективтілік тұрғыдан қарағанда қазақтың тілі мен жазба әдебиетін қалыптастыруда, ұлттық мәдениеті мен экономикасының тарихын жазу жөнінде белгілі дәрежеде айтарлықтай роль атқарды. Ташкент қаласында 1870–1917 жылдары орыс тілінде «Туркестанские ведомости» газеті шығып тұрды. Түркістан өлкесін билейтін генерал-губернаторлардың ресми органы болғанымен, бұл газетте жарияланған Орта Азия халықтарының тарихы мен этнографиясы, археологиясы және географиясы жөніндегі материалдардың мәні зор болды 27,533. Газетті шығарысуға Н.С.Сеерцев, В.В.Бортольд, Н.П.Остроумов, Ш.М.Ибрагимов сияқты белгілі ғалымдар қатысты.
«Түркістан уалаяты газеті» алғаш Ташкентте шығып тұрған. «Туркестанские ведомости» газетіне қосымшасы ретінде, кейіннен жеке бөлініп, айына екі рет қазақша жарық көріп тұрды. Газет бетінде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне қатысты түрлі тақырыптағы мақалалармен қатар әдебиетке, тілге байланысты бірсыпыра материалдар жарияланды. Газет бетінде алғаш рет А.С.Пушкиннің, Л.Н.Толстойдың, И.А.Крыловтың аудармалары қазақ тілінде жарияланды.
Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уалиханов туралы алғашқы мақала осы газет бетінде жарық көрді. Онда генерал-губернаторының Жетісуды аралап жүргенде Шоқанның қабірінің басында болғаны, басына белгі орнатуға бұйрық бергені айтылған.
1876 жылғы 29 санында «Қисса и Қожа-Ғаффанвәһәм Сәдуақас» деген кітапты Мұхамеджан Мұфтахиддиннің өз қаражатына бастырып шығарғанын хабарлап, оған біраз сын айтқан. Кітап «қазақ тілінде басылып шыққан болса да тілінің көбі ноғайша, кейбір жерінің сөзіне түсініп болмайды. Қазақ тілін бұзып басып шығарыпты. Енді оқыған адам қазақ тілі осы деп ойласа керек. Қазақ тілі қандай жарасып бір-біріне жабысып тұрғанын білгіңіз келсе, бір-екі ауыз сөз жазалық» деп, мысалға Орынбай ақынның өлеңдерінен екі шумақ ұсынылған. Бұл мақаланы алғашқы қазақ рецензияларының бірі деп қарау керек.
Газеттің бетінде (1878, №11–12) қарақалпақ ақыны Әжінияз бен қазақ қызы Меңештің айтысы басылған. 1878 жылғы үшінші санында Мәделіқожаның ел арасында болыстыққа таласуды сынаған өлеңі «Бір өлеңші адам елде үлкен жиылыс болғанда өлең шығарған екен» деген сөйлеммен басталатын кіріспе сөзбен берілген. Сондай-ақ, «Шымкент оязына қараған Мәделіқожа деген ақынның Сырдария облысының әскери губернаторы Калашовтың Хиуаға барғаны туралы тақырыпта шығарған өлеңі» берілген. Сондай-ақ, Досанбай ақынның өлеңі де басылған 28,8.
«Түркістан уалаяты газеті» әртүрлі тақырыптағы ауыз әдебиетінің үлгілерін беріп отырған. Әсіресе мақал-мәтелдер мол кездеседі. «Көп сөздің азы жақсы, аз сөздің өзі жақсы», «Ашу-дұшпан, ақыл-дос», «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ», «Жаманға жалынғанша жат та жаныңды қараман» секілді мақалдарды оқимыз.
Қазақ мақал-мәтелдерін жинап бастырушы Қожа Садық Бабажанов туралы мәлімет берілген. Қ.Бабажанов «... Қазақтың мақал-мәтелдерін зерттеуде елеулі еңбек сіңірген адам. Қазақтың мақал-мәтелдерін «Түркістан уалаятының газетінде» -жариялауына қарай бағалап, осы саланы зерттеудің алғашқы бастамасы деп қараймыз» 28,16,- деп жазады.
Сондай-ақ, газет беттерінде жұмбақтар, айтыстар, өлең-жырлар, аңыз-әңгімелер, ертегілер үзбей жарияланып отырған. Шығыстық қисса–дастандар, әсіресе «Мың бір түннің» хикаялары, араб-парсы әдебиетінен келген қисса-дастандар едәуір орын алған.
Сөйтіп қазақ баспасөзінің тұңғышы санадатын «Түркістан уалаятының газеті» беттерінде қазақ ауыз әдебиетіне, әдеби тілге, жекелеген ақындарға қатысты материалдар алғаш рет тасқа басылып, оқырман қауымға тарады. Бұл шын мәніндегі профессионал жазба әдеби сынының алғашқы көрінісі, бастаулары еді.
«Дала уалаятының газеті» «Акмолинские областные ведомости» газетіне қосымша ретінде Омбыда 1888 жылдан 1893 жылға дейін орыс және қазақ тілдерінде шығып тұрған. Соның орыс тіліндегі «Особое прибавление к Акмолинским областным ведомостям» атты қосымшасы 1894 жылдан бастап, орыс тілінде «Киргизская степная газета», ал қазақ тіліндегісі «Дала уалаятының газеті» деген атпен жарық көре бастады. Газетте негізінен патша үкіметінің бұйрық- жарлықтары, заңдары, хабар-ошарлары жарияланып тұрды. Сонымен бірге жергілікті қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты материалдар да жиі берілді. Орыстың Г.Потанин, А.Алекторов, А. Ивановский, А.Добромыслов, В.Обручев, Н.Пантусов, Н.Ильминский сияқты зерттеушілерінің қазақтардың тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне қатысты мақалалары жарық көрді.
А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой, М.К.Лермонтов, Д.Н.Мамин-Сибиряк, Г.И.Успенский, И.А.Крыловтың шығармалары қазақша аударылып басылды. Атап айтар болсақ, Л.Н.Толстойдың «Дұрыс әзілдескені» («Старик сжал яблони»), «Бақыт пен мұжық» («Мужик пошел косить луга и заснул»), «Құмырсқа мен көгершін» («Муравей и голубка»), «Бұғы» («Олень»), «Бұғы мен қарақаттың сабағы» («Олень и виноградник») сияқты шығармаларының аудармалары басылған. Газетке жарияланған «Қазақтың тәуір адамдарының қылар ісі» (1896, №43) атты мақаладан «Тургеневтің, Лермонтовтың, Толстойдың, һәм өзгелердің шығарған кітаптарын Өскенбайұлы еркін переуад қылып шығарған»- деген жолдарды оқимыз. Бұл жерде әңгіме Абайдың туысы Халиулла Өскенбаев жайында болып отыр.
Ш.Уалихановтың 60 жылдығына орай жазылған мақалада оның адамгершілігі мол, жан-жақты білімдар болғанын айта келіп, «Ш.Уалиханов ғылым, өнер иесі, халықтың ғадет заңын біліп, даңғыл, биік жолға шықса да өзінің туған жайын жатырқамай, һәм ұмытпады. Тағы да ғалым өнерінің қымбат екенін біліп, құрмет тұтып, өзінің халқын бек жақсы көрген еді. Ләкін Россия халқының қорғап, қоршап болысқанымен Азия халықтары ілгері басып һәм надандықтан құтылар ма деп ойлап еді»- деп жазылған (1894, №18).
Қазақтың ұлы ақыны Абайдың өлеңі алғаш рет осы газет бетінде жарық көрді. Абайдың «Жаз» өлеңі «Семей оязы Шығыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай ауылының Бақанас өзенінде Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» (1889, №7) деген атпен, «Кісіден үйреніп жаздым» деген Көкбай Жантайұлының қолымен жарияланған. Ал «Құнанбайға» өлеңі авторы көрсетілмей, «1888 жылы май айында Ақшатау деген жерде Семей облысы менен Жетісу облысының чрезвычайный съезі болғанда бір уездің ел билеушілерінің съездегі түрі»- деген атпен басылған (1889, №12). Абайдың көзі тірісінде жарық көрген өлеңі-осы екеуі-ақ.1895 жылы 3 санында басылған «Тәкәппар әскер басы турасында» деген аңыз-әңгіменің сюжетін өзінің «Ескендір» поэмасында өзек етіп, дамыта жырлады дейаламыз»- деп жазады қазақ баспасөзі тарихының білгірі Ү.Сүбханбердина. абайдың өлеңдері алғаш осы газетте жарияланса, ол туралы тұңғыш пікір де осында жарық көрді.
«Дала уалаяты газетінде» жаңа шыққан кітаптар туралы мақалалардың дені «Жаңа кітап», «Басылып шыққан кітап туралы», «Жаңа кітап турасынан», «Тағы да бір кітап шықты» деген сияқты тақырыптармен беріліп тұрған.мұндай материалдар көлемі жағынан көбіне шағын келіп, жаңа шыққан кітаптың не жайында, пайдалы немесе пайдасыз екендігін, жетістіктері не кемшіліктерін қысқаша тұжырымдап отырды. Сондай бір мақаланы Асылқожа Құрманбаев Неклюдовтың орыс-татар сөздігі туралы жазды. Осы сияқты «Киргизско-русский словарь», А.Е.Александровтің «Киргиз- казахи», А.Кенесариннің «Султани Кенесары және Сыздық» деген сияқты кітаптарға пікірлер берілген.
«Дала уалаяты газеті» беттерінде шығыстың классикалық әдебиетінен келген аңыз-әңгімелер, қисса-дастандар жиі жарияланып тұрды. «Мың бір түн», «Бозжігіт», «Шахнама», «Фархад- Шырын» секілді шығармаларға кең орын берілді.
Газетте қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері тұрақты орын алды. «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» жырының мазмұны, «Нәрік» батырдың ертегілік нұсқасы, «Ақсақ құлан», «Жошы хан», «Қалмақ толағай яғни қалмақтың басы», «Еңлік-Кебек», «Алдар көсе», «Жиренше шешен», «Асан қайғы» т.б. туралы аңыздар жарық көрді. А.Е.Алекторов, М.Бельский сияқты орыс зерттеушілерімен қатар Ж.Айманов, О.Әлжанов, Б.Адыков, М.Ж.Көпеев, Қ.Жапанов, Б.Райымбеков, Т.Сейфуллин т.б. сияқты қазақ оқығандары қазақ ертегілерін жинап, бастырды. Сондай-ақ мақал-мәтелдер, жұмбақтар А.Васильевтің,Ш.Ибрагимовтің, Ш.Уалихановтің, Қ.Бабажановтың, П.Мелиоранскийдің,В.Катаринскийдің, Ә.Дибаевтың жинастыруымен жарық көрген. Сөйтіп «Дала уалаяты газеті» қазақ әдеби тілінің қалыптасуына, әдеби-сыншыл ойлардың дамуына тарихи еңбек сіңірді.
Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде қазақ кітаптарының шыға бастауы сыншыл ойлардың ояна түсуіне жағдай жасады. Әсіресе 1909 жылы үш бірдей кітаптың-Абай өлеңдерінің, Ахметтің «Қырық мысалының» және Міржақыптың «Оян, қазағының!»- шығуы қазақ әдебиетінің ғана емес, сыншыл ойлар өрісін де кеңейте түскен айтулы оқиғаға айналды. Арғы-бергі әдебиет жайлы жазылған мақалаларда Абайға соқпай өтпейтін болды. Тіпті әлеуметтік- мәдени өмірдің түрлі мәселелеріне арналғандарының өзінде де ойға дәйек ретінде Абайға жүгіну жиі кездесті [29,4].
Қазақ әдеби ой-пікірлерінің дамуына «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің шығып тұруы тарихи рөл атқарды.М.Сералин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сынды ұлтжанды азаматтар шығарып тұрған бұл басылымдарда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, болашағына қатысты көтерілмеген мәселе болмады. Әсіресе әдебиет пен мәдениет айрықша назарда тұрды. Ұлттық бағыттағы өлеңдер жиі жарияланды. Қазақ әдебиетінің жай- күйін, болашағын айқындауға сол кездегі ұлт- азаттық бағыттағы қазақ қаламгерлерінің дені қатысты.
Қазақ әдебиеті, оның аса көрнекті өкілі Абай туралы пікірлер орыс тілінде қазақтар хақында жазылған еңбектерде көріне бастады. Солардың бірі- 1903жылы атақты ғалым П.П.Семенов-Тянь-Шанский мен академик В.И.Ламанскийдің басқаруымен Петербургта басылып шыққан «Россия». Полное географическое описание нашего отечества» атты көп томдық еңбек. Соның «Қырғыз өлкесі» аталған 18 томы түгелдей қазақтарға арналған. Кітаптың қазақтар туралы тарауын А.Н.Седельников, Ә.Бөкейханов, С.Д.Чазов жазысқан. Демек Ә.Бөкейханов қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті жайлы тарауды жазуға қатысқан.
Кітапта қазақтар Азия құрлығын мекендейтін барлық түркі халықтарының ішінде саны жағынан да, территориясы жағынан да бірінші орындарға (түріктерден кейінгі) халық екендігін ескерте келіп, оның әсіресе ойлау, есте сақтау қабілетін, тіл байлығын, мәдениетін бағалаған. Қазақ халқының рухани байлығын баяндағанда ауыз әдебиеті түрлеріне тоқталған. Әсіресе «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» дастанына көңіл бөліп, талдайды. Қазақ ақындарының Шортанбай, Ноғайбай сияқты ақындарының шығармаларына көңіл аударады. Абайға ерекше көңіл бөліп, оны қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін салушы ретінде жоғары бағалайды: «Наконец как представителя нового течения в киргизской поэзии, следует назвать Кунанбаева- автора многих стихотворений, изящних по форме и поэтический по содержанию (особенно описания природы). Этому же автору принадлежать хорошие переводы «Евгения Онегина» и многих стихотворений Лермонтова (который оказался наиболее понятным для киргизов), таким оброзом у семипалатинских «Оленчи» можно слышать, например, «Письмо Татьяны», распеваемое, конечно, на свой мотив» [30,27].
Ә. Бөкейхановтың Абайдың шығармашылығымен ақынның тірі кезінде-ақ айналыса бастап, ол туралы алғашқы пікірді беделді орыс басылымы бетінде білдіргендігін атап өткен жөн. Ә. Бөкейханов Абайдың ұлылығын алғаш танып, халыққа таныстыруға, насихаттауға айтарлықтай еңбек сіңірді. Абай қайтыс болған соң, ол Семейде орыс тілінде шығып тұратын «Семипалатинский листокта» ақынның өмірбаянымен таныстырған қазанама жариялады. Некролог үлгісінде жазылған мақалада тұңғыш рет Абайдың шығармашылық болмысы жасалынды. 1904 жылдың 23 маусымында Семей уезі Шыңғыс болысында туған даласына танымал қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың қайтыс болғанын хабарлаудан бастап, оның ата-тегімен, өскен ортасымен, алған білімімен таныстырған. Оның араб, парсы тілдерін жетік біліп, шығыс әдебиетімен еркін сусындағандығын айтады. абай өзінің бар қабілетін, дарынын ел арасындағы дау-дамай мен кемшіліктерге қарсы күреске жұмсауға мәжбүр болған «самородок» еді дейді автор.
Сонымен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдеби ой-пікірлерінің жандана түсуіне ұлы Абайдың поэзиясы негізгі қозғаушы күш рөлін атқарды. Абай қайтыс болғанда жазылған қазанамаларда, 1909 жылы шыққан тұңғыш кітабына соңғы сөз ретінде берілген Кәкітайдың ғұмырнамалық мақаласында, сондай-ақ орыс, басқа да тілдерде шыққан түрлі жинақтардағы мақалаларда, деректерде Абай поэзиясы жайлы бағалы пікірлер айтылып, ақындық даңқы жайлы бастады. Орысша жазылған еңбектерде Абайдың орыс әдебиетімен байланысына назар көбірек аударылды. Абайдың досы В.П.Михаэлис қайтыс болғандағы қазанамаға «Ертістің арғы жағынан Абай Құнанбаевтай поэзияның таза алтынын ашқанын» оның үлкен еңбегі ретінде атап өткен.
Сыншыл ойлардың тағы бір өрісті арнасы сол кезде шығып жатқан көркем шығармалар мен оқулық мақсаттағы кітаптар болды. Бұлардың дені педагогикалық бағытта ұстанып, әдебиеттің табиғаты, мәні жайында айтылған құнарлы ойлардың көзіне айналды.
«Айқап» (1911-1915) журналының қазақ баспасөзінің тарихындағы орны айрықша. Ағартушы-демократ жазушы Мұхамеджан Сералиннің басшылығымен шығып тұрған бұл басылым ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлттық, әлеуметтік санасының оянуына айтарлықтай қызмет етті. Журналдың тақырыптық аясы өте кең. Сол кездегі қазақ қауымын толғандырған әлеуметтік, экономикалық, мәдени мәселелердің ішінде басылым бетінде көтерілмегені жоқ десе де болғандай. «Айқаптың» қанатын кең жайып, кеңінен тарауына А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Н.Құлжанова, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Малдыбаев, С.Ғаббасов, Ә.Ғалымов, О.Сатыбалдин, Р.Мұсағалиев, М.Тұрғанбаев, Ж.Тлеулин, Ғ.Қарашев, Ж.Мәмеков, Н.Сатыбалды, С.Нұржанов, Ж.Басығарин, Қ.Кемеңгеров, Ш.Құдайбердіұлы т.б. сынды қаламгерлер айтарлықтай үлес қосты.
«Айқапта» көтерілген мәселелердің қомақтысы әдебиет пен тіл болды. 1911–1912 жылдары Әкірам Ғалымов пен 1913–1914 жылдары С.Торайғыровтың журналдың хатшысы, тілші, қызметкер болып С.Көбеев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Дөнентаев, М.Жолдыбаев сияқты ақын-жазушылардың шығармаларының басылып тұруы, оның үстіне редакторы М.Сералин сынды әрі жазушы, әрі публицист демократтың басқаруы да басылым бетінде әдебиет, мәдениетке қатысты материалдардың мол көрінуіне септігін тигізген.
Журналда М.Сералиннің әдеби-публицистикалық материалдары үзбей жарияланып тұрды. Редакциялық мақалалардың денін өзі жазды. Солардың бірінде ол: «Тіл, әдебиет-бір ұлттың жаны мен рухы-дүр әдебиеті болмаған миллет тілі шықпаған жас бала кебі-дүр. Себебі өзінің басындағы қайғы, һәм шаттықтарын басқаларға айтып түсіндіре алмас. Бір ұлт пен екінші ұлт халіне келтірген себептердің ең зоры да тіл және әдебиет. Өз ана тілінің, әдебиетінің бағасын біліп, дәмін сезген ұлт балалары өз тілін, ата-анасын артық құрмет етер. Тіл, әдебиет дүниедегі ғылым, өнердің, мәдениетінің ең асылы, ұрығы. Бұлл нәрселердің әдебиеті болмаған ұлт арасында таралып жаюы мүмкін емес. Біздің де өзімізше тіл, әдебиетіміз бар... көміліп қатаң қазынаны дүние жүзіне шығаруға үлкен- кіші бәріміз борышты қарыздармыз» [31,115]. - деп бүгінгі күнде де маңызын жоймаған ойлар айтты.
Басылым бетінде жаңа шыққан кітаптар жайлы пікірлер «Кітаптар жайынан» атты бөлімде тұрақты беріліп тұрды. Ұзын саны отыздан астам өлең кітаптарына, жиырмадан астам оқу құралдарына, аударма әдебиеттерге пікірлер шықты. Олардың қатарында А.Байтұрсыновтың «Маса», Ш.Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр», Ғ.Қарашевтің «Бала тұлпар», «Өрнек», «Қарлығаш», Ә.Ғалымовтың «Жастық жемістері», С.Көбеевтің «Үлгілі бала», «Үлгілі тәржіме», «Қалың мал», С.Дөнентаевтың «Уақ-түйек» кітаптары және «Қара қыпшақ Қобыланды» жыры бар. Көпшілігінің аннотациялық сипаты басым. Мысал келтірейік: «Жаңа шыққан кітаптар», «Жастық жемістері» қазақша өлеңмен басылған. Шығарушысы-«Айқап» оқушыларына белгілі Әкірам Ралымов. Ішінде әдемі-әдемі өлеңдер бар. Өлең оқуды сүюшілердің алып оқулары тиіс.
Ұмытылған «Қалқаман-Мамыр» қазақ тіліндегі тарихи хикая. Шығарушысы, һәм бастырушысы Ш.Құдайбердіұлы. бұл кітапта қазақта мұнан 190 жыл бұрын болып өткен бір оқиғаны қисса қылып, өлеңменен жазған. Оқушыларға әсерлі көркем кітап. Алдырушыларға Семипалатта «Ярдам» кітапханасынан алдыруға болады» [32,58].
Бұл шағын материалдардың жарнамалық, хабарламалық сипаты айқын.жақсы бағалап, оқырманға үгіттееген.
Ал, Нұржан Наушабаевтың өлеңдерін дұрыс бағалай отырып, ішінара дәлелді сындар да айтқан: «Алаш»- Нұржан Наушабаев сөзі. Бұл кітап назымға бөлініп жазылған. Наушабаевтың кәдімгі жүйріктігі мұнда да көрініп тұр. Ликин бізге бір ұнамаған жері: бағзы бір назым басында өз есімін қосыңқырап жазған. Мысалы, бірінші назым: «Сөзіңді әркім, Нұржан сүйер сенің»- деп. Тағы бір міні, әуелгі назымында: «Қимылда қалған жоқ па бірер тамшы»- деген сөзді қалдыру тиіс еді, боқауыз сөз екендігі білініп тұр [32,65].
Жалпы «Айқап» журналындағы сыни материалдарда шығармаға баға бергенде көбіне объективті түрде келіп отырғандығы көрінеді.
«Қазақ» газеті (1913-1918) А.Байтұрсыновтың редакторлығымен Орынборда шығып тұрған. Газет туралы М.Әуезов «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын» [33,220]- деп жазған болатын. Осы себептерден де бұл газет егеменді ел болғанға дейін қалың жұртшылыққа белгісіздеу болып, жабық күй кешіп келді.
«Қазақ» газеті халқымыздың рухани өмірінде терең із қалдырған саяси-әлеуметтік жағынан жетіліп, ұлттық сана-сезімінің оянуына айтарлықтай үлес қосқан халқының қамы үшін отқа түсірген, болашағы үшін күресе білген, кезінде қазақтың мүлгіген даласында шамшырақта жанып болашаққа бағыт көрсеткен айтулы басылым болатын.
Газет сол кездегі ұлтжанды қазақ зиялылары топтасқан рухани орталығы еді. Мұны газет авторларының құрамынан да байқауға болады. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Дөнентаев, Б.Майлин, С.Торайғыров, Р.Қарашев, А.Мәметов, Б.Серкебаев, Р.Малабаев, Қ.Қоңыратбаев сияқты бүкіл елге танымал қайраткерлердің мақала- шығармалары басылым бетінде үзбей жарияланып тұрды. Сондай-ақ Л.Толстойдан, А.Чеховтан, М.Лермонтовтан, В.Короленкодан, И.Крыловтан аудармалар басылған.
«Қазақтың» шығарушылары әдебиетшілер болғандықтан да газет бетінде әдебиетке қатысты материалдар айтарлықтай орын алған. Газетте сынның барлық жанрларында дерлік мақалалар беріліп, жетіліп-жетігіп, айқындала түсті.
Сонымен «Қазақ» газеті ұлттық әдеби сынның қалыптасып, дамуына тарихи еңбек сіңірді. Сол кездегі бүкіл қазақ аузына қараған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, А.Баржақсин, Р.Мәрсеков сынды мандайалды зиялыларымыз осы газеттің маңына топтасып, ұлттық әдебиетіміздің дұрыс жолда дамуы үшін ұлтжанды пікірлер айтып, қызмет етті. Ұлттық әдебиетіміз, мәдениетіміз, тарихымыз, тіліміз, дініміз жайлы осыдан 90 жыл айтылған пікірлер әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |