«Көке, Сіз білесіз бе, мен қазір өткен күндерге жиі көз жүгіртемін. Балалық шағымның әр бөлігі мен үшін ерекше естелікке толы. Қайта оралмас тәтті сәттерді, сағымға айналған сағынышты кездерді еске алып, оңашада ой құшағына бөленемін. Кейде өз-өзімнен күлімдеп, кейде үнсіздік әлеміне бет бұрып, мұңайып кетем... Тәубә, Аллаға сансыз мадақтар мен мақтаулар болсын, қазір арамызда асқар тау болып отырған Өзіңіз барсыз. Көке, Сіз – біздің биік шыңымызсыз. Біз сізге әлі де жас баладай еркелеп, ақыл-кеңес сұраймыз. Көке, мен алаңсыз асыр салып ойнаған балалығымды ғана емес, жаныма жақын жандарым – аяулы атам мен ардақты апамды (әжемді), анам Ләйләні сағынамын. Олар күні кеше біздің ортамызда болды ғой. Кеше ғана атам мен апам өсиетін айтып, басынан ақ жаулығын тастамайтын анам мейіріміне бөлеп жүрді емес пе бізді?! Мына жарық дүние мәңгілік мекен емес екен ғой. Баяны да, байлауы жоқ өмірдің қас қағым сәтте өте шығатынын білмей қалыппыз. Енді, міне, олар біз көрмеген алыс сапарға аттанып кетті... Біле білсек, бақыт дегеніміз байлық пен мансап емес. Бақыт деген шаңырағыңдағы қазыналы қарттар мен былдырлаған тәтті үнді бүлдіршіндердің күлкісі екен. Бала күнімде марқұм апам: «Сендердің табандарыңа кірген шөңге менің маңдайыма кірсін», – деуші еді. Көке, бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, суыққа тоңдырмай, ыстыққа күйдірмей мәпелеп өсірдіңіздер. Иә, жарықтық анам марқұмның дәм- тұзы ерте таусылды. Балаларын бейнеттеніп өсіргенімен, қызығымызды көре алмады... Көке, арамызда ақылшы болып қарайып отырған өзіңізді қаншалықты бақытты ете алдық?! Сіз бөлеген мейірім-шуағының титтей бөлігін біз өзіңізге жасай алдық па? Осы мені ойландырады. Ақ парақ пен қауырсын қаламды жаныма серік етіп, өзіңізге хат жазуымның сыры осында, көке. Иә, алғашында абдырап, не жазарымды, неден бастарымды білмедім. Жүректегі тұнған сағынышты һәм келмеске кеткен балдәуренді өзіңізбен бөлісіп, естен кетпес шақтарды естеліктер арқылы болашаққа сіздің көзіңізбен қарап, ұрпаққа ой салсам деген үміт қой менікі. Балалық шаққа саяхат жасап, атамның өсиеттеріне, апамның ізгі қасиеттеріне, анамның асыл тірліктеріне, өзіңіздің жүріп өткен жолыңызға тоқталуды ұйғардым.
134
Көке, менің сағынышқа толы хатым өткен күннің белгісіне айналары хақ. Біздің әулеттің ұл-қыздары әр кез бабалар салған ізді өшірмей, аналар жаққан шырақты сөндірмей, адалдықты ту ететініне сенімім мол. Өйткені біз Сіздер берген тәлім-тәрбиені балаларымыз бен немерелерімізге үйретіп келеміз. Ертең олар да ұяда көргенін ұрпағына үйрететіні анық. Тек Жаратқан ием пәле-жала, қауіп-қатер мен тіл-көзден сақтасын...» [216].
Ал студенттер жазған рефлексивті хаттар «Анама», «Әкеге сағыныш»,
«Өткенге өкінем», «Кешірілмес кінәм», т.б. секілді сан түрлі тақырыптарда
жазылған. Солардың ішінен мысал ретінде мына екі хатты ұсынып отырмыз:
«Күмәнға хат» Менің күмәнім, өмірімнің қай сәтінен бастап пайда болғаның есімде жоқ, бірақ осы уақыт аралығында сен менің ажырамас серігіме айналдың. Қайда жүрсем де, соңымнан қалмайтын болдың. Мені тығырыққа әбден тіредің. Айтқаныңа бағындырдың. Мені толық басқаратын болдың. Бұған қалай жол бергенімді түсінбеймін. Сенен әбден шаршадым. Барлық нәрсеге күмәнмен қараудан жалықтым. Өзімді ақымақ сезінемін. Сенің кесіріңнен қаншама мүмкіндіктерден айырылдым! Сенің кесіріңнен қаншама адамның қолын қайтардым! Сенің