Кіріспе түркі халықтары әдебиетінің мазмұны мен құрылысы



бет37/54
Дата01.05.2023
өлшемі0,92 Mb.
#88642
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   54
Дәріс жоспары:
1. Түрікмен халқы туралы қысқаша мәлімет.
2. Түрікмен әдебиеті туралы шолу.
3. Мақтымқұлы Фраги
4. Молла-Непес
5. Берді Кербабаев
6. Беки Сейтақов


Дәрістің мазмұны. Түрікменстан Республикасы Орта Азияның Оңтүстік Батыс бөлігіндегі нейтралды-тәуелсіз мемлекет. Түрікменстан түгелдей Тұран ойпатының оңтүстігінде Әмудария өзені мен Каспий теңізі аралығында жатқан мемлекет. Жер көлемі – 488,1 мың км2. Халқы – 5 млн. адам. Астанасы - Ашхабад қаласы. Мемлекеттік тілі – түрікмен тілі. ¥лттық валютасы – манат.
Түрікмендер негізінен Түрікменстан Республикасында, сонымен қатар Өзбекстанда, Қарақалпақстанда, Тәжікстанда, Ресей Федерациясының Астрахан облысында және Иранда, Ирақта, Ауғанстанда, Түркияда, Сирияда, Иорданияда, Біріккен Араб Әмірлігінде тұрады. 1995 жылғы дүниежүзілік санақ мәліметі бойынша әлемдегі түрікмендердің саны 6,5 млн. Парсы және түркі-оғыз тобындағы тайпалардың тоғысуынан жасалған түрікмен халқының шығу тегінің ала-құлалығы түрікмен мәдениетінің ерекшелігін айқындайды.
Түрікмен халық ауыз әдебиеті батырлық дастандарға, ертегілерге, аңыз-әңгімелерге, мақал-мәтелдерге, жұмбақтарға т.б. бай болып келеді. Түрікмен халық ауыз әдебиетінде әсіресе ерлікке үндейтін батырлық дастандар мен халық арманынан туған ертегілер мол ұшырасады. Түрікмен халқының хайуанаттар туралы, қиял-ғажайып және тұрмыс-салт ертегілері өзінің үнді-иран және түркілік негіздерін сақтаған. Ауыз әдебиетінің көркемдік жағынан ерекше дамыған жанрлық үлгісі дастандық эпос болып есептеледі.
Түрікмен әдебиет зерттеушілерінің пікірі бойынша, түрікменнің дастандық эпосы екі үлкен топтан түрады:
1. Түркі-оғыз бұтағы тобына жататын дастандар.
2. Шығыс классикалық поэзиясының (араб-парсы) дәстүрлі сюжеттеріне құрылған дастандар.
Түркі-оғыз бұтағына жататын дастан үлгілері; «Шах Санем – Ғариб», «Асылы Керім», «Тахир мен Зухра», «Кероғлы», «Саят – Хемра» т.б.
Шығыс классикалық поэзиясының (араб-парсы) дәстүрлі сюжеттеріне кұрылған шығармалар қатарына «Шах Баһрам», «Малика-Диларам», «Гүл және Санубар», «Ләйлі-Мәжнүн», «Жүсіп пен Зылиха», «Қорлыға-Хемра», «Гүл мен бұлбұл» т.б. түрікмен халқының ұлттық ерекшеліктеріне лайықталып, нәзира үлгісінде жазылған ғашықтық дастандар жатады.
Түрікмен әдебиетінің інжу-маржаны саналатын «Көроғлы» («Гөроғлы») дастаны-әзірбайжан, түрік, қарақалпақ, өзбек, казақ халықтарына да кеңінен тараған ортақ мұра.
«Көроғлы» дастанының түрікмен халқы арасында тараған нүсқасының өзіндік ерекшелігі бар. Бұл нұсқада жырдың негізгі кейіпкері Кероғлы - қайтыс болған анасынан көрде дүниеге келеді, сондықтан оның атын көрде туған Көроғлы атайды. Шығарманың сюжеті батырдың дүниеге келуі, ержетуі, туған елін сыртқы басқыншылардан қорғаған ерлік жорықтарының көріністерінен түрады.
Барлық түркі халықтарына ортақ «Көроғлы» эпосының негізгі сюжеті ұзақ жылдар бойына Иран шахына күрес ашқан батыр ұл туралы әңгімеленеді. Эпосты қай халық жырласа да негізгі идеяны өзгертпейді. Түркі халықтарына ортақ бұл дастанның қай нұсқасында да басты қаһарман – Көроғлы. Ол қайсы халықтың эпосында болса да қарапайым халыққа зәбір көрсетушілерге қарсы күреседі. Эпостың басты тақырыбы – басқыншы жаудан өз елін, жерін қорғау. Әрбір халық ел қорғаған батырының қаһармандық бейнесін тарихи Көроғлының төңірегіне жинап, жиынтық тұлға жасаған. Әр халық «Көроғлы» эпосын жырлағанда өзіне тән фольклорлық дәстүрін, поэтикалық шеберлігін, өз халқының өміріне әсер еткен, тарихында із қалдырған жағдайларды қоса жырлап – өзіндік туынды, оригиналдық шығарма жасаған. Мысалға, XVI ғасырда әзірбайжан тарихында болған Иран шахының зұлымдыгына, шектен тыс алым-салығына қарсы ұйымдасқан шаруалардың көтерілісі – «Көроглы» эпосының әзірбайжан нұсқасынан орын алған. Ал түрікмен тарихында болған оқиғалар «Көроғлының» түрікмен нұсқасына өзек болған. «Көроғлы» дастанының қазақ халқына да қанықты болуы түрікмен қазақ халықтарының тарихи- мәдени байланыстарының жарқын көрінісі. Түрікмен мен қазақ қатар жырлаған «Көроғлы» дастаны қазақ арасында тек өзіне ғана тән әуен сазбен айтылып келген. Мәселен, XX ғасырдың 60-жылдарында белгілі жырау Рахмет Мәзқожаевтан «Көроғлының» негізгі бір бөлегі «Әуезхан» дастаны жазып алынған. Қазақстанда «Көроғлының» тарамаған өңірі жоқ десе де болғандай. Жыр алыбы Жамбыл «Көроғлы» дастанын айлап жырлаған көрінеді. Қазақ халық композиторы Дәулеткерейдің «Көроғлы» атты күйі – қазақ күй өнерінің озық үлгісі.
Түрікмен ауыз әдебиетінің мұраларын халық арасына кең таратуда, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде дастандарды саз аспаптарының сүйемелдеуімен орындайтын өнер иелері – бақшылар (жыршылар) – маңызды міндет атқарған.
Түрікмен халық ауыз әдебиетінен оның жазба әдебиеті желі тартады.
Түрікмен жазба әдебиетінің алғашқы дәуірлерінде (XIV ғасыр) туған шығармалар дидақтикалық сарынның басым болуымен ерекшеленеді.
Бұдан кейінгі Темір әулеттері (1370-1507) йен Индиядағы ұлы Моғолдар дәуірінде (1526-1858) өмір сүрген Хилали Чағатай (XVI ғасыр), Байрамхан Ханханан (шығармаларын түркі тілінде де жазған) және оның баласы Рахым-хан (XVII ғасыр), Мырза Бархудар Түркмен (XVII ғасыр) сияқты түрікмен ақындары өз жырларын сол дәуірдің әдеби дәстүріне сәйкес парсы тілінде жазды.
ХУІІІ-ХІХ ғасырлар түрікменнің классикалық әдебиетіие ұлы есімдер берген және солар арқылы барынша өсіп өркендеген кезеңі еді. Бұл кезенде түрікмен халқының алдында өзара тартысып жатқан ру-тайпаларды бір орталыққа бағындыратын қуатты мемлекет құру міндеті тұрды.
Осы міндетті, яғни ел бірлігі мәселесін XVIII ғасырда өмір сүрген Ғариб Андалиб (1712-1780) және Азадий сияқты ірі ақындар өз шығармаларына арқау етті. Олар өздерінің Шығыстық дәстүрлі сюжетке нәзира үлгісімен жазылған дастандары арқылы түрікмен халқын ынтымақ-бірлікке шақырды. Мәселен, өзбек шайыры Әлішер Науаидың «Ләйлі-Мәжнүн» дастанышың үлгісінде Ғариб Андалиб түрікмен халқының ұлттық дәстүрін, поэтикалық шеберлігін танытатын, елді бірлікке үндейтін ғажайып дастан жазған.
Түркі халықының көпшілігінде сақталған ерекше жанр – ақындар айтысының жазбаша түрі – түрікмен әдебиетінде ерте кезден-ақ кең өріс алған. Мәселен, Мақтымқұлы Фраги мен Дурды Шаһирдің (XVIII ғасыр, Сеид-Назар Сеиди (1775-1836) мен Құрбандурды Зелелий (1795-1850) арасындағы жазба айтыстар түрікмен әдебиетінің көкжиегін кеңейтті.
Түрікмен әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі Мақтымқұлы Фраги (1733-1772) есімі түркі халықтары әдебиетінің алтын қорына алтын әріптермен жазылған.
Молла Непес Қадырбердіұлы (1810-1862) – түрікмен халқының атақты лирик және эпик ақыны, көрнекті музыканты, бақшысы.
Мамед-Вели Кемине (1770-1840) – түрікмен халқының лирик және сатирик ақыны. Ақын өз шығармаларында адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді, тәкәппарлықты, жалқаулықты, сараңдықты, дөрекілікті, қанағатсыздықты, мақтаншақтықты, т. б. шенейді. Ол өзінің «Кедей», «Қазына» деген өлеңдерінде ел билеушілердің екіжүзділігін, қатыгездігін, надандығын әшкерелейді.
Түрікмен кеңес дәуір әдебиетінің дамуына лирикалық шығармаларымен Молламұрат («Түнерген өмірде» өлеңдер жинағы (1929-1932), Аман Кекілов («Алға») (1912-1974), драмалық шығармаларымен Ш.Кекілова («Қарақұм шөлінде»), Тоушан Эсенова («Шемшат»), прозалық және поэзиялық шығармаларымен Берді Кербабаев («Әдет құрбаны», «Амудария» поэмалары, «Алып адым» романы) т.б. өз үлестерін қосты.
1934 жылы Түрікменстан Жазушышар одағы құрылды. Бұл одақтың құрылуы жазушылардың кәсіби мәдениетінің өсуіне, халық өміріне енген жаңа әдеби тілдің дамуына үлкен әсер етті.
¥лы Отан соғысының алғашқы күндерінде көптеген жазушылар майданға кетті. Осы жылдары ақын-жазушылар шығармаларының тақырыбы – соғыстағы жауынгерлердің ерлігі болды. Бұл тақырып әсіресе, Ата Салықтың «Лейтенант баласы» (1941) және «Ерлік» (1942) т.б. шығармаларына арқау болып, оның шығармалары сол тұста кеңінен танымал болды.
Түрікмен әдебиетінің арнасын кеңейткен, оның әдеби жанрларының дамуына мол үлес қосқан түркімен жазушысы – Беки Сейтақов. Ол өзінің «Ақын» атты романында XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы түркімен халқының тұрмыс-тіршілігін, түркіменнің белгілі ақыны Дұрды Қылыш образы арқылы бере білген. Беки Сейтақов түркімен халқының көркем әдебиетінде тарихи адам бейнесін жасауда ерекше еңбек сіңірген қарымды қаламгер. Ол өз шығармаларында көркем шындықты тарихи деректермен әсем қиюластыра білуімен түркімен әдебиетінің тарихынан ерекше орын алады.

МАҚТЫМҚ¥ЛЫ ФРАГИ (1733-1772)




Түрікмен әдебиетінің классигі Мақтымқұлы Фрагидің есімі шығыстың ұлы ақындарының легінде аталады. Оның жауһар жырлары жер жүзі поэзиясының озык үлгілерінің біріне айналды.
Мақтымқұлы – өзінің отты жырларымен, көрікті ойларымен түрікменнің классикалық әдебиетінің негізін қалаған ғажайып ойшыл ақын, қайраткер. Мақтымқұлы 1733 жылы Геркез ауылында, қазіргі Қарақала ауданында дүниеге келген. Әкесі Довледмамед Азади тек қана түрікмен еліне емес бүкіл Шығысқа аты кең тараған ойшыл ақын болған. Оның өлеңдері, ғазалдары және «Вағзы-Азад» атты дидақтикалық поэмасы болған. Әкесінің бай кітапханасында әдеби мұралармен қатар ұлы ғалымдардың да еңбектері болған. Осындай ортада тәрбиелену Мақтымқұлыға қолына ерте қалам алуға жағдай жасайды. Мақтымқұлы алғаш әкесінен хат танып, кейін ауыл мектебінде оқиды. Тоғыз жасынан бастап өлең жаза бастайды. Сонымен қатар Мақтымқұлы жас кезінен күмістен қолөнер бұйымдарын жасайтын зергер де болған.
Ол өзінің білімін Хиуадағы Ширғазы, Бұхарадағы Көгелташ медресесінде жалғастырады. Мақтымқұлы өлеңдерінің мазмұнына Караганда оның Хиуа мен Бұхарадан басқа да Әзірбайжанда, Иранда, Ауғанстанда болғандығы байқалады.
Ақынның жеке басының тағдыры да сәтті болмайды. Жас кезінде Меңді деген қызды ұнатады. Бірақ әкесі Меңдіні басқа елге ұзатып жібереді. Бұл оқиғадан ақын көп қасірет шегеді. Ол өзінің «Жар сенен» деген өлеңінде:
Шарап ішіп шартарапты шарласам
Ет жүрегім тілім-тілім зарласам
Көгершіндей таудан тауға самғасам
Бәлкім, хабар алар ма екем, жар сенен! – деп жүрек түкпіріндегі құпия сырларын, сезім сәулелерін жырға қосады.
Оның өмір сүрген тұсы – XVIII ғасыр – түрікмен халқының тарихындағы ең ауыр кезең болды. Жан-жақтан анталаған шетел басқыншылары түрікмен халқының береке-кұтын қашырып талан-таражға салды. Әсіресе Иран шахы Надирдің қанды жорығы түрікмен елін орны толмас ауыр күйзеліске ұшыратты. Мақтымқұлының елді азаттыққа, бірлікке шақырған жалынды жырлары осы кезде дүниеге келді. Ол өз халқының болашағына, қажымас қайратына, биік рухына сенді:
Дос келетін болса достың қасына
Тебіренеді топырағы, тасы да
Жұрт жиналса бір дастархан басына
Бағы жанып тасыр нұры түрікменнің
Мақтымқұлының қандай шығармасынан болсыи өмірдің өзекті мәселелеріне жауап алуға болады. Ақын өз жырларында адамзатпен бірге жасасып келе жатқан қарама-қайшылықтар – байлық пен кедейлік, ерлік пен ездік, жомарттық пен сараңдық, білімділік пен надандық, әділдік пен арамдық, жақсылық пен жамандықтың ара жігін саралайды. Ойшыл, философ ақынның әрбір шығармасынан адамгершілік пен гуманизмнің лебі есіп, биік парасаты аңғарылып тұрады.
Мақтымқұлы өзінің рухы биік жырларымен түрікмен халқын ауызбірлікке, ынтымақ-татулыққа, түрлі ру-тайпалар арасындағы алауыздықты жоюға шақырады. Халқының азаттығын аңсаған патриот ақыны, ұлы ойшылы – Мақтымқұлы отты жырларымен өз халқын шет ел басқыншыларына қарсы ерлік күреске үндейді. Бұл асқақ идея оның «Керекті», «Ер», «Болмаса», «Бақыт кұсы», т. б. өлеңдерінде көрініс тапқан.
Мақтымқұлының сүйіспеншілік туралы нәзік лирикасы, ерлік пен елдік жайлы азаматтық лирикасы қадір-қасиет, мінез-кұлық туралы көңіл-күй лирикасы және дүние Мақтымқұлы жайлы философиялық ой толғамдары «Гүлзарымнан айрылдым», «Елменен», «Түрікмен», «Тең болмас», «Тау санар», «Дүние етіп барады», т. б. оны күллі шығыс поэзиясының көкжиегіне көтерді.
Түрікмен әдебиеттанушыларының пікіріне қарағанда, ақын мұрасы шамамен 16-18 мын, жолдан тұрады.
Түрікмен әдебиетінің XIX ғасырдағы аты белгілі ақындары Кемине, Молла Непес, Зелили мен Сеили шығармашылығына Мақтымқұлының мұрасының ыкпалы зор болған. Ақын жайында Берді Кербабаев «Мақтымқұлы» трагедиясын, Петр Карягин «Мақтымқұлы» атты роман жазған. Мақтымқұлы жырларын қазақ ақындары Ғали Орманов пен Дүйсенбек Қанатбаев қазақ тіліне аударған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   54




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет