Бейбарыс сұлтанның отбасы туралы аса бай материалдар бар деп айта алмаймыз. Әсіресе, сұлтанның шыққан тегі, балалық шағы, Шам елдеріне құл болып келгеннен кейінгі өмірі туралы мағлұматтар жұтаң, жоқтың қасы. Сұлтан Бейбарыс қала төрінде орналасқан бекіністе тұрған. Бекініс ішінде сұлтанның сарайлары, әмірлерінің, нөкерлерінің және қызметшілерінің мекен-жайлары орналасқан. Оның үстіне қамал ішінде мәмлүк сұлтандарының жеке ұландары (саны он екі мың) казармаларда тұратын болған. Сонымен қатар онда үкімет үйі, әскер диуаны*, арнайы қазыхана орналасқан еді.
Сұлтан Бейбарыс бес рет үйленген. Бахри мәмлүктердің басшысы әмір Ақтай өлтірілгенде қыпшақтарды бастап, Шамға шығып кеткен. Сол кезде Шахрузурия тайпасының қызына үйленеді. Оны сұлтандық таққа отырғанда талақ етеді. Одан перзент көрген-көрмегендігі жөнінде ештеңе айтылмайды.
Екінші әйелі әмір Хусамуддин Беркехан бин Дәулетхан ал Хауарезмидің қызы еді. Беркеханның шешесі. Жылнамаларда Бейбарыстың қайын атасы Хорезмдіктердің басшысы ретінде аталып отырады. Кейбір тарихшылар Бейбарыс Алтын Орда ханы Берке ханның қызына үйленген деп қателеседі. Шын мәнінде, Бейбарыс Мысыр жеріне ауған хорезмдіктердің басшысы әмір Беркеханның қызына үйленген.
1280 жылы Бейбарыстың бәйбішесі әл-Хатун қайтыс болады. Әл-Юнини “Беркеханның шешесі - әйелдердің төресі, елге белгілі еді. Садақашыл, қайырымды болатын” – дейді.
Бейбарыс кейін әмір Сейфуддин Нукайдың қызына және әмір Сейфуддин Ноғай ат-Татаридің қызына үйленеді. Бұл адамдардың аттары Мысыр жеріне келген татарлар туралы мәліметтерде кездеседі. Алайда, олардың Бейбарысқа қандай қатысы бар екендігін дәл анықтау әзірше мүмкін болмады.
Бір өкініштісі, Бейбарыстың жұбайларының бір де біреуінің аты сақталмаған. Ол он перзент көреді. Үш ұл, жеті қыз. Ұлдары Беркехан, Наджмуддин Қызыр (Хадзир) және Бадруддин Саламум (Суламыш). Бейбарыстың кіндігінен тағы екі ұл болғанымен олар екі жаста шетінеп кетеді.
Бейбарыс сұлтандық құрып тұрған кезде ад-Дауадар Кармун ат-Татаридің қызына үйленеді, бірақ, сұлтанның соңғы некесі ұзаққа созылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |