Байланысты: А.БАЙТҰРСЫНОВ МҰРАЛАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.2.А.Байтұрсыновтың педагогикалық ой-пікірлерінің қалыптасуына ықпал еткен қоғамдық және саяси-әлеуметтік жағдайлар Х!Х ғасырдың екінші жартысында қазақ даласының Ресей қол астына тұтастай бағынуы, жер-жерлерде әскери бекіністердің, сауда- саттық өркендеген қалалардың салынуы, орыс шаруаларын қоныстандыруы т.б. саяси-экономикалық қарым-қатынастар, қалыптасып қалған көшпелі халықты бірден отырықшылыққа қазақ халқына едәуір әлеуметтік-психологиялық кері әсер етті.
«Ресей Халық ағарту министрлігі 1870 жылы бұратана халықтарға білім беру шаралары туралы арнаулы заң қабылдады. Осы заң бойынша шет аймақтағыларды орыстандыруды көздеген миссионерлік педагогика жүйесі енгізілді. Өйткені, патша өкіметінің отарлау саясатының басты мақсатының бірі халықты жаппай орыстандыру, шоқындыру еді. Бұған жетудің негізгі жолы – мектеп, халық ағарту ісі екені даусыз /5/. Осындай мақсатты іске асыра бастаған Ресей миссионерлері мұсылман елінің бірлігін ыдырату, халықты дінінен, тілінен айыру, бұратана халықтарды шоқындырып, ата-баба салтынан, дәстүрінен қол үздіріп тоз-тозын шығару үшін ғасырлар бойы қолданып келе жатқан алфавитін жойып, мұсылмандық мектеп-медреселерді жоғалтып, орыс-қазақ мектептерінің санын көбейтіп, оларды бірте-бірте таза орыс тілді мектептерге айналдыруды көздеген алуан түрлі сұрқия істерін жүргізді. Патша өкіметінің мұндай саясатпен ашқан мектептері қазақ халқының ұлттық ерекшелігіне, мәдениетіне үйлеспеді. Себебі, отаршылдардың басты мақсаты – қазақ халқын сауаттандырып, көзін ашу, білімді болуын қамтамасыз ету емес, жазба мәдениетінен ажырату болатын. Ұлттық мектептердің азаюы, әлсіреуі осындай отаршылдық саясаттың күшеюінің нәтижесіне байланысты еді. Мұндай саясаттың белең алуына қарсылық білдірген алғашқы қазақ ағартушысының бірі – А.Байтұрсынов болды.
Осы ғасырдың аяқ кезінде қазақ мектептері құрылымына байланысты екі түрлі көзқарастар туындады. Алғашқылары – орыстандыру, шоқындыру, ұлттық дін мен тілден, мәдениеттін қол үздіруді көздеуші миссионерлер, ал соңғылары – орыс халқының озық идеяларын негізге ала отырып, халқының дүниежүзілік білімді игеруін қалаған ұлт ағартушылары болды.
Осындай озық идеяның жүзеге асуы үшін қызмет еткендердің бірі – А.Байтұрсынов еді. Ол халқының болашағы жарқын болуына бар ғұмырын арнаған «ұлтжанды» азамат еді. Оның бойындағы ұлтжандылық қасиет отбасында қалыптасты. Отбасының сол замандағы зұлматтың қасіретіне ұшырауы, қоғамдық - әлеуметтік жағдай оның болашақтағы көзқарастарына тікелей ықпал етті дей аламыз. Себебі, ғалымның балалық шағы Ресей империясының отарлау саясатымен тұстас келді.
А.Байтұрсыновтың немересі С.Кәкішев «Ахаң туралы ақиқат» /6/ атты ғұмырнамасында оның балалық шағынан бастап, саяси қоғам қайраткері болғанға дейінгі өмірін жан-жақты сөз ете келе, былай дейді: «Ахаңның тұқымында ер мінезді адамдар көп болған. Байтұрсынның әкесі Шошақ күшті, мінезі салмақты, ақылды, шындықты бетке айтатын турашылдығымен ел жұртына беделді, шаруа кісі екен. Сол қиын қыстау күндерінде халқының мәдениетін, мұңын жоқтап сырттан болған әр түрлі шабуылдан қорғап, талай шайқасқа түссе керек. Содан Шошақтың батырлығы, ақылдылығы туралы әңгімелер ел арасында кең тарап кеткен».
Ал, Ахметтің әкесі Торғай уезінің начальнигі Яковлевті көрсеткен озбырлығы үшін сабап басын жарғандықтан Сібірге айдалды. Осы оқиға Ахметке бала кезінен –ақ қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік туралы ой түсіріп, өшпес із қалдырғанын оның «Анама хат» өлеңіндегі:
Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам,- деген жолдарынан аңғарамыз. Ол 1895 жылы Орынбордағы учительский школаны бітіріп, әуелі Ақтөбе уезі Батпақты болысындағы А.Қопсықбақовтың ауылнай школында, /7/ одан соң Қостанай уезі Әулиекөл деген жерде болыстық школында, кейіннен Қостанай қаласындағы екі сыныптық орыс – қазақ школында мұғалім болды.
1886 жылы Ахмет Омбыға барып А.Е.Алекторовпен танысады. Осы жерде А.Е.Алекторовпен араласа келе, оның ішкі саясатын айқын аңғарады да, оны Н.И.Ильминскийдің саясатын жалғастырушы деген ой түйіндейді.
Ахмет 1886 жылдан 1907 жылға дейін Қарқаралыда орыс-қазақ школында, одан кейін қалалық училищенің оқытушысы қызметін атқарады.
Осындай ағарту ісімен айналысып жүрген кезінде-ақ, оның дүниеге деген саяси көзқарастарының қалыптасуы басталады, әрі осы жылдары өзінің «Қырық мысал» атты еңбегін жазады.
Ал, 1909 жылы жазықсыз жаламен Семей түрмесінде тоғыз айдай отырып шығуы А.Байтұрсыновтың өміріне қатты әсер етіп, қоғамдық –саяси күреске ертерек араласуына тура келді.
Ол туралы белгілі ғалым К.Нұрпейіс: «... ХХ ғасыр басында өрістей бастаған қазақ қауымына тән қоғамдық – саяси қозғалыс өз алдына әуел бастан жалпы ұлттық–демократиялық мақсат–міндеттерді қойды.
Бұл істің басы–қасында екі ғасыр тоғысында қалыптасқан зиялылар жүрді.
Олардың Ә.Бөкейханов бастаған көпшілігі қазақ халқының жалпы ұлттық мүдделерін білдіретін қоғамдық – саяси ұйымдар құрып, солар арқылы өлкедегі буржуазиялық – демократиялық сипаттағы қоғамдық қозғалысты басқаруға талпынды. Солардың қатарында А.Байтұрсынов та болды», /8/ - дейді.
А.Байтұрсыновтың ағартушылық-педагогикалық көзқарасының қалыптасып, ол жолды біржола ұстауына әсер еткен оқиғаның бірі 1913-1918 жылдар арлығындағы «Қазақ» газетінде редакторлық қызмет атқаруы.
Бұл қызметті атқару барысында А.Байтұрсынов қоғамдық және саяси - әлеуметтік жағдайларға белсене араласып, өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Оған ұлттық кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар қорында сақталған сол «Қазақ» газеті бетінде жарияланған мақалалары куә.
Мәселен, А.Байтұрсынов осы газет бетінде 1913 жылы «5 мың десятина жер», «Жауап хат», «Қазақтың бас ақыны», «Алаш азаматтарына» (М.Дулатовпен бірге), 1914 жылы «Бастауыш мектеп», «Мектеп керектері», 1916 жылы «Қазаққа ашық хат», «Сібір депутаттарының мәжілісінде», «Қазақ жұртына» (Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірге), «Торғай һәм Ырғыз уезінің халқына» (М.Дулатов, Тұнғаншин, Кәдірбаевпен бірге), 1971 жылы «Шорай Ислам» (Ә.Бөкейхановпен бірге) /9/ және т.б. жазған мақалаларында отаршылдыққа қарсылық, халық санасын ояту, білімін көтеру, сауатсыздықпен күрес, ұлттық баспасөз ісін жандандыру мәселелерін көтерді.
А.Байтұрсынов «Революция және қырғыздар» атты мақаласында: «М.Тынышбаев тәрізді патша заманынан бастап, отарлық билікке қарсы күресіп, қазақтың ұлттық саясатына жетекшілік жасаған қазақ зиялылары өкілдерінің атынан, осы қозғалыстың пайда болу себебіне, қазақ халқының 1917 жылғы қос төңкеріске қатысына, елді большевиктік анархиядан құтқару үшін құрылған уақытша Алашорда үкіметін, бұл үкіметтің азамат соғысы жылдарындағы қызметіне, бірін-бірі алмастырып билікке таласқан орыс үкіметтерімен байланысына және Кеңес үкіметі жағына өту себептеріне тоқталады.