Кіріспе ­­­­­­­­­­


Ш.Құдайбердиев лирикасындағы антоним сөздердің қолданысы



бет6/24
Дата25.11.2023
өлшемі1,5 Mb.
#127391
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24
1.2. Ш.Құдайбердиев лирикасындағы антоним сөздердің қолданысы

Антонимдер Шәкәрім поэзиясының стильдік қызметінде жиі көрінеді. Ақын өз шығармасының көркемдік қуатын арттыру үшін қарама-қарсы сөздерді өте ұтымды пайдаланған. Жеке суреткердің антоним сөздерді қолдануы шығарма тілінің көркемдігін шыңдай түседі. Демек суреткер өзі суреттеп отырған құбылыстың, оқиғаның екі жақты мәнін ашып қарастыруды мақсат етеді. Дүниенің басталуы мен аяқталуы бар сияқты заттар мен құбылыстардың қарама-қарсы мәні бар. Сөз жоқ, Шәкәрім поэзиясында барлық суреткерге тән антонимдер түгел қамтылған, «дос-жау», «күн-түн», «жер-көк», «өмір-өлім», «жақсы-жаман». Мұндай антонимдер Абай шығармаларында жиі ұшырасады.


«Ішім өлген сыртым сау,
Көрінгенге деймін-ау,
Бүгінгі дос ертең жау,
Мен не қылдым япырау» [5,64]
Осындағы дос, жау адамдардың арасындағы әлеуметтік топтардың атауларына тән мағынада алып суреттелген.
Шәкәрім өлеңдерінде – «дос», «қас» қарама-қарсы ыңғайда жиі алынып, антоним сөздерді алудағы өзіне тән стильдік өрнектердің ерекшелігінің арнасын анықтайды.
«Бүгін дос, таң атса қас бола қалып,
Бұлт еттік, мен болдым деп ат аларлық » . [34]
«Дос мақтаса, не пайда онан саған,
Дұспан сөксе, не кемдік көрдің жаман?» [64]
«Кейде дос та жамандар жоқ нәрсе үшін,
Дұспан сөгер сыртыңнан қайрап тісін» [65]
Ақын «досы мен қасына» деген ішкі сезімдік әсерін көрсету мағынасында айтылған.
Шәкәрімнің поэтикалық тілінің стильдік бағытын анықтайтын зат есімдік антонимдер: «жер мен көк», «күн мен түн», «өмір мен өлім», «тумақ пен өлмек», «жоқтық пен барлық». Ақын осы сөздердің мәнін яғни әлемдегі құбылыс, оқиға тек дүниені танушы адамның ғұмырының барлық сатысы осы «жер мен көктің», «күн мен түннің» арасында , «өмір мен өлімнің» мәңгілік бірлігін қарастырады. «Жер мен көктің» антонимдік қатары Абай шығармаларында да кездеседі.
«Біреуі көк, біреуі жер тағысы,
Адам үшін батысып қызыл қанға» [5.64]
Бұл жолдарда «жер мен көк» қарсылық мәнде ғана айтылады. Шәкәрім тілінде:
«Өмір, дүние, жер мен көк, өткен заман,
Ажал алмай қоймайды ешкімді аман» [64]
«Пәрменімен айналған мәрхи фәләк-
Күн мен ай, жұлдыз, әуе, жер менен көк». [63]
Бұл сөздер бүкіл поэзияның өз бойына тән стильдік өрнекке ие болып, түрлі бояулы сипатқа ие. Осы сияқты Шәкәрім поэзиясында «өмір мен өлім» антонимі кездеседі.
«Өлім маған өмірден мың есе артық,
Жарға құрбан болуға жан жараса». [259]
Шәкәрім тіліндегі өмір мен өлім антонимі бір-біріне ашық қарсы қойылып, оның мәнін тереңнен толғайды. «Өмір мен өлім» - адам баласының болмысының екі ұшы. Өмір – адам баласының шексіздігі, мәңгілігі болса, өлім - адам болмысының шектілігі, тоқталу нүктесі. Бұдан да басқа антоним сөздер түрлі мағынада, әр қилы мағыналы реңкті бейнелейді. Өмір – шексіз әлем сырын аңғартса, өлім – сол әлем мәнін адамның соңғы өлім сәтіне тоқталғандағы өмірді сезінер шағының мәнін толғап, түсіну сияқты мақсаттарын танытуға негізделеді.
Шәкәрім шығармасында сын есімдерден болған антонимдер «биік пен аласа», «күшті мен нашар», «үлкен мен кішкене», «ақымақ пен ақылды», «адалдық пен арамдық», «арам мен адал», «бұлдыр мен анық», «піскен адам мен шикі адам», «сау мен науқас» қолданған.
Бұл сын есімді антонимдерді қолданудағы Шәкәрімнің табысы мынада:
а) заттың сапасын, қасиетін анықтауда,
ә) кісінің мінез-құлқының , көңіл-күйінің қасиетін танып білуге
жәрдемдесуде,
б) заттың сыр-сипаты мен белгілерін анықтауда,
в) зат пен құбылыстың түр-түсінің реңін танытуда,
г) заттың, құбылыстың дәмін, сипатын құрамын танытуда осы антоним сөздерді пайдаланып тіл көркемдігін, ой көркемдігіне жетелеп, айтылған ойдың эстетикалық сипатын, сымбатын танытуға жәрдемдеседі.
«Ерді
адалдық жолға бастайтын,
Елді
арамдыққа әсте баспайтын,
Басшы адам қойылса». [271]
Осындағы «адалдық пен арамдық» жай қарама-қарсы мәнде ғана айтылып тұрған жоқ, бүкіл оқиғаның мәнін әдемі бейнелеп, жарқырата ашып тұр. Осы сияқты «ащы-тұщы», «сау-науқас», «ылай-тұнық», «ащы-тәтті», антонимдері Шәкәрім поэзиясының стильдік бояуын танытатын сөздер.
«Ол суда ылай да бар, тұнық та бар,
Ылай суды тұнықтан кім айырар?» [276]
«Тәні сау, миы науқастар,
Ондайға дәрі қона ма?» [234]
«Дүниенің ащы-тұщы дәмін татпай,
Не болдың еш нәрсені білмеуменен?» [245]
немесе
«Неге мұндай қатты айтты?»-деп ойласам,
Өлеңнің сырты ащы, іші тәтті!» [40]
Автор әр өлең жолында жарыса қолданылған антонимдік қарама-қарсылықтар арқылы оқырманға үлкен ой тастайды. Бұл антонимдердің ақын тіліндегі көркемдік бояуы ерекше, осы антонимдер арқылы Шәкәрім өлеңінің тереңіне еркін бойлап қарама-қарсы мағынадағы сөздердің ерекшеліктері айқындалады. Шәкәрім поэзиясы антонимдерге өте бай.
Үстеуге қатысты «таңертең-кеш», «күні-түні», «асты-үсті», «алды-арты», т.б антонимдері де қолданыс тапқан.
«Өкінерсің, көрерсің,
Не таңертең , не кешке». [57]
«Алды-артыңа қаратпас,
Рахымы жоқ тым ит бар». [105]
«Күні-түні ойланып,
Жазудан да жалықтым.
Газет, кітап қолға алып,
Оқудан да талықтым». [51]
Тілдегі антонимдер қарама-қарсы құбылыстарды біріне-бірін шендестіріп, салыстыру арқылы күшті стильдік мән тудырады. Жалпы антоним сөздердің қарама-қарсы контраст мағынада қолданылып ойды айқындай түсетіні секілді, көңілге бірден орныға түсетіні бар, сезімге бірден әсер етеді.
Ақын тілінде етістік антонимдердің ерекшеліктеріне сай стильдік бояуы да шынайы мазмұнды болып келеді. Атап айтқанда: «қуанбақ-кейімек»,
«Бойда жоқпен мақтаса, яки сөксе,
Қуанбақ не кейімек өзіңе еп пе?» [65]

Мұндағы «қуанбақ не кейімек» сияқты эмоциональды экспрессивті етістік антонимдер Шәкәрім поэзиясының тіл көркемдігінің эстетикалық қуатын арттыруға жәрдемдеседі.


Ақынның поэтикалық тілінде кейіпкердің қуана отырып жабырқай алатыны сияқты жан-дүниесіндегі, болмысындағы өзгерістерді жан-толқынысының әр алуан құбылысын сипаттауда етістік антонимдерінің қызметі ерекше байқалады.

«Біреу сені мақтаса, қуанасың,


Жамандаса, жабырқап, суаласың.
Мақтаған кім , сөккен кім-онда ісің жоқ.
Бәрібір сен де елерме дуанасың». [64]
«Бойда жоқпен мақтаса, яки сөксе,
Қуанбақ, не кейімек өзіңе еп пе?» [65]
Осындағы, «қуану мен жабырқау», «қуанбақ пен кейімек», «мақтау мен жамандау», «мақтау мен сөгу» антонимдері арқылы адам баласының психологиялық сәтін әсерлі де әдемі бере білген.
«Кетті, келді,
Толды, семді,
Өзгеленді бұл ғалам.
Туды, өлді,
Жанды, сөнді,
Өршіп енді қайтадан». [270]
«Мен кетемін,
Келеді тағы өмірге мендей» [270]
«Жеңгеніміз желіктік желпең қағып,
Жеңілгенді жер болған атқа таңдық» [34]
«Тумақ, өлмек-тағдырдың шын қазасы,
Ортасы-өмір, жоқтық қой-екі басы». [154]
«Тұрайын десең, жатқызар,
Буынды сүйтіп қатқызар». [103]
Осы сияқты етістікпен келген антонимдер Шәкәрім тілінде молынан кездеседі.
Шәкәрімнің тіліндегі антонимдердің кез келген сөз бояуы қазақ поэзиясының сөз құлпыртуына әсерін тигізді.
Шәкәрім қолданысында антонимдердің стильдік қызметі әсерлі де көркем. Шынайы тіл табиғатының әсем өрнектеулеріне құрылып, оқырманына үлкен әсер бере, шығарманың поэтикалық қуатын арттыруға қызмет етеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет