Күннің жүзін қоршайды, Тез жеткенге ұқсайды[30:135].
Бұл келтірілген өлең жолдарындағы кездесетін таңдап, аңдап немесе қоршайды, ұқсайды сияқты етістік формалары татар тілінде кездеспейді деуге болады.
Ахмет Оразаев сонымен бірге қазақтың өлең –жырларымен жақсы таныс болуының арқасында өз дастандарының кейбір шумақтарын қазақ жырларының өлең өлшемі үлгісінде жазған, ондағы ырғақ, ұйқас заңдылықтарын ұстанған және қазақ халық фольклорында кездесетін көркем сөз тіркестерін барынша пайдалана білген.
Татар ғалымы, профессор М.Ғайнуллиннің айтуынша, тіпті ол кейін өзінің «Таһир мен Зуһра» атты дастанын таза қазақ тілінде жазып шығарған.Ал «Боз жігіт» поэмасын жазарда, оның қазақ арасына тараған нұсқаларында негіз етіп алған [23:135]. Сондықтан да болса керек, ұлы татар ақыны Ғ.Тоқай: «Таһир мен Зуһра» және «Боз жігіт» дастандары татардікі деп саналғанымен, бұл поэмалардың тілі қазақтардікі деп есептейді[31:214].
Қазақ, татар тілдерін, сонымен бірге башқұрт тілін еркін игерген, қазақ, татар әдебиеттерін, сол сияқты, башқұрт әдебиетін де жетік білген, әсіресе қазақ халқының ауыз әдебиетін еркін біліп, өз шығармаларын көбінесе қазақ тілінде жазған ақындардың бірі – Ақмолла (Мифтаһетдин) Мұхамедияров (1831-1895) [32:99-104; 33:331-357; 23:130-140]. Ол өз өлеңдерін негізінен қазақ тілінде жазған. Мұны кезінде өзі де атап көрсеткен. Мәселен, ол өлеңдерін «қазақ үшін», «қазақ тілінде жаздым», -дей келіп,былай дейді:
Қазақша өлең жаздым ашық қылып, Хасистердің жүрегін ашыттырып... Айтамын үгіт қылып қазақ халқын, Қаншама ғұламалар айтса-дағы, Бұрынғы қия алмайсыз ата-салтын [34:11]
Оның үстінде Ақмолла шығармаларындағы бейнелі сөздердің, теңеулердің, мысалдардың бәрі дерлік қазақ халқының өмірінен, қазақтың халықтың ауыз әдебиетінен алынған.
Ақмолла – Х1Х ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген көрнекті ақын. Ол өз шығармаларында әлеуметтік тақырыптарға тереңірек барып, өз заманының көкейкесті мәселелерін батылырақ көтере білген.
Ақмолланың өз заманындағы ақындардан айырмашылығы- ол адамның пиғылына, мінез- құлқына, адамгершілік жағына, жалпы моральдық бейнесіне баса назар аударған.Ол өз замандастарына кім болсаң – ол бол, бірақ ең алдымен адам бол деген қағиданы ұсынады, адамдарды адалдыққа, әділеттікке, ізгілікке үндейді, дүниеқорлықтан, қиянатшылдықдан, арамдық, жауыздық істен бас тартуға шақырады. Ақынның біраз өлеңдері жыл мезгілдерін, тағы басқа табиғат құбылыстарын суреттеуге арналған. Автор бұл өлеңдерінде көркемдік мәні зор тамаша табиғат көріністерін жасаумен бірге жаратылыс құбылыстарын диалектикалық тұрғыдан танып, олар жөнінде үлкен философиялық ой түйеді. Ақмолланың жыл мезгілдері туралы өлеңдер өз тұсында өмір сүрген қазақ ақындары Ы.Алтынсарин мен А.Құнанбаевтың осы тақырыпқа жазған шығамаларымен бірге лирикаларын байыта түседі.
Проф. Қ. Жұмалиевтің жазуына қарағанда қазақтың көрнекті ағартушы- демократы Ы. Алтынсарин Х1Х ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақтың Күдері, Сейдахмет, Нұржан сияқты ақындарына септігін тигізген [35:41]. Біздің байқауымызша, Х1Х ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ ақыны Ақан сері Қорамсаұлы да Ақмолланың өлеңдерімен жақсы таныс болғанға ұқсайды.Өйткені Ақан сері өлеңдеріндегі кейбір жолдар мен шумақтар да Ақмолла жырларының сарыны сезіледі.[36:31]
Ақмолла қазақтың ақындық өнері мен татардың ағартушылық идеяларын сәтті ұштастыра білген, оларды өз бойларына сіңіре білген, соның нәтижесінде екі халықтың тел ұлы болып өсіп, екі әдебиеттің өкіліне айналған.
Х1Х ғасырдың екінші мен соңғы ширегінде өмір сүрген татар ақын жазушылары тек қазақтың бай ауыз әдебиетінен ғана үйреніп, тек солан ғана үлгі -өнеге алып қойған жоқ, сонымен бірге сол кезде жаңа жанданып келе жатқан қазақтың жаңа жазба әдебиетімен, әсіресе қазақ халқының ұлы ақыны, қазақ поэзиясының классигі А.Құнанбаев (1845-1904) шығармашылығымен де жақсы таныс болып, оның өлең – жырларынан едәуір үлгі-өнеге алды.
Абай қазақ, орыс тілдері мен әдебиеттерін жақсы білумен қатар, туысқан татар жұртшылығымен және оның тілі, әдебиетімен де жақсы таныс болған.
Академик М.Әуезов бір кезде Абай ақындығының үш бұлағын көрсете келіп, соның бірі Шығыс әдебиеті екенін тап көрсеткен болатын. Ал ол кезде (яғни Х1Х ғасырдың екінш жартысында) қазақ арасында Шығыс әдебиетінің нұсқаларын таратушылар негізінен татар ақын-жазушылары мен солардың баспа орындары болғаны бәрімізге мәлім. Шығыстың небір әсем романтикалық поэмалары – «Жүсіп-Зылиха», «Таһир-Зуһра», «Боз жігіт», «Шәкір-Шәкірат», «Атымтай Жомарт», тіпті Әл-Фараби, Ибн Сина туралы ертегі аңыздары әуелі татар баспа орындарында кітап болып басылып шығып, қазақ арасына тараған.Ендеше, Абай қазақ арасына сол татар әдебиеті арқылы келген Шығыс әдебиетінің нұсқаларынан да едәуір нәрсе үйренсе керек.
Абайдың есімі мен әдеби еңбектері татарлар арасына әуелі ауызша белгілі болады да, кейін баспасөз беттері арылы тарай бастайды. Мәселен, 1897 жылы, Абайдың көзінің тірі кезінде-ақ, Қазан қаласында «Князь бен Зағифа» атты кітап жарыққа шығады. Осы кітаптың 12-15 беттерінде А.Құнанбаевтың «Сынағандағы аттың сыны» («Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ») және «Бүркітші» («Қансонарда бүркітші шығады аңға») деген екі өлеңі жарияланады. Сөйтіп, өлеңдері тұңғыш рет Қазан қаласында, татар баспасынан жарық көреді.
Абай қайтыс болғаннан кейін, арада 4 жыл өткен соң Орынборда, татар тілінде шығып тұрған «Уақыт» газетінің 1908 жылғы 333 санында «Абай Құнанбаев туралы» деген мақала жарияланады.Онда Абайдың өзі және оның шығармалары туралы бірсыпыра құнды пікірлер айтылған. Газет осы мақаласымен бірге Абайдың өлеңдерінен үзінділер басып шығарады.
Сөйтіп, ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында-ақ Абай шығармашылығы татар жұртшылығына, әсіресе, оның ақын-жазушыларына мәлім болды. ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген татардың ағартушы – демократ ақындарының бірсыпырасы, атап айтқанда, Ғ.Тоқай, Ғ.Ибраһимов, М.Ғафури, Ш.Бабич т.б. Абайдың ағартушылық-демократиялық дәстүрін әрі қарай дамытып әкеткен.