1.Тұлғаға бағдарланған көзқарас ұғымына түсініктемелер: - оқушының өзіндік даралық ерекшелігі;
- тұлғаның өзіне тән қабілеттері мен мүмкіндіктерін танытуы;
- өзін және қоршаған ортаны тануда саналы, шығармашылық белсенділік көрсету әрекеті;
- оқушылардың білім алуына жағдай жасау, өмірлік, кәсиби өсуіне педагогикалық қолдау, көмек беру;
2.Оқушыларға білім беру әрекетіндегі негізгі ұстанымдар:
- өзін-өзі белсенділікке тарту ұстанымы;
- субъектілік ұстанымы;
- таңдау ұстанымы;
- шығармашылық табыс ұстанымы.
3. Технологиялық бөлімі: - шығармашылық іс-әрекетке шақыру;
- баланың жеке басының дамуын қолдау;
- оқушылардың өз бетінше шешім қабылдауына, білім алудың мазмұны мен жолдарын таңдауға еркіндік беру.
Жеке тұлғаны бағдарлап алып оқытуда білім алушының жеке басы бірінші орында тұрады. Әрбір студент тұлға бола отырып, бір жағынан жеке тұлға, екінші жағынан әлеуметтік тұлға, яғни бойында әлеуметтік маңызды сипаттарды қамтушы болып табылады [85].
Яғни, топтағы әрбір оқушының ерекшеліктерін, қажеттіліктерін ескере отырып, оның оқу процесінде жан-жақты дамуын жүзеге асыру керек. Тұлғаны оқытудың соңғы нәтижесі - мәдениетаралық қарым-қатынасқа жету.
Әр ұстаз педагогикалық іс-әрекетін өзі еңбек ететін оқу орнының бекіткен бағдарламасына сәйкес құрады. Сабақты және өздік жұмысты ұйымдастыруда оқушы тұлғасының барынша дамуы мен оның табысты оқуы үшін жағдай жасалуы тиіс.
Шет тілін оқытуда бұл мақсатқа жету үшін ЖТБО технологиясын қолдану тиімді. Оның негізіне мыналар жатады:
- іс-әрекет үшін қолайлы жағдай туғызу;
- оқу материалы мен оны ұсынуда студенттің тұлғалық тәжірибесі мен ерекшеліктерін, шет тілін меңгеру барысындағы деңгейін ескеру;
- тапсырмалардың әртүрлі деңгейлік сипаты;
- оқушы жұмысын шығармашылық белсенділікке бағыттап отыру.
Жеке тұлғаны бағдарға алып оқытуда келесі талаптарға сай жұмыс жүргізгу қажет:
- мәселе көтеру;
- модельдеу.
Қолданатын тапсырмалар - шығармашылық сипаты бар, деңгейлік тапсырмалар болу керек.
Жүзеге асыру жұмыстары:
- тұлғалық маңызды мақсаттар қою;
- оқушылармен жеке, топтық жұмыс түрлерін ұйымдастыру;
- өзіндік шешім қабылдауда, шығармашылықпен айналасуда, мазмұнды таңдауда еркіндік беру;
- жұмыс жасау үшін қолайлы жағдай туғызу, топта бір-біріне түсіністік, қолдау көрсету, көмектесу;
- өзіне деген сенімділікті арттыруға, өз әрекеті үшін жауап беруге тәрбиелеу.
Шығармашылық – бұл нақты іс-әрекет барысында жүзеге асырылатын өз бастауы, өту барысы және нәтижесі болатын студенттің жұмысы[86]. Бұл жұмыс 3 кезеңнен тұрады:
-дайындық,
-ізденіс,
-орындау.
Шығармашылық қабілет әр оқушының бойында болуы мүмкін. Ұстаздың міндеті – оқушыға өзінің бойындағы мүмкіндіктерді пайдалануға көмектесу.
Шығармашылық жазба жұмыстары – тіл дамыту жұмыстарының бір түрі. Жазба жұмысын жазарда студентке міндетті түрде бағыт-бағдар беріледі. Шығармашылық жазба, ауызша жұмыстарының мақсаты – логикалық ойлауды дамыту, шығармашылық қиялды, нақты нәрсені еркін, қызықты түрде бере білу талап етіледі[87]. Әр топта қабілеті, қызығуы, ой-өрісі, сөйлеуі әр түрлі оқушылар бар.
Ағылшын тілін оқыту мектепте екінші немесе бесінші сыныптан басталады, сол кездің өзінде-ақ әр оқушының шет тіліне қаншалықты қабілетті екенін байқауға болады.
Сабақ басталмастан бұрын арнайы тест көмегімен оқушылардың ағылшын тілін мектепте меңгерген деңгейі анықталады. Сыныптардатүрлі деңгейде оқитын оқушылар отырады. Осындай жұмыстың нәтижесінде оқуды оқушылардың жеке тұлғасына бағдарлау қиындық тудырмайды. Әрине, қандай жұмыс болсын оның нәтижесін көру үшін көп шығармашылық қажет. Оқушының ұқыптылығын, еңбек ету қабілетінің деңгейін байқаған соң ғана оны тілге бейімдеп, ерекшелігіне қарай тапсырма беруге болады.
Студенттің шығармашылығын дамыту үшін шығармашылық әрекетке қабілеттілігін дамытуымыз керек. Шығармашылық әрекетке оқушының:
- қызығушылығы - мәтінмен жұмыс істеулері;
- танымдылығы - тіл дамыту жұмыстары;
- ойлауы - өзіндік жұмыстары;
- есте сақтауы ;
- ізденімпаздық жұмыстары жатады.
Оқушылардың шығармашылық әрекеті мен танымдық қабілеттерін арттыруда мәтіннің алатын орны ерекше. Оқулықтағы мәтіндерді оқу, талдау барысында оқушылардың оқиғаға қатысты өз ойларын жеткізуіне, әңгіме кейіпкерінің қылықтарын бағалай білуіне, кейіпкерлердің портретін жасауына, қалыптастыруына, автордың оқиғаға қатысы, көзқарасын анықтай алуына назар аудару қажет[88]. Мұндай жұмыс барысында жеке сөздерді жаттау немесе мәтінді аударумен шектелмей, қосымша басқа да ақпарат көздерінен алған білімдерін қолданып, өз бетімен жұмыс жасай, ойлай білу, білімін толықтыру, белсенді болу, деңгейлік тапсырмалар орындау – ең басты жұмыс түрі болып табылады.
Оқушының шығармашылық әрекетін дамыту мақсатында ағылшын тілі сабағында әртүрлі тапсырмалар беріледі:
- әңгімені, ойды жалғастыру;
- мәтін бойынша жоспар құру;
- алған әсерлері нәтижесінде әңгіме жазу;
- өз пікірін білдіру;
- туындаған мәселеге шешім іздеу;
- пікір-талас жүргізу.
Мұндай тапсырмалар оқушылардан ойлау, талдау, салыстыру, қорытынды жасай білу секілді жұмытарды жүргізуді қажет етеді.
Қай сыныпта болмасын оқушылардың шығармашылық әрекеті мен ойлау қабілеттерін дамытуда жеке берілетін тапсырмалар пәндік білім, білік, дағдыларды қалыптастыруға бағытталады. Осы берілетін тапсырмалар арқылы оқушылар жаңа ұғымдармен танысып қана қоймайды, жаңалыққа деген қызығушылықтары артады.
Жаңалыққа деген қызығушылық – шығармашылыққа деген басты ішкі талпыныс болып табылады[89]. Оқушыларда жаңалыққа деген қызығушылық басым болады. Ондай жаңа істер оқушының бар ақыл – ойын, ішкі күштерін жұмылдырып, қызығушылықпен жұмыс істеуге талпыныс береді. Осыған сәйкес жеке тапсырмалар, презентация дайындау барысында үлкен ізденіс жұмысымен айналысу олардың қызығушылықтарымен қоса, шығармашылықтарын дамытады.
Мысалы: екінші тоқсанда 11 сыныпоқушыларына арналған тапсырмаларындағы: Hobbies, Vacations, Shopping, Clothes (fashion), Food (kazakh, english) тақырыптары ауызша әңгімелеп айтуға арналған. Әр оқушы өзіне не ұнайтыны, ұнамайтыны, не қызықтыратыны, қызықтырмайтыны, не себепті, қандай мақсатпен нені таңдағаны, нені пайдалы, пайдасыз деп есептейтіні жайлы жан-жақты әңгімелей отырып, дайындаған суреттерін, мәтіндерін топтағы басқа оқушыларге көрсету арқылы, ойымен бөліседі, сұрақтарға жауап береді, пікірлерін талқыға салады. Осы берілген тақырыптардың біреуін –«Food(kazakh, english)» алып талдасақ, мынадай жұмысты көруге болады. «Food (kazakh, english)» тақырыбын «Наурыз» мейрамымен ұштастырып алған қызықты, әрі ұтымды.
1.Дайындық кезеңінде алдын-ала оқушылар кім қандай тағам туралы хабарлама, презентация жасайтыны жөнінде келіседі.
2.Ізденіс кезеңінде оқушылар ағылшын және қазақ елі ұлттық тағамдары жайлы ағылшын тілінде ақпараттар жинақтайды. Әр тағамның тарихын, жасалу жолын (рецепт), атауларын, суреттерін интернеттен, газет-журналдардан, арнайы кітаптардан іздестіреді, ата-аналарының да көмегіне жүгінеді.
3.Орындау барысында дайындап келген материалдарын әрқайсысы басқа оқушылар жоғары бағалайтындай деңгейде көрсетуге тырысады:
- таңдап алған тағамның құрамына нендей заттар кіретінін талдап айтып көрсетеді;
- өздері ұнататын тағамды пісіруді кімнен және қалай үйренгені жайлы әңгімелеп айтады;
- топтағы достарын «Наурыз» мейрамымен құттықтап, дайындап әкелген тағамын ұсынады;
- оқушылар тағамды бағалайды;
- сұрақтарға жауап береді;
- әркім өз отбасында қандай тағамды ұнататыны жайлы айтады.
Мұндағы оқушыларды қызықтыратын жаңалық – ағылшын елінің тағамдары мен мейрамдары. Компьютерде түрлі-түсті етіп әр түрлі тағамдарды көрсетіп, әңгімелеу барысында сөздерді, шақтарды, предлогтарды дұрыс қолдану үлкен жұмысты талап етеді, жаңа сөздерді қолдануы, ізденістері оқушылардан шығармашылықты талап етеді.
Қорыта келгенде, шығармашылық тұлға басқалардан өз ісіне деген сенімділігімен, қиял ұшқырлығымен, өзгеше шабытымен ерекшеленеді. Жаңа технологиядан оқушылар өздігінен білім алуға, шығармашылық жұмыс істеу қабілетін дамытуға бағыт ала алады. Сөздік қорларын молайтуға, ойын, сөзін тиянақты жеткізуге, жинақы, дұрыс сөйлеуге, берілген сұрақтарға нақты, толық жауап беруге дағдыланады.