5. ТҰЛҒА ӘЛЕУМЕТТАНУЫ
Адамның биологиялық және әлеуметтік табиғаты. Адам өмірінің мән – мағынасы. Жеке адамның әлеуметтенуі. Әлеуметтік іс-әрекет пен жеке адамның мінез-құлқының механизмдері.
Басқа гуманитарлық ғылымен салыстырғанда әлеуметтану, жеке адамды тұлға, әлеуметтік өмір бастауында тұратын қайраткер, әлеуметтік институттардың өзегі, дамып отыратын қоғамдық әрекеттестік бөлігі ретінде қарастырады.
Адамның биологиялық және әлеуметтік табиғаты. Адам - қайшылықты пенде. Оның, бір жағынан, - денесі, екінші жағынан, сана, рухы бар. Әлеуметтік дарвинизм бағыты қоғам өмірін адамдардың өмір сүру үшін күресінен, табиғи таңдау, тұқым қуушылықтан көреді, яғни биологиялық эволюционизм заңдылықтарын қоғамға таңады.
Социобиология жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан жануарлардың да әлеуметтік қасиеттерінің бар екенін айтады. Мысалы, жануарлардың альтруистік инстинктері (баласын қорғап қалу жолында өз өмірін беруге дайындығы, оған деген қамқорлыгы, үйір шеңберіндегі өзара көмек беру т.с.с.) Ч. Дарвиннің ашқан биологиялық эволюционизм принциптеріне қайшы келеді. Әлеуметтіктің алғашқы негіздері үйірдің шеңберінде пайда болатыны жөніндегі қорытынды осылай өмірге келеді.
Әлеуметтік редукционизмнің шынайы өкілі ретінде марксизмді келтіруге болады. Бұл ілімдегі түсінік бойынша, адамның терең мәнін нақтылы түрде қалыптасқан «қоғамдық катынастар жиынтығы» құрайды, яғни ол - оның әлеуметтілігінде.
Бүгінгі таңдағы ғылымда адамның био-әлеуметтік табиғаты мойындалды. Адамның дене ретіндегі өмір сүруі биологиялық заңдарға тәуелді. Күнбе-күнгі өмірімізде адамдардың табиғат өзгерістеріне тәуелді екенін емші болмасақ та байқауға болады (ауа қысымының өзгеруі, геомагниттік дауылдар, күн сәулесінің күшеюі т.с.с. табиғи құбылыстардың адамға тигізетін ықпалы). Адамның өмір сатылары да биологиялық заңдарға тәуелді (өмірге келу, балалық, жастық шақтар, ересек өмір, кәрілік, дүниеден озу). Әрбір адамның тарихтағы қайталанбастығы да оның әке-шешесі арқылы берілген генетикалық ерекшелігінде жатқанын мойындамасқа болмайды.
Жоғарғы айтылған қауіп-қатерлерден кем емес, бірақ та қоғамдық сананың назарына әлі дұрыс ілікпеген үлкен мәселе адамның тұлға ретіндегі био-әлеуметтік табиғатын сақтап қалуы болып отыр. Кейбір ғалымдар оны «антролологиялык дағдарыс» дейді. Оның терең мәні - адамзат жыл сайын ғылым мен техниканың жетістіктеріне сүйене отырып, өз Дүниесін күрделендіруде. Ол оның жақсы жақтарын пайдаланғанмен, өмірге келеңсіз, өз табиғатына карсы жатқан салдарларды тудырып, көп жағдайларда оны бақылай алмай қалады. Адам Дүниені қаншалықты терең өзгерткен сайын, соншалықты теріс әлеуметтік факторлар пайда болып, оның өмір сапасын төмендетеді. Дүниенің тез қарқынмен дамуы адамды өз ұлтының әдет-ғұрыптарынан айырып, басқа мәдени үлгілерді игеруге, «ол жақта, я болмаса бұл жақта да емес» маргиналдық ахуалға әкелетінін бүгінгі таңдағы реформа барысында көріп жүрміз.
Қорыта келе, адамның биологиялық және әлеуметтік жақтарын ажыратпай, бір-бірімен байланыстырып қарау керектігін баса айтуымыз қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |