Кіріспе Тақырыптың өзектілігі



бет4/18
Дата05.12.2022
өлшемі326,5 Kb.
#55083
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
Байланысты:
Дип.-Қазақ-татар-ауыз-әдебиеті

Ормамбет би өлгенде,
Он сан тоғай бүлгенде,
Қара орман күйгенде...
деп жырлайды дала Бояны (жыршысы)[9:218].Ш.Ш.Уәлиханов ноғайлы дәуірінде жасалған әдебиетке татар, қазақ арасына кең тараған «Едіге», «Орақ батыр», «Ер Көкше», «Ер Қосай», «Шора батыр» және «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастандарын жатқызады.
Татар мен қазақ халықтарының бір кезде бір хандықтың қол астында өмір сүріп, көптеген әдебиет нұсқаларын жасағанын ауыз әдебиетін көп зерттеген ақын С.Сейфуллин де растайды. Ол өзінің қазақ әдебиет тарихына байланысты еңбектерінде, тіпті «Ноғайлы дәуірінде туған әдебиет» деген арнаулы бөлім енгізеді. Сәкен ертедегі ноғайлы дәуірі (ХV-XVII ғ асырлар) кезінде жасалған әдебиет нұсқаларын қазақ, татар, башқұрт, өзбек, қарақалпақ тағы басқа халықтардың бірігіп жасаған ортақ әдебиеті деп есептейді.Бұған ол көбінесе,батырлық жырларды және лиро эпостық дастандарды жатқызады. Мәселен, С.Сейфуллин былай деп жатқызады: «Қазіргі Қырым, Астрахань, Қазан, Еділ бойлары, Башқұртстан, Өзбекстан, Қарақалпақ және басқа жерлердегі түркі монғол руларының ол заманда ноғайлы елі атанғандары, ертедегі ноғайлы батырлары туралы айтылған жырларды, әңгімелерді «біздікі еді» десе айтуларына болады.Олай айтуға хақылары да бар. Ноғайлы заманындағы ноғайлының батырлар әңгімесіне бәрі де ортақ деуге болады. Оларға... қазіргі қазақтар да ортақ» [10:299]
Ал,енді,Алтын Орда ыдырап, оның қарамағында отырған ноғайлы елі бытырап, одан қазақ рулары бөлініп,өз алдына халық құрған кездегі татар және қазақ әдебиеттерінің жайы жөнінде Сәкен тағы былай дейді: «Қалың ноғайлы бірте-бірте бытырап, бөлек-бөлек болып, жан-жаққа – «ұлы-ұрымға, қызы- қырымға» тарасып кеткенде, қазақ атанып кеткен ноғайлылар өзінің ноғайлы заманындағы, ноғайлының бытырай бастаған заманындағы батырлар әңгімелерін өздері қазақ болып кеткен соң да ұмытпаған. Қазақ болған елден өзге жерлердегі ноғайлылардың көбі ол батырлар жырларының ұзын ырғаларын да ұмытып қалып, тек қана қысқа әңгімелерін ғана сақтап қалған. Тіпті кейбір ел қысқа әңгімелерінің өзін де ұмытып қалған... Ертедегі, ноғайлы заманын дағы батырларды әңгіме қылған жырлардың қайсысын алсаң да, қазақ болған елдің ауыз әдебиетіндегісі өзге түркі –монғол руларының бәрінікінен де екі есе немесе талай есе көлемді, талай есе толық сақталып келген...»[10:299]. Мұнан кейін С.Сейфуллин ноғайлы дәуірінде жасалған әдебиет нұсқаларына «Едіге», «Қобыланды», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Жабай батыр», « Нәрік ұлы Шора батыр», «Ер Көкше», «Ер Қосай», «Қозы Көрпеш –Баян сұлу», «Қыз Жібек» дастандарын жатқызады да, өзінің бұл пікірін осы поэмалардан үзінді келтіре отырып дәлелдейді.
Қазақ ғалымы Ш.Ш.Уәлиханов пен ақын С.Сейфуллин тарапынан айтылған бұл пікірлерді татар ғалымы проф.Х.Усман да толық қуаттайды. Мәселен, ол былай деп жазады: «Бір кезде Қара теңіз жағасынан Алатау бөктеріне дейін созылып жатқан сонау Дәшті Қыпшақ дәуірінде көптеген ортақ эпостық жырлармыз осы аталған аралықтың Батысы мен Шығысында бір үлгімен, құдіретті күшпен жаңғырып, айырмасыз, айна – қатесіз айтылған да жырланған.
Татар халқының тарихи дамуындағы одан бергі сан алуан өзгерістерге байланысты олардағы эпостың даму жағдайлары да өзгеріп кетті. Татардың халықтық шығармашылығы өзінің бұдан кейінгі даму дәуірінде бәйіт, қысқа жырлар түріне ауысты да, ал қазақтар болса, сол эпостың байырғы батырлық жыр дәстүрін одан әрі байытып әкетті»[11:26]. Сөйтіп қазақтың тұңғыш ағартушы-ғалымы Ш.Уәлиханов, ақын С.Сейфуллин, сондай-ақ белгілі татар ғалымы, проф. Х. Усман да қазақ- татар әдебиеттерінің түпкі тектерінің бір екендігін, олардың алғашқы нұсқаларының көбінесе бірігіп жасалғанын айтады. С.Сейфуллин мен Х.Усман оның үстіне, әлгі бірігіп жасалған ортақ әдебиет үлгілерінің татарларға қарағанда қазақ арасында молырақ және толығырақ сақталып қалғанын атап өтеді.
Бұлардың бұл пікірлерінің дұрыстығын қазақтың батырлық жырларымен танысқанда анық байқауға болады. Мәселен, есімдері қазақ, татар халықтарына бірдей мәлім Едіге, Орақ Мамай, Қобыланды, Алпамыс, Шора жөнінде екі ел арасында да көптеген өлең-жырлар мен ертегі - аңыздар бар. Бірақ қазақтың бұл батырлық жөніндегі өздерінің ой-пікірлері мен ой-қиялдарын ертегі-аңыз,яғни қарасөз түрінде ғана жеткізген. Бұған мысал ретінде Алпамыс батыр туралы шығарманы алуға болады. Қазақ ішінде «Алпамыс батырдың» негізінен үш версиясы болса, соның үшеуі де ұзақ өлең-жыр, яғни батырлық дастан түрінде сақталған. Ал, татардың «Алпамша» атты ертегісінің әр кезде жазылып алынған екі нұсқасының екеуі де ертегі, аңыз-әңгіме, яғни қарасөз түрінде жазылған. Қазақ-татардың «Алпамыс» атты батырлық жыры мен көркемдік ерекшеліктері мен олардың арасындағы өзара ұқсастықтар мен айрмашылықтар жөнінде академик жазушы М.О. Әуезов, Қ.Жұмалиев, М. Ғабдуллин, проф. Н.С.Смирнова, филология ғылымдарының кандидаттары А.А.Валитова мен Т.Сыдықовтардың ғылыми- зерттеу еңбектерінде өте жақсы айтылған.[12:566; 13:37-46; 15:173-209].
Ал,енді татар мен қазақ халықтарының Алпамыс жөніндегі шығармасын өзара салыстырып қарағанда көптеген ұқсастықтарды табуға болады. Мәселен, Алпамыс туралы қазақ жыры мен татар ертегісінде де батырдың қалыңдығына үйленуі, өзіне лайықты ат таңдап алуы, өзіне қарсы болған ханға сапар шегуі, батырдың тұтқынға түсіп, зынданда отыруы, жабайы қаздың қанатына хат байлап, оны өзі өскен өлкесіне жіберуі, әйеліне басқа біреудің үйленбек оймен құда түсіп жатқан кезінде батырдың еліне қайтып оралуы т. б. жағдайлар өте ұқсас келіп отырады. Бірақ бұл шығарма мазмұнының ұқсастығы емес,тек сюжет желілерінің жақындығы ғана деп түсіну керек.Өйткені, татар ертегісі мен қазақ жырын қатар салыстырып отырсақ, олардың арасында елеулі айырмашылықтардың бар екендігі байқалады.Мәселен,егер «Алпамыстың» қазақша версияларында: батырдың ата-анасының баласыз болу жайы әңгімеленсе, «Алпамша» атты татар ертегісінде бұл жоқ. Сол қалыңдығының ата-аналарының аттары да аталмайды. Сондай-ақ татар ертегісінде айтылатын Алпамшаның әйелі үшін бәсекеге түсуі, Алпамша мен Сандуғаштың бірігіп патшаға қарсы тұруы, батырдың үстемшіл Қылтаппен соқтығысуын баяндайтын эпизодтар қазақ версиясында басқаша баяндалады.Алпамшаның қараңғы түнек, түпсіз құдықтан босанып, сау-саламат еліне қайтып оралуы да басқаша.Сонымен бірге татар ертегісінде мыстан кемпірдің айла-амалы да айтылмайды. Қатысушы адамдардың да аттарында да атап айтарлықтай айырмашылықтар бар.Мәселен, қазақ жырындағы Алпамыс, татар ертегісінде- Алпамша, Гүлбаршын- Сандуғаш, Тайшық – Қылтап, т.с.с. болып келеді.
Татар ертегісін «Алпамыстың» қазақша версияларымен қатар алып қарағанда, олардың өмірдегі құбылысты беру тәсілдерінде де айырмашылықтар кездесіп отырады. Ол айырмашылықтар көбінесе қиял-ғажайыптық жайларға байланысты құрылған. Алпамыс жайындағы эпикалық жырды халық Еділ жағалауына әкелгенде, ол татар халқының өзіндік төл көркем туындысы болып саналып кеткен.Ал, бұлардағы, яғни эпикалық жыр мен ертегінің арасындағы айырмашылық жайларды қазақ пен татар халықтарының өмір шындығының әртүрлі болып келуі, елдердің бастан кешкен тұрмыс жолының әр қилы болуынан деп түсіну керек.
Алпамыс батыр сияқты Қозы Көрпеш- Баян сұлу туралы да екі ел арасына бірдей тараған таңғажайып тамаша аңыз бар. Мұнда да, қазақтың «ҚозыКөрпеш – Баян сұлуы» екі жастың арасындағы адал махаббаты мадақтаған лиро-эпикалық дастан түрінде жетсе, татар аңызы Қозының ерлігін көрсетуге бағытталған шағын ертегі түрінде ғана сақталған. Бірақ осы дастан мен ертегінің көтерген тақырыбы. Айтайын деген ой-пікірі, мазмұны мен сюжетінде де елеулі ортақтық пен ұқсастық бар. Мәселен, екі елдің аңызында да екі бай (бірде олар хан немесе рубасы) аңға шығып жүріп, далада құда болады, кейін бір құда өледі де, қалыңдықтың әкесі: «Жетім ұлға қызымды бермеймін» деп, қоныс аударып көшіп кетеді. Жас батыр Қозының балалық шағы да бірдей суреттеледі.Баянға аттанар жолдағы оған кездесетін кедергілер, қиыншылықтар да бір тектес.Қозы мен Баян арасындағы дәнекердің – бозторғайдың әрекеті, тағдыры ұқсас. Екі аңыздың да екеуінде Қозы Баянға тазша бала болып келеді.екі нұсқаның екеуінің де соңы кейде қайғылы, кейде бақытты болып аяқталады.
Осы аталған негізгі ұқсастықтарына қарағанда, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының о бастағы нұсқасы біреу-ақ екені сезіледі.Өйткені екі жастың арасындағы мөлдір махаббатты жыр еткен бұл тамаша әр елдің өз топырағында туа қалған күннің өзінде осыншалықты бірін-бірі қайталайтын ұқсастықпен жырланбаса керек еді.Сонымен қатар бірнеше ғасырлар бойы жырланып, айтылып келе жатқандығы себепті, бір тілден екінші тілге ауысқанда, сол халықтың қасиетін бойына сіңіріп те отырған.Ал, келе-келе қалыптасып, сол елдің дербес бір шығармасына айналуы әбден ықтимал.Бұл ретте жырды қабылдаған ел өз басынан кешірген тарихи кезеңдерді, өз елінің ұлттық дәстүрлерін, әдет-ғұрып, салт- санасын, тұрмысы мен психологиясын асқан шеберлікпен шығармаға дарыта да, оны дамыта да білген. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанын, оның идеялық- көркемдік қасиеттері мен толып жатқан версиялары, варианттарын салыстыра зерттеп, олардың әрқайсысына тән ерекшеліктерін ашқан академик М.О.Әуезов, Қ.Жұмалиев, проф. М.Ғабдуллин, Ы.Дүйсенбаев, Ә.Қоңыратбаевтардан бастап, бұл дастанды татар, башқұрт, алтай нұсқаларымен салыстыра талдаған М.Жолдасбековтерге дейін осы пікірге саяды [18:354; 20:3; 21:12].
Сондай-ақ татар арасында көп жырланған, сюжеті шығыстан ауысқан «Жүсіп-Зылиқа», «Таһир-Зуһра», «Ләйлі-Мәжнүн», «Сейфіл-Мәлік», «Боз жігіт», «Шәкір-Шәкірат» дастандары қазақ арасында да ерте кездің өзінде-ақ белгілі болған. Ал, «Қожанасыр әңгімелері», «Тотының тоқсан тарауы», «Қырық уәзір хикаялары», «Мұңлық-Зарлық» жырлары қазақ даласында қандай құрметпен айтылса, татар ноғайларында да сондай сүйіспеншілікпен жырланған. Бұл эпостар мен дастандардың, ертегілер мен аңыздардың бүкіл Орта Азия халықтарына, соның ішінде қазақтар мен татарларға да етене болып кеткені соншалық, кейде бұлардың кейбіреулерінің түп төркінін табудың өзі де қиын.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет