Берді Мұратұлы Кербабаев – Түрікменнің қазіргі кезең әдебиетінің негізін қалаушысы, Түрікменстанның халық жазушысы, ақын, драматург және әдебиет зерттеушісі. Қаламгер 1894 жылы Түрікменстанның Теджен ауданының Коуки-зерен ауылында туған. Алғаш сауатын ауыл мектебінен ашып, білімін Бұхара медресесінде жалғастырған. Медреседен алған білімі оған Таяу шығыс елдері классиктерінің шығармаларымен танысып араб, парсы тілдерін үйренуге мүмкіндік береді. Кейін ол Ленинградтың (Санкт- Петербург) Шығыстану институтын бітіреді. Берді Кербабаев әдеби шығармашылық жолын 1923 жылы сол кезеңнің өзекті тақырыбына арналған «Ағылшындар жатып атады», «Тағы іш» сияқты сатиралық өлеңдерімен бастаған. 1925 жылы «Тоқмақ» атты сатиралық журналдың редақторы болып тағайындалады. Берді Кербабаевтың 1927 жылы жазған «Қыз әлемі» поэмасын ХІХ ғасырдағы түрікмен әдебиетіндегі әйелдер теңдігі тақырыбына арналған алғашқы сюжетті шығарма. Осыған жалғас жарық көрген «Әдет кұрбаны» (1928) атты реалистік шығармасында төңкерістен бұрынғы түрікмен әйелдерінің өз бас бостандығы үшін күресе алмаған аянышты өмірін суреттей отырып, түрікмен әйелдерін жаңа заман тынысы әкелген игіліктерді пайдалануға шақырады. Қаламгер «Амудария» (1930), «Айлар» (1943) сияқты поэмаларында түрікмен халқының өткен ғасырлардағы тұрмыс-тіршшігін XX ғасырдың 30-шы жылдарындағы қоғамдағы дүбірлі өзгерстермен қатар қоя суретейді. Берді Кербабаев 1942 жылы жазған «Мақтымқұлы» пьесасында түрікмен әдебиетінің классигі Мақтымқұлының өмір сүрген дәуірін ақын образы арқылы бере білген. Сонымен қатар ол түрікменнің «Абадан» атты алғашқы операсына либретто жазған. Б.Кербабаевтың жиырма жылға жуық уақыт жазған кең тынысты, күрделі шығармасы – «Алып адым» (1940) романы. Жазушы бұл шығармасын оқырмандардың тілегі бойынша қайта өңдеп, 1955 жылы 3 кітап етіп бастырған. Романда 1916-20-шы жылдар арасында Теджен оазисіндегі халықты астықпен қамтамасыз еткен түрікмен диқандарының шешуші қадамдары суреттелуімен қатар, азамат соғысы жылдарындағы Орта Азия теміржолының ерекше маңызы болғандығын айқындайды. Романның басты кейіпкерлері – диқан Артық Бабалы және оның сүйген қызы Айна адал махаббаты жолында көптеген қиыншылықтарға жолығып, арпалысқа толы кезеңдерді басынан өткізіп, кейін өз бақыттарына қол жеткізген жастар. Сондай-ақ романда Әшір, Мехинлі, Мава сияқты прогреске ұмытылған түрікмеи жастарының бейнелері де шынайы суреттелген. Қорыта айтқанда, романда дүрбелеңді кезеңнің тар жол, тайғақ кешулерінде замана ағымын бағдарлай алмай адаса жүріп, кейін тура жолға түскен түрікмен жастарының «алып адымдары» көркемдік тәсілдермен нанымды өрнектеледі. Сонымен қатар, Берді Кербабаев «Ақ алтынды аймақтың Айсолтаны» (1949) повесінде Социалистік Еңбек Ері Айсолтан Рахманованың бейнесі арқылы түрікменнің мақташы қыздарының қажымас қайратын, алқаптағы ерен еңбегін суреттейді. Жазушы мұнайлы өлкенің тыныс-тіршілігіне де қалам тербеп, мұнайшылар өмірін өз тақырыбына өзек еткен «Небит-Даг» романын 1957 жылы жарықка шығарып, 1968 жылы осы романның желісімен «Бұл қалай болды?» драмалық шығармасын жазған. Берді Кербабаев балалар әдебиетіне де қалам тербеген жазушы. КСРО халық әртісі, түрікменнің белгілі өнер қайраткері Алты Қарлиевтің өмір жолы туралы «Қарлы Шақанұлы» атты деректі повесты жариялаған. Көрнекті қоғам кайраткері ақын, жазушы, драматург Б.Кербабаев 1974 жылы дүние салды. БЕКИ СЕЙТАҚОВ (1914-1979)
Беки Сейтақов 1914 жылы 1 қаңтарда Түркіменстанның Тахта ауданы Бедеркент елді-мекенінде дүниеге келген. 1931 жылы Ташауз педагогикалық училищесін бітіргеннен кейін халық ағарту саласында қызмет істейді. Тырнақ алды туындылары 1935 жылдан бастап жарық көре бастайды. Беки Сейтақов әр жанрда қалам тербеп Түркімен әдебиетінің жан-жақты дамуына үлес косқан қаламгер. Беки Сейтақовтың есімін елге мәлім еткен алғашқы шығармасы – «Өрмекшінің торы» повесі. Б.Сейтақов «Ақын» деп аталатын романында XIX ғ. аяғы мен XX ғ. басындағы Түркімен халқының басынан өткен қоғамдық-әлеуметтік жағдайды. Түркіменнің көрнекті ақыны Дұрды Қышыш образы арқылы көрсете білген. Романда Дұрды Қышыш ақынның (1886-1950) бейнесін жазушы тарихи деректерді көркемдік шындықпен астастыра отырып сомдаған. Сонымен қатар романда автор түркімен әйелдерінің өр де асқақ мінездерін Тұмарлы мен Ләлә бойларына жинақтап, түрікмен әйелдерінің жиынтық образын жасаған. Б.Сейтақов түрікменнің көркем әдебиетінде тарихи адам тұлғасын өте сәтті жасауымен әдебиет тарихынан ерекше орын алған. Б.Сейтақов 1979 жылы дүние салды.