Нарықты зертеу және талдау. Бұл тарауда тұтынушы сатып алу кезінде басшылыққа алатын басымдықтарды анықтаған жөн: сапа, баға, жеткізу уақыты мен дәлдігі, сервистік қызмет көрсету және т.с.с. Нарықты сегменттеу қажет, кәсіпорын өнімдері бойынша нарықтардың көлемі мен сиымдылығын анықтау керек. Өнімнің, қызметтің нарықта қаншалықты тез орын алатынын талдаған жөн, оның алдағы уақытта кеңею мүмкіндігін, сонымен қатар оған әсер ететін негізгі факторларды негіздеу керек.
Бәсекелестерді талдау және бағалау едәуір маңызды болып табылады. Олардың күшті және әлсіз жақтарын анықтау және талдау қажет. Болжамды сату көлемін анықтау керек.
Ұйымдастырушылық жоспар. Ұйымдық-құқықтық нысан, басқарудың ұйымдық құрылымы, басқарушы ұжымның сипаты, персоналмен жұмыс, басқаруды материалдық-техникалық қамтамасыз ету баяндалады. Мұнда жетекші менеджерлердің лауазымдық нұсқаулықтарын, басқару үдерісіндегі олардың ролін және қызметтер мен бөлімшелердің қалай өзара әрекеттесетіндіктерін нақты анықтау керек.
Өндіріс жоспары. Бұл бөлімді жазу кезінде жабдықтауды (қамтамасыз етуді); технологиялық циклді; қондырғыларға қызмет көрсетуді; технологияларды жетілдіру мүмкіндіктерін есепке алу қажет. Өндіріс жоспары өндірістік үдерісті бейнелейді. Егер жекелеген операцияларды орындау қосалқы мердігерге тапсырылатын болса, онда бұл жөнінде осы бөлімде көрсетілуі керек. Өндірістік ғимараттарға қажеттілікті және олардың ауданын, сонымен қатар кәсіпорынның өндірістік ауданын бейнелеу қажет, қосымша қондырғыларға және материалдық ресурстарға қажеттілікті көрсету керек.
Маркетинг жоспары. Жобаны жүзеге асыру барысында орындалатын кешенді нарықтық зерттеулердің бағдарламасы: өткізілетін өнімдердің жалпы көлемі мен ассортиментін анықтау, өнімнің өмірлік циклінің кезеңдерін есепке ала отырып өнімді жетілдіру бағыттары, қорапқа, сыртқы түріне қойылатын талаптар; баға саясатын, өткізуді жоспарлауды, оны ынталандыруды негіздеу; жарнамалық компанияны, сервисті, маркетингтік бақылау жүйесін жоспарлау және т.с.с.