АЙБЕК (1905-1968)
Мұса Ташмұхамедов – «Айбек» деген лақап атпен танымал болған өзбектің көрнекті ақыны, жазушысы және ірі қоғам қайраткері. Ол 1905 жылы Ташкент қаласында тоқымашының отбасында дүниеге келген. Ташкештегі педагогикалық техникумды бітіргеннен кейін еңбек жолын оқытушылықпен бастаған. Ақын 1927-30 жылдар арасында Ленинградтағы (Санкт-Петербург) халықшаруашылығы институтында оқып, кейін Ташкенттегі Орта Азия университетіне (САГУ) ауысады. Оқу орнын бітірген соң, сонда окытушылық қызметпен айналысады.
Айбек шығармашылық жұмыспен жас кезінен бастап айналысып, 1922 жылдан бастап оның өлеңдері баспа бетінде жариялана бастайды. Алғашқы өлеңдер жинағы 1926 жылы «Сезім» деген атпен жарық көрген. Бұл жинақта автор дәуір талабына сай төңкерісшіл рухтағы («Кімнің жері», «Кедейлер сөзі», «Жұмысшыға», «Оян») өлеңдер жазған.
Бұдан кейін ақынның өлеңдері бірнеше рет жинақ болып басылған. Ақын бұл өлеңдеріне қарапайым халықтың жанқиярлық еңбегін арқау еткен. 30 жылдары ақын реалистік бағыттағы бірнеше поэмалар жазады. Бұл поэмаларында автор социалистік құрылыс кейіпкерлерінің бейнесін жасаған. «Дилвар – ғасыр қызы» деп аталатын поэмасында замана ағымына сай әрекет еткен өзбек қызының толыққанды портретін бейнелейді.
30 жылдардың соңында Айбек 1912-1916 жылдардың арасындағы өзбек халқыныңның саяси өмірінде болған оқиғаларды шынайы суреттеген «Киелі қан» романын жазған. Автор романның бас кейіпкері Жолшы бейнесін нанымды суреттеу арқылы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының шығу себептерін айқындай түсуге тырысқан. Жолшы бейнесінің даму жолы өзбек халқының ой-санасының қалыптасу жолын көрсетеді. Романның аяқталар сәтінде Жолшы түрмеден қашып шығып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың біріне айналады.
Сонымен қатар автор «Кек», «Бақтығұл мен Сағындық», «Батыр қыздар» атты поэмалар жазып, тарихи тақырыпқа да қалам тербеген. Соның нәтижесінде 30 жылдардың аяғында өзбек әдебиетінің классигі Әлишер Науаиге арнап алғаш поэма, кейін «Науаи» атты роман жазған (1940). Айбек өз романында Науаи өмір сүрген заманның шындығы мен шытырман оқиғаларға толы ақын тағдырын шебер қабыстыра өрнектеген. Романда Науаи бейнесі тарихи деректерге астастырыла отырып көркемдік шындықпен суреттелген. Автор оны дәуір тынысын бедерлейтін шытырман оқиғалардың қалың ортасында көрсетіп, романда Науаи бейнесі әрбір тарау сайын кемелдене, шыңдала түседі.
Осы романы үшін Айбек 1946 жылы КСРО-ның мемлекеттік сыйлығын алған. Осы тұста ақынның «Хамза» атты лиро-эпикалық поэмасы да жарық көреді.
1949 жылы Айбек Кеңес жазушыларының құрамында Пәкістанға сапар шегіп, осы сапары жайлы «Жарық іздеу» повесін жариялайды.
Айбек – ірі ақын-жазушы болумен қатар, талантты сыншы, зерделі ғалым, шебер аудармашы да болған. Ол Шығыс және Батыс әдебиетінің алтын қорынан мол сусындап, Науаи, Мукими мұралары туралы зерделі зерттеулер калдырған. Сонымен қатар Айбек аударма саласында да карымды қалам сілтеген. Ол Гомердің «Иллиада» дастанының үзінділерін, армянның «Давид Сосунский» эпосын, Гейненің өлеңдерін, Гетенің «Фауст» поэмасының үзінділерін, Пушкиннің, Лермонтовтың шығармаларын өзбек тіліне аударған.
Өз шығармаларымен өзбек әдебиетінің көкжиегін кеңейткен Айбек 1968 жылы кайтыс болды.
АБДОЛЛА ҚАҺҺАР (1907-1968)
Өзбектің белгілі жазушысы және драматургі Абдолла Қаһһар 1907 жылы Қоқан қаласында ұстаның отбасында дүниеге келеді. Сауатын 1919 жылы Қоқанда ашылған мектеп-интернатта ашып, кейін мұғалімдер дайындайтын техникумда оқиды. Осы кезеңнен бастап шығармашылық жұмыспен, газет-журнал шығару ісімен айналысады.
1924 жылы «Муштум» журналында алғашқы фельетоны жарияланып, әр жанрда жазылған басқа да шығармалары жарық көре бастайды. 1926-29 жылдар аралығында ол Орта Азия мемлекеттік университетінде оқып, кейін білімін аспирантурада жалғастырады.
Абдолла Қаһһар 20-30 жылдары өзбектің Кеңестік әдебиетінде новелла жанрының шебері ретінде таныла бастайды. Ол өзінің «¥ры», «Анар», «Көзі ашылғандар» сияқты әңгімелерінде қоғамдағы келеңсіздіктерді кейіпкер психологиясы арқылы шынайы суреттейді. Осы тұста оның «Сағым» («Мираж») атты романы да жарық көреді.
¥лы Отан соғысынан кейінгі жылдары Абдолла Қаһһар драматургия саласына ден қоя бастайды. Ол өзінің «Жаңарған өлке» («Жібек сюзанасы») комедиясында өзбек жастарының көпшілікке үлгі боларлық батыл бастамасымен оны іске асырудағы қажырлы еңбектерін шынайы суреттейді. Пьеса күлдіргі жеңіл оқиғаға, яғни пьесаның басты кейіпкерлері Диханбай мен Хафизаның аналарының тартысты диалогтарына құрылған. А.Қаһһарға осы шығармасы үшін КСРО мемлекеттік сыйлығы беріледі.
1954 жылы Абдолла Қаһһар «Ауру тістер» атты драмасын жазады. Мұнда автор зұлымдық пен екіжүзділіктің тек оқымаған надан адамдардан ғана емес, жоғары дәрежелі білім алған жастардың ішінен де табылатындығын көрсетпекші болады. Шығарманың бас кейіпкері – тіс дәрігері Марасул Құзыржанов қарабасының қамы үшін қандай зұлымдықтан болса да тайынбайтын алаяқ жан. Ол халықты алдап алтын орнына мыстан тіс салып, сауда жасайды. Пара беріп өзіне жалған құжаттар жасатады. Жасы кәмелетке толмаған оқушы қыз Насибаға алдаусыратып үйленеді. Автор осы шығармасы арқылы халықты адалдыққа, тазалықка үндейді. Драма соңы әділетті жеңіспен аяқталады.
Өмірінің соңғы жылдарында Абдолла Қаһһар «Болмыс жайлы ертегі» деп аталатын он төрт өмірбаяндық новелладан тұратын повесін жариялайды. Бұл шығармада Ферғана өлкесінің өткен ғасырдағы тарихи оқиғалары мен XX ғасырдың 60 жылдарындағы өзбек халқыныңның өмірі салыстырыла суреттеледі.
Абдолла Қаһһар сонымен қатар аударма саласында толағай еңбек жасаған қарымды қаламгер. Ол Пушкиннің «Капитан қызы», Гогольдің «Үйлену», Л.Н.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», Чеховтың әңгімелерін, Горькийдің «Менің университеттерім» т.б. көптеген шығармаларды өзбек тіліне аударған.
Халықтан шыққан талант Абдолла Қаһһар 1968 жылы 20 мамырда дүние салды.
Достарыңызбен бөлісу: |