II тарау 2.1.ХIХ ғасырдағы қазақ- татар әдеби байланыстары. Әдебиеттер байланысы, әрине, тек халықтардың байырғы қатынастарымен, атап айтқанда, олардың шыққан тегінің бірлігі, тіл туыстығы, мекен жақындығымен ғана шектелмесе керек. Бұл мәселеде шешуші қызмет атқаратын нәрсе--халықтар арасындағы саяси-экономикалық, әлеуметтік байланыс, осыған сай туатын тарихи тағдырлар мен мұраттардың ортақтығы, арман тілектер мен ұлттық мүдделердің ұқсастығы болмақ. Халықтардың, оның ішінде, қазақ, татар халықтарының осы ортақ мақсаттары мен ұқсас мүдделері Х1Х ғасырдың екінші жартысында, орыстың азаттық қозғалысының алғашқы кезеңдерімен байланысты айрықша көзге түсті.
Татарстан мен Қазақстанның орыс мемлекетінің түгелдей қол астына қосылып кетуіне байланысты жалғаса түсті. Өйткені, осыған байланысты қазақ, татар халықтарының арасындағы екі-үш ғасырға созылған үзіліс қайта жалғасты. Сөйтіп, баяғы түбі бір туыстық қайтадан қалпына келіп, туыстар тағы да табысып, құшақтар қайта қауышты.
Осыған байланысты олардың әдебиеттерінің арасындағы көне қатынас та қайта қалпына келіп, жаңа мазмұн, жаңа мағына тауып, жаңа бір арнамен дами бастады. Міне, осыдан бастап, қазақ-татар әдебиеттерінің арасындағы байланыстың жаңа дәуірі – екінші кезеңі басталды.
Ал татардың халық ақыны Ғ. Тоқай өз халқы әдебиеттің ХХ ғасырға дейінгі осы артта қалу себебін, былай деп жазды: « Не үшін біздің татарлар дүниеде осынша ғасыр өмір сүріп, жөні түзу бір өлең жаза алмаған ? Әлде өлеңді шығарушылар болып, оны жазып алушылар болмады ма? Сөйтіп ол өлеңдер өзін шығарушылармен бірге жерге көмілді ме? Оған дейін еркіндік болмады дейін десең, бізден басқа халықтарда да оған дейін еркіндік жоқ еді»[22:144]. Татар әдебиетінің тарихы туралы жазған ғылыми еңбектерінің бірінде проф. М.Ғайнуллин: «татар әдебиеті өзінің тақырыбы, көтерген мәселелері, идеялық және көркемдік дәрежесі жөнінде орыс әдебиетінен кем дегенде бір ғасыр артта қалып отырды.Мәселен, орыс әдебиетінде ХҮ111 ғасырдың өзінде-ақ көтеріліп, шешімін тапқан мәселелер татар әдебиетінде тек Х1Х ғасырдың екінші жартысында ғана күн тәртібіне қойылды. Осыған байланысты татар әдебиеті өзінің тақырыбы, идеясы, мазмұны, жанр түрлері, көркемдік жағынан орыс әдебиетінен көп төмен тұрды»[23:18]-деп жазады.
Қазақ елінің Ресейдің қол астына түгелдей қосылып бітуі ХХ ғасырдың орта тұсы десек, сол кездің өзінде-ақ қазақ қауымы, қазақ әдебиеті орыстың озат мәдениеті мен әдебиетін еркін игерген, олардың алдыңғы қатарлы қоғамдық ой-пікірлерін өз бойарына сіңіре білген Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин және А.Құнанбаев сияқты өз өкілдерін тудырды.Әрине бұл кездейсоқ нәрсе емес еді. Бұған кейбір тарихи жағдайлар себеп болған.
Көрнекті татар жазушысы Ғ.Ибраһимов 1916 жылы жазған еңбегінде: «Қазіргі қазақ халқының рухани өмірінде халықтың өзіндік сипаты, табиғи дербестігі, елдік ерекшелігі айқын байқады»,- деп жазса [4:26], татар ғалымы А.Сағди: «Қазірде ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталынып қалған бір тіл болса, ол – қазақ тілі және қазақ әдебиеті. Шын ғылым үшін біз мұны ашық айтуымыз керек», -деп жазды [25:86].
Ұзақ ізденудің нәтижесінде олар оқу – білімге, өнерге шақырған, әлеуметтік әділетке үндеген ағартушылардың алғашқы тобын тудырды. Олардың тек діни білімдері болғанмен, жаңа заманның жаңа талабын ағарып, халықтың надандығын, қараңғылығын жою, көзін ашу жөнінде өз заманы үшін тың да озат пікір айтты. Бұлардың қатарына Мәуле-Құли (ХҮ111 ғасыр), Отыз-Емени (1754-1834), Ғабденнасыр Құрсауи (1776-1818), Ибатулла Салихов (1794-1867), Ғабделжаббар Қандалилерді (1797-1860) қосуға болады. Бұлардың әрқайсысы өз дәуіріне, заманына және білімдеріне сай әр дәрежеде әртүрлі ағартушылық пікірлер айтып, жұмыстар жүргізді. Мәселен, татар ағартушыларының алғашқы тобына жататын Мәуле Құли өзінің кейбір еңбектерінде құран сөзін, шариғат заңдарын сопылық пікірлерді уағыздаумен бірге, бір үзім нан үшін ел кезген жалаң аяқ, жалаң бас кезбелерге аяныш білдірген, халықты қараңғылықта ұстауға наразы болған.
Дегенмен, өз заманы тұрғысынан қарағанда, бұлардың аз да болса озат ой-пікірлері Х1Х ғасырдың басында әлі де үлкен әлеуметтік күшке ие бола алмады.Өйткені, бұлар тек жекелеген қожа молдалардың адамгершілікке жатпайтын өрескел қылықтарын әшкерелеп, көзі ашық оқыған, аздап болса да мәдениеттілеу болуын талап етумен ғана қанағаттанды. Сөйтіп, ел арасында аздап болса да беделі түсе бастаған ислам дінінің абыройын қайта қалпына келтіріп, халыққа білім беру, оқу-ағарту жұмыстарын сол дін арқылы, ислам жолымен жүргізбек болды. Осыған байланысты, олар айтқан ой-пікірлер сол кездегі татардың қоғамдық көзқарастары мен мәдениетінде елеулі орын алды.
Х1Х ғасырдың екінші жартысында татардың қоғамдық ой-пікірі, мәдениеті мен әдебиеті едәуір өрлеу дәуірінде болды
Оның үстінде 1804 жылы Қазан университеті және басқа да түрліше оқу орындары ашылды.Мұнда орталық Ресейден келген көптеген ғалымдар (мәселен, Н.В.Лобачевский, А.П.Щапов, Ф.Ф Лесгафт, К..В.Лаврский т.б.) жұмыс істеді. Олардың кейбіреулері өздерімен бірге ондағы озат идеяларды да ала келді.
Оқта-текте, аз-мұздап қана бой көрсететін өздерінің ашық айқасқа шығып, батыл күрес жүргізе алатын өз иделогтарын туғызды. Соның бірі және аса көрнектісі Шиһабутдин Баһауитдин-Маржани (1818-1889) болды.
Маржани татар қауымында алғашқылардың бірі болып жаңаша (жәдит) мектебін ашты. Онда дін оқуымен бірге ғылым үйрететін есеп, география, тарих, орыс тілі сабақтарын да жүргізді. Маржани татарлардың орыс тілін білу қажет екенін айтты және орыс-татар мектептерінің ашылуын барынша қолдады.
Маржанидің көзқарасын қуаттаған, құптаған ақын-жазушылар шықты. Олардың кейбіреулері оны өздеріне ұстаз тұтты, оның пікірін насихаттаушы болды. Мәселен, белгілі ақын Ақмолла өзін Маржанидың шәкіртімін деп есептейді,оның идеяларын қазақ арасына насихаттайды. Ол 1889 жылы Маржанидың қайтыс болуына байланысты «Маржани мәрсиясы» ( «Маржаниға ескерткіш ») деген өлең жазады. Бұл өлең «Дәмелда Шиһабутдин Маржани мәрсиясы» деген атпен 1892 жылы Қазанда басылып шығады.
Ақмолла бұл өлеңінде Маржанидың сол кездегі қоғамдық өмірде, әлеуметтік күресте алған орнын, атқаратын қызметін дұрыс бағалайды, оған арнап мынадай өлең шумақтарын жазады: